Бүгін елордада XI Астана экономикалық форумын өткізу аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Азия даму банкінің вице-президенті Венчай Жангпен кездесті.

Кездесу барысында АДБ-ның Қазақстан үшін 2017–2021 жылдарға арналған жаңа Елдік стратегиясына сәйкес жеделдетілген технологиялық жаңғыртудың бес негізгі бағыты бойынша, бизнес ортаны жақсарту, жеке сектор қызметін кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адам капиталының сапасын арттыру, институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан АДБ-мен ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Экономикалық әртараптандыру, инклюзивтілік және тұрақты өсім бойынша өзара іс-қимылдың бірқатар маңызды басымдықтары қаралды.

Бүгінгі таңда АДБ-ның 2018–2020 жылдарға арналған операциялық бизнес жоспары қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жобасы, жолдарды тұрақты күтіп ұстау, суландыру секторын қалпына келтіру, мемлекеттік қарыз және қаржылық басқару бағдарламасын жетілдіру, жасыл аймақта тұрғын үйді қаржыландыру жүйесін дамыту және т.б. секілді маңызды жобалардан тұрады.

АДБ 2021 жылға дейін ауыл шаруашылығы, сумен жабдықтау, энергетика, ауылдық және қалалық даму, көлік, денсаулық сақтау, білім беру салаларын және Қазақстанның шағын және орта кәсіпорындарын қаржыландыруға бір триллионға жуық инвестиция салуды қарастырып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Венчай Жанг мырзаның банк саласында мол тәжірибесі бар. Ол ҚХР Қаржы министрлігінің Сыртқы экономикалық ынтымақтастық департаментінің бас директоры болған, ҚХР атынан АДБ атқарушы директоры, Бюджет мәселелері комитетінің төрағасы және Даму тиімділігі комитетінің мүшесі, сондай-ақ, Директорлар кеңесінің Этика жөніндегі комитетінің мүшесі болған. Вашингтондағы Дүниежүзілік банкте Қытай атынан атқарушы директордың кеңесшісі болып жұмыс істеген. Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясының қаржы саласында ғылым докторы, сонымен қатар ҚХР-дағы Нан-Кай университетінен «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін алған.

Анықтама: АДБ — 1966 жылы құрылған халықаралық қаржылық даму институты. АДБ-ға 67 мемлекет мүше: 48-і — Азия-Тынық мұхиты аймағынан, 19-ы — аймақтан тыс жерлерде.

АДБ қаржыландырудың негізгі құралдары — мүше елдерге нақты жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға берілетін қарыздар, кепілдіктер мен техникалық көмек.

Қазақстандағы АДБ офисі Астана қаласында орналасқан ҚР-дағы АДБ-ның тұрақты өкілдігі. АДБ-ның Алматы қаласындағы өңірлік офисі жеке бизнес пен мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелерімен айналысады. Ынтымақтастық Серіктестік туралы шекті келісім, 2017–2021 жылдарға арналған серіктестік туралы елдік стратегия, Біліммен және тәжірибемен алмасу бағдарламасы аясында іске асырылады.

Қазақстанның АДБ-мен ынтымақтастық орнатқан уақытынан бастап, 1994 жылдан бері, Банк шамамен $4,6 млрд сомасына 28 үкіметтік қарыз, $575,2 млн сомасына мемлекеттік кепілдемесіз жеке секторда 9 қарыз, $44,4 млн сомасына 89 техникалық көмек жобасын ұсынған. Биыл белсенді портфель $831,1 млн астам сомаға АДБ-ның 3 жобасын және 14 техникалық көмек жобасын құрайды.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 16 мамыр 2018

Мұрағат

Мамыр
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту