Арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтарда жерді беру шараларын барынша оңтайландыру жоспарланған. Осыған орай, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыров Парламент Мәжілісінің депутаттарына арнайы заң жобасын таныстырды.

Оның айтуынша, аталған құжаттың басты жаңалығы, инвесторлар бұрынғыдай жерді алу үшін көп жүгірмейді. Мемлекеттік органдардың табалдырығын да тоздырмайды.

«Қазіргі жүйеге сәйкес, арнайы экономикалық аймақтарда жерді беру шаралары 6-9 айға созылады. Инвестор бірден әкімдікке жібереді. Сол жерде комиссия отырыстары, құжаттарға виза жинау, келісу және тағы басқа машақаттар көп. Біз енді былай жұмыс жасаймыз, жер басқарушы компанияға беріледі. Компания өз кезегінде арнайы экономикалық аймақтың қызметіне қарай жерді сала-сала бойынша бөледі де, оны инвесторларға ұсынады. Осының арқасында жобаны ұзаққа созбай, бірден іске асыруға болады. Әйтпесе, қазір барлық құжаттарды алып, жерді толығымен дайындауға 1,5-2 жылдай уақыт кетеді. Ол уақыттың ішінде нарықта шикізаттың бағасы өзгеріп, жобаның тиімділігі төмендейді», - дейді Е.Қайыров.

Бұдан бөлек, арнайы экономикалық және индустриялдық аймақтардың басқарушы компанияларын барынша күшейтіп, мүлік салығынан босату жоспарланып отыр. Аймақтардың қызметіне қатысты басым бағыттарды анықтау шаралары да жеңілдей түседі. Енді, ол бағыттардың тізімі ҚР Инвестициялар және даму министрінің бұйрығымен бекітіледі. Салық жағынан бірқатар жеңілдіктер де жасалады. «Біздің жоспарымызға сәйкес, 2018 жылдан бастап арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтарда, кем дегенде, 100 млрд теңгенің жобалары қолға алынады. Ал 2020 жылдың аяғына дейін ондай жерлерде 20 мың жұмыс орны құрылуы қажет», - деп атап көрсетті Е.Қайыров.   

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда 11 арнайы экономикалық және 22 индустриалдық аймақ бар. Барлығында 271 инвестициялық жоба қолға алынды.

Айта кетейік, заң жобасын таныстыру барысында депутат Бақтияр Мәкен «Алатау» паркінің мәселесін тағы көтерді. «Әлі есімде, әдемі стендтерді көрсетіп, біраз жетістіктерге жеттік деп мақтанады. Міне, инновациялар дейді. Теледидардан да көрсетіп жатады. Артынан ешқандай жауапкершілік болмайды», - деп атап көрсетті Б.Мәкен. 

ҚазАқпарат

Жарияланды: 28 желтоқсан 2017

Мұрағат

Желтоқсан
2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту