Бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «КаzakhmysSmelting» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытында болды, онда екінші кен қыздыру пешін реконструкциялау барысымен танысты.

Тау-кен металлургия саласын дамыту — Мемлекет басшысының Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру аясында қойған басым міндеттерінің бірі.

Бақытжан Сағынтаев нысанда катодты мыс өндірісінің технологиялық үдерісін, айналмалы құю машинасы мен анодты мыс құю жұмысын тексерді. Жезқазған мыс қорыту зауыты іске қосылған кезден бері жер қойнауынан 1 млрд тоннадан астам кен өндірілді. 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында 30,7 мың тонна тазартылған мыс өндірілді.

Кәсіпорынның бас директоры Ә. Бәрменқұлов дайын өнімдер қоймасын көрсетіп, Жезқазған мыс қорыту зауытын технологиялық жаңғырту жоспарларымен таныстырды.

Жезқазған мыс қорыту зауытының қуаттылығы жаңа күкірт қышқылды цех құрылысы аяқталған соң, екі кен қыздыру балқыту пештерінің (КҚП) жұмысы есебінен ұлғайтылады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2009 жылы қолжетімді шикізат көлемінің азаюына байланысты зауыт бір КҚП жұмыс режиміне көшіп, екінші балқыту агрегатының жұмысы тоқтатылған еді. Ақтоғай және Бозшакөл кен байыту фабрикаларының жоспарлы іске қосылуы аясында құрамында мыс бар шикізат көлемінің ұлғаюына байланысты екінші КҚП іске қосу туралы шешім қабылданды.

Ә. Бәрменқұловтың айтуынша, зауыт өз қуаттылығын жартылай пайдаланып жұмыс істеу арқылы жылына 100 мың тонна мыс өндірген. Екінші пештің іске қосылуымен өнім көлемі екі есеге артады. Бұл мыс өндірісінің әлемдік нарығындағы компанияның бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтуға жол ашады. 600-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік бюджетке салынатын аударымдар жүздеген миллион теңгеге өседі.

Анықтама: «KazakhmysSmelting» зауыты — Қазақстандағы ең ірі мыс өндірушілерінің және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – әлемдегі жетекші он мыс өндірушілерінің құрамына кіреді. Зауыт 99,99% мысы бар және әлемдік талаптарға сәйкес келетін катодты мыс өндірумен айналысады. Сондай-ақ, ілеспелі өнімдер: мыстың күкірт қышқылды түзуі, мыс электролиттік шламындағы алтын мен күміс, күкірт қышқылы, қорғасын құрамды тозаң шығарылады. Қазіргі таңда кәсіпорында мың жарымнан астам адам жұмыс істейді.

www.primeminister.kz

Бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Сәтпаев қаласындағы «Ханум» макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорынды аралау барысында өңірде ШОБ дамыту қарқынымен, сондай-ақ Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысымен танысты.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Өңірде Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 65 жоба қолдауға ие болды. Бұдан өзге, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қаржылық қолдау шараларымен 33 жоба қамтылды.

Басымдықты салаларда бизнесті субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен қосымша 500 млн теңге бөлінеді. Мұндағы бизнес жүргізуге болатын әлеуетті салалар — азық-түлік өндірісі, өнеркәсіп, туризм секторы және қызмет көрсету салалары. Мақсат — тауарлар өндірісі мен қызмет көрсету көлемін екі есеге арттыру.

«Ханум» макарон өнімдерін шығаратын цехын тексеру барысында кәсіпорын басшысы М. Жағыпаров жобалық қуаттылығы — сағатына 200 кг, жылына — 3000 тонна макарон өнімдерін құрайтынын мәлімдеді. Алты айда 5,5 тонна өнім шығарылған.

Кәсіпорын өткен жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Жобаны іске асыру импортты алмастыруға, сондай-ақ Жезқазған өңірінің экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда өнімдер Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау дүкендері мен супермаркеттеріне жеткізіледі. Келешекте макаронның жаңа түрлерін шығару, кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру, сондай-ақ Қазақстанда және шетелде өткізу нарығын кеңейту көзделген.

www.primeminister.kz

Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Сәтпаев қаласына барып, онда «Нұрлы мекен» жаңа шағын ауданының құрылыс жұмыстарымен танысты.

«Нұрлы мекен» шағын ауданына Жезқазған қаласының апатты үйлерінің тұрғындары және мыс кен орындарын қайта өңдеу кезінде құлаған аудан аймағындағы көрші елді мекен адамдары көшіріледі. Олар Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012–2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жаңа пәтерлерге ие болады.

Қоныс аударушы азаматтар үшін бүгінгі таңда шағын ауданда 1760 пәтер (118 700 м ²) салынды. Магистральді жылу жүйесі жүргізілген, үйлер қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген.

Сәтпаев қаласының әкімі А. Ыдырысов 2018 жылдың маусым айының соңына дейін ауданы 12 100 м² (195 пәтер) болатын 4 үй тұрғызылатынын айтты. Бұған қоса, биыл 107 екі пәтерлі үй мен екі жатақхана құрылысын аяқтау көзделген.

Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ, нысанды аралау барысында Жезқазған өңірінің тұрғын үй құрылысы жоспарларымен және Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастама» үндеуінде берген тапсырмаларын ескере отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру жоспарымен танысты.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша өткен жылы Қарағанды облысында 374 100 м² тұрғын үй салынды, бұл 2016 жылға қарағанда 9,8% артық. 3,3 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды. 2018 жылдың І тоқсанында 113 100 м² немесе 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 131% тұрғын үй пайдалануға берілді, 1,2 мыңға жуық отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды.

www.primeminister.kz

Бүгін Елбасы тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Қарағанды облысына келді.

Жұмыс сапары барысында Сәтпаев, Жезқазған, Қарағанды қалаларының бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарын аралау жоспарланған, атап айтқанда: Елбасының тапсырмасы бойынша салынып жатқан «Нұрлы мекен» шағын ауданы, «Ханум» макарон цехы, мамандандырылған азық-түлік өнімдерін шығаратын «Bayan» ЖШС. Премьер-Министр медициналық орталық негізінде облыстың денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысымен, қайта реттеу, МЖӘ және жекелеген қызметтер секторын дамыту жағдайымен танысады.

Б. Сағынтаев «Сарыарқа» АЭА аумағында шарлы крандар мен ілмекті арматура шығаратын «Бёмер арматура» ЖШС зауытын тексеріп, пайдаланудан шыққан көлік құралдарының металл сынықтарынан шойын, болат, алюминий, түсті металл қорытпаларын шығаратын «Recycling Company» ЖШС кәсіпорнына барады.

Жезқазғанда Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша өңірдің активімен және жұртшылығымен кездесу өткізеді.

Моноқалаларды дамытудың қазіргі қарқыны мен перспективалары, технологиялық жаңғырту, инвестициялар тарту, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру нәтижелері және «Бес әлеуметтік бастаманы» орындау тетіктері, соның ішінде өңірді газдандыру және Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» газ құбырын салу мәселелері қаралады.

Қарағанды политехникалық колледжін аралау қорытындысы бойынша облыстың студент жастарымен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру, оның ішінде білім алудың қолжетімділігін арттыру, студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту және жаңа тұрғын үй бағдарламасы мәселелері жөнінде кездесу өткізіледі.

Облыс активімен, ірі және шағын бизнес өкілдерімен кездесу Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру мәселелеріне арналады.

Еске сала кетейік, бұл биылдыққа ел өңірлеріне төртінші жұмыс сапары. Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Атырау облыстарында болып қайтты.

Анықтама: Қарағанды облысы — Қазақстанның негізгі өнеркәсіптік аймақтарының бірі. ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі — 49,5%, ауыл шаруашылығы — 3,2%, құрылыс — 2,8%, сауда — 12%, көлік және қоймалау — 6,9%, ақпарат және байланыс — 0,6%, жылжымайтын мүлік операциялары — 5,6%, басқалары — 19,4% құрайды.

Облыстың жүйе құрушы кәсіпорындары: «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Евразиан Фудс» АҚ, «Қазорталықэлектрсым» ЖШС, «Central Asia Cement» АҚ, «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ.

www.primeminister.kz

24 сәуір күні Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Бейжіңде Қытайдың сыртқы істер министрі, Мемлекеттік кеңестің мүшесі Ван Имен екіжақты кездесулер өткізді.

Кездесу барысында екі елдің сыртқы істер министрлері Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының ауқымды мәселелерін талқылады. Әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапарына және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысуына дайындық мәселесіне аса мән берілді.

Қос тарап екі елдің азаматтарының құқығын қорғау, трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану сынды мәселелерді қарады. Жуық арада консулдық қызметтер желісі арқылы сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар өткізу туралы келісім жасалды.

Қ. Әбдірахманов Қазақстан тарапы «Нұрлы жол» мен «Бір білдеу, бір жол» бағдарламаларын тоғыстыру бағытында белсенді жұмыс жасай беретінін жеткізді. Бұл Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне тасымалданатын контейнердің көлемін арттыруға, елдің көліктік-транзиттік әлеуетін артыруға жол ашпақ.

Екі жақ алдағы уақытта Өндірістік қуатты арттыратын бағдарламаны жіті жүзеге асыру мәселесіне қызығушылық танытты. Қазіргі таңда құны 27 миллиард доллар болатын 51 бірлескен жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның 5-еуі іске қосылған (құны 158 миллион доллар). Сондай-ақ, Қытай нарығына қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу номенклатурасын кеңейту мәселесі де зор маңызға ие.

Министрлер, сондай-ақ, алдағы уақытта инвестиция, энергетика, қаржы, шекара маңы саудасы, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы қызметінің тиімділігін арттыру сынды мәселелердегі келесі қадамдарды талқылады. 

ҚазАқпарат

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Отырыс барысында нақты уақыт режимінде төлемдерді қолдауға және оның негізінде мобильді төлемдерді енгізуге ықпал ететін банкаралық есептер жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Өз сөзінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Д. Ақышев электронды коммерция, цифрлық банкинг, «ақылды қалалар» мен интеллектуалды жүйелерді дамытудың негізі саналатын онлайн төлем инфрақұрылымын дамытудың тәсілдері туралы айтып берді.

Кеңес барысында ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Б. Сұлтанов, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ. Есекеев, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы С. Сәрсенов сөз сөйледі.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев жаңа Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018–2027 жылдарға арналған бағдарламасы аясында фермерлерге жайылым жерлерді бөлу рәсімі туралы айтып берді.

Арман Евниевтің айтуынша, Бағдарлама «Жерді қайдан алуға болады?» деген сұраққа жауап береді. Елді мекендердің айналасындағы барлық жайылымдар жойылған. Дегенмен Қазақстанда көптеген жайылым жерлері бар.

«Біз бірнеше облысқа талдау жасадық, оның нәтижесі бойынша жеке шаруашылықтардың жүздеген, тіпті миллионнан астам гектар жайылымы бар екені анықталды. Алайда оларда малдың жеткілікті саны жоқ екені анық. Бұл жерді тиімсіз пайдаланумен теңестіріледі және олар қайтарып алынады», — деп түсіндірді вице-министр.

Бұған жер заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты мүмкіндік берілді.

«Жер заңнамасына өзгерістер енгізуге арнайы бастама білдірдік. ҚР Парламенті қабылдаған Жер кодексіне енгізілген түзетулер жайылымдарды қайтарып алып, оларды тиімді пайдаланатындарға беру тетігін орындауға мүмкіндік береді», — деді Арман Евниев.

Бағдарламаны іске асырудың бір шарасы— фермерлерге 76 млн га жайылым жерді басымдықпен бөлу. Арман Евниевтің айтуынша, жайылымдар осы бағдарламаға қатысуға өтініш бергендердің арасында ғана, конкурстан тыс бөлінеді.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі жер телімдерін бөлу рәсімдерін электронды форматқа көшіру жөніндегі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Біз цифрландыру, автоматтандыру заманында өмір сүріп жатырмыз, келешекте конкурстар да электронды форматқа көшірілуі ықтимал. Яғни, үйден шықпай-ақ, электронды жүйе арқылы өтінім беріп, конкурстарға қатысып, нәтижелерді сол жерден көруге болады. Бұл да жер телімдерін беру рәсімдерін жеңілдетеді», — деді А. Евниев.

«Қазақстанның ет одағы» ЖКЗТО бас директоры Мақсұт Бақтыбаев ірі жер пайдаланушыларға жүргізілген талдау цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүргізілгенін айтты.

«Талдау жұмыстарын офисте отырып жүргіздік. Яғни, бүкіл жер кадастрының базасы бүгінде орталық сервердегі компьютерде сақталған. Жануарларға иелік ететіндердің барлық деректер базасы да серверде сақталады. Осы базаларды салыстыра отырып, біз жүктемені алдық. Егер ол жер кодексінің нормаларына сәйкес келмесе, ұйғарым автоматты түрде жазылады», — деп түсіндірді М. Бақтыбаев.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету мәселелері қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, жарақтандырудың ең төменгі нормативтеріне сәйкес медициналық техникамен жарақтандырудың орташа пайызы 65,2% құрайды. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық техниканың тозуы 35% астам. Медициналық техниканы жаңартуға деген қажеттілік жыл сайын 96 млрд теңгені құрайды.

2016 жылдан бастап 2018 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 128 млрд астам теңгеге медициналық техника сатып алынды. Бұдан өзге жыл сайын жергілікті атқарушы органдар материалдық-техникалық жарақтандыруға жалпы сипаттағы трансферттер бөледі. 2017 жылы — 42,8 млрд теңге, ал 2018 жылы — 40,2 млрд тг.  

Сонымен қатар 2016–2018 жылдары МЖӘ мен лизинг тетіктерін қолдана отырып, медициналық техниканы сатып алу қарқыны ұлғайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық техниканы пайдалану тиімділігін талдау мақсатында 2017 жылғы мамыр-маусым кезеңдерінде 2012–2016 жылдар аралығында сатып алынған техникаға кезең–кезеңмен тексеріс жүргізді. Құны 5 млн астам теңге тұратын медициналық техникаға талдау жасалды. Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды», — деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша құны 50 млн астам теңге тұратын медициналық техниканы сатып алу және денсаулық сақтау объектілерін салу кезінде міндетті сараптамалық бағалау жүргізілді. Сараптамалық бағалаудың арқасында 2017 жылы үнемдеудің жалпы сомасы 3,5 млрд теңгені құрады.

Жергілікті атқарушы органдар тоқтап тұрған жабдықтар бойынша шаралар қабылдады, соның ішінде тоқтап тұрған жабдықтың 40 бірлігі жөнделіп, қайта бөлінді, 10 бірлігі есептен шығарылды.

«Қажеттілікке жүргізілген талдаудан кейін және МЖӘ мен лизинг арқылы жасалған шарттардың өсуінің оң қарқынын ескере отырып, Министрлік осы механизмдерді қолдану арқылы денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыру жөнінде шешім қабылдады», — деді Е. Біртанов.

Сонымен қатар, 2017–2018 жылдары медициналық техниканы сатып алуға Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында 5,4 млрд теңге сомасына (КТ – 6, МРТ – 5, рентген жүйесі – 1, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелеріне арналған жабдық– 1) МЖӘ шеңберінде 16 шарт жасалды. 2018 жылға жалпы сомасы 18 млрд теңгеге МЖӘ-нің 21 жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде (Пэт-орталықтар, КТ, МРТ, рентген жабдығы).

2016–2018 жылдар кезеңінде 4,9 млрд теңге сомасына 241 лизингтік жоба іске асырылды.

«Қазіргі таңда жарғылық капитал қаражаты есебінен «револьверлік тәсілмен» жалпы сомасы 12,7 млрд теңгеге 668 бірлік медициналық техника сатып алынды. Бұл тетік жабдықтарды сатып алу, оның тұрып қалуы, сервистік қызмет көрсету мәселелерін шешуге мүмкіндік берді», — деді Е. Біртанов.

Лизингтің қолданыстағы жүйесінің негізгі элементі денсаулық сақтау ұйымдарына лизингтік төлемдерді өтеу тетігі болып табылады. Бұған дейін лизинг жүйесін қаржыландырудың негізгі көзі республикалық бюджет болды.

«2018 жылы квазимемлекеттік секторды жекешелендіру аясында «ҚазМедТех» АҚ сенімгерлік басқару үшін жеке компанияға берілді. Республикалық бюджеттен лизингтік төлемдерді өтеуге қаражат түрінде лизингтің жаңа жобаларын субсидиялау тоқтатылды. Соған байланысты лизингке жабдықтарды сатып алу жергілікті бюджет пен денсаулық сақтау ұйымдарының жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады», — деді Елжан Біртанов.

Медициналық техниканы жоспарлау және сатып алу кезінде ашықтық деңгейін, сондай-ақ оны бақылау деңгейін арттыру шараларының бірі — ҚР денсаулық саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған Медициналық техниканың ұлттық базасын құру.

Ұлттық базада тапсырыс беруші ұсынған құжаттар деректерінен (Exworks бағасы) 25% шекті үстеме ақымен медициналық техниканың шекті құны қойылады, оған сатып алуды жоспарлау кезінде денсаулық сақтау ұйымдары бағдарланатын болады.  

Сондай-ақ медициналық техниканы пайдаланудың тиімділігін арттыру құралының бірі — медициналық техниканың пайдаланылу тиімділігіне Онлайн мониторинг жүргізу жүйесі.

Мониторинг жүйесінің отандық және шетелдік әзірлеушілерінің қатысуымен Астана және Алматы қалаларының екі денсаулық сақтау ұйымының базасында медициналық техниканы іске қосу арқылы пилоттық жоба іске асырылды.

Жылдың соңына дейін медициналық ұйымдарды цифрландырып, оларға қымбат тұратын медициналық жабдықтарды қосу арқылы барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында мониторинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов баяндады. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов пікір білдірді.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәселені қарау қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен және «Атамекен» ҰКП бірлесіп осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Бұдан өзге, рационалды жоспарлау және медициналық техниканы сатып алудың жөнділігі мәселелеріне назар аудару тапсырылды. Бұл жабдықтың тұрып қалу және оны тиімсіз пайдалану қаупін азайтады.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру мәселелері қаралды. «Астана-1» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жобасын іске асыру барысы туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, 01.01.2018 ж. күшіне енген жаңа Кеден кодексінің нормалары аясында жүргізіліп жатыр.

БҰҰ ЮНКТАД-пен бірлесіп «Астана-1» ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Мәселен, 2017 жылғы 1 қазаннан бастап «Кедендік транзит» кіші жүйесі іске қосылды, 200 мыңнан астам транзиттік декларация ресімделді, оның ішінде 92%-тен астамы (180 мыңнан астам транзиттік декларация) 1 минуттан аспайтын уақытта шығарылды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Экспорт» кедендік рәсімі бойынша «Кедендік декларациялау» кіші жүйесі іске қосылды.

«Биылғы 1 сәуірден бастап импорт бойынша және қалған кедендік рәсімдер бойынша «Астана-1» ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда импорт бойынша тауарларға арналған 16,3 мың декларация ресімделген, одан тауарларға арналған декларациялардың 90%-і «жасыл дәліз» арқылы автоматты режимде шығарылды», — деді Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ, қаржы министрі ақпараттық жүйені енгізу есебінен босатылған ақша қаражатын сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары тауар айналымына бағыттайтынын айтты, бұл ҚМ есебі бойынша бюджетке түсетін кеден баждары мен салықтарының қосымша түсімін 2018 жылы шамамен 12 млрд теңгеге, ал 2025 жылға қарай 20,3 млрд теңгеге қамтамасыз етеді.

Бұдан өзге, БҰҰ ЮНКТАД-пен бірлесіп іске асырылып жатқан жобалардың бірі — «Бірыңғай терезе». Рұқсат құжаттарын ұсыну, бизнес–процестерін беру тұрғысынан барлық қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп, әзірлеуші техникалық топқа жіберілді. 2018 жылдың мамыр айында «Бірыңғай терезе» порталын және оның компоненттерін пилоттық режимде іске қосу жоспарланған.

Кедендік рәсімдерді жүргізуді жылдамдатудың маңызды бағыты — физикалық инфрақұрылымды дамыту. Аталған бағытта барлық автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту жоспарланған.

«Қазақстан-Қытай шекарасында "Нұр жолы" жаңа өткізу пунктінің құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бойынша жүріп жатыр. Құрылысты аяқтау мерзімі – 2018 жылдың маусым айы. Қалған 8 автомобиль өткiзу пунктерінің реконструкциясын ҚХР-дан жеңілдетілген үкіметтік қарыз тарту есебінен жүзеге асыру көзделген», — деді Бақыт Сұлтанов.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев «Ақпараттандыру туралы» заңға сәйкес «Астана-1» ақпараттық жүйесін құру туралы техникалық міндет бекітілгенін айтты. Осы жылдың сәуір айында «Астана-1» ақпараттық жүйесі мен оны «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қорымен ықпалдастыру жүзеге асырылды.

Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Оның аясында талап етілетін құжаттар саны азайтылып, қызмет көрсету мерзімі 26 жұмыс күнінен 8 жұмыс күніне дейін қысқартылады, сондай-ақ атқарылатын жұмыс жартылай автоматтандырудан, толық автоматтандыруға көшіріледі.    

Бүгінде 63 кеден бекеті жердегі байланыс арналары арқылы, 8 өткізу бекеті — спутниктік байланыс арқылы желіге қосылған.

«Министрлік техникалық мүмкіндіктерді іздестіру арқылы «Астана-1» АЖ жұмысын қамтамасыз ету үшін кеден бекеттерін жоғары жылдамдықты байланыс арналарына қосу жұмыстарын жүргізеді», — деді Дәурен Абаев.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов «Астана-1» АЖ-ны енгізу саласындағы мәселелер мен оның бизнеске тигізер пайдасы туралы айтып берді.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Мамин мен Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиев талқыланған мәселеге қатысты пікір білдірді.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018–2027 жылдарға арналған бағдарламасының тұжырымдамасымен таныстырды.

Арман Евниевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық даму бағыттарына талдау жүргізіліп, соның нәтижесінде ауыл шаруашығы өнімдерін экспортқа бағыттау және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыттар анықталды.

«Етті ірі қара мал шаруашылығының және қой шаруашылығының әлеуетінің жоғары екенін көріп отырмыз. Елімізде етті мал шаруашылығы саласын дамытудың барлық қажетті ресурстары бар», — деді ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, бағдарламаны жүзеге асыру жаңа мал өсіруші-фермерлер класын құруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында фермерлік шаруашылықтар санының 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуіне, ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ, ІҚМ санын 7 млн-нан 15 млн басқа дейін көбейтуге, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға, экспортттан түсетін пайда көлемін $2,4 млрд дейін ұлғайтуға, бір жұмысшыға еңбек өнімділігін $1000-дан $8000-ға дейін өсіруге жол ашылады.

Арман Евниевтің айтуынша, фермерлік шаруашылықтар өндіріс моделінің негізі болады. Олар өнімді өткізу, тәжірибе алмасу және ветеринарлық қызмет көрсету мәселелері бойынша бірге жұмыс атқарады. Жер және несие беру ең жақсы фермерлерді іріктеу негізінде жүзеге асырылатын болады. Асыл тұқымды малдың генетикасын қолдана отырып мал тұқымын жақсарту осы бағдарламаның негізгі шарты. Азық өндіру, оның ішінде суармалы жерлер маңайына мал бордақылау алаңдарын шоғырландыру көзделеді.

А. Евниев типтік фермерлік шаруашылықтарды қаржыландыру механизмі туралы айта отырып, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын салу шығындары әкімдіктер арқылы берілетін, инвестициялық субсидиялар есебінен жабылатынын мәлімдеді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несиелендіру арқылы мобильді тұрғын вагон, мал қора, жылжымалы станок сатып алуға несие беріледі. Тұқымдық түрлендіру үшін асыл тұқымды бұқалар бордақылау алаңдарымен тегін негізде қамтамасыз етіледі. Сиыр сатып алу Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша берілетін несие есебінен жүзеге асырылады. Азық дайындау үшін техника лизингке немесе «КазАгро» ҰБХ арқылы қарызға ұсынылады.

Бағдарлама ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бағдарламаға Inalca Eurasia (Еуропа), Cedar Group (Австралия), компаниялары, сондай-ақ Rifa Holding және Citic Group қытай корпорациялары қатысуға дайын екенін білдірді. Қосымша Tyson Food, JBS және т.б. компаниялардан инвестициялар тарту мүмкіндігі қаралып жатыр.

ҚР АШМ етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың нақты міндеттері мен мерзімдері көрсетілген егжей-тегжейлі Жол картасын әзірледі. Жол картасын АӨК дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізу ұсынылды.

Бағдарламаның негізгі міндеті — шаруа қожалықтарын дамыту. «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов өз баяндамасында ҚазАгро құрылымы арқылы жаңа бағдарламаның жобасын іске асыру аясында фермерлік шаруашылықтарды — шағын бизнес субъектілерін қаржыландыру жоспарланғанын атап өтті.

Осылайша, фермерлер малдарды одан әрі көбейтіп өсіру үшін төлдейтін мал сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын және мал азығы өндірісіне жабдықтар сатып алуға, мал ұстайтын орындарды салуға, айналым қаражаттарын толықтыруға және бизнес жүргізуге қажетті өзге де мақсаттарға 15 жыл мерзімге пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ескере отырып, жылына 4%-ке несие ала алады. Биыл барлығы фермерлерді қаржыландыруға шамамен 50 млрд тг бағыттау жоспарланған.

Бағдарламаның тұжырымдамасы Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдардың сарапшыларының қатысуымен әзірленді, олар өз қаражаттарын тарту арқылы Бағдарламаны іске асыруға белсенді түрде атсалысатын болады.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Ато Браун өз сөзінде бұл бағдарлама Қазақстан экономиканы әртараптандыру тұрғысынан таңдаған өсу үлгісі үшін өте маңызды екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығындағы сауданы дамытудың маңыздылығы аталып өтті, себебі қазақстандық өнімдер Ресей, Қытай және Орталық Азия нарықтарында жоғары сұранысқа ие.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз кезегінде жаңа бағдарлама мал шаруашылығын дамытуға оң әсерін тигізетінін атап өтті.

«Бұл бағдарлама тек етті мал шаруашылығы мәселелерін ғана емес, сондай-ақ жайылымдарды тиімді пайдалану, суармалы жайылымдардың көлемін арттыру секілді маңызды мәселелерді де қозғайды. Бағдарлама жемшөп өндірісін дамытуға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді», — деді А. Мырзахметов.

Үкімет отырысында аграрлық сектор өкілдері жаңа бағдарламаның тұжырымдамасына түсініктеме беріп өтті. Inalca Eurasia трансұлттық корпорациясының вице-президенті Андрей Вакулин талқыланған бағдарламаның өзектілігіне және уақытылы қаралып жатқанына назар аударды.

«Қазақстан етті мал шаруашылығы саласында үлкен артықшылыққа ие: олар малмен жұмыс істей алатын адамдар, әлемдегі табиғи жайылымдардың ең үлкен алабы және тұтынудың негізгі нарықтарына жақындық», — деді А. Вакулин.

Оның айтуынша, әлемде дамыған елдерде дамыған етті мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары 50 бас малдан тұратын фермалар. Америка да, Австралия да, Канада да шағын фермерлік мүмкіндіктеріне негізделген.

«Бүгінгі талқыланып отырған бағдарлама шағын фермерліктің қаржыландыруға, заманауи технологиялық шешімдерге қолжетімділігін жеңілдететін және сату нарығымен қамтамасыз ететін заманауи етті мал шаруашылығының инфрақұрылымын құруға бағытталған. Тұжырымдама әлемдік нарықтарда өз орындарын иелену үшін ұзақ жыл еңбек еткен Австралия, Канада секілді дамыған елдердің тәжірибесін ескереді. Аталған бағдарлама адам әлеуетін және Қазақстан жерінің әлеуетін барынша пайдалануға жол ашады деп ойлаймын», — деді Андрей Вакулин.

Сонымен қатар, баяндамашы Inalca Eurasia компаниясы жобаны қуаттылығы жылына 180 мың мал соятын ет комбинатының құрылысы бойынша іске асыруды мамыр айының соңында бастауды жоспарлап отырғанын айтты.

«Осындай бірнеше кәсіпорындарды жоспарлап отырмыз және осы Бағдарламаны дамыту арқылы бізде кооперация да, ірі кәсіпорында болады деген сенімдемін», — деп қорытындылады А. Вакулин.

«Астық индустриясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Әлжан Хабиев өз кезегінде, Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018–2027 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы ет индустриясында бизнесін дамыту үшін не қажет екенін анық түсінетін инвестор тілінде жазылғанын атап өтті.

«Біз бизнес ретінде алғаш рет бағдарламаны жазу мен қалыптастыруға қатыстық. Бағдарлама бүкіл әлемде қолданылатын нақты технологияға негізделген және ең бастысы, бизнесті жүргізуді қиындататын шарттар жоқ», — деді Ә. Хабиев.

«Солтүстік Агро Н» компаниясы Қостанай облысының аумағында ет кооперациямен айналысады, ол барлық технологиялық тізбектерді қамтиды — шаруа қожалықтары, жемшөп өндірушілер, малды заманауи бордақылау, ет комбинаты және өнімдерді өткізу.

«Бағдарламада қарастырылған шаралар елімізде етті мал шаруашылығын дамытуға серпін беретініне сенімдіміз. Еліміз аграрлық экспорттық өнімдердің, әсіресе ет өндірісінің әлемдегі ірі өндірушілерінің бірі бола алады», — деді «Астық индустриясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Әлжан Хабиев.

Сондай-ақ, отырыста Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев сөз сөйледі.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері болуы керек деген міндет қойғанын еске салды.

Ауыл шаруашылығының маңызды құрамдас бөлігі — етті мал шаруашылығы. Қой шаруашылығы, жылқы өнімдерін Қытайға, ірі және ұсақ қара малды БАӘ-ге жеткізу кедергілері алынып тасталды. Жыл соңына дейін ҚХР-ға ірі қара мал өнімдерін жеткізу жұмыстары аяқталады.

«Жаңа үлкен нарықтар ашылып жатқандықтан, тиісті органдармен жоспарланған іс-шараларға қатысты барлық мәселелерді тағы бір рет талқылау қажет. АӨК дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында етті мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді шаралар қаралуы тиіс», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Үйлестіру жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ө. Шөкеевке жүктелді.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Сәуір
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту