Үкіметтің кезекті отырысында ҚР экономикасына шетелдік инвестициялар тарту мәселелері қаралды. Қызықты сауалдарға жауап беру кулуарларда жалғасын тапты, ал отырыс тақырыбын талқылау баспасөз орталығы алаңында аяқталды, мұнда БАҚ өкілдерінің сауалдарына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ə. Смайылов, АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов, ҚШИКҚ басқарма төрағасы А. Прейманис жауап берді.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ə. Смайылов, ҚР сыртқы істер министрі Б. Атамқұлов, ҚР әділет министрі М. Бекетаев, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ. Келімбетов, Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығының басқарма төрағасы А. Прейманис инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жетілдірудің жаңа тәсілдері туралы баяндады.

Сондай-ақ өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы қ. әкімі — Б. Байбек, Нұр-Сұлтан қ. әкімі — Б. Сұлтанов баяндады.

Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі А. Мамин экономика өсімінің тұрақты қарқынын қамтамасыз аясында тікелей шетелдік инвестициялар негізгі драйверге айналуы тиісекернін атап өтті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ҚР-ға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 15,8% өсіп, $22,4 млрд құрады.

Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және инвестициялар тарту жұмыстарын жетілдіру мақсатында ҚР Үкіметі жаңа тәсілдерді қабылдады. ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Инвестициялар тарту мәселесі бойынша барлық жауапты шешімдер Үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылатын болады. Кеңестің бірінші отырысы биыл мамыр айында өтеді.

Инвестициялық жобаларды іске асыруға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді шешу үшін инвестициялық омбудсмен функциялары ҚР Премьер-Министріне жүктелді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы, өз кезегінде, инвестициялар тартудың аймақтық орталығына айналуы тиіс. АХҚО қызметін қамтамасыз ету үшін ерекше құқықтық режим белгіленген: Конституциялық заң қабылданған, инвесторлардың қызметі ағылшын құқығымен реттеледі. Инвестициялар ағымын арттыру үшін АХҚО алаңында инвесторлармен жұмыс жүргізетін бірыңғай экожүйе құрылады, бұл жүйеге барлық даму институттары кіретін болады және «бір терезе» қағидасы аясында жұмыс жасайды.

«Шетелдік инвестицияларды тарту экономиканың дамуына жол ашып, халықтың тұрмыс сапасына қатысты мәселені шешуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін нақты түсінуіміз керек. Әкімдіктер инвесторлармен жұмыстарды өзгертіп, инвестициялар тартудың жаңа алгортиміне қосылуы қажет. Бұл жұмыс айқын үйлестіруді және жоғары оперативтілікті талап етеді. Сондықтан барлығына қойылған міндеттерді шешу үшін жұмылу керек», — деді ҚР Премьер-Министрі А. Мамин.

Үкімет кулуарында журналистердің Қордай маңында болған жол апатынан зардап шеккендердің жағдайлары туралы сұрақтарына Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов жауап берді. Еске салайық, 20 сәуір күні Жамбыл облысының Қордай ауданында ірі жол апаты орын алды.

«Өздеріңізге белгілі, 11 адам көз жұмды. 31 адамнан қазіргі күні ауруханада 9 адам жатыр, оның 3-уі жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер олардың жай-күйін ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр. Жансақтау бөлімінде жатқан үшеудің біреуі Өзбекстан азаматы. 6 адам аурухананың түрлі бөлімдерінде ем алуда. 6 адамнан 2-уі Өзбекстан азаматтары, қалғаны - біздің елдің азаматтары», — деді А. Мырзахметов.

Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев Алматыдағы марафонда адамдардың ұсталуына қатысты түсінік берді.

«Алдын-ала жоспарланған спорттық шара өтіп жатқан болатын. Оған 17 мың спортшы қатысып жатқан сәттер екі адам шығып плакаттар іліп жүрді. Плакаттар шараның өткізілуіне кедергі жасады. Адамдар тоқтап, бейне және фототүсірілім жасап, солайша, марафонның өтуіне кедергі келтірді…», — деді Е. Тұрғымбаев.

Премьер-министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов журналистердің Нұр-Сұлтан қаласында жеңілрельсті көлік (LRT) құрылысы жобасына қатысты сұрақтарына жауап берді.

«Нұр-Сұлтан қаласында жеңілрельсті жобаны салуға келсек, бұл құрылыс жалғасуы тиіс. Бұл инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын болады. Қазір Қытайдың Мемлекеттік даму банкімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз осы займды қайта қаржыландыру туралы келісетін шығармыз, яғни ел ішінен осы жобаны қаржыландыру көздері табылатын болады. Онда Мемлекеттік даму банкінің тарапынан қиындықтар туындаған соң, бұл мәселе Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қатысты болады. Біз басқа қаржы көздерінен қайта қаржыландыру жолдарын табамыз», — деді Ә. Смайылов.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында «Хабар» арнасының тілшісі Ә. Смайыловтан «KAZAKH INVEST» АҚ-ның АХҚО басқаруына берілу себептері туралы сұрады.

Ә. Смайылов атап өткендей, жағдайды таразылаған кезде, инвестициялар тартуға қатысты жұмыс жасауда мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар арасында үйлестірудің жоқтығы байқалған.

«Жұмыс тобы аясында аталған мәселелерді зерделеп, Үкіметтің тиісті Қаулысын қабылдадық, оған сәйкес АХҚО базасында инвестициялық хаб құрылып жатыр. АХҚО-да барынша қолайлы атмосфера жасалған. Жұмсақ инфрақұрылым құрылған, экспат-орталығы қызмет көрсетеді, онда шетелдік инвесторларға ағылшын тілінде тіркеу, салық есебін қабылдау, жобалар бойынша көмектесу, қаржыландыру бойынша барлық қызмет түрлері ұсынылады», — деді ол.

Ә. Смайыловтың айтуынша, мұнда инвесторларға барынша қолайлы орта жасалған, олар өздеріне қажетті қызметті ала алады. Бұдан өзге, АХҚО аумағында Халықаралық сот, арбитраж орталығы орналасқан, яғни дәл осы АХҚО инфрақұрылымында осындай инвестициялық хаб құруға жағдай жасалған.

«Қазақпарат» ХАА тілшісі өз сауалын «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ. Келімбетовке жолдады, бұл сұрақ АХҚО базасында дәл қазір инвестициялық хабты құру қажеттілігі туралы болды.

Қ. Келімбетовтің айтуынша, бүгінде АХҚО Еуразия аймағындағы елдермен, барлық әлемдік нарықтармен бәсекеге түсе алады. Тіпті посткеңестік кеңістікте үлкен бәсекелестік бар, сондықтан Қазақстанға озық шешімдер қабылдау аса маңызды.

«Бүгінде Қазақстанның ауқымды артықшылықтары бар, себебі біз посткеңестік кеңістіктегі ағылшындық жалпы құқық қағидаттарында жұмыс істейтін экожүйені құрған бірден-бір елміз. Елбасы тапсырмасы бойынша ол үшін Конституцияға өзгерістер енгізілді. Мұның бәрі бізге инвестициялар тарту процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді», — деді АХҚО басқарушысы.

Қ. Келімбетов бұл мақсаттарға ешқандай қосымша бюджет қаражаты қажет емес екенін және қарастырылмағанын атап айтты. Керісінше, барлық үйлестіру институттарының бұл тығыз өзара іс-қимылы белгілі бір бюджет шығындарын оңтайландыруға әкеледі, бұл экономикаға ықпал етеді.

Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығының басқарма төрағасы А. Прейманис баспасөз конференциясының модераторының сұрақтарына жауап бере отырып, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі өте маңызды оқиға екенін, келешекте ол ірі инвесторлар үшін маңызды стратегиялық және тактикалық мәселелер шешілетін алаңға айналатынын айтты.

АХҚО құрылымын шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанның тартымдылығын арттыру мақсатында пайдалану - дұрыс әрі логикалық шешім.

«ЕҚҚДБ бірінші күннен бастап АХҚО барлық бастамаларын қолдайды, үздік стандарттарды енгізу бойынша көптеген бірлескен жұмыстар атқарылды, ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейтін қаржылық және сот инфрақұрылымы құрылды. Жаңа инвесторларға елімізге кіру бұрынғыдан да қолайлырақ болады, себебі ол ағылшын құқығымен жұмыс істейді», — деді А. Прейманис.  

www.primeminister.kz

Жарияланды: 22 сәуір 2019

Мұрағат

Сәуір
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту