ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекшин 2018 жылғы 1 қаңтарында күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа кедендік кодексінің артықшылықтарын түсіндіріп берді.

«Кодекстегі маңызды өзгерістердің бірі - электронды кедендік декларациялаудың енгізілуі. Енді қағаз түріндегі декларациялау тек қана ақпараттық жүйе апат болып істемей қалған ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Одан бөлек, Кодексте «Бірыңғай терезе» тетігі қарастырылған. Кеден органдары мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алуға болатын құжаттарды декларанттан сұрамайтын болады. Осы екі ережені жүзеге асыру тауарларды автоматты түрде шығаруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұдан бөлек, жаңа Кодексте сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына өз шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік беретін тәсілдер көзделген. Бұрындары алдын ала кедендік бажын төлемейінше тауар шығарылмайтын болса, жаңа ережеге сәйкес, кедендік баждарды төлеу мерзімін бір айға, алты айға ұзартуға болады.  

«Мемлекет декларантқа баж төлемін пайыздық үстемемен бір айға кейінге қалдыру құқығын береді. Жекелеген жағдайларда, мәселен, халықаралық шарттар аясында жеткізілімдерді жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы техникасын, егін жұмысының материалдарын, асыл тұқымды жануарларды әкелуде, табиғи апат, зілзала кезінде төлеушіге залал тиген жағдайда пайыздарды төлемей, баж салығын алты айға дейін бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі», - деп түсіндірді Б.Бекешев.

Жаңа кеден кодексінің тағы бір ерекшелігі - бақылау уақытын қысқарту. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмрин бұл өзгерістің бизнес өкілдерінің ұсыны екенін жеткізді.

«Жалпы кеден қызметінде, сыртқы сауда саласында бір-біріне қарама-қайшы екі қиын мәселеле бар - бақылауды күшейту мен кеден рәсімдерінің уақытын қысқарту. Бақылауды күшейтсек уақыт көбейеді. Шынымды айтайын, бұл бизнестің ұсынысы болды. Декларациялау мерзімі 24 сағаттан 4 сағатқа дейін қысқартылды. Жалпы бақылау жұмысы он күнен бес күнге дейін қысқарды», - деді ол.

Сондай-ақ, жаңа кедендік кодекске сәйкес, дәліздер саны көбейеді.

«Әрине, кедендік рәсімдеу жұмыстарын жылдамдатады. Халықаралық стандарттарда 4 дәліз бар: жасыл және қызыл дәліздерді кезіктірген шығарсыз, енді бізге көк (декларацияны бақылау бекетіне беру) және сары (құжаттар мен мәліметтерді тексеру) дәліздер қосылды. Өткен жылы 300 мың тауар жасыл дәліз режімінде өткен. Бұл тасымалдаушылар өткізген барлық декларацияның 85 пайызын қамтиды. Демек, қалған 15 пайызы бақылау бекетіне жіберілген. Стандарттарға сәйкес, қатысушылар әділ және еш құқық бұзбаса, декларациялардың 95 пайызы жасыл дәлізбен өтуі қажет. Бұл сауда-саттықты айтарлықтай жеңілдетеді», - деп атап өтті Ғосман Әмрин.

Жаңа кодекске сәйкес, Қазақстанның кеден саласында уәкілетті экономикалық операторлар институтын жетілдіру міндеті қойылды.

Ғұсман Әмриннің айтуынша, уәкілетті экономикалық оператор - кез келген сыртқы экономикалық сауда қатысушысы үшін аса беделді мәртебе. Оларға тауарды декларациялауға дейін қоймадан әкете алады және осы арқылы өз шығындарын азайтып, айналымын арттыра түседі. Бүгінде 7 қазақстандық компания уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін алған. Олар - «Рахат» АҚ, «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ӘК ЖШС, «Евразиан Фудс» АҚ, «Евразиан Фудс Корпорейшн» АҚ, «RG Branes Kazakhstan» ЖШС, «Азия Логистика» экспортттық-импорттық компаниясы, «KTZ Express» АҚ.

Еске сала кетсек, желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кедендік реттеу мәселелері бойынша үш заң жобасына қол қойды. Атап айтқанда, «Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялау туралы» Заң, жаңа Кедендік кодекс және оған ілеспе заң.

ҚазАқпарат

Жарияланды: 28 желтоқсан 2017

Мұрағат

Желтоқсан
2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту