Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы «05» сәуірдегі № 20-ө өкімі

«Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы

 

«Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығының 12-тармағына сәйкес:

1. Қоса беріліп отырған:

1) орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының есеп беруінің үлгілік нысаны;

2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар (келісім бойынша) басшыларын облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне қатысуы үшін бекіту;

3) ұлттық холдингтер мен компаниялар (келісім бойынша) басшыларын орталық атқарушы органдар басшыларының есеп беру кездесулеріне қатысуы үшін бекіту бекітілсін.

2. Орталық атқарушы органдар (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда) басшылары жыл сайын:

1) орталық атқарушы органдар басшыларының халық алдында есеп беруін өткізу кестесін 10 желтоқсаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне ұсынсын;

2) ұлттық холдингтер мен компаниялар (келісім бойынша) басшыларының орталық атқарушы органдар басшыларының есеп беру кездесулеріне қатысуын қамтамасыз етсін.

         3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі орталық атқарушы органдар басшыларының халық алдында есеп беруін өткізу кестесін жыл сайын 15 желтоқсанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне енгізуді қамтамасыз етсін.

         4. Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халық алдында есеп беруін өткізу кестесін жыл сайын 10 желтоқсаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне ұсынсын.

5. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халық алдында есеп беруін өткізу кестесін жыл сайын 15 желтоқсанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне енгізуді қамтамасыз етсін.

6. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері жыл сайын 10 қаңтардан кешіктірмей, халыққа есеп беру кездесулерінің алдағы күнтізбелік жылға арналған кестелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі мүшелерінің, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар
(келісім бойынша) басшыларының шығу кестесін жасау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жолдасын.

7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтер мен компаниялардың (келісім бойынша) басшылары қоса беріліп отырған бекітуге сәйкес облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне қатыссын.

8. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері төмен тұрған әкімдердің есепті жылдағы кездесулерінің қорытындыларын ескере отырып, шешілуі орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтер мен компаниялардың (келісім бойынша) құзыретіне жататын проблемалар тізбесін жыл сайын 1 сәуірге дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне ұсынсын.

9. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерінің қорытындылары бойынша халық көтерген проблемалардың тізбесін жасасын және жыл сайын 10 сәуірге дейінгі мерзімде мүдделі орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтер мен компаниялардың (келісім бойынша) қарауына жолдасын.

10. Мүдделі орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар (келісім бойынша) жыл сайын 20 сәуірге дейінгі мерзімде проблемалық мәселелерді өз құзыреті шеңберінде шешу жөніндегі ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне енгізсін.

11. Орталық атқарушы органдардың басшылары орталық атқарушы органдардың, ұлттық холдингтер мен компаниялардың (келісім бойынша) ресми интернет-ресурстарында әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерінің қорытындылары бойынша халық көтерген мәселелердің ішінде олардың құзыретіне кіретін проблемалық мәселелер тізбесін орналастыруды қамтамасыз етсін.

12. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі жыл сайын орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар
(келісім бойынша) деңгейінде шешуді талап ететін проблемалық мәселелердің тізбесін және оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды:

1) 30 шілдеге дейінгі мерзімде орталық атқарушы органдар басшыларының есеп беру кездесулерінің қорытындылары бойынша;

2) 30 сәуірге дейінгі мерзімде барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулерінің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне енгізуді қамтамасыз етсін.

13. «Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерін, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар басшыларын облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне қатысуы үшін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 135-ө өкімінің күші жойылды деп танылсын.

14. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің Кеңсесіне жүктелсін.

 

Премьер-Министр                                                                        К. Мәсімов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу