Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы «08» қазандағы № 91-ө өкімі

Қазақстан Республикасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің басшылары Кеңесі мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырыстарын дайындау және өткізу туралы

 

2015 жылғы 15-16 қазанда Қазақстан Республикасында (Ақмола облысының Бурабай кенті) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшыларының кеңесі (бұдан әрі – ТМД МБК) мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (бұдан әрі - ЖЕЭК) отырыстарын дайындауды және өткізуді қамтамасыз ету мақсатында:

1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ТМД МБК және ЖЕЭК отырыстарын дайындау мен өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) белгіленген тәртіппен:

1) қосымшаға сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі - ТМД) қатысушы мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелеріне Ақмола облысының Бурабай кентінде жоғары деңгейде мынадай форматтар бойынша қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын:

Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы мен Украина (бұдан әрі – қатысушы мемлекеттер) ресми делегацияларының басшылары мен мүшелері – «1+5»;

ТМД Атқарушы комитеті ресми делегациясының басшысы мен мүшелері – «1+3»;

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы – «1»;

2) қосымшаға сәйкес 2015 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер», 003 «Республикалық деңгейдегі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Жекелеген азаматтар санатына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен ТМД МБК және ЖЕЭК отырыстарын өткізуге арналған шығыстарды қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ресми делегациялардың басшылары мен мүшелерінің Астана, Алматы мен Көкшетау қалаларының әуежайларында, тұратын және болатын орындарда қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақтарды күзетуді қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі шағын және кеңейтілген құрамдардағы ТМД МБК мен ЖЕЭК отырыстарын, ТМД-ға және ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының екіжақты кездесулерін, баспасөз конференциясын жоғары сапалы, кәсіби дыбыс пен жарық жабдығымен, конференц-жүйесімен, ілеспе аудармамен, сондай-ақ шағын және кеңейтілген құрамдардағы ТМД МБК мен ЖЕЭК отырыстарын, ТМД-ға және ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының екіжақты кездесулерін, баспасөз конференциясы өткізілетін орындарды тиісті тақырыптық безендіруді қамтамасыз етсін.  

5. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі белгіленген тәртіппен:

1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары мен бірге жүретін адамдардың арнайы ұшақтарының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана мен Көкшетау қалаларының әуежайларына қонуын және одан ұшып шығуын;

2) Астана мен Көкшетау қалаларының әуежайларында арнайы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді, олардың тұрағын және жанармай құюды;

3) іс-шараларды тікелей трансляциялауды, оның ішінде баспасөз орталығына теле- және аудиосигнал беруді (жылжымалы телевизиялық станцияны орнату, тестілеу және жұмыс істеуін қадағалау, баспасөз орталығына мониторларды, сондай-ақ дыбыс жабдығы мен бейне- және аудиосплиттерлерді орнату);

4) ТМД МБК мен ЖЕЭК отырыстарының бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуін қамтамасыз етсін.

6. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан ТМД-ға және Еуразия экономикалық кеңесіне қатысушы мемлекеттердің мемлекет басшылары құрметіне ресми қабылдаулар (бейресми қабылдаулар) кезінде мәдени бағдарламалар ұйымдастыруды, жоғары сапалы, кәсіби дыбыс және жарық жабдығын, сахнаны безендіруді қамтамасыз етсін.

7. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қажет болған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми делегациялары басшылары мен мүшелеріне медициналық қызмет көрсетуін қамтамасыз етсін.

8. Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктері Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасымен (келісім бойынша) бірлесіп:

1) Астана мен Көкшетау қалаларының әуежайларында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми делегациялары басшылары мен мүшелерін қарсы алу және шығарып салу бойынша ұйымдастыру іс-шараларын орындауды;

2) Астана мен Көкшетау қалаларының әуежайларын, іс-шаралар өткізілетін көшелер мен орындарды безендіруді;

3) Ресми делегациялар мүшелері үшін олардың тұру орындарынан (Ақмола облысының Щучинск қаласындағы қонақүйлер) іс-шаралар өткізілетін орынға дейін көлікпен жеткізілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

9. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша) мемлекет басшыларын қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.

10. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Астана, Алматы мен Көкшетау қалаларының әуежайларында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелерін қарсы алу мен шығарып салу кезінде тиісті жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.  

11. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

 

Премьер-Министр                            К. Мәсімов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу