Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев компанияның президенті Саймон Мюррей бастаған Lapwing Advisers Ltd өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында елімізге инвестициялар тарту және қолайлы инвестициялық ахуал құру саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ, компанияның Қазақстанда жүргізіліп жатқан жекешелендіру үдерісіне қатысуы туралы мәселелер талқыланды.

Lapwing Advisers Ltd — қаржы тартуға, активтерді сату немесе сатып алуға, компанияларды қайта құрылымдау бойынша кеңес беруге мамандандырылған.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев барлау және өндіру бөлімшесінің директоры Энди Браун бастаған «Роял Датч Шелл» концерні өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстандағы «Шелл» компаниясы қызметінің кейбір мәселелері, соның ішінде Қарашығанақ және Солтүстік Каспий кен орындарын игеру жөніндегі жобаларды іске асыру аясындағы мәселелері талқыланды.

Қазақстанда «Шелл» ағылшын-голландтық энергетика концерні төрт жобаға қатысады: Солтүстік Каспий бойынша өнімдерді бөлу туралы келісім, Қарашығанақ кен орнының өнімдерін бөлу туралы түпкілікті келісім, «Жемчужина» лицензиялық учаскесін дамыту бойынша өнімдерді бөлу туралы келісім және Каспий құбыр консорциумы.

Компания түрлі бизнес-сегменттерде, соның ішінде геологиялық барлау, мұнай мен газ өндіру, көмірсутектерді тасымалдау мен мұнай өнімдерін өткізу саласында қызмет атқарады.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өспеуі үшін жасалып жатқан шаралар баяндалды.

Еліміздегі қалыптасқан жағдай туралы Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев пен ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р. Дәленов және ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев айтып берді.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, биылғы жылдың басынан бері инфляция деңгейі 5-7% аралығында сақталып отыр. Қыркүйек айында инфляция 0,4%-ды құраса, жыл басынан бері 3,3% болды. Жылдық инфляция 6,1%-дық көрсеткішті көрсетті.

«Өңірлер тұрғысынан алғанда бірқатар өңірлерде баға орташа республикалық деңгейден асып түскен. Бұл жағдай Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстары мен Астана, Шымкент, Алматы қалаларында байқалады. Артық көрсеткіш 0,1–0,8 аралығында болып отыр», — деді Р. Дәленов.

Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне (ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр және тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сүзбе) 19 азық-түлік өнімі кіреді. Биылғы жылдың 9 айында осы тауарлардың бағасы 0,7%-ға өскен.

«Бағаларды талдау кезінде Астана, Қарағанды, Орал және Өскемен қалаларында 4 тауар бойынша, Павлодар және Шымкент қалаларында 3 тауар, Ақтау, Атырау, Қостанай, Петропавл, Тараз, Ақтөбе, Қызылорда және Талдықорған қалаларында 2 тауар, ал Көкшетауда 1 өнім бойынша шектеулі бағалардың 15%-ға дейін асқаны анықталды. Шектеулі баға деңгейін асырмаған – тек Алматы қаласы», — деді Р. Дәленов.

Осылайша, ұлттық экономика бірінші вице-министрінің айтуынша, мұндай жағдайларда сауда қызметі саласындағы заңнама бірқатар шараларды қарастырады. Бұл — тұрақтандыру қорларының резервтерін пайдалану және шектік бағаны белгілеудегі сауда субъектілерімен өзара әрекеттесу.

«Жергілікті атқарушы органдар әкімдіктерде құрылған Комиссиялардың жұмысын жандандыруға, сондай-ақ бағалардың одан әрі өсуіне жол бермеу мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палатасымен үйлестіру жұмыстарын күшейтуі керек», — деді Р. Дәленов.

Бұдан басқа, министрліктің деректері бойынша, қалған 3 айда белгіленген 5-7% аралығында инфляция деңгейін ұстап тұру үшін инфляцияның орташа айлық өсімі 1,2% -дан аспауы тиіс. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды іске асырып, бағаны бақылауды жалғастыруы керек.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев осы жылдың 9 айында инфляция белгіленген деліз деңгейінде сақталғанын атап өтті.

«Жыл басынан бері өсім 3,3% құрайды. Қыркүйекте жылдық инфляция 6,1% құрады. Биыл Ұлттық банк тарапынан қосымша шараларды қабылдамай-ақ инфляция 5%-дан 7%-ға дейінгі мақсатты дәлізде сақталады деп болжап отырмыз», — деді ол.

Өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметі мен нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады.

«Жалпы алғанда жылдың басынан бері республика бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының аздап өскені байқалады. Сонымен бірге, кейбір тауарлар түрлері бойынша бағалардың төмендеуі байқалады. Олар қарақұмық жармасы – 27,2%, картоп – 22,3% және пияз –16%-ға төмендеген», — деді А. Евниев.

Өңірлер тұрғысынан жалпы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының ең жоғары өсуі Түркістан – 4,7%, Шымкент – 4,5%, Жезқазған – 3,7% қалаларында байқалды. Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Семей қалаларында 1%-ға дейін бағалардың төмендеуі байқалады.

А. Евниевтің айтуынша, көкөніс өнімдерінің бағалары ауытқуының негізгі себебі өндірістің маусымдылығы болып табылады. Онымен қоса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалардың біртіндеп өсуі ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты. Одан бөлек, азық-түлік тауарларына бағалардың өсуіне өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызмет көрсетулерге бағалардың өсуі әсер етеді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында нақты шаралар қабылдап жатыр. Өңірлерде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жүргізіледі. 2018 жылдың 20 қыркүйегіндегі жағдай бойынша тұрақтандыру қорларындағы тауарлық интервенциялар жүргізуге арналған қор 4,5 мың тоннаны, алмастыруға берілгендер және жауапты сақтауға берілгендер – 3,8 мың тоннаны құрады. Қолда бар 4,5 мың тоннаның – 2,16 мың тоннасы қант, 0,71 мың тоннасы – күнбағыс майы, 0,67 мың тоннасы – ұн, 0,577 мың тоннасы – қарақұмық жармасы және 0,354 мың тоннасы – макарон өнімдері», — деді А. Евниев.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, ӘКК есеп-шоттарында 5,1 млрд теңге қаражат бар. Қантқа қатысты орын алған жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі қолда бар қаражаттарды өңірлерге 10 мың тоннаға дейін қант сатып алуға жұмсауды ұсынды.

«Министрлік қант бағасын тұрақтандырудың жүйелік шарасы ретінде отандық қант өндірісін дамыту бойынша салалық бағдарлама әзірлеп жатыр, онда егістік алаңдарын кеңейту, тұқым шаруашылығын дамыту және қант қызылшасының өнімділігін көбейту, қант қызылшасын өңдеуге арналған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жәрдемдесу, сондай-ақ, отандық қызылша шикізатынан қант өндіру зауыттарын салуды ынталандыру секілді шаралар қарастырылады», — деді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Сондай-ақ, отырыс барысында өңірлердегі қазіргі жағдай мен бағалардың өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов және Астана қ. әкімі Б. Сұлтанов баяндады.

Әлеуметтік мәні бары азық-түлік өнімдеріне шекті және шекті жол берілетін бөлшек бағаны бекіту функциясы жергілікті жерлерге берілген. Бұл маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру және орын алуы мүмкін алыпсатарлықты болдырмау бойынша шұғыл шараларды қабылдау үшін жасалған.

Баяндамашыларды тыңдаған соң Премьер-Министр кейбір өңірлердегі азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне назар аударды, олар орташа республикалық көрсеткіштен жоғары.

Жұмыс әлеуметтік мәні бар тауарлардың бағасын тұрақтандырумен ғана шектелмейді. Бұл сонымен қатар білім беру қызметі мен медициналық қызметтердің бағасына да қатысты.

Мәселені қарастыру қорытындысын шығара отырып, Бақытжан Сағынтаев халық үшін әлеуметтік мәні бар азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуі аса қиын тиетінін айтты. Азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне жол бермеу жауапкершілігі, бірінші кезекте, жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.

«Жергілікті атқарушы органдар баға нарығын реттеу мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорларының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы тиіс. Яғни, сатып алуларды уақытылы жүргізіп, тауарларды жаңартуы, негізгі азық-түлік өнімдері басуы тиіс. Аталған жұмыстардың барлығы әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуы керек. Мониторингті күшейтіп, қажет болған жағдайда барлық ресурстарды жылдам іске қосуды тапсырамын», — деді Б. Сағынтаев.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу мәселелері туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың экология ластануын қысқарту мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытылы кәдеге жарату жөніндегі шараларды қабылдау туралы тапсырмасын орындау үшін Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарту арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды заманауи кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша Шаралар кешенінің жобасын әзірледі.

Қ. Бозымбаев «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай – 40%-ға, 2050 жылға қарай – 50%-ға дейін жеткізу қарастырылғанын айтты.

Жыл сайын елімізде 5-6 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі. 2018 жылғы сегіз айында –шамамен 3,2 млн тонна, оның 330 мың тоннасы, немесе 10,5% қайта өңделді және кәдеге жаратылды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 9%, ал 2016 жылы – 2,6% құрады.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру үшін қалдықтарды бөлек жинауды ендіру, жеке инвестициялар тарту, соның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нормативтік құқықтық база құрылды және жетілдіріліп жатыр.

Экологиялық кодекске қалдықтармен жұмыс жасау бойынша түзетулер енгізілді, сондай-ақ, өндірушілер мен импортшылардың кеңейтілген міндеттемелері енгізілген. 2016 жылдан бастап полигондарда құрамында сынап бар шамдарды және құрылғыларды, металл сынықтарын, пайдаланылған майларды және сұйықтықтарды, батареяларды, электронды қалдықтарды көмуге тыйым салынды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап пластмассаны, макулатураны, картонды және қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді.

Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі күні елімізде қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін, өнімдердің 20-дан астам түрін шығаратын 130-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Әртүрлі қуаттылықпен осындай сұрыптау кешендері тағы 18 елді мекенде бар.

Осы жылдан бастап Астана қаласының әкімдігі «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің Операторы» ЖШС-мен тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды, органикалық (азық-түлік) қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жаратуды ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылған жағдайда, бұл тәжірибе өзге өңірлерге таратылады.

2017 жылдан бастап Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері аясында пластик, полиэтилен, картон, қағаз, шыны, металл секілді қалдықтарды жинау және қайта өңдеуді қаржыландыру жүргізіледі.

«2018 жылы Министрлік ӨКМ Операторына 3,2 млрд тг мақұлдады, оның 30-40% – тиісті инфрақұрылымды дамытуға: контейнерлер, қайталама шикізатты қабылдау пункттерін, қоқыс шығару машиналарын сатып алу және орнату, қалған 60-70% – қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеуге бағытталды. Аталған қаржылық мүмкіндікті барлық өңірлер пайдаланып жатқан жоқ. Сондықтан, әкімдіктер ӨКМ Операторымен өзара әрекетті күшейтуі қажет», — деді Қ. Бозымбаев.

Министр тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау үшін контейнерлер мен қайталама шикізатты қабылдау пункттерін орнату барысында жер учаскелерін рәсімдеу бойынша проблемаларды шешуде әкімдіктер бизнеске көмек көрсету керектігін айтты.

Сондай-ақ, отырыс барысында Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Алматы облысының әкімі А. Баталов баяндама жасады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Б. Сағынтаев Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және өңдеу технологияларын қолдану жұмысын күшейтуді, сонымен қатар халыққа түсіндіру жұмыстарын да ұйымдастыруды тапсырды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне аталған мәселеде Энергетика министрлігіне көмек көрсету тапсырылды.

www.primeminister.kz

Денсаулық сақтауды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын өзектендіру аясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен облыс әкімдерінің баяндамаларын тыңдаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Баяндалған ақпаратқа сәйкес, көптеген көрсеткіштер бойынша (сәбилер өлім-жітімінің, қантамыр жүйелері,обыр мен туберкулез ауруларынан өлім-жітімнің азаюы) денсаулық сақтау сапасының артуы байқалып отыр. Дегенмен, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдерінің бағдарламаның бекітілген көрсеткіштерін уақытылы орындауына назар аудартты.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдердің ұсыныстарын қарастырып, мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыстарды одан әрі белсендіру үшін қосымша тетіктерді пысықтау тапсырылды.

Сонымен қатар министрлікке дәрі-дәрмектермен, медициналық бұйымдармен, кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыстарды жүйелеу, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жай-күйі мен заманауи медициналық жабдықтармен жарақтау мәселелерін шешу тапсырылды.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, медициналық техникамен жабдықтау бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін белсене пайдалану қажет.

Денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесіп емханалар мен ауруханаларды әсіресе, шағын маманданған дәрігерлік кадрлармен жинақтау мен оқыту, олардың біліктілігін арттыру, оларды әлеуметтік қолдаумен қамту бойынша іс-шаралар қабылдау тапсырылды.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында денсаулық сақтаудың қазіргі мәселелері мен медициналық көмек көрсету сапасын арттыру туралы баяндады.

«Қоғам көтеріп отырған денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын толықтыру үшін ұсынылған өзгерту жобасында көрініс тапты. Бұл өзгертулерді біз бүгін қарап, жүзеге асыруға мақұлдануын сұрап отырмыз», — деді министр. Оның айтуынша, министрлік ресми өтінімдер мен БАҚ беттеріндегі, әлеуметтік желілерде көтерілген бар мәселелерді ескеріп, талдау жасаған. Сондай–ақ, денсаулық сақтау саласының түйіткілді мәселелері Қоғамдық кеңестің отырыстарында қаралған болатын. Үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары да ескерілді.

Сонымен, Е. Біртановтың айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мәселелері алты топқа бөлініп көрсетілді: қызмет көрсету сапасы; білікті мамандардың жетіспеуі; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық жабдықтарды жаңарту; сондай-ақ халық арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ақпарат тарату; денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы; азаматтардың денсаулығының төмен деңгейі.

Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін Мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар маңызды шараларды қабылдамақ. Мәселен, келесі жылдың аяғына дейін министрлік жалпы тәжірибе дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтып, жаңа аймақтар құрмақ. Сонымен қатар, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы алғашқы медициналық көмектің шағын нысандарын дамыту көзделіп отыр.

«2019 жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдар бір дәрігерге түстеін жүктемені 1,700 адамға дейін азайту керек», — деді Е. Біртанов.

​Отбасылық дәрігерлік практиканы одан әрі дамыту аясында диспансерлеуді өлімнің 60%-дан астам себептерін айқындайтын ауруларды басқару бағдарламаларына өзгерту жүргізіледі.

«2020 жылға қарай ауруларды басқару бағдарламаларымен (артериялық гипертензия, қант диабеті, созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі) үш ауруы бар, есепте тұрған пациенттерді қамту 11%-дан 30%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Жергілікті атқарушы органдар барлық дәрігерлер мен мейіргерлерге аталған бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай оқыту өткізуі қажет», — деп баяндады министр.

Бұдан өзге, Елжан Біртанов қағазсыз құжат айналымына толық көшу арқылы барлық емханалардың қызметін цифрландыруды жалғастыру, соның арқасында медицина персоналына түсетін шамадан тыс жүктемені төмендету қажет екенін атап өтті.

Медициналық көмектің сапасын жақсартудың тағы бір аспектісі қауіпсіз босандыруға және ана өлімін төмендетуге бағытталған. Мемлекеттік бағдарламада дәрігерлердің біліктілігін одан әрі арттыру, медициналық ұйымдарды акушер-гинекологтармен және анестезиолог-реаниматологтармен жасақтауды 95%-ға дейін жеткізу көзделген.

«Әкімдіктер барлық қажетті мамандарды жалдап, бекітуі, сондай-ақ барлық жүкті әйелдерді уақытылы есепке алуды және динамикалық бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Желі нормативіне сәйкес монобейінді ауруханалардың көпбейінді ауруханалармен, оның ішінде перзентханалар мен босандыру үйлерінің интеграциясын қамтамасыз ету қажет. Медициналық ұйымдарды медициналық жабдықпен жарақтандырудың ең төмен стандарттарына сәйкес толық жабдықтау қажет. Жергілікті атқарушы органдар жедел көмек пен ауруханалардың барлық қызметкерлерін оқытуды қамтамасыз етіп, бекітілген стандартты енгізуі қажет», — деді Е. Біртанов.

Медициналық көмектің сапасын арттыру жөніндегі шаралар шеңберінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру бойынша бастамалар көзделген: бұл Министрліктің Бірыңғай перспективалық даму жоспарын бекіту бойынша құзыретін заңнамалық бекіту (заң жобасы Мәжіліске енгізілді). Бірыңғай перспективалық даму жоспары медициналық ұйымдардың түгел желісін республикада бекітілген стандартқа сәйкес келтіруді білдіреді.

Сондай-ақ биыл 31 млрд теңге сомасында 35 объектінің құрылысы жоспарланған. 2019 жылы сомасы 55,6 млрд теңге болатын 33 объектіде құрылыс-монтаждау жұмысы жоспарланған, мұнда 60%-дан астамын қаржыландыру көзі жеке инвестициялар болады.

Кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту және медицина қызметкерлері біліктілігінің деңгейін арттыру шеңберінде 2019 жылдан бастап Мемлекеттік бағдарлама аясында медициналық ЖОО-ларға және колледждерге іріктеу үшін қосымша емтихан енгізіледі; ЖОО-лар мен колледждердің түлектерін міндетті тәуелсіз бағалау заңды түрде бекітіледі. Министрдің айтуынша, әкімдіктердің жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша жауапкершілігі күшейтіледі (32%-дан 60%-ға дейін жеткізу қажет).

«Құрметті әкімдер! Ауылдық жерлерді кадрлармен қамтамасыз ету, оларды ынталандыру, әлеуметтік қолдау – сіздердің қолдарыңызда! Аталған мәселелерді жеке бақылауға алуды сұраймын», — деді Е. Біртанов

Өзекті проблемалардың бірі азаматтардың дәрілік қамтамасыз етілуге құқықтарын сақтау болып табылады.

Мемлекеттік бағдарламада барлық тегін дәрі-дәрмек беруді дербестендірілген есепке алу көзделген. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі әзірленіп, оны іске қосу және дәрі-дәрмекті пилоттық қадағалау жүйесін енгізу жоспарлануда. 2020 жылға қарай дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі арқылы рецептілік препараттарды электрондық босатуға толық өту қамтамасыз етілетін болады.

Медициналық жабдықты жаңарту шеңберінде Ұлттық медициналық техника базасын құру, онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында бюджет қаражаты шегінде және МЖӘ механизмдері бойынша медициналық техниканың 150 бірлігін сатып алу, сондай-ақ, медициналық техниканы тиімді пайдаланудың онлайн мониторингін енгізу көзделген. «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес Қор құрылды, онда 100, 5 млрд теңге жинақталды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор ТМККК қызметтерінің бірыңғай сатып алушысы болып табылады.

Цифрландыру аясында денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында мынадай шаралар жоспарланған: бірыңғай интероперабельділік платформасын өндірістік пайдалануға беру, барлық ақпараттық жүйелердің интеграциясы; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап саладағы медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізу; жергілікті электрондық денсаулық паспорттарын ұлттық денсаулық паспорттарымен үйлестіру; ҚР ДСМ деректеріне сәйкес, бүгінгі күні 10 млн халықтың электрондық денсаулық паспорттары бар. 2020 жылға қарай халықтың 100%-ында электрондық денсаулық паспорттары болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл мамырда Қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі шаралар жоспары бекітілді. Жоспардың негізгі бағыттары — жыл сайынғы бюджеті 2,3 млрд теңге болатын салауатты өмір салтын насихаттау және 10–12 млн халықты қамту. Насихаттау шеңберінде қантты, тұзды, темекіні, алкогольді пайдалануды қысқарту секілді ережелер қамтылады. Қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі басқа шаралар 11,5 млн дейін халықты қамтитын профилактикалық қарап-тексерулерді жүргізудің тиімділігін арттыруды қамтиды.

Осылайша, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жаңа редакциясында «Өмір сүру ұзақтығының күтілетін деңгейі» және «Халықтың қанағаттану деңгейі» индикаторларын арттыру жағына қарай қайта қаралған. БҰҰ Даму бағдарламасының әдіснамасын ескере отырып, «Денсаулық индексі» индикаторы қайта қаралды. Сондай-ақ денсаулық көрсеткіштерінің 3-і алынып, 6-ы енгізілді. 24 жаңа іс-шара қосылды.

Елжан Біртанов жергілікті атқарушы органдар басшыларының бағдарламаны іске асыру мәселелері бойынша жауапкершілігін арттыру қажет екенін атап өтті. Өңірлерде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыру жөніндегі өңірлік жобалау офистерін құру қажет.

«Мемлекеттік бағдарламаның іс-шараларына деген жүйелік тәсіл бізге межеленген міндеттерді тиімді орындауға және біздің азаматтардың медициналық көмектің сапасымен қанағаттануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Е. Біртанов.

Сондай-ақ, отырыс барысында Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжановтың, Ақмола облысының әкімі М. Мырзалиннің, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаевтың, Алматы қ. әкімі Б. Байбектің, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаевтың, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақаловтың, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетовтың, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Е. Аймұқашевтың өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды.

www.primeminister.kz

ҚР Үкіметі Энергетика министрлігі, Қаржы министрлігі және өкілетті орган — «PSA» атынан, сондай-ақ Eni, Shell, Chevron, «Лукойл» және «ҚазМұнайГаз» (бұдан әрі – Консорциум) компаниялары атынан Қарашығанақ жобасының акционерлері Объективтілік индексі бойынша дауды достық жолмен реттеу жөнінде қағидаттық уағдаластыққа қол жеткізді.

Тараптар реттеудің негізгі шарттарын бекітетін Қағидаттар туралы келісімге қол қойды.

Қазақстан Республикасы мен Консорциум арасында пайда беретін өнімді бөлу мәселесінде тараптардың үлестерін калькуляциялау әдістемесі бойынша келіспеушіліктер болатын. Осыған орай Қарашығанақ жобасының Өнімін бөлу туралы түпкілікті келісімнің (бұдан әрі – ӨБТК) шарттарына сәйкес Қазақстан өз құқықтарын қорғау үшін халықаралық төрелікке талап-арыз берген еді. Дегенмен, көп жылдық ынтымақтастық тәжірибесін ескере отырып, тараптар келіссөздер барысында дауды реттеудің өзара тиімді бейбіт жолын тапты.

Осылайша, Тараптар уағдаластықтарды бекіту үшін Қағидаттар туралы келісімге қол қойды. Осы келісімде реттеудің мынадай негізгі шарттары келтірілген:

Консорциум $1,111 млрд мөлшерінде ҚР-ға ақшалай өтемақы төлейді;

ӨБТК өнімін бөлу тетігіне өзгерістер енгізіледі, бұл өз алдына Қазақстанның 2037 жылға дейін бір баррель үшін $80 бағасымен шамамен $415 млн қосымша табыс алуын қамтамасыз етеді;

Консорциум инфрақұрылымдық жоба құрылысы үшін Қазақстанға $1 млрд мөлшерінде 10 жылдық мерзімге ұзақмерзімді займ береді, немесе шамамен $200 млн сомасында займның эквивалентті құнын (ҚР займнан бас тартқан жағдайда) төлейді.

Осылайша, осы реттеудің жалпы ақшалай құндылығы Қазақстан үшін $1,7 млрд құрайды, оның ішінде шамамен $1,3 млрд-ты мемлекет жақын арада алады.

Үкімет көрсетілген ұсынысқа қосымша Консорциумның Қарашығанақ жобасының болашақ дамуы үшін маңызды инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру бойынша міндеттемелерін қабылдауы туралы келісті. Алдын ала инвестициялар көлемі $5 млрд сомасына бағаланады, бұл 2037 жылға дейін бір баррель үшін $80 бағасымен ҚР үшін табыстардың шамамен $23,5 млрд (немесе NPV10-да шамамен $6,4 млрд) өсуін көздейді.

Сонымен қатар тараптар жергілікті МӨЗ-дер үшін және Батыс Қазақстан облысында газ-химия кешенін дамыту үшін коммерциялық шарттарда көмірсутек шикізаттарын (мұнай мен газды) жеткізу мүмкіндігі туралы келісті.

«Бұл Консорциуммен жүргізілген күрделі келіссөздердің бірі болды, үш жылдай уақытқа созылды. Мұндай ұзақ мерзімнің болуы даудың күрделі мазмұны мен сипатын ғана білдірмейді, бұл біздің, біріншіден, еліміздің экономикасын алға қойғанымызды, яғни, келіссөздер шеңберінде Қазақстан үшін пайданы барынша көбейтуді көздегенімізді айқындайды. Дауды бейбіт жолымен реттеу — ҚР-ның стратегиялық серіктестермен туындайтын дауларды келісімшартта көзделген ережелерге сәйкес достық жағдайында шешетінін көрсетеді», — деді энергетика министрі Қ. Бозымбаев.

Бүгінгі таңда реттеудің негізгі қағидаттары келісілген және осы жылдың соңына дейін Дауды реттеу туралы түпкілікті келісімге қол қойып, мәмілені аяқтау жоспарланған.

«Аталған дауды реттеу біз үшін өте маңызды болғанын атап өткім келеді, себебі, бұл дау Қарашығанақ жобасын одан әрі дамытуда белгісіздік тудырды. Осыған байланысты, Консорциумның Қарашығанақ жобасының болашақ дамуы үшін маңызды инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру бойынша міндеттемелерін қабылдауы аталған уағдаластықтың маңызды элементтерінің бірі болып табылады», — деп мәлімдеді Қ. Бозымбаев.

www.primeminister.kz

Сейсенбі күні, 2 қазанда, сағат 10:00-де Үкімет үйінде ҚР Үкіметінің отырысы өтеді.

Отырыстың күн тәртібінде:

Денсаулық сақтау мен медициналық қызмет көрсету сапасын арттырудың өзекті мәселелері.

2018 жылғы 9 айдағы инфляция деңгейі және әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу шаралары.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және өңдеу мәселелері.

Тікелей таратылымды PrimeMinister.kz сайтынан, Фейсбук, «Вконтакте», Твиттер, Перископ әлеуметтік желілерінен, Ютуб ресми арнасынан, сондай-ақ Андроид пен Айфонның мобильдік қосымшаларынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің (ИАЖК) кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында шетелдік инвестицияларды тарту, экономикалық өсім мен инновациялардың қозғаушы күші ретінде бәсекеге қабілетті экономикалық ортаны қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар мен әділ режимді құру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, министрлердің осы жылдың 12 шілдесінде өткен отырыстың қорытындысы бойынша ИАЖК мүшелерінің ұсыныстарын пысықтау жөніндегі есептері қаралды. Әлеуметтік-мәдени салаға инвестициялар салу мәселелері көтерілді.

Талқылау барысында Қазақстандағы Америка сауда палатасының атқарушы директоры Д. Брэдбюри, ҚР-дағы Канада елшісі Н. Бруссо, ҚР-дағы АҚШ елшілігінің уақытша сенімді өкілі Т. Линг, ҚР-дағы Ұлыбритания елшісі М. Гиффорд, ҚР-дағы Халықаралық қаржы корпорациясының директоры К. Колберт, ЭЫДҰ бәсекелестік мәселелері жөніндегі аға сарапшысы С. Зигельски, Morgan Lewis заң фирмасының басқарушы серіктесі А. Шыңғысов сөз сөйледі.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің денсаулық сақтау жүйесі мен халыққа медициналық көмек көрсету сапасын арттырудың өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрлігінің емханалардың профилактикалық жұмыстарын жетілдіруге, инфрақұрылымды дамытуға, медицина мекемелеріне білікті мамандарды даярлауға және цифрландыруға бағытталған халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасын жақсарту жөнінде ұсынған жүйелік шаралары талқыланды. Сондай-ақ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі және жергілікті атқарушы органдардың жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен және жабдықтармен қамтамасыз етудегі рөлі қаралды.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Қазан
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту