Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №87

2020 жылғы 16-22 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Сәрсенбі күні Мемлекет басшысының төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы бейнеконференция форматында өтті. Жиын барысында коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстандағы экономикалық, инвестициялық белсенділікті қалпына келтіру, сондай-ақ, еліміздің мұнай-газ секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру және дамыту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.
  • Дүйсенбі күні Қазақстан Президенті Үкімет мүшелерімен, бірқатар орган басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен видеоконференция режимінде кеңес өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде пандемия кезінде отандық дәрігерлердің тиісті тәжірибе жинағанын, бұл дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренгенін атап өтті. Еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама нығайып, жаппай тестілеу жұмысы жолға қойылды.
  • Жұма күні Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында Ресей Үкіметі басшысының орынбасары Алексей Оверчук пен «Сбербанк» БАҚ президенті, басқарма төрағасы Герман Греф бастаған ресейлік делегациямен кездесті. 
  • Бейсенбі күні ҚР Парламент Сенатының пленарлық отырысы өтті, онда «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды.  Бюджет Президент Жолдауында белгіленген стратегиялық бағдарламалар мен маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді іске асыруға бағытталған.
  • Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру, сондай-ақ ҚР-да тауарларды таңбалау және қадағалау мәселесі қаралды. Бірінші мәселені қарау кезінде Премьер-Министр барлық ақпараттық жүйелердің тиімді интеграциялануын және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, олардың жұмыс сапасын және халық үшін пайдалануға жеңілдігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Екінші мәселе аясында Үкімет басшысы бизнес-қоғамдастықты кеңінен хабардар ете отырып, тауарларды таңбалау жүйесіне қатысушылардың барлығының өзара үйлесімді іс-қимылын қамтамасыз етуді тапсырды.
  • Сенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен ӨР Премьер-Министрі Абдулла Арипов Түркістан қаласында кездесу өткізді. Үкімет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Үкімет басшылары Түркістан қаласында тоқыма бұйымдарын өндіретін «Turkistan Textile» қазақстандық-өзбек бірлескен кәсіпорнының ашылу рәсіміне қатысты. А. Мамин А. Ариповты Түркістан қаласының әлеуметтік, спорттық, көлік және туристік инфрақұрылымының жаңа нысандарымен таныстырды. Үкімет басшылары сондай-ақ Қ.А. Яссауи кесенесіне, «Әзірет Сұлтан» мәдени-тарихи мұражайына барып, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу