ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы инфляция деңгейі туралы ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов баяндады.

ҚР ҰЭМ мәліметі бойынша, Қазақстандағы инфляция 2018 жылдың қаңтар–наурыз аралығында 1,8% құрады. Ағымдағы жылдың басынан бері инфляция деңгейі жаңа дәліз – 5-7% аралығында сақталып тұр.

«2017 жылғы І тоқсанмен салыстырғанда инфляцияның екі құрамдауышы бойынша баға өсуінің бәсеңдегені байқалып отыр: азық-түлік тауарларына –2,2% (еск. – 2017 жылдың І тоқсанында 3,2%), азық-түлік емес тауарларға –1,3% (еск. – 2017 жылдың І тоқсанында 1,7%) құрады. Сонымен қатар, ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер өткен жылдың деңгейінде – 1,7% сақталды», — деді Тимур Сүлейменов.

Қарақұмыққа – 12,6%, жұмыртқаға –1,1%, күрішке – 1% және күнбағыс майына 0,2% бағалар төмендеді. Сондай-ақ, қырыққабатқа, картопқа, пиязға, жемістерге, темекі бұйымдарына бағаның өскені байқалады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарларда бағаның ең төменгі өсуі (1,3%) байқалды. Бірқалыпты қарқынмен (1,7%) ақылы қызметтердің бағасы өскен. Ақылы қызметтер ішінде ең жоғары баға өсімі құқықтық (6%-ке) және пошта қызметтерінде (4,3%) тіркелген. Сонымен қатар, әуе көлігі қызметтеріне (8,5%) және көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетуде (3,4%) бағаның айтарлықтай төмендегені байқалады.

Өңірлер тұрғысынан алғанда, жыл басынан бері 10 өңірде инфляция орташа республикалық көрсеткіштен төмен деңгейде.

Сонымен қатар, 6 өңірде инфляция орташа республикалық деңгейден жоғары. Бұл Солтүстік Қазақстан (2,5%), Павлодар (2,3%), Қызылорда (2,3%), Шығыс Қазақстан (2,1%), Оңтүстік Қазақстан облыстары (1,9%) және Алматы қаласы (1,9%).

«Инфляцияның жаңа аралығынан (5-7%) асып кетпеу үшін, көрсетілген өңірлер баға өсуін тежеу мақсатында қажетті шараларды қабылдауы қажет. Басқа өңірлер инфляцияның төменгі қарқынын сақтауы керек», — деді Тимур Сүлейменов.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тиісті министрліктер мен ведомстволардың басшыларына, өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік маңызды тауарлардың бағаларына бақылау жасауды және инфляцияның негізсіз өсуін болдырмауды тапсырды.

Бақылау жұмыстары Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаевқа жүктелді.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысы туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспорттарын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру туралы тапсырма берді.

Ол цифрландыруды ескере отырып, оңтайландырылған медициналық қызметтерді енгізуден; цифрлық форматта медициналық құжаттаманы жүргізуден; денсаулықтың электронды паспортын іске қосудан; медициналық ақпараттық жүйелерге (МАЖ) минималды талаптарды бекітуден, сондай-ақ, мобильді қосымшалардың минималды функциялары бойынша; МАЖ-ге деректерді дауыспен енгізуден тұрады.

«Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру аясында жоғарыда айтылған барлық жобаларды толық іске асыру үшін бірінші кезекте денсаулық сақтау ұйымдарының АТ-инфрақұрылымын қамтамасыз ету қажет. Осылайша, қазіргі таңда 6 283 денсаулық сақтау объектісінің 3 050-і немесе 51% интернет желісіне қосылған. Дәрігерлердің және орта медицина қызметкерлерінің 97 784 жұмыс орнының (ауысымы мен кезекшілікті есепке алғанда) 82 149-сі немесе 84,9%-ы компьютерлік техникамен қамтылған», — деді Елжан Біртанов.

Медициналық ақпараттық жүйелермен 757 медициналық ұйымның 619 немесе 85,4%-і қамтылған.

Қазіргі таңда аудан орталықтары деңгейіне дейінгі денсаулық сақтау ұйымдарының барлығы Интернет желісіне 100% қосылған, бұл ел халқының 85% медициналық көмекпен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, облыстардың және Астана қалаcының әкімдіктері осы жылдың соңына дейін қалалар мен аудан орталықтарының деңгейіне дейін дәрігерлер мен орта медицина персоналының жұмыс орындарын компьютерлік техникамен 100% қамтамасыз етуді жоспарлап отыр және 2021 жылға дейін фельдшерлік-акушерлік және медициналық пунктерді, дәрігерлік амбулаторияларды компьютерлік техникамен жабдықтауды кезең–кезеңімен қамтамсыз ету көзделген.

Е. Біртанов 2018 жылғы қаңтардан бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу процесі біртіндеп басталғанын атап өтті. Тоқсан сайын 4 өңір бастапқы медициналық құжаттаманы қағаз қолданбай жүргізуге кезең–кезеңімен көшірілетін болады.

2018 жылғы қаңтардан бастап —Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары;

2018 жылғы сәуірден бастап Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары;

2018 жылғы маусымнан бастап Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары;

2018 жылғы қазаннан бастап Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана мен Алматы қалалары.

Қарағанды облысының әкімі Е. Қошановтың, Ақмола облысының әкімі М. Мырзалиннің медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізу бойынша пилоттық жобаларды іске асыру барысы туралы есептері тыңдалды.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны мәселесін қозғады.

Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің соңғы өткен отырысында Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны мәселесі қаралып, жағдайды бақылауда ұстау және зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсету туралы тапсырмалар берілгенін еске салды.

Шығыс Қазақстан облысындағы қазіргі жағдай, қабылданған шаралар мен зардап шеккендерге көрсетіліп жатқан көмек, соның ішінде уақытша қоныстандыру орындарында медициналық және басқа да тұрғын үй–тұрмыстық қолдау шараларын ұсыну жөнінде ішкі істер министрі Қ. Қасымов баяндады.

ІІМ мәліметіне сәйкес, жалпы республика бойынша 50 елді мекенде 1500-ден астам үйді су басқан. 3800-ден астам адам көшірілді. Су тасқынының себептері — күннің жылдам жылынуы мен жауын-шашынның нормасынан 3 есеге артық жаууы. Қабылданған шаралардың арқасында судан 1100 үй босатылды, 2700-ден астам адам үйлеріне оралды.

«Шығыс Қазақстан облысында күрделі жағдай орын алды. Бүгінгі таңда ол жақта 396 үй және 185 аула су астында қалды. Осыған байланысты Семей, Аягөз, Зырянов және Шемонаихада жергілікті төтенше жағдай жариялады. Апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 1000-нан астам адам, 200 техника, 96 мотопомпа және 8 қайық жіберілді», — деді Қ. Қасымов.

Мемлекеттік материалдық қордан ШҚО-ға 8 техника мен жылжымалы электр стансасы жіберілді. Бүгінде Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да су тасқынының күрделі жағдайы орын алуда. Осы облыстарда және ШҚО-да дауылды алдын ала ескерту жағдайы жарияланды. Осыған байланысты, ішкі істер министрінің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар жедел іс-қимылдарға дайын болуы керек.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысының су тасқыны мәселелерін шешу үшін республикалық бюджеттен қосымша 2 млрд теңге бөлетінін атап өтті.

Өз кезегінде, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі су тасқынының жай-күйі туралы баяндады.

«Бүгінгі таңда Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Зырян аудандарында және Семей қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Жағдайды мен жеке бақылауыма алдым», — деді Даниал Ахметов.

Бүгінде су тасқынының қаупін жоюға 570 бірлік техника, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға 3107 адам тартылған. Зақымды анықтау үшін арнайы комиссиялар жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы баяндады.

Биыл зиянды және аса қауіпті зиянды ағзалар мен карантиндік объектілердің 5,1 млн гектарға, оның ішінде 1,92 млн гектарға үйірлі шегіртке тектес зиянкестердің, 2,4 млн гектарға астық дақылдары ауруларының, 444 мың гектарға саяқ шегіртке тектестердің таралуы болжануда.

«Өсімдіктерді қорғау іс-шараларын жүргізуге республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлінді. Пестицидтерді сатып алу конкурстары аяқталды. Үйірлі шегіртке тектестерге қарсы 540 дана бүріккіш техникалары жұмылдырылады. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу бойынша жеткізушілер айқындалды, қалған өңірлер бойынша конкурстық рәсімдер жалғасып жатыр», — деді А. Евниев.

Болжамдарға сәйкес, мароккалық шегірткенің жаппай таралуы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында күтілуде, осы өңірлерде мароккалық шегірткеге қарсы 639,6 мың гектарды өңдеу жоспарланған.

«Облыстарға шұғыл арада жедел штабтар құруды ұсынамыз. Саяқ шегіртке текстестерге баса назар аудару қажет. Биыл 408,4 мың гектар ауданды өңдеуге 718,3 млн теңге бөлді», — деді ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі.

Бұдан өзге, ҚХР-мен, Өзбекстанмен және Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтардан үйірлі шегіртке тектестердің ұшып келуінің уақытылы алдын алу мақсатында, ҚР АШМ үйірлі шегіртке тектестермен және өзге де ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күресу бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.

Жеміс ағаштарының күйігін (ошақтардың 150,3 гектарға көбеюі) қоспағанда, карантиндік объектілер бойынша жалпы алғанда карантиндік объектілермен зақымдалған жерлердің 2015 жылы 248,54 мың гектардан 2018 жылы 123,63 мың гектарға азайғаны байқалады.

Арман Евниевтің айтуынша, елімізде карантиндік объектілердің 14 түрі таралған, барлық залалданған ошақтарда карантин белгіленген.

Өсімдік карантині саласында биыл 123,63 мың гектар аумақта карантиндік объектілердің таралуы болжанып отыр. Басқа елдерден карантиндік объектілер мен бөгде түрлердің жерсінуіне жол бермеу мақсатында елге жеткізілетін және транзитпен өтетін карантиндік өнімдердің карантиндік фитосанитариялық бақылауы жүзеге асырылады.

Қазақстандық өсімдік тектес өнімдерді әлем нарығына жеткізу кедергілерін азайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ветеринарлық қауіпсіздік жайында Арман Евниевтің айтуынша, алғаш рет ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралардың жоспары 2017 жылы қазан айында бекітілді, бұл толықтай ветеринарлық препараттарды аудандарға дейін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді уақытылы іске асыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бірінші рет 2018 жылдың бірінші жартысында республикалық ветеринарлық препараттар қоры құрылды және қамтамасыз ету деңгейі 100% құрады.

Аса қауіпті аурулар бойынша вакцинациялау көлеміне күнделікті мониторинг жүргізе отырып, комитет мамандарының өңірлерге шығуы арқылы манипуляция жүргізуге бақылау ұйымдастырылды. 2018 жылғы 2 сәуірдегі жағдай бойынша аусылға қарсы 90%, сібір жарасына қарсы 82,2%, нодулярлы дерматитке қарсы 85,4% екпе жасалды.

«Халықаралық сарапшылардың алдын ала қорытындысы бойынша инфекцияны оқшаулау бойынша ветеринарлық қызметтің жұмысы оң бағаланды, бұл жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдердің экспортын арттыруға ықпал етеді», — деді Арман Евниев.

Мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша ҚХР-мен жұмыс жандандырылды. Сондай-ақ, Иранға тірі қой мен мұздатылған қой етінің экспорты бойынша келісімге қол жеткізілді. БАӘ елдерімен қой етіне, сиыр етіне, ІҚМ және ҰҚМ арналған ветеринарлық сертификат бекітілді.

Мәселені қарау барысында өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов сөз сөйледі.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жануарларды тіркеу мен олардың қозғалысын, сондай-ақ, ветеринарлық препараттарды сақтау жағдайларын және вакциналардың сапасын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

www.primeminister.kz

2017 жылы Қазақстан Республикасы білім беруді мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Е. Сағадиев пен ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов баяндады.

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің айтуынша, 2017 жылы 64,4 мың орынға 849 мектепке дейінгі мекеме ашылды, оның 717-сі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар. 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшаға кезектілігі өткен жылмен салыстырғанда 25,3%-ға азайып, бүгінде 125,2 мың адамды құрады. 2017 жылы еліміздегі балабақшалардың орта есеппен 15%-і инклюзивті білім беруге жағдай жасаған.

Орта білім беру саласында жаңартылған білім мазмұнына көшу жалғасуда. 2017–2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңа жүйеге көшірілді. 5 күндік оқу аптасы енгізілді. 2019 жылдан бастап 10–11 сыныптарда жаратылыстану бағытының «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» 4 пәнін ағылшын тілінде оқытуға даярлық жүргізілуде.

ТжКБ саласында оның сапасын, қолжетімділігін және тартымдылығын арттырудың жаңа тәсілдері әзірленді. 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап 260 біліктілік бойынша жаңа модульдік бағдарламалар енгізіле бастады, онда мамандықтың 3 біліктілігін игеру қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап 583 колледжде «Баршаға арналған тегін ТжКБ» жобасы іске асырылуда. 100,8 мың адамға мемлекеттік тапсырыс берілген, оның ішінде 21 мыңы — Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша.

Жоғары білім беру саласында ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту үшін тиісті заң жобасы әзірленіп, ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілген. QS WUR әлемнің үздік университеттерінің рейтінгісіне 2017 жылы қазақстандық 8 ЖОО кірді.

«Ғылым саласында ғылым мен экономиканың шынайы секторының өзара байланысын күшейту және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерциаландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың гранттық қаржыландыруы аясында 12 жоба іске асырылды», — деді Е. Сағадиев.

Мемлекеттік бағдарламаны орындау мониторингінің нәтижелері туралы ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов баяндады.

ҚР ҰЭМ деректеріне сәйкес, 2017 жылы Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 8 мақсатты индикаторының 7-і орындалды, Мембағдарламаның 51 көрсеткішінен – 45-і орындалды. 2017 жылы жоспарланған 166 шараның 161-і іске асырылды.

Сонымен қатар, білім беру саласына салынған инвестициялар 23%-ке өскен. Инвестициялардың жалпы көлемі 265 млрд теңгені құрады. Мұндай өсімге МЖӘ жобаларын белсенді түрде іске асыру ықпал етті. 2017 жылы білім беру саласында жалпы соммасы 31,2 млрд теңге көлемінде 101 жобаға келісім жасалды. Ал 2015–2016 жылдары аталған бағыт бойынша 4,3 млрд теңге соммасына 8 келісім жасалған болатын.

Отырыс барысында Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметовтың, Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаевтың, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгіновтың баяндамалары тыңдалды.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінде Жолдауды және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға байланысты білім беру жүйесіне өте маңызды міндеттер жүктелгенін атап өтті.

Осыған орай Білім және ғылым министрлігіне Мемлекеттік бағдарламаны жандандыру бойынша жұмыстарды жеделдету және жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студент жастардың жатақханадағы жағдайларын жақсарту бойынша Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөніндегі Елбасы тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев белгіленген стандарттарға сәйкес мемлекеттік бағдарлама индикаторларының орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.

www.primeminister.kz

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында 2018–2022 жылдарға арналған ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамының және 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің жобасы мақұлданды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2018 жылға арналған негізгі макро көрсеткіштер мен бюджет параметрлері туралы баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жылы атаулы ЖІӨ 52,4 трлн теңге деңгейінде бағаланғанын атап өтті. Ол 558 млрд теңгеге ұлғайған. Нақты өсім 4% құраған. 2018 жылғы қаңтар-ақпанда экономиканың өсімі 4% құрады.

2018 жылы мұнайдың болжамды бағасы бір барреліне $45-дан $55 дейін ұлғайды. Металлдардың баға индексі 0,4% артты.

«2017 жылғы нақтыланған базаны есепке ала отырып, 2018 жылы атаулы ЖІӨ 57,2 трлн теңге көлемінде болжанады. Бұл тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Нақты ЖІӨ 3,8% деңгейінде күтілуде (еск. – бұған дейін 3,1% болжанды). Жан басына шаққандағы ЖІӨ $9 200 дейін ұлғаяды», — деді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Бұдан өзге, өнеркәсіптің өсуі 3,3% дейін артуымен қайта қарастырылды. Бұл өңдеу өнеркәсібінің күтілетін аса жоғары өсімімен — 5,1% байланысты.

Сондай-ақ, Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайды. Мұнайдың әлемдік бағаларының ұлғаюын және экономиканың өсімін ескере отырып, экспорт $54 млрд дейін, ал импорт $34 млрд дейін артады.

Инфляция бұған дейін бекітілген 5–7% дәлізінде сақталады.

Түзетілген макроболжам негізінде 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды.

«Кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) 2018 жылы 5,7 трлн теңге көлемінде бағаланады. Бұл бекітілген жоспарға қарағанда 190 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қорға түсімдер болжам бойынша 546 млрд теңгеге ұлғайып және 2,6 трлн теңгені құрайды», — деді Тимур Сүлейменов.

Жыл соңына Ұлттық қордың валюталық активтері $58,3 млрд көлемінде болжанып отыр. Бұл ЖІӨ-ге қатысты 34,7% құрайды.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, өз кезегінде, биылғы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасын таныстырды, ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларында және Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

2018 жылға арналған республикалық бюджеттің бекітілген көрсеткіштерін нақтылауға елдің өзгертілген макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы негіз болды.

Осылайша, республикалық бюджет түсімдері 181,4 млрд теңгеге ұлғайтылып, 8 759,7 млрд теңгені құрады. Бұл негізінен мұнай бағасы мен өндіру көлемінің ұлғаюы нәтижесінде мұнайға экспорттық кедендік баждарынан салынған түсімдер есебінен болды.

2018 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары 417 млрд теңгеге ұлғайып, 9 643 млрд теңгені құрайды. Осы қаражат көлемінен 292,5 млрд теңге Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларын іске асыруға бағытталатын болады.

«Мұғалімдердің жалақысын 30-дан 50%-ке көтеруге 61,8 млрд теңге бөлінеді, білім беру тапсырысын 20 мың грантқа ұлғайтуға 5 млрд теңге бөлу ұсынылады. Мүгедектер күтімімен айналысатын адамдарға жаңа жәрдемақы беруге – 2,7 млрд теңге; ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге қосымша 30,9 млрд теңге бағытталатын болады», — деді Бақыт Сұлтанов.

Бұдан өзге, бюджет жобасында Президенттің тапсырмалары мен бұрын қабылданған міндеттемелер бойынша жалпы сомасы 99,4 млрд теңгені құрайтын шығыстар ескерілді. Бақыт Сұлтанов аталған қаражаттар аясында Астана (25 млрд теңге) және Алматы (10,7 млрд теңге) қалаларын одан әрі дамыту, әскери қызметшілерді тұрғын-үймен қамтамасыз ету (18,7 млрд тенге) бойынша іс-шаралар мен жобалар қаржыландырылатынын айтты.

www.primeminister.kz

Сейсенбі күні, 3 сәуірде сағат 10:00-де Үкімет үйінде ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтеді.

Күн тәртібінде:

2018–2022 жылдарға арналған ҚР әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау;

2016–2019 жылдарға арналған ҚР білім беруді мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы;

Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері;

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру;

2018 жылғы І тоқсандағы инфляция деңгейі.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында баспасөз конференциясы өтеді.

Тікелей таратылымдарды PrimeMinister.kz сайтынан, Фейсбук, «Вконтакте», Твиттер, Перископ әлеуметтік желілерінен, Ютуб ресми арнасынан, сондай-ақ Андроид пен Айфонның мобильдік қосымшаларынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев көлік және логистика, туризм, инвестициялар тарту және салық салу саласындағы 2018 жылға арналған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кеңес барысында инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбектің инвестициялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ көлік және логистика саласындағы жұмыстарды жандандыру туралы баяндамалары тыңдалды.

Қаржы министрі Б. Сұлтановтың баяндамасында ұсынылған салықтарды жинауды арттыру мәселесі, сонымен қатар мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының есебінде ішкі және сырттан келушілер турзимін, жалпы туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды.

www.primeminister.kz

Астанада «Kazakh Invest» ҰК-да нидерландық Farm Frites компаниясының басшылығы Саймон Куист пен Йос дэн Боэрдің ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен, инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкеновпен және «Аграрлық несие корпорациясы» өкілдерімен Алматы облысында картоп өңдеу зауытын ашу мәселесі бойынша бірқатар кездесуі ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының өңдеу секторына он трансұлттық компанияны тарту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Kazakh Invest Farm Frites компаниясының «Картоп өңдеу зауытын салу» инвестициялық жобасын сүйемелдейді.

Өткен жылы Farm Frites картоп сұрыпын сынау жұмыстарын жүргізді және жобаны іске асыру аймағы ретінде Алматы облысы анықталды. Қазіргі таңда Kazakh Invest жер телімін алуға және басқа да консалтингтік қызметтерді беру арқылы көмек көрсетіп жатыр.

Осылайша, жылына 70 мың тонна элиталық картоптың 11 сұрыпын өсіруге арналған орталық салу көзделген. Зауыт құрылысы 2019 жылдың сәуір айына жоспарланған. Жобаның жалпы құны — $165 млн.

Аталған мәселелер «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевпен және инвестициялық жобаның қазақстандық серіктесі ретінде қызмет көрсететін «Eurasia Gold» ЖШС-мен өткен кездесу барысында талқыланған.

Farm Frites компаниясы 1971 жылы Нидерландыда тоңазытылған және салқындатылған картоп өнімдерін шығаратын отбасылық кәсіпорын ретінде құрылған. Трансұлттық компанияда әлемнің 40 елінде сату офистері және 1500 қызметкері бар 6 зауыты қызмет көрсетеді. Картопты өңдеу жылына 1,3 млн тоннаны құрайды. Компанияның зауыттары мен сату офистері әлемнің 80 еліне өнімдерді экспорттауға мүмкіндік береді. Марка Еуропадағы үш ірі еуропалық өндірушілердің бірі.

Анықтама: Kazakh Invest Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 2018–2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегияны әзірледі. Жұмыс үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: инвестициялық ахуалды жақсарту; тиімді операциялық шараларды іске асыру және инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін әзірлеу; жекешелендіру және МЖӘ.

Ұлттық стратегияда шетелдік инвестицияларды (АӨК, машина жасау, химия және мұнай химиясы, инфрақұрылым, тау-кен және металлургия кешені, сауда) тартудың басымдықты салалары және үлесіне инвестициялардың 80%-не дейін келетін 11 басымдықты ел (АҚШ, РФ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, ҚХР, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, БАӘ) анықталған.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша кеңес өткізді.

Кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев экономиканы цифрландырудағы халықаралық тәжірибені қолдану туралы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетуде цифрлық шешімдерді пайдалану жөнінде баяндады.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Сәуір
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту