Қазақстанда адамның өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеу фактілеріне қылмыстық жауапкершілік енгізілмек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде тілшілерге ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов мәлім етті.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады.

«Көндіру, ұсыныс, алдау немесе басқа да тәсілдермен (суицидке) итермелеу жағдайында қылмыстық жауапкершілік болуы тиістігін депутаттар ұсынып отыр. Адамды өзіне қол жұмсауға иландыру оқиғаларына депутаттар қылмыстық жауапкершілікті белгілеуді ұсынды», - деп түсіндірді Р. Жақыпов.

Осы орайда ол бүгінде өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеуге қандай іс-қимылды жатқызу керектігін айқындап алу маңызды екенін жеткізді.

«Заң жобасының екінші оқылымына дейін біз депутаттармен бірге осы мәселені пысықтаймыз деп ойлаймын. Аталған жағдайларға түрткі болатын ақпаратты тарату әрекеттеріне тыйым салуды және оның заңмен қудалануын қарастырып отырмыз», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде адамды өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделмеген. Елімізде қорқыту, кемсіту немесе қатыгездікпен қарау жолымен адамның өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізуге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

«Біз осы проблемамен айналысқан едік. 2017 жылдың барысында 904 сайтты анықтадық, яғни олар тыйым салынған әрі суицидтік ақпаратты таратуға бағытталған. Сәйкесінше, бұл сайттар бұғатталды», - деді Рашид Жақыпов.

ҚазАқпарат

Жарияланды: 27 желтоқсан 2017

Мұрағат

Желтоқсан
2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту