Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков «жасыл» технологияларды пайдалануда бизнесті ынталандыру мәселесіне айрықша мән беріліп отырғанын айтты. Бұған «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі ерекше серпін берді.

Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауында «жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды екенін атап көрсеткен.

«Көрменің қорытындысы бойынша елімізде іске асыру үшін 105 технология іріктеліп алынды. Қоршаған ортаға тигізетін әсерді барынша азайтуға бағытталған «жасыл» технологияларды пайдалану – қоршаған ортаға қамқорлық жасауда тиімді әрі экономикалық жағынан пайдалы екенін көрдік», — деді вице-министр.

Ғани Сәдібеков биыл маусым айында «Электр энергетикасын дамыту және энергияны үнемдеу институты» АҚ базасында «Болашақ энергиясы» жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамытудың халықаралық орталығын ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Ол ең үздік қолжетімді технологиялар тізімін қалыптастырумен, жобаларды әрі қарай іске асыру үшін индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне технологияларды пайдалану саласындағы ұсыныстар мен сараптамалық қорытынды шығарумен айналысады.

Орталық Халықаралық көрменің мұрасы ретінде құрылады және көрме аумағында Үздік тәжірибелер аймағында орналасады.

Тізімді жүргізу бизнесті «жасыл» экономикаға көшіруге ынталандыру шараларының бірі болады, өйткені, біріншіден, бүгінде дамыған елдердің табиғатты пайдаланушылары жұмыс істейтін кешенді экологиялық рұқсатты алуға мүмкіндік береді; екіншіден, жасыл жобаларды іске асыруға жол ашады. Оларды инвестициялау туралы шешімді көптеген халықаралық даму банктері қабылдаған.

Бұдан өзге, министрлік мүдделі орталық мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, «жасыл жобаларға» арналған мемлекеттік қолдау және «жасыл» қаржыландыру шараларын әзірлеуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, вице-министр Ғани Сәдібеков Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қарастырылған Экологиялық кодексті жаңарту мәселесіне тоқталып өтті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қолданыстағы Экологиялық кодекске елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін мүдделі органдардың өкілдерінен жұмыс тобы құрылды.

«2018 жылы Экологиялық кодекс тұжырымдамасын әзірлеу және оны заңнамалық жұмыстар жоспарына енгізу көзделген. Кодекс жобасын 2019 жылдың желтоқсан айында ҚР Парламентіне ұсыну жоспарланып отыр», — деді вице-министр.

Сонымен қатар, Ғани Сәдібеков бизнеске жүктемені азайту тұрғысынан ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мәселен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы сын-тегеуріндер деңгейін бағалау жүйесі енгізілді, бұл табиғатты пайдаланушылар қызметінің сипатын ескере отырып, тексерістер санын екі есе қысқартуға мүмкіндік берді: 2016 жылы 3 177 тексеруден 2017 жылы 1 753 тексеруге дейін. Сонымен бірге табиғат пайдаланушылардың табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыру көлемі 2017 жылы 110,8 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылдың көрсеткішінен шамамен екі есеге жоғары (59,1 млрд теңге).

Осылайша, жүргізілген тексеріс нәтижесінде бизнестегі әкімшілік жүктемені азайту мақсатында бақылау және қадағалау функциялары 30%-ға қысқартылды.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 26 қаңтар 2018

Мұрағат

Қаңтар
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту