ҚР Үкіметінің отырысы, 12.05.2022

12 мамырда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— Бірінші мәселе бойынша еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және биылғы 4 ай ішінде республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

— Үкімет басшысы санкциялық шектеулер аясында сыртқы келеңсіз әсерлерді азайту және ұлттық экономиканың одан әрі дамуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жандандыру қажеттігін атап өтті. Ә. Смайылов жылдық инфляцияны жеделдетуге әсер етіп отырған азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу бойынша қабылданып жатқан шараларға ерекше назар аударды.

— Екінше мәселе бойынша жылыту кезеңінің қорытындысы мен алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев баяндама жасады.

— Үкімет басшысы жылыту маусымы басталғанға дейін жылу және энергетика нысандарының барлығының жай-күйі мен дайындығын толық тексеруді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін жылу беру маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды. Білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің дайындығын 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар Ә. Смайылов тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін азайту және энергия өндіруші ұйымдардың отын жеткізушілер алдындағы берешегін өтеу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. ҚР ИИДМ-ге әкімдіктермен бірлесіп, тұрғындарды, ЖЭО мен қазандықтарды қажетті көлемдегі көмірмен алдын ала қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу