Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы «18» наурыздағы № 23-ө өкімі

Қазақстан Республикасында Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы президенттерінің үшжақты кездесуін дайындау және өткізу туралы

Астана қаласында Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы президенттерінің үшжақты кездесуін дайындау және 2015 жылғы 19−20 наурызда өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылғы 19 – 20 наурыз аралығындағы кезеңде:

1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын және шетел делегацияларымен протоколдық бірге жүруді қамтамасыз етсін.

2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен бірлесіп, анықтамалық-талдамалық, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің сөз сөйлеуіне материалдар дайындауды қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) белгіленген тәртіппен жоғары деңгейдегі ресми делегациялардың басшылары мен мүшелеріне «1+5» форматы бойынша қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын, 2015 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларының қызметін қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету», 003 «Халықтың республикалық деңгейдегі санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Жекелеген азаматтар санатына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен үшжақты кездесуді өткізуге арналған шығыстарды қаржыландыруды қосымшаға сәйкес қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің атынан үшжақты кездесуге қатысушы мемлекеттер басшыларының құрметіне өткізілетін қабылдаулар (бейресми қабылдаулар) кезінде концерттік бағдарламалар ұйымдастыруды және іс-шараларға қажетті техникалық қолдау көрсетуді (дыбыспен, жарықпен қамтамасыз ету және сахнаны ресімдеу) қамтамасыз етсін.

5. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі:

1) мемлекет басшыларының қатысуымен баспасөз конференцияларын өткізуді, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды, жалпы фотоға түсіруді қамтамасыз етсін;

2) белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, үшжақты кездесуге қатысушы мемлекеттер басшыларының арнайы ұшақтарының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын, сондай-ақ Астана қаласының әуежайында арнайы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді, олардың тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.

6. Астана қаласының әкімдігі:

1) Астана қаласының әуежайында ресми делегациялардың басшылары мен мүшелерін қарсы алу және шығарып салу бойынша ұйымдастыру іс-шараларын орындауды;

2) әуежайды, көшелерді және тұратын орындарды ресімдеуді;

3) мәдени бағдарламаны ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

7. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша) үшжақты кездесуге қатысушы мемлекеттер басшыларын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу рәсімдеріне қатыссын.

8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі күзетілетін адамдардың іс-шаралар өткізілетін орындардағы қауіпсіздігін қамтамасыз етсін, сондай-ақ жүру бағдарлары бойынша жол полициясы машиналарының ілесіп жүруін қамтамасыз етсін.

9. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) үшжақты кездесуге қатысушы делегациялардың басшылары мен мүшелерін қарсы алу және шығарып салу кезінде тиісті жәрдемдесуді қамтамасыз етсін.

10. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

 

Премьер-Министр                                                                    К. Мәсімов

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу