Астанада «Kazakh Invest» ҰК-да нидерландық Farm Frites компаниясының басшылығы Саймон Куист пен Йос дэн Боэрдің ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен, инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкеновпен және «Аграрлық несие корпорациясы» өкілдерімен Алматы облысында картоп өңдеу зауытын ашу мәселесі бойынша бірқатар кездесуі ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының өңдеу секторына он трансұлттық компанияны тарту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Kazakh Invest Farm Frites компаниясының «Картоп өңдеу зауытын салу» инвестициялық жобасын сүйемелдейді.

Өткен жылы Farm Frites картоп сұрыпын сынау жұмыстарын жүргізді және жобаны іске асыру аймағы ретінде Алматы облысы анықталды. Қазіргі таңда Kazakh Invest жер телімін алуға және басқа да консалтингтік қызметтерді беру арқылы көмек көрсетіп жатыр.

Осылайша, жылына 70 мың тонна элиталық картоптың 11 сұрыпын өсіруге арналған орталық салу көзделген. Зауыт құрылысы 2019 жылдың сәуір айына жоспарланған. Жобаның жалпы құны — $165 млн.

Аталған мәселелер «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевпен және инвестициялық жобаның қазақстандық серіктесі ретінде қызмет көрсететін «Eurasia Gold» ЖШС-мен өткен кездесу барысында талқыланған.

Farm Frites компаниясы 1971 жылы Нидерландыда тоңазытылған және салқындатылған картоп өнімдерін шығаратын отбасылық кәсіпорын ретінде құрылған. Трансұлттық компанияда әлемнің 40 елінде сату офистері және 1500 қызметкері бар 6 зауыты қызмет көрсетеді. Картопты өңдеу жылына 1,3 млн тоннаны құрайды. Компанияның зауыттары мен сату офистері әлемнің 80 еліне өнімдерді экспорттауға мүмкіндік береді. Марка Еуропадағы үш ірі еуропалық өндірушілердің бірі.

Анықтама: Kazakh Invest Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 2018–2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегияны әзірледі. Жұмыс үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: инвестициялық ахуалды жақсарту; тиімді операциялық шараларды іске асыру және инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін әзірлеу; жекешелендіру және МЖӘ.

Ұлттық стратегияда шетелдік инвестицияларды (АӨК, машина жасау, химия және мұнай химиясы, инфрақұрылым, тау-кен және металлургия кешені, сауда) тартудың басымдықты салалары және үлесіне инвестициялардың 80%-не дейін келетін 11 басымдықты ел (АҚШ, РФ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, ҚХР, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, БАӘ) анықталған.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша кеңес өткізді.

Кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев экономиканы цифрландырудағы халықаралық тәжірибені қолдану туралы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетуде цифрлық шешімдерді пайдалану жөнінде баяндады.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметі жанындағы жобалық басқару аясындағы жұмыстардың ағымдағы жағдайы бойынша кеңес өткізді.

Кеңес барысында инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Атамқұлов жобалық басқарудың мақсатты индикаторларына қол жеткізудің биылғы жылға арналған жоспарлары мен жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы мәлімдеді. Цифрландыру және АКТ дамыту мәселелері, Индустрия 4.0 элементтерін енгізуден тұратын экономика салаларын технологиялық қайта жарақтандыру, базалық индустрияландыру, сондай-ақ, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі мәселелері қаралды.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру процесін заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында ҚР Ұлттық банкінің, ұлттық экономика, инвестициялар және даму, энергетика, білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша ұсыныстары талқыланды.

www.primeminister.kz

28–29 наурызда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев бастаған қазақстандық делегация Эстония Республикасына барып қайтты.

Сапар барысында делегация бірқатар кездесулер өткізіп, цифрлық шешімдер қолданылатын нысандармен танысты.  

Сонымен қатар делегация Эстония Республикасының Премьер-Министрі Юри Ратаспен, ЭР экономика және коммуникациялар министрі Кадри Симсонмен кездесті. Тараптар цифрландыру жобаларын жүзеге асыру бойынша екіжақты ынтымақтастық келешегін талқылады.

ЭР ішкі істер министрі Андрес Анвельтпен болған кездесу барысында эстониялық тарап электрондық резиденцияның ерекшеліктерімен таныстырып, жол полициясының цифрлық шешімдері мен халық тіркелімінің артықшылықтары туралы айтты.  

Эстония елінің өкілдері электронды виза және ID карталарды енгізу тәжірибесімен бөлісті. Бүгінде эстониялықтардың 98% цифрлық қызметтерді пайдалануға арналған ID-карталардың иесі. Республиканың 30 мыңнан астам е-резиденті Эстонияның электрондық қызметтерін қолданады. Олар өз компанияларын басқаруға, келісімшарттарға қол қойып, қаржы қызметтерін пайдалануға мүмкіндік алып отыр.

Қазақстандық тарап Эстонияның X-Road жобасын жүзеге асыру тәжірибесіне қызығушылық білдірді. Ол елдегі электронды қызметтерді қолдауға арнаған мемлекеттік және жеке сектор арасындағы өзара байланысу, тәжірибе алмасу жүйесі. Эстонияның электрондық салық салу жүйесі барлығын автоматты түрде есептеп, салық декларациясын жылдам өткізуге мүмкіндік береді.

Қазақстандық делегация мамандарды дайындау және қайта дайындау үлгілерімен танылған Таллиндегі АТ-колледжді де аралады. Эстония елі цифрлық өндіріс жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің білімін жетілдіру үрдісіне ерекше мән беретіні белгілі. Сонымен қатар делегация Эстонияның денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру тәжірибесімен және цифрлық технологияларды енгізуден кейінгі медицинаның тиімділігін арттыру тәсілдерімен танысты.  

Іссапар бағдарламасы аясында қазақстандық делегация электрондық үкімет жобаларымен танысып, Эстония Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдерімен, АТ бизнес капитандарымен кездесулер өткізді.

www.primeminister.kz

Қазақстанда күдіктіні ұстау жағдайы жақсартылады.  Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыпов айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі күні кезекшілік бөлімдерде күдікті 3 сағатқа дейін қамалатын уақытша ұстау бөлмелері бар. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен енгізілген түзетулерге сәйкес біз аталған бөлмелерге арнайы орын мәртебесін береміз. Онда уақытша ұстау оқшаулағышында  төсек жабындыларымен, басқа да санитарлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілетін болады», - деді ол Ішкі істер министрлігіндегі түрмедегі азаптаулардың алдын алу бойынша елімізде қабылданған шаралардың төртінші кезеңдік баяндамасын талқылауға арналған жиын аясында.

Соның арқасында ішкі істер органдарына тіпті үш сағатқа ұсталған тұлғалар барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілмек.

«Біз бүгін барлық құқық қорғаушы ұйымдарды тыңдап, олардың тарапынан айтылатын конструктивті сындарды естуге дайынбыз»,- деп атап өтті Рашид Жақыпов.

ҚазАқпарат

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында «Байқоңыр» ғарыш айлағының мысалы негізінде еліміздің ғарыш саласының дамуымен, сондай-ақ Байқоңыр қаласын одан әрі көркейту жоспарымен танысты.

Бақытжан Сағынтаевқа нысанды аралау кезінде ғарыш саласын дамытудың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлар, сонымен қатар «Байқоңыр» кешеніндегі ынтымақтастық туралы тұжырымдаманы іске асыру барысы, оның ішінде инвестицияларды тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі М. Нұрғожин және «Росғарыш» мемлекеттік корпорациясының бас директорының орынбасары А. Мазурин «Байқоңыр» ғарыш айлағын одан әрі дамыту жоспарымен таныстырды.

Өз кезегінде, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С. Қожаниязов пен қала әкімшілігінің басшысы К. Бусыгин Байқоңырды ұзақмерзімді дамытудың бірлескен бағдарламасын орындау туралы айтып берді. Қазіргі таңда қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету және тұрғын үй құрылысы жұмыстары басталған, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін реконструкциялау және жаңғыртудың дайындық жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Еске сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмасы бойынша кеше жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына барды. Сапардың мақсаты — Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасы аясында берген тапсырмаларының жүзеге асырылу барысымен танысу. Бүгін Премьер-Министрдің Қызылорда облысына жұмыс сапары аяқталды.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Арал өңірінің жұртшылығы мен активімен Солтүстік Аралды дамыту мәселелері жөнінде кездесу өткізді.

Кездесу барысында Солтүстік Арал жобаларын іске асыру, ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде суармалы жерлерді жақсарту мәселелері талқыланды.

Бүгінде аудан экономикасын дамыту бойынша шаралар кешені іске асырылуда. Арал ауданының бюджеті жеті есеге ұлғайтылды, соның арқасында жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар ашылды. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Аралды құтқарудың халықаралық қорына 25 жыл толды. Бұл шешім Арал маңы тұрғындары үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл ел үшін маңызды оқиға болды — Аралдың қазақстандық секторы қайта қалпына келді.

Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев Солтүстік Арал жобалары туралы толығырақ баяндап берді. Әкімнің айтуынша, Аралды қайта қалпына келтіруге байланысты аймақ экономикасының жақсаруының арқасында Каспий, Балқаш және Қапшағайға кеткен балықшылар өңірге қайта оралған.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы И. Әбішев суармалы жерлерді жақсарту туралы баяндама жасады.

Бұдан өзге, мәселені талқылау барысында еңбек ардагері, Қазақ КСР балық шаруашылығының бұрынғы министрі Қ. Саржанов пікір білдірді.

www.primeminister.kz

Бүгін Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Арал ауданында «Аралтұз» цехтары мен Арал қаласындағы балық өңдеу зауытының мысалдары негізінде балық және азық-түлік өнеркәсібінің даму қарқынымен танысты.

Арал маңында балық өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Қызылорда облысында 22 балық өңдеу кәсіпорны бар, оның ішінде Еуропалық Одаққа — 4, Қытайға — 3, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне — 9-ы өнім экспорттайды.

Анықтама: ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтеріне сәйкес өткен жылы балық және балық өнімдерін экспорттау көлемі $56,5 млн құрады, басқаша айтқанда, қазақстандық балықтың ⅔ экспортқа жіберіледі. Сонымен бірге, Қызылорда облысының экспортқа қосқан үлесі $12 млн асты (3500 т).

Бақытжан Сағынтаев қуаттылығы жылына 6 000 тонна болатын «Арал балық өңдеу зауытының» өндірісімен танысты. Дайын өнім Ресей, Қытай, Польша, Голландия, Германия, Дания, Грузия, Әзербайжан және Өзбекстан нарықтарына экспортталады.

Күннің екінші жартысында Бақытжан Сағынтаев «Аралтұз» АҚ зауытының мысалында өңірде ИИДМБ жобаларын жүзеге асыру барысымен танысты.

Жақсықылыш ауылында йодталған тұз шығаратын жалғыз зауыт және ел аумағындағы ең ірі тұз өндіру және өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.

Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Аралтұз» компаниясы ас және техникалық тұзды өндіру бойынша екі испан цехын іске қосты. Бірінші цех еуропалық технология бойынша жұмыс істейді және йод қоспалары бар ас тұзының тоғыз түрін шығарады. 2016 жылы техникалық тұз өндірісін кеңейту мақсатында екінші испан желісі — полимерлік цех сатып алынды. Зауытты қайта құру еңбек өнімділігін екі есеге арттыруға және жұмыс орындарымен 1200-ден астам адамды қамтамасыз етуге, жұмысшылардың жалақысын 60%-ке арттыруға мүмкіндік берді. Өндіріс және өткізу көлемі үш есеге жуық өсті, ал экспорттық өнім үлесі 65%-ке жетті.

Анықтама: 2017 жылы «Аралтұз» АҚ 3,5 млрд теңгеге 332 600 т өнім өндірді. Өткен жылы экспорт көлемі 212 600 тоннаны құрады. Биылғы жылдың қаңтар–ақпан айларында өндіріс көлемі 58 200 тоннаны (637 млн тг), экспорт 44 400 т (981,2 млн тг) құрады.

Сондай-ақ, аралау барысында «Аралтұз» директорлар кеңесінің төрағасы Д. Мұқашев кальций қосылған сода өндіру бойынша жобаны іске асыру басталғаны туралы айтты.

www.primeminister.kz

Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Қараөзек» компрессорлық станциясына барды, онда Премьер-Министр Президенттің бесінші әлеуметтік бастамасы – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» шеңберінде «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылыс жоспарымен танысты.

Қараөзек станциясы Қазақстан кен орындарының батыс топтарынан (Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол және Өріктау газы) табиғи газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін Бейнеу-Бозой-Шымкент газ магистралды жүйесінде жұмыс істеуге бағытталған. Зауыттың өнімділігі жылына 10 миллиард текше метрді құрайды, бұл көрсеткішті болашақта жылына 15 миллиард текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Биылғы шілде айында «Қараөзек» компрессорлық станциясынан «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағытында 2,7 миллион адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы басталады.

Анықтама үшін: Бірінші кезеңде ұзындығы 1081 шақырым «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана» бағыты бойынша магистральдық газ құбырының құрылысы жоспарланған. Екінші кезеңде ұзындығы 276 шақырым болатын «Астана – Көкшетау» газ құбыры тартылады. Үшінші кезеңде - 177 шақырым болатын «Көкшетау – Петропавл» учаскесі және соңғы төртінші кезеңде аталған газ құбырынан газ тұтынудың болжамды ұлғаюын есепке ала отырып, магистралды газ құбырының өткізгіштік қуатын жылына 3 млрд текше метрге дейін жеткізу үшін «Жезқазған» және «Теміртау» компрессорлық станцияларын тұрғызу жоспарланған. Магистралды газ құбырын толтыру және тұтынушыларды газ жеткізумен қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана әкімдіктері 2019 жылдың шілдесіне дейін газ құбырының аяқталуын синхрондау арқылы газ тарату желілерін жобалайды.

Сондай-ақ бұл жоба магистралды газ құбыры бойындағы инфрақұрылымды белсенді дамытуға, табиғи газды пайдалануға қатысты жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сапар барысында «Қызылорда-Жезқазған» автожолын дамыту перспективалары да қаралды.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Сәуір
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту