Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №107

2024 жылғы 29 қаңтар мен 4 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 29 қаңтарда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Air Astana әуекомпаниясының IPO-сын өткізу мәселелері талқыланды. IPO биыл Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру аясында өтуі тиіс екені атап өтілді.

  • Сейсенбі, 30 қаңтарда, Қазақстан Үкіметінің отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген.

  • Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті әрі қарай қолдау мәселелері талқыланды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бизнесті жүргізу үшін жасалатын жағдайды жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі жүйелі шаралар, сондай-ақ кәсіпкерлік секторды ынталандырудың тікелей шаралары туралы баяндады.

  • Бейсенбі, 1 ақпанда, Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровпен келіссөз жүргізді. Кездесу Алматы қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қарсаңында өтті. Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қырғызстан – Қазақстанның стратегиялық әріптесі және бауырлас мемлекет. Сондай-ақ Үкімет басшысы екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың кезең-кезеңмен дамып келе жатқанын атап өтті.

  • Оған қоса Алматыда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің кездесуі өтті. Тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, қазақстандық көмірді РФ аумағы арқылы тасымалдау, сондай-ақ қазақстандық тасымалдаушылардың Ресейге кіруіне қатысты проблемаларды шешу мәселелері жан-жақты талқыланды. 

  • Жұма, 2 ақпанда, жыл сайын өтетін Digital Almaty форумы аясында озық цифрлық жобалар көрмесінде цифрландыру саласындағы отандық жетістіктер ұсынылды. Пленарлық сессия алдында көрмемен Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның үкімет басшылары танысты. Көрмеде 300-ден астам қазақстандық және халықаралық IT-компаниялардың, сондай-ақ GovTech, AgroTech, Индустрия 4.0, ESG, Smart City және т.б. сияқты цифрландыру салаларындағы мемлекеттік органдардың жобалары ұсынылған.

  • Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы қарсаңында Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көліктік және газ салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екіжақты тауар айналымын арттыру бойынша Жол картасының жүзеге асырылу барысы және кооперациялық өнеркәсіптік жобалар жұмысының нәтижелері қаралды.

  • Одан кейін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Беларусь, Ресей және Өзбекстан үкіметтерінің басшылары қатысқан Digital Almaty 2024: Индустрия Х цифрлық форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі. Алматыда 1-3 ақпан аралығында өтіп жатқан іс-шарада мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы цифрлық трансформация тақырыптарын қамтитын ауқымды іскерлік бағдарлама ұсынылған. Панельдік пікірталастарға халықаралық сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес салаларындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден астам спикер қатысуда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу