ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2018 жылғы қаңтар–ақпандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев және қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

Тимур Сүлейменовтың мәлімдеуінше, биыл екі айдың қорытындысы бойынша өсудің тұрақты серпіні сақталып тұр. Барлық негізгі индикаторларға қол жеткізілді.

«Есепті кезеңде ЖІӨ 4% құрады, ал өткен жылдың осы кезеңінде 2,5% құраған болатын. Мұндай серпін өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтер саласындағы өсумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ инвестициялар мен ішкі тұтыну да өсті. Инфляция баяулады және жыл басынан бері 1,3% құрады. Бұл соңғы жылдардағы ең төменгі мән. Жылдық көріністегі инфляция – 6,5% құрады», — деді Т. Сүлейменов.

Осы жылдың екі айында елдің халықаралық қоры 2%-ке, $90,8 млрд дейін ұлғайды. Алтын-валюта қорлары 2,2%-ке ($31,4 млрд дейін) өсті. Ұлттық қордың активтері 1,8%-ке ($59,4 млрд дейін) өсті.

«Өнеркәсіптегі өсу 5,6% құрады. Тау–кен өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,5% артты. Ұлғаю газ өндірудің 7,3%-ке, мұнайдың – 7,2%-ке және темір кенін өндірудің – 3,9%-ке өсуімен байланысты», — деді Т. Сүлейменов.

Өңдеу өнеркәсібі 6,1% өсімді көрсетті. Қос таңбалы өсім қағаз өнімдері өндірісінде — 15,6%, химия өнеркәсібі — 14,2%, сусындар өндірісінде — 10,7% және жиһаз шығаруда — 10,3% байқалады. Басқа өңдеу өнеркәсіптерінде де өсім байқалады: фармацевтика — 9,8%, машина жасау — 8,8%, азық-түлік өнімдерінің өндірісі — 6,2%, металлургия — 6%.

Сондай-ақ, министрліктің мәліметтеріне сәйкес, мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің 3,4%-ке өсуінің есебінен ауыл шаруашылығында өсім 3,3% құрады. Құрылыс саласында 4,5% қысқару тіркелді. Көрсетілген қызметтер шығарылымы өткен жылғы сәйкес кезеңдегі 1,5% қарағанда 4,1%-ке өсті. Сауда 7% өсті. Көлік саласы — 4,4%, байланыс — 5,7%, тұру және тамақтану қызметтері — 1,9% өсті.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялар 54,4% ұлғайды. Мұндай өсу «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құруымен байланысты. Сондай-ақ, Теңіз кен орнында үшінші буын зауытының құрылысы және келешекте кеңею жобасы іске асырылып жатыр. Инвестициялар құрылыста – 2,8 есеге, өнеркәсіпте – 1,8 есеге және саудада – 1,6 есеге айтарлықтай өсті», — деді Т. Сүлейменов.

1 ақпандағы жағдай бойынша экономиканы несиелеу 0,2%-ке 12,5 трлн теңгеге дейін өсті. Заңды тұлғаларға ұзақ мерзімді кезеңге берілетін теңгелік несиелер 4,4%-ке (3,8 трлн теңгеге дейін) өсті. Шетел валютасындағы несиелер 13,9%-ке (2,5 млрд теңгеге дейін) қысқарды.

ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылғы қаңтар–ақпан айларында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 3,6%-ға 320,30 теңгеге дейін тұрақталғанын айтты. Депозиттердің көлемі қаңтар айының соңында 17,1 трлн теңгені құрады, мерзімдік тұрғыда 2,2%-ға төмендеді. Шетел валютасындағы салымдар 6,9%-ға төмендеді, теңгедегі салымдар 2,1%-ға өсті. Нəтижесінде шетел валютасындағы салымдардың үлесі 45,4% дейін төмендеді.

Сондай-ақ, Ұлттық банк басшысы биылғы қаңтар айында жаңа несиелер беру көлемі 830 млрд теңгені құрағанын, бұл 2017 жылғы қаңтарға қарағандағы көрсеткіштен 44% артық екенін атап өтті. Экономикадағы несиелердің жалпы көлемі 2018 жылдың қаңтар айының соңындағы жағдай бойынша 12,5 трлн теңгені құрады.

Өз кезегінде қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2018 жылдың екі айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің пайдамен орындалғанын атап өтті. Бұл негізінен жергілікті бюджеттер кірістерін асыра орындау есебінен болды.

«Бюджеттің барлық деңгейінде кірістер толығымен асыра орындалды, шығыстар бойынша орындалу проценті былтырғы көрсеткіштерден жоғары», — деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, есепті кезеңде мемлекеттік бюджеттен түсетін кірістер 109,9% орындалды, оның ішінде республикалық бюджет бойынша — 102,4%, жергілікті бюджеттер бойынша — 132,2%.

«Республикалық бюджетке 930,7 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 21,5 млрд теңгеге артық және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60 млрд теңгеге жоғары. Өсу қарқыны 106,9% құрады. Жоспарды асыра орындау негізінен ПҚӨС есебінен (58,6 млрд теңге) болды, оның себебі – металл бағасының орта есеппен 14,2%-ға өсуі», — деді Б. Сұлтанов.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 13 наурыз 2018

Мұрағат

Наурыз
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту