Астанада Түркі Кеңесі мемлекеттерінің жастар және спорт Министрлерінің үшінші отырысы өтті. Аталған шара түркітілдес мемлекеттер мен жастардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға және ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Отырыс жұмысына Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Б.Әміреев,ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев, Түркияның жастар және спорт министрі Мехмет Қасапоғлы, Қырғызстанның жастар, дене шынықтыру және спорт жөніндегі Мемлекеттік Агенттігінің директоры Қанат Аманқұлов, Әзірбайжанның жастар және спорт министрінің орынбасары Исмаил Исмаилов қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Дархан Кәлетаев ұлттық тарихты, мәдениетті, салт-дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығына тоқталып, болашақ ұрпақтың келешегінің табысы тікелей осы құндылықтарға байланысты екенін атап өтті.

ҚР Қоғамдық даму министрі кездесуге қатысушыларды ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен таныстырып, түркі әлемі елдері арасында тығыз қарым-қатынас орнамаса аталған мақалада көрсетілген мақсат-мнідеттерден белгілі нәтиже шықпайтынын атап өтті.

Министр елдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың негізгі аспектілеріне тоқталып, Түркі кеңесі жастарының ортақ алаңының сәтті жүзеге асуы аталған жұмыстардың тиімді болуына өз септігін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ, министр Қазақстан тарапы Түркі Кеңесі жас көшбасшыларының ІІ Форумын өткізуге дайын екендігін білдірді.

«Жастар жылы қарсаңында бұл отырыс біз үшін өте маңызды. Келесі жылы іс-шаралар өткізуде Түркі кеңесіне қатысушы елдердің қолдауына ие болғымыз келеді. Осылайша, 2019 жылы Қазақстанда Түркі кеңесі жас көшбасшыларының ІІ Форумын өткізуге дайын екенімізді жеткіземіз»- деді Дархан Кәлетаев.

Бұдан бөлек, отырыс барысында ІV Халықаралық жастар лагерін және Түркі Кеңесінің ІІІ Халықаралық жастар фестивалін өткізу мәселелері талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, Түркі кеңесі қазіргі заманғы түркітілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым болып табылады, оның басты мақсаты ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Баспасөз қызметі

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған делегация Лондонда Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту жайын талқылады.

Іссапардың алғашқы күні Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық диалогтың бесінші отырысы өтті. Шараға Р.Василенко мен Ұлыбританияның Еуропа мен Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Алан Данкан тең төрағалық етті. Отырыс конструктивті негізде өтті. Алдымен халықаралық саяси аренадағы маңызды мәселелерді шолып өткен тараптар екіжақты қарым-қатынасты көпбағытты форматта егжей-тегжейлі талқылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-министрі Тереза Мэйдың Брюссельдегі АСЕМ саммиті аясында өткен кездесуінің екіжақты қарым-қатынасқа жаңа серпін бергені атап өтілді.

Қазақстан делегациясының басшысы екіжақты қарым-қатынастың жағымды динамикасын атап өтіп, Стратегиялық диалог, Сауда-экономикалық серіктестік бойынша үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес сияқты т.б. құрылымдардың нәтижелі қызметіне ерекше көңіл аударды. 

Тараптар қазақстан-британдық стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Бұл тұрғыда БҰҰ Қауіпсіздік Қеңесі, екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени ынтымақтастық, оның ішінде Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуына байланысты ынтымақтастық, «Астана» халықаралық қаржылық орталығы (АХҚО) шеңберіндегі бірлескен әрекеттерге, сондай-ақ Қазақстанда аймақтың ірі мемлекеттерінің қатысуымен үшжақты инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігіне баса назар аударылды. 

Іссапар барысында Р. Василенко Қазақстанмен серіктестік бойынша жалпыпартиялық парламенттік топ жетекшісі Боб Стюарт бастаған Ұлыбритания Парламенті депутаттарымен кездесу өткізді. Тараптар жалпыпартиялық топтың мамыр айында Қазақстанға сапарының нәтижелерін талқылады. Еске сала кетсек, аталған сапар барысында британ Парламенті өкілдері Парламент Мәжілісі, Сыртқы істер министрігі, сондай-ақ еліміздің түрлі саяси партияларының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізген болатын. Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары мен жоспарлары, оның ішінде қазақстандық парламентарийлердің Ұлыбританияға сапарын ұйымдастыру мәселесі талқыланды.

Делегация британдық бизнес пен Британ-Қазақстан қоғамының (БҚҚ) өкілдерімен кездесу барысында еліміздегі инвестициялық климатты одан әрі жақсартуға бағытталған реформалар мен инициативалармен таныстырды. Қазақстанның аталған саладағы жетістіктерінің бір дәлелі ретінде Бүкіләлемдік банктің «Doing Business - 2019» рейтингінде былтырғы жылмен салыстырғанда 8 орынға көтеріліп, 190 мемлекет қатарында 28-ші орынға ие болғаны сөз болды.

Р. Василенко британдық кәсіпкерлерге елдегі ауқымды жекешелендіру бағдарламасы, АХҚО қызметі, қытайлық «Белдеу мен жол» бастамасы аясындағы «Astana Hub» Халықаралық ІТ стартаптар паркі туралы әңгімелеп, сұрақтарына жауап берді. 

Кездесуге жиырмаға жуық көрнекті британдық кәсіпкерлер қатысты, олардың қатарында «Orion Group» компаниясының аймақтық директоры Марк Доннисон, «Central Asia Metals» компаниясының төрағасы Ник Кларк, «South China Securities» компаниясының директоры Хьюго Джаммс және басқалар болды.

Сондай-ақ іссапар шеңберінде «Chatham House» Корольдік халықаралық қатынастар институтының басшылығымен де кездесу өтті. Кездесу барысында қазақстандық дипломат еліміздегі саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалармен әрі Қазақстанның сыртқы саясаттағы бастамаларымен таныстырып өтті.

Сапар барысында Р. Василенко Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуразиялық кеңестің   жыл сайынғы бесінші отырысына қатысады.

ҚазАқпарат

Бүгін ҚР Үкіметі отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов саланы цифрландырудың артықшылықтары туралы айтып берді.

М. Жайымбетовтың айтуынша, жақында құрылыс жұмыстарының журналы, жасырын жұмыс актісі, техникалық қадағалау журналы қажетсіз болады. Инвестициялар және даму министрлігі «Үй құрылыс» атты бірыңғай цифрлық портал жасап шығарды. Бұл порталда қазыпған шұңқырдан бастап нысан қолданысқа берілгенге дейінгі бар ақпарат сақталатын болады. Ақпарат фото және видео түрінде сақталады. Сонымен қатар, құрылыс барысында отандық өндірушілердің үлесін бақылауға да болады: қандай материалдар әкелінді, кімнің өндірісі екені туралы бар мәлімет болады.

«Бұл саланың ашықтығын қамтамасыз етеді. Біз өте үлкен реформа болады деген үміттеміз. Осы салаға барлық тараптар: тапсырыс беруші, мердігер, авторлық, техникалық қадағалау, мемлекеттік органдар тартылады. Құрылыс жұмыстарының сапасын жақсартып, осы саладағы ашықтықты арттыра аламыз», — деді М. Жайымбетов.

Сонымен қатар, тұрғындардың, табиғи монополиялар, әкімдіктер мен орталық атқарушы органдардың жеке кабинеттері болатын e-SHANYRAQ ақпараттық жүйесі құрылғаны туралы да хабарланды.

«Біз бәріміз көпқабатты үйлердің тұрғынымыз, бірақ не үшін төлеп жатқанымызды білмейміз. Электрик, сантехник үшін қанша төленеді және тағы басқа төлемдер туралы біле бермейміз. Коммуналдық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін осы қосымшаны жасадық. Смартфон арқылы сіз дауыс беріп, шешім қабылдай аласыз. Мысалы, лифтке ақы төлеу туралы қарапайым мәселені алсақ та болады. Онлайн-дауыс беру жүйесі арқылы сіз бұл төлемнің карта арқылы немесе ай сайын төлем болатынын шешесіз», — деп атап өтті Комитет төрағасы.

Бұдан басқа, М. Жайымбетов құрылғы орнатудың халыққа қаншалықты пайдалы болатыны туралы айтып кетті. Оның сөзіне қарағанда, цифрландырудың негізі — құрылғы орнату.

«Жалпы үйдің жылу есептегіштерін орнатқан кезде, біз 36% үнемдейміз, ал автоматты жылу пункттері орнатылған кезде 50-60% үнемдеуге мүмкіндік береді. Мысалы, егер адам жылу үшін 10 мың теңге төлесе, онда бұл құрылғыларды орнатқаннан кейін 3-5 мың теңге төлейтін болады. Бүкіл ел бойынша біз 32,5 млрд теңге үнемдей аламыз. 5 жыл ішінде — 162 млрд теңге», — деді М. Жайымбетов.

www.primeminister.kz

Өңделген тауарлардың экспортын ұлғайту және қолданыстағы кәсіпорындардың санын арттыру шаралары туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев пен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батанов айтып берді.

Инвестициялар және даму вице-министрі Т. Тоқтабаев Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне басты назар аударатындығын атап өтті.

«Біз қазір ерекше уақытта жұмыс істеп жатырмыз, екі бесжылдық заңнамалық және инфрақұрылымдық негізді қалады. Өнеркәсіпті дамыту үшін қажетті институттар құрылды. Мұның барлығы мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету үшін жасалды. Бізде бірыңғай экономикалық кеңістік, үлкен нарық бар, енді біздің өнімдеріміз еркін қозғалып, жаңа шыңдарды бағындырып, қосымша пайда таба алады», — деді Т. Тоқтабаев.

Вице-министрдің айтуынша, бұл үшін барлық қосымша жағдай жасалатын болады. Экспорттық өнімдер шығаратын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін жан-жақты көмек көрсетілмек.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батановтың айтуынша, Қазақстан өңдеуші өнеркәсіпті дамытуда алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе артып, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі екі есе көбейеді деп күтілуде.

«Өңделген тауарлар экспорты мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 2,3 есеге артады. Бұдан басқа, Гарвардтың экономикалық күрделілігі индексі бойынша біз 84-ші орындамыз. Алда 55-ші орынға көтерілуді жоспарлап отырмыз», — деді А. Батанов.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру мәселелері қаралды. Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек әлеуметтік маңызды салаларға цифрлық технологияларды енгізу барысы туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру сектордың барлық қатысушылары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Сондай-ақ, бұл көрсетілетін қызметтің сапасын арттырып, сол арқылы азаматтардың секторға деген сенімін ұлғайту үшін маңызды. Ол үшін алдымен тұрғын үйлерге құрылғыларды орнатып шығу керек.

Жалпы, бұл – ақпаратты бере алатын ақылды құрылғыларды кең ауқымды орнату жұмысы. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, елімізде көппәтерлі тұрғын үйлердің 45%-на құрылғылар орнатылған. Қазір шамамен 50 мың үйде жалпылай есептеу құрылғылары бар, тағы қосымша 62 мың құрылғы қажет.

Инвестициялар және даму министрінің берген ақпаратына сәйкес, жалпылай үйге орнатылатын жылу есептеу құрылғыларының арқасында ауданы 60 шаршы метр екі бөлмелі пәтердің жылу төлемі орта есеппен 36%-ға дейін немесе 2720 теңгеге азаяды. Бүкіл ел бойынша бұл үнемдеу жылына 32,5 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

Ж. Қасымбек Ақтөбе қаласындағы 29,8 м2 пәтердің төлем түбіртегін мысал ретінде көрсетті. Түбіртекте 2017 жылдың қазан айында жылыту құны 3547 теңге болған. Жылуды есептеу құрылғысы мен автоматты жылу пунктін орнатқаннан кейін 2018 жылдың қазан айында жылыту құны 466 теңгені құрады, яғни 3081 теңге үнемделген.

«Жалпы үйлік жылуды есептеу құрылғылары мен автоматты жылу пункттерін кең ауқымда енгізу үшін екінші деңгейдегі банктердің инвестициялары мен қаражатын тарту бойынша құжаттар дайындап жатырмыз», — дейді министр.

Сонымен қатар, бүгінгі күні пилоттық режимде e-SHANYRAQ атты Тұрғын үй қоры мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылған. Жүйе тұрғындардың онлайн режимде үйді басқару ісіне қатысуына мүмкіндік береді. Ашықтығы мен қаражатты бақылап, басқарушы компанияның шоттарында мақсатты жұмсалуын қарап отырады. Тұрғындар есеп айырысу көрсеткіштері мен мақұлданған тарифтер негізінде қаншалықты дұрыс есептелгенін тексере алады.

«Пилоттық жобаны іске асыру аясында 2018 жылдың соңына дейін е-SHANYRAQ жүйесіне 190 көппәтерлі тұрғын үйді қосу жоспарланған. Жыл соңына дейін көппәтерлі тұрғын үйлерге шамамен 2 мыңнан астам техникалық паспорт және 4 мыңнан астам есептеу құрылғыларын қосу жоспарланып отыр. 2022 жылы 100%-ға қосылады деп күтіп отырмыз», — деп хабарлады Ж. Қасымбек.

Министрдің айтуынша, е-SHANYRAQ жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу мақсатында заңнамаға өзгертулер енгізу қажет. Қазіргі уақытта «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң жобасына енгізілген өзгертулер ҚР Парламентінің қарауында жатыр.

Сондай-ақ, жаңа технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында пилоттық жобаларды іске асыру үшін Астана, Алматы, Атырау және Тараз қалаларында аумақтар анықталды. 30 қарашада Мерус (Merus) неміс компаниясы «Астана-Теплотранзит» АҚ-мен бірге Астана қаласында ұзындығы 24 км болатын болат құбырына тоттануға қарсы технологияларды қолдану апробациялық жобасын бастады. Сондай-ақ, Алматы қаласында «Митсуи» (Mitsui & Co) жапондық компанияның тоттануға қарсы технологиясын қолданудың пилоттық жобасын іске асыру мүмкіндігі пысықталуда.

«Жүргізілген сынақ нәтижесі бойынша технологияларды жаппай енгізу және Қазақстан аумағында осы жабдықты өндіру туралы шешім қабылданатын болады. Тоттануға қарсы жаңа технологияларды қолдану арқылы 100 км желіні жаңғыртуға жұмсалатын қаржыны 16 млрд теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін азайтып, жылу желілерін пайдалану мерзімін 30 жылға дейін ұзартуға болады», — дейді министр.

Жоғарыда аталған ұсыныстар іске асырылса, министрліктің болжамы бойынша, жалпылай тиімділік 2,4 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге дейін жетеді. Мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме 6,7 есеге төмендейді. Желілердегі шығындарды 9%-ға дейін төмендету есебінен жылына 52,7 млрд теңге үнемделеді. Алғашқы ресурстарды үнемдеу CO2 шығарылуын жылына 5,8 млн тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жылу желілеріндегі шығындарды төмендету есебінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың энергия тұтынуы 17%-ға дейін азаяды деп болжануда.

Жалпы, жоғарыда аталған ұсыныстарды іске асыру үшін, Ж.Қасымбек атап өткендей, келесі жылы көппәтерлі тұрғын үйлердің және өзге де объектілерге толық түгендеу жүргізу, барлық табиғи монополия субъектілерін тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосуды қамтамасыз ету, энергосервистік келісімшартты енгізу, қаржыландыру мен құрылғыларды енгізудің жаңа механизмдерін әзірлеу, есептеу құрылғылары бойынша бірыңғай техникалық талаптарды әзірлеу, сонымен қатар жаңа технологияларды қолданудың тарифтік ынталандыру механизмдерін күшейту қажет.

Сонымен қатар, құрылыс саласын цифрландыру мәселесінде, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында құрылыс саласының сапасын бақылауды күшейту жүргізілуде. Қазіргі кезде құжаттарды қағаздық нұсқадан электронды нұсқаға ауыстыру іске асырылып жатыр. Бұл құрылыстағы бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Осы проблеманы шешу үшін «Бірыңғай цифрлық портал» құрылды, оның ақпараттық жүйесі пилоттық режимде Астана қаласындағы объектілерде сынақтан өткізілуде. Құрылыс процесінің негізгі қатысушылары мердігер ұйым, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау болып табылады, олар электронды сандық қолтаңбаның көмегімен осы порталға рұқсат алады және өз құзыреті аясында фукнцияларды іске асырады. Сондай-ақ, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бұл жүйеге қосылу мүмкіндігі артықшылықтарының бірі болып табылады.

«Портал құрылыстың барлық кезеңдерін – қазандықтан бастап құрылыстың аяқталуына дейінгі кезеңді қамтиды. Жасырын жүргізілген жұмыстардың барлығы тек қана актілермен аяқталмай, сонымен бірге фото және бейне форматта сақталатын болады. Портал ішкі бақылау журналының көмегімен отандық өндіріс материалдарының қолданылуын қадағалауға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн», — деді Ж. Қасымбек.

Сонымен қатар, нақты уақыт режимінде құрылыс нысанын видео-трансляция арқылы бақылауға болады. Сондай-ақ, бұл жүйе нысанды пайдалануға бергенге дейінгі құрылыстың барлық кезеңдерінде сапаны бақылауды қамтамасыз етеді. Әрбір қатысушының сапа туралы қорытындыға, орындалған жұмыстардың сәйкестігі туралы қорытындыға, тиісті декларацияға электронды форматта қол қою мүмкіндігі болады. Одан кейін тапсырыс беруші нысанды пайдалануға қабылдау актісіне қол қояды және тіркеу үшін Мемлекеттік корпорацияға жолдайды.

Осылайша, «Бірыңғай цифрлық порталды» енгізу құрылыстың сапасын және процестердің ашықтығын арттырады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін құрылыс кезінде қолданылған фото және видео-тіркеу жабдықтары жалпықалалық бейнебақылау жүйесіне қосылады. Пилоттық жоба аясында ақпараттық жүйені жетілдіру жүргізілуде. Барлық тиісті рәсімдер жүргізілгеннен кейін 2019 жылы осы порталды өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарлануда.

Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиев Тұрғын үй қорының және ТКШ бірыңғай ақпараттық жүйесі e-SHANYRAQ өз жұмысын пилоттық режимде бастағанын атап өтті. Келесі жылдан бастап өндірістік интернет, блокчейн және Big Data тәрізді технологиялар енгізілетін болады. Бұл бағытта заңнамалық нормалар енгізіліп жатыр. Құрылысты цифрландыру бойынша жер мәселелері қарастырылуда, бизнес-процестер оңтайландырылды. Мәселен, құрылысқа лицензия алу рәсімі 15 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Құрылыс процестерін автоматтандыру мақсатында жол карталары бекітілді. Аталған жобалар аясында бірнеше отандық АТ жобалар енгізілгенін айта кеткен жөн. 2019 жылы онлайн берілетін болады. Басқа бағыттар бойынша жұмыстар жалғастырылады.

Аймақтарда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев пен Алматы қаласының әкімі Б. Байбек баяндады.

Аталмыш сұрақты қарастырған соң ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс дұрыс бағытта жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ Инвестициялар және даму министрлігіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы барлық пилоттық жобаларды аяқтауды және экономикалық тиімділікті есептеуді тапсырды.

www.primeminister.kz

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының аясында берілген тапсырмаларына сәйкес әзірленген Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдама жобасын таныстырды.

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндағандай, Тұжырымдама «қарапайым заттар экономикасын» дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, өңдеу өнеркәсібіндегі экспортшыларды қолдау, шетелдік инвестицияларды қоса алғанда, жеке инвестицияларды тарту арқылы ірі, үздік жобаларды іске асыру тәрізді бағыттарды қамтиды.

Ж.Қасымбектің айтуынша, бұл орайда, 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарымен сабақтастық қамтамасыз етіліп, негізгі бастамалар мен қағидалар ескерілген.

ҚР ИДМ ақпаратына сәйкес, Тұжырымдаманың негізгі ережелері мен тәсілдері «Атамекен» ҰКП және салалық қауымдастықтардың қатысуымен әзірленді. Мәселен, 2018 ж. қазан айында Тұжырымдама жобасы Экономика жөніндегі сарапшылық кеңес отырысында қаралып, толық мақұлданды. Сонымен қатар, Тұжырымдама бойынша негізгі тәсілдер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына таныстырылды.

«Жалпы индустриялық саясат сабақтастықты қамтамасыз етеді және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталатын болады. Біз қолданыстағы инфрақұрылымдық және институционалдық негізді барынша пайдаланатын боламыз», — деді министр.

Бұдан өзге, ол белсенді индустриялық саясат жүргізіле бастағаннан бері өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін базалық жағдайлар жасалғанын атап өтті.

Біріншіден, институционалдық негізі қалыптасты: кәсіпкерлерді қолдау құралдарының барлығын біріктіретін және даму институттарының қызметін айқындайтын Кәсіпкерлік кодекс қабылданды. «Бәйтерек» холдингінің құрылуы және мамандандырылған қолдау институттарының дамуы өңдеу өнеркәсібіндегі барлық аспектілерді қамтуға мүмкіндік берді.

Екіншіден, қажетті өнеркәсіп инфрақұрылымын дамыту арқылы өңдеу өнеркәсібін жүйелі қолдау жалғасын тапты - 12 арнайы экономикалық аймақ құрылды, олардың 3-нің инфрақұрылымдық әзірлігі толық («Инновациялық технологиялар паркі» «Оңтүстік» және «Қорғас-Шығыс қақпасы»). Толық немесе ішінара аяқталған инфрақұрылымы бар 22 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Тағы 7 индустриялық аймақтың құрылысы жүріп жатыр және 9-ы жобалануда.

Сонымен қатар, адам капиталын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Екінші бесжылдық аясында кадрлар даярлау бойынша 11 жоғары оқу орны анықталды.

Үшіншіден, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және базалық секторларда – металлургия, мұнай өңдеу және химия өнеркәсібінде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасуда.

Төртіншіден, өңдеу өнеркәсібінде металлургияда, машина жасауда, химияда, фармацевтикада, құрылыс индустриясында шығарылатын

өнім номенклатурасы кеңейтілуде.

Үшінші индустрияландыру бағдарламасының Тұжырымдамасы тәсілдерінің негізіне өңдеу өнеркәсібінің одан әрі сапалы өсімі мен тұрақты бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін негізгі сын-тегеруріндер алынған: негізгі капиталға салынатын инвестициялар ағынының жеткіліксіздігі, кәсіпорындардың сыни массасы құрылмауы, шығарылатын өнімнің «күрделілігінің» төмен болуы.

Индустриялық-инновациялық саясаттың мақсаты – бұл ішкі және сыртқы нарықтарда өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру. Осы мақсатқа жету үш міндетті шешу арқылы қамтамасыз етіледі:

Индустрияландыруды тереңдету. Міндет кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге, кəсіпорындарды өсу нүктелеріне ұтымды орналастыруға және өндіруші кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті пулын құруға бағытталған.

Сыртқы нарықтарда сұранысқа ие болған, өңделген тауарлардың өндіріс көлемін, номенклатурасын және күрделілігін арттыру. Бұл экспорттаушылардың міндеті.

Өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту. Бұл міндет жаңа өндірісті игеруді ынталандыру, трансұлттық компаниялардың және шетелдік инвесторлардың қатысуымен капитал сыйымдылығы жоғары өндірістерді ашу және өңдеу өнеркәсіп орындарына қажетті шикізат беру арқылы шешілетін болады.

Қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін ҚР ИДМ индустриялық-инновациялық дамудың 5 бағытын ұсынып отыр:

ЕАЭО аясында сыртқы саудадағы кедергілерді жоюға, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азия нарығына шығуға, сондай-ақ, ішкі нарықты ұтымды қорғауға бағытталған проактивті сауда саясатын жүргізу

Өсу орындарында өндірістің мамандандырылған факторларын алдын-ала құру. Сапалы өнеркәсіптік, цифрлық және сертификатталған инфрақұрылымды, адам капиталын, құзыреттілік орталықтарын дамытуға күш салынады.

Мемлекеттің шикізаттар ресурстарын бөлу мен инвесторлар үшін тартымды жағдайлар ұсыну мүмкіндіктерін пайдалан отырып, капиталды және ғылымды қажет ететін жаңа өндірістерді ашу.

Ішкі және сыртқы нарықтарда тиімді кәсіпорындарды тікелей қолдау. Тиімділік ішкі және сыртқы нарықтарда тұрақты бәсекеге қабілеттілігімен өлшенетін болады.

Индустрияландыру саясатын үйлестіру, қаржыландыру және монторинг жүргізу үрдістерін барынша баптау арқылы индустриялық-инновациялық қызметті қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру.

Ж. Қасымбек Үшінші индустрияландыру бағдарламасы алдыңғы екі бесжылдықтан ерекшеленетінін жеткізді. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында тиімді өндірушілерді қолдау үшін салалық басымдықтардан ауысу жүзеге асырылады. Екіншіден, өндірілетін өнімнің, оның ішінде халық тұтынатын тауарлардың жаңа номенклатурасын игеруге, қолданыстағы номенклатураны кеңейтуге және «күрделендіруге» күш салынады. Үшіншіден, бизнестің нақты көрсеткіштерге қол жеткізуі үшін (жаңғырту, экспорттың өсуі және т.б.) тікелей қолдау көрсетілетін болады. Төртіншіден, өнеркәсіптің «цифрлық дәуірге» дайындығы аясында қажетті инфрақұрылым мен стандарттар жасалады.

«Біз теңгерімді даму моделіне негізделген кәсіпорындарға қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Енді құрылған кәсіпорыннан бастап табысты кәсіпорынға дейін дамуының барлық кезеңінде кешенді қолдауға ие болады», — дейді Ж.Қасымбек, бұдан әрі кәсіпорындардың үш тобына назар аударылатынын атай отырып.

Бірінші топ «Мықты тыл» — бұл өңдеу өнеркәсіп кәсіпорындары, олардың есебінен халық тұтынатын тауарларды қоса алғанда, отандық өнімнің көлемі мен сұрыпталымы кеңейтілетін болады. Сондай-ақ, болашақ экспорттаушылардың пулы құрылады.

Екінші топ «Бәсекеге қабілетті өндірушілер». Бұл жұмыс істеп жүрген экспорттаушылар, олардың міндеті – экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту және күрделілігін арттыру.

Үшінші топ «Ауырлық ортасы» — бұл топта негізгі салалардағы, сондай-ақ трансұлттық компаниялар мен шетелдік инвесторлар қатысатын ірі, капиталды қажет ететін жобалар бар. Олардың есебінен өнекәсіптік жартылай фабрикаттардың жаңа түрлерінің өндірісі игеріліп, қажетті шикізатты берілетін болады.

Үшінші Индустрияландыру бағдарламасының қорытындылары бойынша 2026 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде келесі негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу көзделіп отыр:

негізгі капиталға салынған инвестицияның 2 есеге өсуі;

еңбек өнімділігінің 1,7 есеге өсуі;

өңделген тауарлар экспортының 2,3 есеге өсуі;

экономикалық күрделілік индексін 55-ші орынға дейін көтеру;

экономикалық белсенді халықтың 1000 адамға шаққанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санын 2,3 есеге ұлғайту.

Ж.Қасымбектің сөзіне қарағанда, Үшінші индустрияландыру бағдарламасының Тұжырымдамасына қатысты айтылған тәсілдер экономикаға қосылған құнды одан әрі ұлғайтуға бағытталған жұмысты күшейтуге, өндірілетін тауар қоржынын «күрделендіруге» және сыртқы нарықтарға қатысуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017–2021 жылдарға арналған ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралды.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен алдына еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге ұлғайту міндетін қойған болатын. Қойылған міндеттерді ескере отырып, Үкімет биылғы жылдың шілде айында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын өзектендіріп, қайта бекітті.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев жаңартылған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы айтып берді. Мемлекеттік бағдарламаны басқару алғаш рет жобалық тәсілдемені қолдана отырып, пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Бұл үшін жобаларға жедел бақылау мен нақты мониторинг жүргізіп отыратын толыққанды жобалық офис құрылған. Мемлекеттік бағдарлама жобалық басқару стандарттарына сәйкес 10 салалық, 14 өңірлік бағдарламаға декомпозицияланды. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды көздейтін 10 аралас бағдарламаны әзірлеу үшін басқа мемлекеттік органдармен байланыс орнатылды.

А. Евниев салалық бағдарламалардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы баяндады.

Шағын және орта шаруа қожалықтарына негізделген етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жүзеге асырылуда. Бұл үшін арнайы жеңілдетілген «Сыбаға» несиелік өнімі іске қосылған.

«Бағдарлама екінші жартыжылдықта қосылғанына қарамастан, биылғы жылдың жоспары асыра орындалды. Бүгінгі күні 600-ден астам фермер несие алған. Фермерлік шаруашылықтардың ірі қара мал сатып алу бойынша жылдық жоспары 50 мың бас болған. 11 айда 67 мыңнан астам өтінім қабылданды, 55 мың басқа арналған несие мақұлданып, берілді. Аналық табынды тұқымдық түрлендіру жоспары 1,0 млн. басты құрайды. Бүгінгі күннің өзінде тұқымдық түрлендіруге шамамен 977 мың аналық бас немесе 98% қатысуда», — дейді А. Евниев.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, биылғы жылғы 11 айының нәтижесі бойынша сиыр етін экспорттау көлемі 14,5 мың тонна болған. Сондай-ақ, А. Евниевтің айтуынша, жыл соңына дейін сиыр етінің экспорты жоспарланған 15 мың тоннадан асып түспек.

Салалық сүт бағдарламасы сүт өндіру көлемін 10 жылда 1 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. Мақсатқа жетудің индикативтік көрсеткіштері айқындалды. 2027 жылға дейін қуаттылығы 400 басқа дейін жететін жаңа 527 отбасылық тауарлық сүт фермасын, қуаттылығы 400 басқа дейін жететін 19 өндірістік тауарлық сүт фермасын ашу жоспарланып отыр.

«Биылдың өзінде 15 тауарлық сүт фермасы іске қосылды. Оның 10-ы — жалпы қуаттылығы 7400 басты құрайтын өндірістік, 5 сүт фермасы — отбасылық. Жылдың аяғына дейін жалпы қуаттылығы 4500 басты құрайтын қосымша 10 ферманы іске қосу жоспарлануда. Осынау мемлекеттік қолдаудың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндіру көлемі 10 айда 1,3 млн тоннаға жетті. Салыстыра кетсек, 2015 жылы ұйымдасқан шаруашылықтар 900 мың тонна сүт өндірген», — деді А. Евниев.

Миистрліктің айтуынша, дәл ұйымдасқан шаруашылықтар сүттің негізгі бөлігін береді. Аталмыш шаруашылықтар 2017 жылмен салыстырғанда, 10 айдың ішінде 7,8%-ға көп сүт өндірген. Ал, жеке қосалқы шаруашылықтар осы уақыт аралығында небәрі 1,9%-ға ғана артық сүт өндірген.

Құс шаруашылығы салалық бағдарламасы аясында құс етін өндіру деңгейін алдағы 10 жылда 3 есеге ұлғайтып, импортты алмастыруымыз керек. Биыл жылдық қуаты 60 мың тонна болатын «Макинка құс фабрикасы» іске қосылды. Бұл — қазіргі уақыттағы осы саланың ең ауқымды жобасы.

А. Евниев өсімдік шаруашылығының ең үлкен қоры суармалы жерлерді дамытуда екенін атап өтті. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар жерді, оның ішінде биыл 65 мың гектар жерді айналымға тарту көзделіп отыр. Бүгінгі күннің өзінде 42 млн гектар суармалы жер айналымына енгізілді. Қалған жерлер жыл соңына дейін енгізілетін болады.

Аталған міндетті орындау мақсатында Ислам Даму Банкі және Еуропа Қайта Құру және Даму Банкімен бірлесіп, 100 млрд теңгеден астам қаржыға 128 мың гектар жердің гидромелиорациялық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан басқа суармалы жерлерді дамыту жөніндегі салалық бағдарлама аясында тағы да 1,5 млн гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тартып, суармалы жерлер аумағын 3,5 млн гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, жалпы егіс егілетін алаң аумағындағы суармалы жерлердің үлесі 16%-ды құрап, өнім көлемі 2,4 трлн теңге деңгейінде болмақ. Суарылатын егіншілік, бұл — тек көкөніс пен жеміс қана емес, мал шаруашылығы үшін кепілді азық көзі.

Қарқынды бақ шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 10 жыл ішінде 47 мың гектар алаңға қарқынды бақ отырғызып, импортты алмастыру міндеті қойылып отыр. Бұдан басқа, жеміс сақтау қоймаларын салу, вирусы жоқ көшеттер өндіру зертханаларын құру, өнім өңдеу қуаттарын жете жүктеу сияқты аралас бағыттар да дамитын болады. Қарқынды бақтардың негізгі орналасу аймағы — Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары.

Сонымен қатар, А. Евниев агроөнеркәсіптік кешенді қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жүйелі тапсырмалардың орындалуы туралы да есеп берді. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру үшін нақты шаралар көзделген.

Біріншіден, биыл негізгі құралдарға арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары мен жануарларының лизингі қайта күшіне енді.

«Бұл биылғы жылдың 10 айында 50 млрд теңгеден астам қаржыға 2752 бірлік техниканы лизингке алуға мүмкіндік берді. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, 40,2 млрд теңгеге 2400 техника алынған. Бағдарлама екінші жартыжылдықта іске асырыла бастағанын ескерсек, бұл — жақсы нәтиже. Жалпы, 2018 жылы лизинг бағдарламасына 60 млрд теңге бағытталмақ», — деп атап өтті А. Евниев.

Екіншіден, инвестициялық субсидиялау тәсілдері өзгертілді. Енді инвестициялық салымдарды өтеу үлесі барлық паспорттар бойынша 25 пайыз болып белгіленді. Тек жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру жобалары бойынша өтеу пайызы 80 пайыз деңгейінде сақталатын болады.

«Бұл жаңа инвестициялық жобаларға бастама жасауға серпін берді. Егер өткен жылы ҚазАгро желісі бойынша 45,1 млрд теңгеге 40 ірі инвестициялық жоба мақұлданса, ал биылғы жылдың басынан бері құны 104,5 млрд теңгеге 76 жоба мақұлданды», — деді ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі.

Үшіншіден, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру аясында тиімсіз субсидиялар қысқартылуда. А. Евниевтің сөзіне қарағанда, мұндай субсидияларға өсімдік шаруашылығындағы гектарлық субсидиялар, мал шаруашылығындағы өнімділікті субсидиялау жатады. Реформалау қорытындысы бойынша 54 субсидиядан 34-і ғана қалады. Қалғандары барынша оңтайландырылып, жыл соңына дейін толықтай автоматтандырылатын болады. Бұл өтінімдерді қарастыру мерзімін орташа есеппен 2,5 есеге қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетпек. Биылғы жылы алғаш рет минералдық тыңайтқыштарға субсидия беру процесі толық автоматтандырылды.

Сондай-ақ, қаржы институттарын ҚазАгро арқылы аграрлық секторды қаржыландыруға тарту жұмысы жалғасуда. Аталған бағыт бойынша екі жыл ішінде несие беру көлемі 21%-дан 37%-ға дейін артты. Жыл басынан бері Холдинг 82,3 млрд теңгеге қаржылық институттарды қорландырды.

Кредиттер бойынша кепілдендіру жүйесі жетілдірілуде, мәселен, 2019 жылдан бастап ауыл шаруашылығының басымдықты бағыттары бойынша және кепілдік қамтамасыз ету жетпей тұрған жағдайда кредит сомасының 30%-на дейінгі кепілдікті шағын және орта бизнес ала алатын болады. Бұл үшін тиісті қағидалар қабылданды.

А. Евниев атап өткендей, бұдан басқа, ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесін және кредиттік серіктестіктерді жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ жаңа қаржы құралы — аграрлық қолхат енгізілуде. Бұл үшін заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер пакеті әзірленіп, қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде қаралуда.

Сонымен қатар, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру мақсатында ғылым, білім және білім таратуды дамыту үшін ағымдағы жылы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізілді. Агроөнеркәсіптік кешенде инновацияларды неғұрлым табысты пайдаланып отырған елдердің тәжірибесі негізге алынды. Бұл АҚШ және Бразилия, онда қолданбалы ғылымға ғалымдарды мақсатты дайындауға баса назар аударылады.

«Ағымдағы жылы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру 4,2 млрд теңгеден 7,6 млрд теңгеге 1,8 есе ұлғайды. Бұдан басқа, осы жылдан бастап алғаш рет бизнес-қауымдастықтар алдағы үш жылға арналған ғылыми-зерттеу тақырыптарын қаржыландыру туралы шешім қабылдауға қатысты. Келесі кезеңде бірлесіп қаржыландыруды субсидиялау есебінен нарықтың зерттеулерге деген қажеттілігі қалыптастырылатын болады. Ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 4,1 млрд теңге бөлінді», — деп хабарлады А. Евниев.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі хабарлағандай, білім таратудың жаңа жүйесі агропарктер мен өңірлік орталықтар жүйесіне сүйенетін болады, олар жергілікті жерлерде аграрлық сүйемелдеуді, өңірдің фермерлері үшін қажетті технологияларды беруді және олардың сақталуын жүзеге асырады. Сонымен қатар өңірлік орталықтардың базасында нақты білім мен қажетті технологиялық шешімдерді жеткізу үшін ғылыми-зерттеу институттары мен жоғарғы оқу орындарының ғылыми әлеуеті пайдаланылатын болады.

«Өткізу нарықтарының қолжетімділігін және экспортты дамыту үшін ішкі нарықты қорғау және сыртқы нарықтарды кеңейту шаралары қабылдануда. Қазір көптеген ауыл шаруашылығы тауарлары (балық өнімі, асыл тұқымды жылқылар, мұздатылған қой еті, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, сойылатын жылқылар, рапс күнжарасы, сиыр еті, жоңышқа, ұн, өсімдік майы, арпа, жүгері) үшін Қытай нарығы ашық. Осы шаралардың арқасында 9 айдың қорытындысы бойынша Қытайға АӨК өнімдерінің экспорты 42%-ға ұлғайды», — деді А. Евниев.

Иран тарапымен тірі қойды, тоңазытылған әрі салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Ал биыл ҚР АШМ тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісуді жоспарланып отыр.

Сондай-ақ ірі қара мал мен ұсақ малды Сауд Арабиясына және Біріккен Араб Әмірліктеріне, ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қойылған шектеулер алып тасталды. Қазақстандық 171 кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға құқық беретін шетелдік елдер тізіліміне енгізілді. Мысалы, 153 кәсіпорын түрлі агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін Қытайға экспорттау құқығына ие болды, 17 балық өңдеу кәсіпорны Еуроодаққа балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алды.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрінің айтуынша, Халықаралық эпизоотиялық бюроға (ХЭБ) вакцина салынбайтын аусылдан таза 9 облыстың аумағын 5 аймаққа бөлу туралы досье берілді, бұл халықаралық сауданы жеңілдетуге мүмкіндік бермек. Қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін жеткізу мүмкіндігі туралы Израильдің, Кувейттің, Малайзияның, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Еуропалық одақ елдерінің ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерімен келіссөздер жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 9 айда 28,3%-ға, оның ішінде өнделген өнімдер экспорты 10%-ға ұлғайды.

Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бағдарламасы шеңберінде нақты егіншіліктің негізгі элементі болып табылатын танаптардың электрондық карталары жасалуда, 24 млн гектарға немесе жалпы егіс алаңының 100%-ына, сондай-ақ 24,6 млн га жайылымға немесе жалпы жайылымдар көлемінің 35%-ына цифрландыру жүргізілді. Жыл соңына дейін жайылым танаптарын цифрландыруды толығымен аяқтау жоспарланып отыр.

«Субсидиялау процесін автоматтандыру бойынша 15 субсидия түрінен 3 субсидия (тыңайтқыштар, гербицидтер, гектарлық) толық автоматтандырылып, іске қосылды. Электрондық астық қолхаттарында блокчейн технологиясы іске қосылды, ол 5 млн тонна астық көлеміндегі астық қолхаттары бойынша операциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», — деді А. Евниев.

А. Евниев сонымен қатар салалық бағдарламалардың шаралары мен индикативтері өңірлік бағдарламаларға бөлінгенін баяндады. Бүгінгі таңда барлық облыстар өз бағдарламалырн әзірлеп, қорғаған.

«Өңірлерде Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына мониторинг жүзгізу мақсатында биыл бұрын мониторинг жүргізілген 103 индикатордың орнына 30 индикатор бойынша өңірлердің рейтингі әзірленді, ол облыстардың басшыларын еңбек өнімділігін жақсару шараларын қабылдауға ынталандыратын болады», — деді А. Евниев.

ҚР АШМ мәліметінше, жалпы еліміз бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылатын инветсициялар көлемінің артуы байқалып отыр, 10 айда ол 18,4%-ды, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар өсімі 33,7%-ды құрады. Өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарын әртараптандыру жалғасуда.

Өз кезегінде, «ҚазАгро» басқарма төрағасы Р. Құрманов 10 айдың қорытындысы бойынша қаржылық ұйымдарды қорландыру көлемі 83 млрд теңгені немесе жалпы несиелендіру көлемінде 30% құрап отырғанын хабарлады. Жыл соңына дейін 37% көлеміндегі көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған.

«АӨК-тің техникалық жарақталуы мен өндіріс қарқындылығы деңгейін арттыру бойынша лизингке 50 млрд теңгеге жуық сомаға 2752 техника берілді, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 20%-ға артық», — деді Р. Құрманов.

Сонымен қатар өңірлерде Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы туралы Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, Түркістан облысының әкімі — Ж. Түймебаев, Ақмола облысының әкімі — М. Мырзалин, Батыс Қазақстан облысының әкімі — А. Көлгінов, Маңғыстау облысының әкімі — Е. Тоғжанов баяндады.

Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шүкеев суармалы жерлерді дамыту бойынша салалық бағдарлама әзір екенін жеткізді, ол желтоқсан айында Үкімет қарауына ұсынылатын болады. Бұл бағдарламада жылыжайларға арналған жабдықтарды субсидиялау мәселелері қаралатын болады.

Ө. Шүкеев биыл Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қарқынды іске асырылғанын атап өтті. Агроөнеркәсіп саласы аса ауқымды сала болғандықтан және көптеген салалары болғандықтан, бұл бағдарлама нақты жобаларды іске асыруды қарастырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде жұмыс жобалық басқару аясында жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде АӨК дамыту бойынша бағдарлама нақты жобалардан: ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі жобалардан тұруы тиіс.

Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мемлектетік бағдарламаның көрсеткіштерінің өзгеруінің оң динамикасын атап өтті, дегенмен, бірқатар облыстардың көзделген нәтижелерден артта қалып отырғанын да айтты. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп жыл соңына дейін барлық мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуді және АӨК дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасын қамтамасыз ету тапсырылды.

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Үкімет жобалық басқару аясында ауыл шаруашылығы және цифрлық экономика бойынша атқарылған жұмыстар туралы өңірлердің әкімдерін тыңдайтын болады.

www.primeminister.kz

Жиын барысында сыртқы факторлардың ұлттық қауіпсіздік ахуалына әсері және қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы жөніндегі мәселелер қаралды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Қазақстанға әсер ететін сыртқы факторлардың бар екенін бәріміз білеміз. Солардың ішінде Ресей мен АҚШ арасындағы санкциялық текетірес, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда шиеленісі, Сириядағы ахуал және басқа да жағдайлар бар. Осыған байланысты бізге мәселелерді талқылап, тиісті шаралар қабылдау қажет», — деді Қазақстан Президенті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау барысында Қорғаныс министрі Н. Ермекбаев Қарулы Күштердің биылғы оқу жылындағы әскери дайындығының және өткізілген оқу-жаттығулардың негізгі қорытындылары, сондай-ақ әскердің жауынгерлік дайындығын арттыру жөнінде қабылданып жатқан шаралардың нәтижелері туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар, жиын барысында қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын жаңғырту және қорғаныс өнімдерінің жаңа түрлерінің өндірісін игеру жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.

Басқосу қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Отырыс барысында «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын іске асыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысының «кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «индустрияландыру және экономикалық өсім», «біртектілік пен бірлік», «есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағыттары бойынша берген тапсырмаларының орындалуы туралы министрліктердің есептері тыңдалды. Қазір Ұлт жоспарының 42 қадамы орындалу үстінде.

Отырыс жұмысына Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н. Нығматулин, комиссия мүшелері Премьер-Министр орынбасары Е. Досаев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ә. Рақышева, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов қатысты.

Сонымен қатар, отырысқа Премьер-Министрдің орынбасарлары Ө. Шөкеев пен А. Жұмағалиев, ішкі істер министрі Қ. Қасымов, сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, қаржы министрі А. Смайылов, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А. Шаимова, «Астана» халықаралық қаржы орталығының төрағасы Қ. Келімбетов, «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасы А. Әріпханов, «Назарбаев Университетінің» инновациялар жөніндегі вице-президенті Е. Құсайын және басқалары шақырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ұлт жоспарының барлық қадамдарын жүзеге асыру жұмысын жандандыруды тапсырды.

www.primeminister.kz

2018 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика Вице-министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен Комитеттің аумақтық бөлімшелерімен бірге кезекті кеңес өткізілді.

Осы кеңес Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ағымдағы жылы 13 қарашадағы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрлігінің энергетика, инвестициялар және даму, ақпарат және коммуникациялар министрліктерімен, облыстардың, Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктерімен сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, су бұру, телефон байланысы, интернет және ПИК қызметтеріне тарифтерді төмендету бойынша бірлескен жұмыс жүргізу бөлігінде берген тапсырмаларды орындау шеңберінде өтті.

Осыған байланысты, кеңесте Комитеттің және оның аумақтық бөлімшелерінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау) қызметтеріне тарифтерді төмендету бойынша жүргізген жұмысы туралы мәселелер қаралды.

Вице-министр Комитет және оның аумақтық бөлімшелері басшылығының табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерді төмендету бойынша қабылдаған және жүргізіп жатқан шаралары жөнінде есептерін тыңдады.

Жалпы 74 Қоғамдық қабылдау өткізілді, онда 2334 адам қатысты. Комитеттің аумақтық бөлімшелері табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің  заңнаманы бұзу мәніне 48 жоспардан тыс тексеру бастады.

Осылайша жоспардан тыс тексерулер нәтижелері бойынша Комитет және оның аумақтық бөлімшелері жауап берудің тиісті шараларын қабылдайтын болады.

Вице-министр Мемлекет басшысының және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің коммуналдық қызметтерге арналған тарифтерді төмендету жөніндегі тапсырмаларын орындау маңыздылығын атап өтті және оларды барлық өңірлерде төмендету жұмысын жалғастыруды тапсырды.

ҚР ҰЭМ Баспасөз қызметі

Мұрағат

Қаңтар
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту