Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова селекторлық тәртіпте республиканың 140-тан астам үкіметтік емес ұйымдары өкілдерінің қатысуымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысын өткізді.
Кеңес отырысында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, азаматтардың өз денсаулықтары үшін ортақ жауапкершілігін арттыру, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда үкіметтік емес ұйымдардың қызметін белсенді ету жайы талқыланды.
Жиында Министр өңірлік денсаулық сақтау басқармаларынан науқастардың жекелеген санаттары үшін дәрілік препараттарды нақты жоспарлауды талап етті. «Дәрілік құралдарды жоспарлау үрдісі ең алдымен, науқастар үшін барынша ашық және түсінікті болуы тиіс»,-деді Министр.
Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Министрге 2011 жылы атқарылған әлеуметтік тапсырыс нәтижелері туралы баяндады. Сонымен қатар, өңірлерде әлеуметтік тапсырысты дамытудың негізгі бағыттары анықталды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен үкіметтік емес ұйымдар арасында қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін бірлесіп шешуде біршама тәжірибе бар. Атап айтқанда, дәрігерлер мен провизорлар, фармацевтикалық қызметті, фармацевтикалық және медициналық өнімдерді қолдау және дамыту саласындағы кәсіби қауымдастықтар, тәуелсіз сарапшылар салаға қатысты нормативтік құқықтық база әзірлеуге және аясын кеңейтуге, консультативтік органдар жұмысына белсенді қатысады.
Үкіметтік емес ұйымдар Денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламаларын іске асыруға да араласады. Бірлесе атқарылған іс-шаралар нәтижесінде елімізде ана өлім-жітімі 1,5 есеге, бала өлім-жітімі 9,9%, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 20%, қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім 8,3%, туберкулезбен сырқаттанушылық 9%, ал өлім-жітім көрсеткіші 23% азайды.
Қан диабетіне шалдыққандарға медициналық көмек көрсету, аурудың және асқынулардың алдын алу, сонымен қатар қант диабеті проблемалары туралы халықты ақпаратпен қамтамасыз етуде ҚР Диабет қауымдастығымен тығыз қарым-қатынас жолға қойылды. Тәуелсіз сарапшылар қауымдастығы және ҚР медициналық қызметкерлер кәсіподағымен өзара бірлескен іс-шаралар жүзеге асырылуда.
2011 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет үкіметтік емес ұйымдарға 18 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру үшін 140 млн. теңгеден астам көлемде қаржы бөлді. Сонымен қатар, өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары 107 әлеуметтік жобаға 143 млн. теңге бөліп, 65 ҮЕҰ қатысты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес 2012 жылға арналған үздік әлеуметтік жобаларға байқау өткізіп, 24 ҮЕҰ-нан 38 ұсыныс келіп түсті. Олардың ішінде ең көп дауыс жинаған 11 жоба жеңімпаз боп танылып, дипломдар мен алғыс хаттарға ие болды.
Ағымдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа «Ана мен бала», «Обырды жеңуге болады!», Қазақстанда темекі індетінің алдын алу сияқты т. б. жобалар енді. Сонымен қатар, туберкулезге шалдыққан сотталғандарды бостандыққа шыққан соң емдеуде пенитенциарлық және азаматтық сектор арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, АИТВ, туберкулез дерттерінің іскерлік белсенділікке әсерін зерттеуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту, олардың қызметін қолдау ресурстық орталығын құру жоспарланған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ағымдағы жылғы қорытынды алқа отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Орынбаев жүктеген тапсырмасына сәйкес, өңірлердегі қоғамдық кеңестер жанынан азаматтардың арыз-шағымдарын қарайтын жұмыс топтары құрылды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемін арттыру сектораралық әрекеттестікті нығайтуға, әлеуметтік маңызды аурулардың және тәуекел факторларының алдын алудағы міндеттерді кешенді шешуде үкіметтік емес секторды белсенді тартуға ықпал етеді.
Үкіметтік емес ұйымдармен арадағы серіктестік халыққа және мемлекетке тиімді, бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау жүйесін құруға ықпал етеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ағымдағы жылдың қаңтар айындағы экономикалық өсімнің баяулауына қынжылысын білдірді.
«Өкінішке орай, қаңтар айында экономикалық өсімнің баяулағанын байқап отырмыз. Яғни, қаңтардағы экономикалық өсім 4,8 пайызды құрады. Егер тереңірек қарар болсақ, онда өнеркәсіптік өсімде баяулаған. Сондықтан да Сізге, Экономикалық даму және сауда министрі ретінде келесі сейсенбіге дейін факторлар бойынша сараптама жасауды тапсырамын»,-деді К. Мәсімов аталған ведомствоның басшысы Бақытжан Сағынтаевқа.
Елбасының 7 пайыздық өсімге қол жеткізу туралы тапсырмасын орындау үшін кемшіліктерді түзету қажеттігін баса айтқан Премьер-Министр, осы ретте Б. Сағынтаевқа әлемдік үрдісті, индустрияландыру картасын тағы бір шолып шығуды жүктеді.
Сонымен қатар бюджет қаражатына салынған кәсіпорындардың тұрып қалуына баса назар аудару керектігін ескерткен Үкімет басшысы: «Өкінішке орай мұндай фактілер бар. Одан экономика да, басқа да мәселелер де зардап шегеді»,-деді.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі биыл индустрияландыру картасының баламасы бойынша инновация картасын қалыптастыруды ұсынды. Бұл жайында ведомство басшысы Әсет Исекешев мәлім етті.
Ағымдағы жылы елімізде инновациялық жобаларға айырықша назар аударылатын болады. Осыған байланысты инновациялар картасын құру қажет. Яғни, бұл инновациялық жобалардың картасы болып негізделеді. Онда қолдау көрсетудің арнайы тетіктері мен жағдайы қамтылады.
Осы мәселе бойынша тиісті ұсыныстар Үкіметке таяу уақытта енгізілетін болады.

 2012 жылы қазақстандық экспортты ынталандыру саясатын жүзеге асыру жалғасатын болады. «Атап айтқанда, экспортты дамыту мәселесі жергілікті органдардың және шетелдегі қазақстандық елшіліктердің алдында көлденеңнен қойылатын болады»,-деді министр.
«Экспортты дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы. Аталған мәселе Кедендік одақпен Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрғаннан кейін өзекті болды»,-деді Ә. Исекешев.
Өткен жылы тауарлар экспорты рекордтық көлемге жетіп, 80 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыны құрады. Осы арқылы 2008 жылдағы дағдарысқа дейінгі 71 млрд. доллар көлеміндегі көрсеткіштен асып түсті.
Министр сонымен қатар шикізаттық емес тауарлардың экспорты да оңтайлы үдерісті көрсеткенін айтып өтті. 2011 жылы шикізаттық емес экспорттың көлемі 21 млрд. долларға жетіп, 2010 жылға қарағанда 28 пайызға артқан.

«Инвестиция тартудың тиімді құралдарының бірі - ол әлеуметтік-экономикалық аймақтар арқылы болмақ. Осы аймақтарды дамыту үшін барша заңнамалық база қалыптастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары мен салықтық жеңілдіктер ескерілді»,-деді министр.
 Әлеуметтік-экономикалық аймақтарды бұдан әрі қарай дамыту бағытында ірі бизнес инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ішкі және сыртқы инфрақұрылымды аяқтау қажет. Екіншіден, инновациялық құрамдаушы дайын өнімді шығаруға бағытталған жобаларға талдау жүргізу қажет.
«Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында 5 индустриялық аймақ құрылды. Жоспар бойынша еліміздің тағы да 8 өңірінде 11 индустриялдық аймақты құру қарастырылып отыр. Олар белсенді жұмыстар жүріп жатқан Алматы және Ақтөбе қалаларын қамтитын болады",-деді  Индустрия және жаңа технологиялар министрі.

ҚазАқпарат

Елімізде оқушылардың демалыс мерзімін өзгертудің қажеті жоқ. Бұл пікірді  Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай жауап берген ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов білдірді.
«Менің министр ретіндегі жеке көзқарасым, Қазақстанда қалыптасқан дәстүр жаман емес. Егер де жыл бойы жылы болатын басқа елді алатын болсақ, онда балаға қашан және қай уақытта демалысқа шығуы маңызды емес. Дегенмен шұғыл континенталды климаты бар Қазақстанда қысқы демалысты ұзарту меніңше өзін-өзі ақтамайды», - деген министр ағымдағы жылы оқушылардың демалыс мерзімдері өзгеріссіз қалатындығын баса айтты.
Сонымен қатар өзіне демалыс мерзімін ұзарту, қысқартуға қатысты сауалдардың көптеп түсетіндігін атап өткен ол: «Сондықтан да менің бұйрығыммен комиссия құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары, қоғам өкілдері кірді. Біз бұл мәселені жан-жақты зерделейтін боламыз», - деді.

«Өткен жылғы емтиханның қорытындысына сәйкес біз ұлттық университеттердегі шекті баллды 70-ке дейін көтердік. Бұл өте дұрыс деп ойламын. Неге десеңіздер, ұлттық университетке түсіп жатқан балалардың баллдары 80-нен жоғары болып отыр», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов.
Шекті 70 балл еліміздегі ұлттық унивеситеттерге қатысты ғана қолданылады. Олардың саны Қазақстанда - 9. Ал қалған университеттердің шекті баллы 60-ты құрайтын болады.
Сондай-ақ журналистердің шекті балл келесі жылы да көтерілуі мүмкін бе деген сауалына жауап берген министр :«Үздіксіз көтеруге бола бермейді ғой. Біз оңтайлы балл 70 деп санадық және оның ұлғаюы таяу екі-үш жылдың ішінде болмайды», - деді.

ҚазАқпарат

Ақпанның 14і күні ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығының жаңа басшысы Наталья Заруднамен кездесті.
Украина елінің өкілі болып табылатын Н. Зарудна келесі жылы ЕҚЫҰ ұйымына төрағалық ететін Украинаны Қазақстанның жетістікке толы тәжірибесі қатты қызықтыратынын және сол биіктікке талпынатындығын атап өтті.
«Кездесу барысында осында өткізуді жоспарлап отырған бірқатар маңызды жобалар талқыланды. Соның ішінде экологиялық, экономикалық және адам құқықтарының барлық бағыттары бойынша өте маңызды шаралар жоспарланған. Ең маңыздысы олардың тиімділігіне қатысты әңгіме өрбіді. Мен әрбір бағыт бойынша стратегия жасақтауды сұрадым», - деп атап өтті Н. Зарудна.
Оның айтуынша, шекті ресурстар неғұрлым сапалы жұмсалуы үшін ең бастысы жобаның тиімділігін саралау керек. Сонымен қатар, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы келесі жылдан бастап Украина мемлекеті ұйымның ұстанған бағыттарын одан әрі жалғастыра беретіндігін айтты. Соның ішінде экологиялық, экономикалық мәселелерге нақты мән берілмек.

ҚазАқпарат

Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов еліміздегі дипломатиялық миссиясын аяқтаған Румын Елшісі Емиль Рапчеге Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын табыс етті.
ҚР Құрмет грамотасымен марапаттау туралы Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтарда қол қойды. Елімізде 4 жыл қызмет еткен румын дипломаты жоғары марапатты екі ел достығы мен Қазақстан-Румын ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін иеленді. Кездесуде тараптар түрлі салалардағы кең ауқымды Қазақстан-Румын ынтымақтастығын талқылады.
Румын Елшісі жемісті ықпалдастық үшін және Қазақстан-Румыния ынтымақтастығын алдағы уақытта да нығайту ісінде өз миссиясына көрсетілген қолдау үшін Қазақстан Үкіметіне алғысын білдіріп, 20 жылда Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне үлкен баға берді.
Сол күні Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының жаңадан тағайындалған басшысы Наталья Заруднуды қабылдады, кездесуде еліміздің аталмыш ұйыммен ықпалдастығына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу барысында Е.Қазыханов 2011 ж. Қазақстанның ЕҚЫҰ «үштігі» құрамындағы миссиясының және Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ЕҚЫҰ Форумындағы төрағалығының сәтті аяқталуын айтып өтті, аталған форум соңғы 12 жыл ішінде алғаш рет жаңартылған 1999 жылғы Вена құжатын қабылдап, Вильнюстегі ЕҚЫҰ министрлік кездесуінің ең маңызды нәтижелерінің біріне айналған. Тараптар алдағы уақытта Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басты бағыттарын талқылады.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы Н.Зарудна миссияның мақсаттары ҚР Президенті Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында белгіленген мақсаттармен үндес екендігін айтып өтті.

ҚазАқпарат

 ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің басшысы Мәжит Есенбаев Кеден одағының жұмысын бақылайтын қоғамдық комиссия құруды ұсынды.
Ол бұл ұсынысын  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетовтің қатысуымен өткен ведомствоның алқа мәжілісінде жасады. Оның атап өтуінше, мұндай қоғамдық бірлестік кеден органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар комиссия тұтынушылардың проблемаларына назар аудартып, кедендік бақылау рәсімдеу және бақылау процедураларын жеңілдетуге әрі оның ашықтығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. «Мұндай қоғамдық бақылау «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ұйымдастыруға болады», - деді комитет төрағасы.
Жалпы комитет төрағасының  алға тартқан деректеріне сәйкес, өткен жылы 65 кеденшінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, 50 қызметкер жұмысынан босатылған.


ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің басшысы Мәжит Есенбаев барлық өңірлік құрылымдардың басшыларына бөлімшелердегі тәртіпті қалпына келтіруді тапсырды.
Елбасы тарапынан Кеден комитетіне оң көзқарастың болуы нәтижесінде материалдық-техникалық базаның жаңартылғандығын, қызметкерлердің әлеуметтік мәселелері оң шешімі тауып жатқандығын баса айтқан ол, дегенмен, ведомствода орын алып отырған бірқатар кемшіліктерге кеңінен тоқталды.
«Таңертеңгі жедел мәліметтерді оқып отырсаң майдан даласының ақпараттары сияқты, біреуді атып, біреуді бауыздап кеткен. Бұл жайттар неліктен бәсекелес бандиттік топтардың емес, кедендік департаменттердің қызметкерлерінің арасында орын алуда?», - деді ол.
Сонымен қатар комитет төрағасы бірқатар бірқатар өңірлік департаментте орын алған кемшіліктерді сынға алды. «Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарындағы және Кеден комитетінің басқа да департаменттеріндегі тәртіп қашан қалпына келтіріледі? Бұл мәселе өте күрделі», - деп атап өткен М.Есенбаев алқа мәжілісінен кейін барлық департамент басшыларымен өсы мәселеге байланысты жиын өткізетіндігін ескертті.

Кедендік кірістердің 45 пайызы мұнай және мұнай өнімдерінен келіп түскен кедендік төлемдер. Бұл туралы  комитет төрағасының орынбасары Нұржан Ашиханов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бұл қаржы 460 млрд. теңгені құрап отыр.
Сонымен қатар Н. Ашиханов Қазақстанның 2011 жылдағы сыртқы тауар айналымы 101 млрд. 600 млн. АҚШ долларын құрағанын жеткізді. Атап айтқанда, 2010 жылмен салыстырғанда осы көрсеткіш 40 пайызға өсіп отыр. Экспорт көлемі 80,5 млрд. долларға, ал импорт 21 млрд. 100 млн. долларға жетті.

2011 жылдың қорытындысы бойынша кедендік төлемдер мен салықтардан 1 трлн. 141 млрд. 800 млн. теңге көлемінде бюджетке кіріс түсті.
Жоспарлы көлемнің орындалуы 100 пайыздан асып отыр.
«Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кедендік төлемдер мен салық бойынша 418 млрд. 800 млн. теңгеге немесе 58 пайызға артық қаржы түсті»,-деді төраға орынбасары.

Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов Кедендік бақылау комитетіне кедендік рәсімдеу үдерісін қайта қарастыруды тапсырды.
2011 жылдағы бизнес рейтингі аясындағы халықаралық сауда санатында еліміз 181 орында тұрған көрінеді. «Егер Еуропа елдерінде экспорттық рәсімдеуден өтуге 27 күн керек болса, ал бізде 81 күн қажет болады. Бұл ахуалды түзету үшін тиісті шараларды қабылдау керек»,-деп тоқталды ол. Осы тұрғыда Үкімет басшысының орынбасары Кедендік бақылау комитетіне кедендік органдар ұсынатын мемлекеттік қызмет реестрін қайта жасақтауды тапсырды.
Қ. Келімбетовтың пайымдауынша, кедендік бақылаудан кейінгі және тауарлардың жылжуы мен ресми жариялануына байланысты бизнес үдерістеріне тыңғылықты талдау жүргізу керек. Себебі, нақты стандарттардың болмауы бүл үдерісті қиындатып, оның ашықтығын қамтамасыз етпейді. Осы орайда бұл саладағы тиісті шараларды жеңілдету мақсатында кедендік рәсімдеудің тәртібін қайта қарастыру шарт.
Оның айтуынша, бүгінде экспорттық және импорттық операцияларды іске асыру үшін кәсіпкер 15 мемлекеттік органда болып, 40-қа жуық құжат ұсынуы тиіс. Бұл тұрғыда Қаржы министрлігіне нақты ұсыныстар жасау жүктелді.

 Кедендік бақылау комитетінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов кедендік органдарға электрондық ақпарат алмасу мәселесін қарастыруды жүктеді.
«Кедендік органдар әр мемлекеттік органдармен электрондық ақпарат алмасуды қарастырып, бизнес үшін электрондық кеденнің тиімді форматын қалыптастыру керек»,- деді ол.
Осы орайда Қ. Келімбетов мысал ретінде салық органдарының бұл бағытта жинақтаған тәжірибесін атап өтті. «Осы тұрғыда Қаржы вице-министрі Дәулет Ерғожин бұл жұмыстарды қадағалауы тиіс. Бұндағы мақсат-бизнес үшін рұқсатнама құжаттарды алудың тетігін жеңілдетіп, адами факторды азайту»,-деп атап өтті ол.

Өткен жылы елімізде 65 кеденшіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы  ведомство басшысының орынбасары Александр Кочубей мәлім етті. Оның атап өтуінше, қылмыстық істер қызметтік алдау, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, қызметтегі ұқыпсыздық пен іс-әрекетсіздік, пара алу, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену әрі шығындау фактілері бойынша қозғалған.
Сонымен қатар өткен жылы 827 қызметтік тергеу амалдары жүргізілген. Нәтижесінде 1022 лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік жаза қолданылып, 50 қызметкер кеден органдарынан жұмыстан шығарылған.

ҚазАқпарат

Елбасы Нүрсұлтан Назарбаевтың Германия Федеративтік Республикасына жасаған сапары аясында 8 ақпан күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Еуропадағы ірі университеттік клиникаларының бірі, медициналық университеттік «Шарите» комплексіне барды.
Шарите (фр. Charité) - Берлиннің төрт ауданында орналасқан клиникалық кешен және ол Еуропадағы ірі госпитальдардың бірі. Гумбольд атындағы Берлин университеті мен Берлиннің Еркіндік университетінің университеттік клиникасы болып табылады. Шаритенің құрамына 17 Шарите-орталыққа біріктірілген 100-ден астам клиникалар мен институттар кіреді. Шарите қызметкерлерінің жалпы саны - 12 мың.
Шарите клиникалық бөлімдері басшыларымен болған кездесуде қолданбалы медициналық зерттеулерді дамытудың келелі мәселелері мен Назарбаев университетімен ынтымақтастық жағдайы талқыланды. Клиникаларды аралау барысында Қазақстандық әріптестерге заманауи лабраториялар мен Шарите қызметкерлері енгізген медициналық технологиялар мен әдістемелер көрсетілді. Сонымен қатар, 8 ақпан күні Қазақстанның атынан Білім және ғылым Министрі Б. Жұмағұлов пен ГФР Сыртқы істер Министрлігінің атынан Корнелии Пипер қатысып, жоғары білім саласындағы екіжақты қазақстан-герман ынтымақтастығы мәселелері талқыланды. Назарбаев университетінің ректоры Шигео Катцу «Назарбаев Университеті» автономдық білім беру ұйымы мен Гумбольд атындағы Берлин университеті және Берлиннің Еркіндік университетінің ортақ Universitaets Medizin Berlin ұйымының арасында ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылды.
Аталмыш бастамалар жоғарғы білім саласында, академиялық алмасу, ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты нығайта түседі деп күтілуде. Елбасы Нүрсұлтан Назарбаевтың ГФР Президенті К. Вульффпен өткен кездесуінде Федеральді Президенттің тікелей бақылауындағы дуальды білім беру мәселесіне ерекше мән берілді.

ҚазАқпарат

Менің сайтыма оқушылардан, мұғалімдерден, ата-аналардан мектеп оқушыларының жазғы демалысының құрылымдық өзгерісі туралы мыңдаған, кейде тіпті бір-біріне қарама-қайшы сұрақтар түсіп жатады.
Оның бірі кейбір Ресей мектептерінің тәжірибесі бойынша бес-алты апта оқудан кейін апталық демалыс ұсынады. Бұл жоба бойынша оқу жылының ұзақтығы, демалыс күндерінің саны және жазғы демалыс ұзақтығы сол күйінде өзгеріссіз қалады.
Ал енді біреулері Франция тәжірибесі бойынша демалыс уақыты әрбір мемлекеттің өз ішінде аймаққа байланысты өзгеріп отыруы тиіс, бірақ, нақты бір өңір көлемінде бірдей болуы қажет дегенді айтады.
Үшінші біреулері бес күндік оқу аптасын енгізу және жазғы демалысты қысқарту арқылы күзгі, қысқы және көктемгі демалысты ұзартуды ұсынады. Міне, мұндай әртүрлі ұсыныстар көп-ақ.
Әлбетте, мұндай күрделі сұрақтар тезге салып шешілмейді. Ол үшін ең алдымен дүниежүзілік тәжірибені терең зерттегеніміз абзал, ұсынылған жобалардың барлық күнгейлі және көлеңкелі жақтарын анықтап, ескергеніміз дұрыс. Оның үстіне, міндетті түрде қоғамдық пікірмен де санасуымыз қажет. Сол себепті бүгінгі таңда менің бұйрығыммен құрамында Қазақстан Республикасының Парламент депутаттары, осы салаға қатысы бар мемлекеттік органдар қызметкерлері, білім басқармаларының басшылары, педагогтар, ата-аналар және Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс бір күндік, мүмкін тіпті бір жылдық та емес шығар. Өйткені, бұл сұрақ жалпымемлекеттік болғандықтан да, жұмыс тобының ұсынысы Үкіметтің, басқа да басқару органдары өкілдерінің қатысуымен тыңғылықты талқыланатын болады. Содан кейін ғана қоғамдық пікірді ескере отырып, қабылданған шешім туралы бір нәрсе айтуға болады.
Басты мақсатымыз – оқу тиімділігін қамтамасыз етіп қана қою емес, сондай-ақ, бала денсаулығын жақсарту. Мұны біз үнемі назарда ұстаймыз.


ҚР БҒМ баспасөз қызметі

 «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің кезекті отырысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жұмысы талқыланып, соңғы екі жылдың ішінде осы ведомство аясында болған жемқорлық әрекеттер сынға алынды.
Ресми мәліметке сәйкес, 2010-2011 жылдары Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне аймақтық органдарының 22 қызметкері сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін тәртіптік жазаға тартылды. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің жұмысын тексеру барысында рұқсат құжаттарын беруді көздейтін экологиялық заңнаманы қатаң бұзу оқиғалары: жанар-жағармай стансаларын орналастыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау және тағы басқа экологиялық маңызы бар қызмет түрлері бойынша сан алуан заң бұзушылықтар анықталды. Ал ҚР Республикалық бюджетті атқаруды бақылау жөніндегі Есеп комитетінің ақпараты бойынша Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің қызметін тексеру барысында 2009-2010 жылдары аралығында жалпы сомасы 7,5 млрд. теңгені құраған бюджет және басқа да заңнаманы бұзу әрекеттері әшкереленді. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар кезінде 27,4 млн. теңгеге бағаланған тәртіп бұзушылықтар анықталды. Осыған орай, Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңес осы мәселелерге баса назар аударуды талап етті.
«Шынымен де, министрліктің аппаратында, әсіресе, ішкі бақылау жұмысы бойынша кемшіліктер бар. Бізге қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде заң бұзушылықтардың болғанын мойындаймын. Мен барымды салып, біздің ведомствомызда жемқорлық сияқты проблеманы шешуге тырысамын», - деді Н.Қаппаров. Осы орайда министр бүгінде кадрлық жұмыстың басталғандығын атап өтіп, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің құрылымы толығымен өзгертілетіндігін жеткізді.

ҚазАқпарат

 ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел отырысы барысында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы талқыға салынды.
Аталған заң жобасын әзірлеу техникалық реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің 2009 жылғы 11 желтоқсанындағы № 27-нші шешімімен қабылданған халықаралық шарттарға сәйкес келтіру қажеттілігіне негізделген.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, заң жобасы аясында техникалық регламенттердің, стандарттар мен нормативті-техникалық құжаттардың бірегей қорын құру көзделеді.
«Бұндағы мақсат кәсіпкерлік субъектілеріне толық ақпараттар ұсыну болып табылады. Бүгінгі күні қолданыста көптеген құжаттар, салалық мемлекеттік органдар әзірлеген басқа да техникалық құжаттар баршылық. Соның салдарынан біздің кәсіпкерлер нақты ақпарат алуда көптеген қиындықтарға ұшырап отыр», - дейді Қ. Төлеушин.
Вице-министрдің айтуынша, осындай кедергілерді болдырмау мақсатында заңнама жүзінде бірқатар жаңалықтар қарастырылуда. Атап айтқанда, сауданы оңтайландыру, кәсіпорындарға қаржылық ауыртпашылықты төмендету шаралары көзделіп, өнімдерге қатысты ілеспе құжаттар санын азайту жоспарлануда. Бұдан бөлек, стандарттарды әзірлеу жұмыстарын ғылыми-зерттеу қызметіне жатқызу жөнінде мәселе көтеріліп отыр. Өйткені, ғылыми-зерттеу саласында бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мамандардың пайымынша, аталған шара кәсіпкерлердің өз бетінше стандарттар әзірлеуіне және жалпы бизнестің жұмысын белсендіруге ынталандыратын болады.

ҚазАқпарат

Мұрағат

Сәуір
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту