Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы «11» қыркүйектегі № 81-ө өкімі

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының бесінші саммитін дайындау және өткізу туралы

2015 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының бесінші саммитін (бұдан әрі – ТМЫК бесінші саммиті) жоғары деңгейде дайындау және өткізу мақсатында:

1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ТМЫК бесінші саммитін дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.

2. Осы өкімге қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес «1+5»форматы бойынша немесе өзаралық қағидатына сәйкес Әзербайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Мажарстан, Түркия Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы ресми делегацияларының басшылары мен мүшелеріне, «1 (басшы)» форматы бойынша Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Хатшылығы, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы, Халықаралық түркі мәдениетінің ұйымы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Халықаралық Түркі академиясы бірінші басшыларына қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын, ТМЫК бесінші саммитін өткізуге арналған шығыстарды 2015 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер», 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

Ресми делегациялар басшылары жұбайларымен келген жағдайда, осы тармақта көрсетілген форматтар делегациялар басшыларының жұбайларын қосымша енгізу ескеріле отырып, түзетілсін.

3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ТМЫК бесінші саммитіне қатысушы ресми делегациялар басшыларының Астана қаласының әуежайындағы, тұру және болу орындарындағы қауіпсіздігін, жүру бағдары бойынша бірге жүруді, арнайы ұшақтарды күзетуді қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі белгіленген тәртіппен:

1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, осы өкімнің 2-тармағында көрсетілген ресми делегациялар басшыларының арнайы ұшақтарының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайында қонуын және одан ұшып шығуын;

2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді, олардың тұрағын және оларға жанармай құюды;

3) бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне техникалық және ақпараттық қызмет көрсетуді (баспасөз орталығы, компьютерлер, факс, халықаралық байланыс, жедел интернет), бұқаралық ақпарат құралдарында ТМЫК бесінші саммитінің жария етілуін қамтамасыз етсін.

5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасының Президенті атынан ТМЫК бесінші саммитіне қатысушы ресми делегациялардың құрметіне орай қабылдау кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастыруды және қажетті техникалық қолдау көрсетуді (дыбыстық, жарықтық қамтамасыз ету және сахнаны безендіру) қамтамасыз етсін.

6. Астана қаласының әкімдігі ТМЫК бесінші саммитіне қатысушы ресми делегацияларды әуежайда қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының орындалуын, әуежайды және көшелерді безендіруді, мәдени бағдарламалар ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

7. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша) мемлекеттер басшыларын қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.

8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ТМЫК бесінші саммитіне қатысатын ресми делегацияларды Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу кезінде тиісті жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.

9. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

 

 Премьер-Министр                          К. Мәсімов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу