Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар индустриялық, инновациялық және инфрақұрылымдық жобалар іске қосылған «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпірі өтті. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Индустрияландыру күні аясында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты.

«Экспо» конгресс-орталығында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы, «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің жеңімпаздары мен «Іскер» арнайы сыйлығы, «Ұлы дала елі» «қолшатыр» брендін қолдану құқығын беретін байқау , сондай-ақ «Бизнес кемелділiк» — «Деловое совершенство» халықаралық сыйлығының үздіктерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты рәсім барысында Бақытжан Сағынтаев ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша жеңімпаздары — «СемАЗ» ЖШС (Шығыс Қазақстан облысы), «ALUGAL» ЖШС (Алматы облысы), «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС (Батыс Қазақстан облысы) марапаттады. Сыйлық өнім мен көрсетілетін қызмет сапасындағы елеулі жетістіктер мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, басқарудың тиімді тектіктерін енгізудегі жоғарғы көрсеткіштер үшін беріледі.

«Алтын сапа» байқауы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» және «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» атты төрт номинация бойынша өткізіледі. Биыл байқауға 182 компания қатысты, оның ішінде 78 шағын кәсіпкерлік, 76 — орта және 28 ірі кәсіпорын бар.

Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын еліміздегі 200-ге жуық кәсіпорын «Алтын сапа» үміткері болады.

«Алтын сапа-2018» байқауының «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясының лауреаттары: «Радуга» ЖШС (Солтүстік Қазақстан облысы), «Бал Текстиль» ЖШС (Түркістан облысы), «Novacom Technology» ЖШС (Жамбыл облысы).

«Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» болып «МЫРЗА-ХАН» ЖШС (Астана қ.), «Темір жол көлігіндегі қазақстандық сертификаттау орталығы» ЖШС (Астана қ.) және «БиКаДа» ЖШС (Маңғыстау облысы) танылды.

«Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» ретінде «Рыбпром» ЖШС (Алматы облысы), «БИЖАН» ет өндеу кешені» ЖШС (Алматы қ.), «Гормолзавод» ЖШС (Ақмола облысы) марапатталды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар «Парыз» сыйлығын табыстады. «Ірі кәсіпкерлік субъектілері» санатында бірінші орынды «Ең үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» номинациясында North Caspian Operating Company N.V., «Ең үздік ұжымдық келісім» номинациясында «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Еңбекті қорғау саласындағы ең үздік кәсіпорын» номинациясында «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС, Экологияға қосқан үлесі үшін номинациясында «Интергаз Орталық Азия» АҚ иеленді.

Сонымен қатар, «Қазақстанның үздік тауары» (өндірістік, азық-түлік тауарлары және халыққа арналған тауарлар), «Ұлы дала елi» (экспортқа бағдарланған отандық өндірушілерді қолдау бойынша) байқауларының, кәсіпкерлік қызмет саласындағы арнайы «Іскер» сыйлығы және «Бизнес кемелділiк» — «Деловое совершенство» халықаралық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.

Марапаттау салтанатына сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіқалықова, Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Б. Әйтімова, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары А. Мамин, Премьер-Министрдің Орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Т. Құлыбаев, ҚР-дағы Азия даму банкінің Тұрақты өкілі Дж. Капаннелли, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б. Әбдірайым және басқалары қатысты.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының байқауды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімованың мәлімдеуінше, осы жыл «Алтын сапа» байқауына қатысушылардың саны бойынша рекордтық көрсеткішке ие: электронды форматта 182 компания өтінім жіберген, олардың 40 – финалға шығып, тек 14-і марапатқа ие болды. Жеңімпаздарды іріктеу үшін өңірлерге сапарлар ұйымдастырылып, жергілікті жерлердегі кәсіпорындар зерделенді.

«Үздіктердің үздігін іріктеу өте қиын болды, себебі барлық кәсіпорындар өз деңгейлерінің жоғары екенін көрсетті. Бір-бірінен бар-жоғы екі балға ұтылды деуге болады. Биыл біз өтінімдер мен құжаттарды электронды форматта қабылдадық, цифрландыру аясында бұл үрдіс жақсы дамып келеді, өте ыңғайлы, ешқайда жүгіріп, қағаз шығарып жүрудің қажеті жоқ. Беталысымыз дұрыс деп ойлаймын», — деді С. Әбдікәрімова.

Байқау «Алтын сапа» сапа моделіне, еуропа сапа менеджменті қорының моделіне негізделген. Бұл күллі әлем бойынша әмбебап ретінде саналады. «Алтын сападағы» жеңіс кәсіпорынды басқа халықаралық компаниялармен салыстыруға жол ашады. Бұдан өзге, биыл «Азықтық ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» жаңа номинациясы енгізілді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік әріптестік басқармасының басшысы Мерей Мугиынов өз кезегінде, бүгін «Парыз» байқауы 11- рет өтізіліп отырғанын айтты. Байқауға деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Өткізіліп келе жатқан уақыттан бері байқауға бүкіл елімізден 5 мыңнан аса кәсіпкер қатысты. 2018 жылы 391 өтінім келіп түссе, оның ішінен 25 жеңімпаз анықталды.

«Бұл уақыт ішінде республикалық комиссия 284 кәсіпорынды іріктеп алды. Байқау екі кезеңнен тұрады: өңірлік және республикалық. Өңірлік кезеңде үшжақты комиссия отырысы өтіп, олар өңірдегі ең үздіктерді анықтайды, бұдан соң бұл материалдар республикалық комиссияға жолданып, Президент Әкімшілігі қарайды», — деді М. Мугиынов.

«Алтын сапа-2018-ге» өзінің қатысуы мен жеңіске жетуі туралы PrimeMinister.kz тілшілеріне байқау лауреаттары айтып берді. «ALUGAL» ЖШС компаниясының басқарушысы Фатих Узуноғлы бұл кәсіпорынның Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, осы елдегі құрылысқа қажетті жоғары сапалы алюминий профильдерді шығаратын алғашқы зауыттардың бірі екенін айтып берді.

«Біз сан алуан түрлі, сапасы жоғары алюминий профильдерді өндіреміз, алюминий профильдерін жобалаумен, өндірумен, сатумен айланысамыз, сондай-ақ тапсырыс қабылдап, кез келген түрдегі профильді дайындап береміз. Біздің бес зауытымыз бар, олардың бәрі Алматы қаласында орналасқан. Біздің компанияларымыздың бірі өнімдерінің 50%-ын экспортқа шығарады, Тәжікстан мен Қырғызстанға алюминий жеткіземіз», — деді Ф. Узуноғлы.

«Теміржол көлігіндегі қазақстандық сертификаттау орталығы» ЖШС бас директоры Айдар Нығметов компанияның Қазақстан нарығында бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап айтты.

«Біз “Алтын сапа” марапатына қызмет көрсету саласы бойынша ұсынылдық. Кеден одағының техникалық регламенті аясында өнімді сертификаттау бойынша қызметтер көрсетеміз. Қалыптасудан бастап сертификаттарды беруге дейін аса ауқымды жұмыстар жасалды. Қазақстандағы ірі компаниялармен жұмыс істейміз. Сонымен қатар біздің қоржынымызда экспорттық келісімшарттар бойынша 40%-дан аса тапсырыс бар. Техникалық регламент бойынша рельске шығатын кез келген теміржол көлігі барлық қауіпсіздік нормативтеріне сай келуі тиіс. Біздің сертификаттарымыздың берілуі Кеден одағы аясында еркін жүруге мүмкіндік береді. Біз үшін мұндай марапатты иеленіп, мойындалу – зор құрмет», — деді А. Нығметов.

www.primeminister.kz

2018 жылы 11 желтоқсанда Астанада Бірінші вице-премьер Асқар Мамин аса ірі қазақстандық автоөндіруші «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС-нің Genertec құрамына кіретін автомобильдер импорты және экспорты бойынша қытайдың СМС (China National Machinery IMP. & EXP. CORP) трансұлттық мемлекеттік компаниясының капиталына кіруі туралы (акциялардың 51%) келіссөздер жүргізіп, инвестициялық келісімге қол қойылуына қатысты.

Асқар Мамин мұның отандық автомобиль жасау саласы үшін стратегиялық жоба екенін атап өтті, бұл саланың даму қарқыны артып, сыртқы нарықтарға шығу үшін экспорттық әлеуеті ұлғаятын болады. Жоба «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады және индустрияландыру мен инвестициялардағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының тізіміне енеді.

Genertec (China General Technology Group) — қытайдың мемлекеттік конгломераты, машинажасау, фармацевтика, инженерлік мердігерлік, құрылыс және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ техникалық консалтинг салаларын қамтиды. Компанияның жылдық айналымы — $31 млрд. Экспорттық инвестициялық қоржыны — $180 млрд.

СМС (China National Machinery IMP. & EXP. CORP.) — іріхалықаралықжобалаушы, жобалардыбасқарудақызметкөрсетубойыншамердігержәнеавтомобильсаласындакөрсетілетінқызметтердіжеткізуші. Genertec құрамына кіреді.

Бірлескен кәсіпорынды дамыту аясында серіктестер саладағы өндіріс көлемін 100 000 дана автомобильге және жергіліктендіру деңгейін 50%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Қостанай қаласында автомобиль құрастыру өндірісін дамыту автомобиль өндірісінде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Genertec басқарма төрағасы Лу Йимин келіссөздер барысында бірлескен жоба аясында өндірісті жергіліктендіру барынша ұлғайтылып, брендтер қоржыны арттырылып, жаңа технологиялар енгізілетінін айтты.

Қазақстан мен ЕАЭО аумағына құрастыру бөліктерін жеткізушілер таңдалып алынады, тұтынушыларға автомобильдерге сапалы сервистік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылады.

Бірлескен кәсіпорынға салынған инвестициялардың жалпы сомасы шамамен $1,1 млрд болмақ.

Қытайлық серіктеспен және инвестормен бірлесіп, 2019–2021 жж. өндірісті дамыту стратегиясы аясында JAC, ANKAI, HOWO, HANTENG брендіндегі атвомобильдері шығару жоспарланып отыр.

Қол қою рәсіміне сондай-ақ ҚР-дағы ҚХР Елшісі Чжан Сяо, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Қазақстан Даму банкінің басқарма төрағасы Болат Жәмішев, Bank of China International президенті Сун Цзиньшань қатысты.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында қаржы министрі Ә. Смайылов және ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов биылғы 11 айда жекешелендіруді жүргізу барысы туралы баяндады.

Қаржы министрі Ә. Смайылов Жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуының ағымдағы нәтижелері және оны аяқтау бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады. Қазіргі уақытта Жекешелендірудің кешенді жоспары нысандарының саны 922-ні құрайды, олардың 48-і 2018 жылғы 9 қарашада қосымша енгізілген.

«2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 532 нысан сауда-саттыққа шығарылып, олардың 465-і 296 млрд теңгеге сатылды. 96 нысан сату алдындағы дайындық кезеңінде. 287 нысан қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілген, олардың 160-ы қайта құрылды және таратылды», — деді Ә. Смайылов.

7 нысанды жекешелендіру нысандарының тізбесінен алып тастау туралы ҚР Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі қабылданды. Қайта ұйымдастырылатын, таратылатын және жекешелендіру нысандарының тізбесінен алып тастауға жататын нысандарды қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы бүгінде 88% құрайды.

«2018 жылы сатуға 243 нысан жоспарланды. Іс жүзінде 155 нысан сауда-саттыққа шығарылып, олардың 88-і 117 млрд теңгеге сатылды және 67-сі – сауда-саттықта. Тағы 8 нысан осы жылдың соңына дейін сауда-саттыққа шығарылады», — деп мәлімдеді қаржы министрі.

Бұдан бөлек, 56 нысан бойынша қайта құру және тарату туралы шешім; 7 нысан бойынша жекешелендіру нысандарының тізбесінен алып тастау туралы шешім қабылданды. ҚР Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 17 нысанның сату мерзімін 2019 жылға ауыстыру қажет. Қажетті материалдар жақында Мемлекеттік комиссияның отырысына шығарылатын болады.

Сонымен қатар, Кешенді жоспардың 58 топ нысанның 34-і сауда-саттыққа шығарылып, олардың 18-і сатылды, оларды сату құны 136 млрд теңгені құрады.

«Бір нысан осы жылдың 28 желтоқсанына қарай сатуға шығарылатын болады («Қазақавтожол» ЖШС). 3 топ нысан Мемлекеттік комиссияның шешімі негізінде тізбеден алынып тасталуы тиіс, 1 нысан – таратылуда. 10 топ нысанды сату мерзімі Мемлекеттік комиссияның шешімімен 2019– 2020 жылдарға белгіленген. Тағы 9 нысанды сату мерзімі 2019–2020 жылдарға ауыстырылуы тиіс», — деді Ә. Смайылов.

Бұдан өзге, қаржы министрінің айтуынша, 2019 жылы 2019–2020 жылдарға жоспарланған 23 нысан сатуға шығарылуы керек. Соның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 7 ірі компаниясын IPO-ға кезең-кезеңмен шығару арқылы сату жоспарланған. Бұл ретте, 14 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларының 25 пайызының 15 пайызын «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында және Лондон қор биржасында сату бойынша сауда-саттық өтті. Оның нәтижесінде мәміле сомасы $451 млн құрады. Сатуға белгіленген акциялардың қалған бөлігін, ағымдағы жылдан объективті жағдайларға байланысты ауыстырылатын 17 нысанды, Кешенді жоспарға қосымша енгізілген 48 нысанды сату келесі жылы жалғасатын болады.

Өз кезегінде, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі артық және қайталанатын функцияларды анықтау тұрғысынан мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарын функционалдық талдауды 2019 жылы аяқтайтынын хабарлады. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша Министрлік мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарын одан әрі оңтайландыру бойынша ұсыныстар дайындайтын болады.

Сонымен қатар Т. Сүлейменов 2020 жылдың соңына дейін ведомствоға бағынысты кәсіпорындарды құруға мораторий енгізу жоспарланып отырғанын айтты (әлеуметтік саланы қоспағанда). Мемлекеттік органдарға жұмыс істеп тұрған ведомстволық бағынысты ұйымдардың әлеуетін пайдалану ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта тиісті қаулының жобасы әзірленді, ол келісу рәсімінен өтіп жатыр.

Ұлттық экономика министрі сонымен қатар Қордың активтерін IPO-ға шығаруға қатысты мәселелерді де баяндады.

«Биылғы 14 қарашада еліміздегі капитал нарығын дамыту мақсатында маңызды оқиға болған, Мемлекет басшысының қатысуымен АХҚО биржасында Қазатомөнеркәсібінің мәмлесі бойынша бірінші сауда-саттық сессиясының ашылуы өтті. Барлығы жалпы сомасы 168 млрд теңгеге Қазатомөнеркәсібі акцияларының 15% шығарылды. Акцияларды 49 шетелдік және 17 отандық заңды тұлға, сондай-ақ Қазақстанның 2700 азаматы сатып алды. Қор тобының қалған компанияларын IPO-ға шығару 2019–2020 жылдарға жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2019 жылы Қазақтелеком мен Эйр Астананың акцияларын сату жоспарланып отыр», — деді Т. Сүлейменов.

Сатуға нысандарды даярлау туралы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы «Самұрық-Қазына» Қорының басқарушы директоры – хатшылық басшысы Ә. Пірметов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы А. Әріпханов, «ҚазАгро» Холдингі» АҚ басқарма төрағасы Р. Құрманов баяндады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жалпы нысандар сатылымы кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Б. Сағынтаев 8 нысанның сауда-саттыққа шығарылмағанын және қазіргі кезде 67-сінің саудада тұрғанын ескере отырып, министрліктер, жергілікті атқарушы органдар мен холдингтерге осы жылдың соңына дейін жекешелендіруге жататын нысандарды сауда-саттыққа шығару жұмысын аяқтауды тапсырды. Тізімге енгізілген жаңа 48 нысанның сату алдындағы дайындық жұмыстарын жеделдету қажет.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында еліміздің биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және мемлекеттік бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев министрліктер басшылары мен өңірлер әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін бірқатар тапсырмалар берді.

Премьер-Министр 11 айдың қорытындысы оң даму қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды жалғастыруда. Көлік және сауда салаларында қол жеткізілген жоғары нәтижелер аталып өтті. Бұған қоса, өнеркәсіптік дамуға қосымша серпін беруге тиісті байланыс және құрылыс салаларына ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Жыл қорытындысында ЖІӨ өсімін 4% көлемінде қамтамасыз ету бойынша Елбасы тапсырмасын іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер бар.

ҚР Қаржы министрлігінің бюджеттің атқарылуы мәселесі бойынша мәліметтеріне сәйкес, республикалық бюджетті игеру үшін барлық жағдайлар жасалған. Жыл қорытындысы бойынша бюджет шығыстары 99,6%-ға орындалады, өңірлер бойынша 1,8 млрд теңге көлемінде игермеу орын алуы мүмкін. Бірақ, отырыс барысында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері баяндағандай, бюджет қаражатын толық игеруге мүмкіндік бар.

Премьер-Министр Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалуы керектігін атап өтті. Келесі Үкімет отырысында бұл мәселе, сонымен қатар қойылған міндеттерді орындау бойынша орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмыс қорытындылары қаралатын болады.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев 2018 жылдың 11 айындағы ауыл шаруашылығы саласының даму қорытындылары туралы баяндады.

Оның мәліметтеріне сәйкес, ауыл шаруашылығы оң қарқын көрсетіп отыр. А. Евниев хабарлағандай, осы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,9%-ға артқан. Өсім негізінен мал шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілген. Бұл саладағы өсім 3,9% құраса, өсімдік шаруашылығында ол 2,3% болған.

ҚР АШМ хабарлауынша, биыл гектарына 15,1 центнер түсімділікпен 22,8 млн тонна астық бастырылды.

Тірідей салмақтағы ет өндірісі – 4,3%-ға, сүт өндірісі – 3,3%-ға, жұмыртқа өндірісі –10,6%-ға өсті.

«Тамақ өнімдерінің өндірісі аталған кезеңде 1,7%-ға артты», — деп баяндады ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев, бірқатар өңірлерде тамақ өнімдері мен сусын өндірісінің төмендеуі байқалып отырғанын атап өтіп. Әкімдіктердің деректеріне сүйенсек, өндірістің бұлай төмендеу себептерінің бірі халықтың алкогольсіз сусындарға деген сұранысының азаюы болып отыр.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында энергетика министрі Қ. Бозымбаев 2018 жылдың 11 айындағы отын-энергетика саласының дамуы туралы баяндады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың 11 айында отын-энергетика саласының негізгі көрсеткіштері оң өсім динамикасын көрсетіп отыр.

82,4 млн тонна мұнай және конденсат өндірілді, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға жоғары. Қ. Бозымбаев атап өткендей, оның ішінде, үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 49 млн тоннаны құрады: Қашағанда — 12 млн тонна, Теңізде — 25,9 млн тонна, Қарашығанақта — 11,1 млн тонна мұнай өндірілді. Мұнай экспортының көлемі 66 млн тоннаға жетті, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға артық.

«Мұнай өңдеу көлемі шамамен 15 млн тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6%-ға жоғары және осы жылдың 11 айында жоспардан 2,4%-ға артық. Мұнай өнімдері өндірісінің көлемі (авиакеросин, дизельді отын, мазут, бензин) 10,6 млн тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға және биылғы 11 айдың жоспарынан 3,9%-ға артық», — деп баяндады энергетика министрі Қ. Бозымбаев.

Жалпы, министрдің айтуынша, мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты, жанар-жағармай тапшылығы жоқ. 10 желтоқсандағы жағдай бойынша, Аи-92 маркалы бензиннің орташа бағасы: бір литрі үшін 154,8 теңге, ал маусым аралығында дизель отынының бір литрі 193,2 теңгені құрайды. Еліміздегі мұнай базаларында жанар-жағар майдың қалдық қорының көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін өтеу үшін жеткілікті: Аи-92 бензинінің қоры – 267,5 мың тонна (30 күнге) және дизель отыны – 143,2 мың тонна (11 күнге) .

«Еліміздің шекаралас аумақтарында жанар-жағармайды транзиттік тасымалдауда жоғары тұтыну фактілері орын алуда. Бұл көршілес елдермен салыстырғанда мұнай өнімдері бағаларының айырмашылығына байланысты болып отыр», — деді Қ.. Бозымбаев.

Осыған байланысты, Қазақстанда жанармай бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін, сондай-ақ дизель отыны тапшылығының қаупін азайту мақсатында Энергетика министрлігі Еуразиялық экономикалық одақтың нормаларына қайшы келмейтін қолданыстағы заңнама негізінде, Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс жерлерге мұнай өнімдерін (дизель отыны) шығаруға уақытша тыйым салу үшін шаралар әзірлеуде.

Қазақстанда Аи-92 маркалы бензиннің бөлшек сауда бағасы бір литр үшін 154,8 теңге, Ресей Федерациясында — 230,5 теңге, Өзбекстанда — 273 теңге, Қырғызстанда — 234 теңгені құрайды. Қазақстанда дизельді отынның бір литрі орта есеппен — 193,2 теңгені, РФ-те — 246,5 теңгені, Қырғызстанда — 250,8 теңге, ал Өзбекстанда — 208 теңге құрайды.

50,5 млрд м3 газ өндірілді, 2017 жылдың қаңтар–қараша айларымен салыстырғанда 4,8%-ға артты, ал 11 айдың жоспарынан 6,1% өсімді көрсетті. Газ экспортының көлемі 17,9 млрд м3 құрады, бұл 2017 ж. сәйкес кезеңінен 14%-ға жоғары.

ҚР ЭМ деректеріне сәйкес, сұйытылған мұнай газының өндірісі 2,8 млн тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңінен 7,3%-ға артық. Мұнай битумы өндірісі 809 мың тонна көлемінде, бұл 2017 ж. сәйкес кезеңінің 147%-ын, ал 2018 жылдың жоспарына сәйкес 108% құрайды.

Электр қуатын өндіру көлемі 96,7 млрд кВтсағ құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға жоғары.

Уран өндіру көлемі 19,6 мың тонна құрады (2018 ж. жоспары – 21,6 мың тонна, 11 айға жоспар – 19,4 мың тонна). Былтырғы жылмен салыстырғанда 93% көрсетті. Ал, 11 айдың жоспарының — 100,8%.

«Отын-энергетика саласы қарқынды дамып келеді. Негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу Министрліктің тұрақты бақылауы мен мониторингіне алынған», — деп түйіндеді министр Қ. Бозымбаев.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында өнеркәсіп, құрылыс, көлік кешені салаларының 2018 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек баяндады.

Ж. Қасымбектің айтуынша, 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі 104,5% болған (жоспар – 103,3 %). Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде 104,7%, ал өңдеу өнеркәсібінде бұл көрсеткіш 104,9%-ды көрсетті. Еліміздің 14 өңірінде өнеркәсіптік өндірістің оң көлемі сақталып отыр.

Министрдің айтуынша, тау-кен секторында ССТӨБ-інде өндіріс көлемінің артуына байланысты темір кенін өндіру көлемі 7,3%-ға өсті. Түсті металл кенін өндіру көлемі 3,9%-ға артқан.

«Өңдеу өнеркәсібінде жылдық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, бірқатар салаларда өсім байқалып отыр. Атап айтқанда, машина жасау саласы 15,7%-ға, былғары өндірісі 8,1%-ға, химия өнеркәсібі 7,2%-ға, қағаз өндірісі 5,1%-ға, резеңке және пластмасс бұйымдар өндірісі 2,9%-ға және жиһаз өндірісі 2,4%-ға өскен», — деді Ж. Қасымбек.

ҚР ИДМ мәліметтеріне сәйкес, көлік кешені бойынша 11 айдағы нақты көлем индексі 104,6%-ды құраған. Ж. Қасымбек жылдық жоспарлы көрсеткішке транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі мен Қытайға газ экспортын арттыру есебінен қол жеткізілетінін атап өтті.

Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 103,9%-ды құрап, жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілді (жоспар – 103,6%). 13 облыста оң серпін байқалады. Дегенмен, министрдің айтуынша, жылдық жоспарды орындау үшін бірқатар өңірлердің құрылыс жұмыстарының өсу қарқынын күшейтулері қажет.

«Жалпы құрылыс бойынша жоспарланған 103,6% жылдық көрсеткішін Атырау облысында 600 млрд теңгеге, Астана қаласында 530 млрд теңгеге және Алматы қаласында 340 млрд теңгеден астам сомаға құрылыс-монтаж жұмыстары көлемінің есебінен орындау көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстарының өсім қарқыны көрсеткіштеріне шағын кәсіпкерлік субъектілерінің тоқсан сайын ұсынатын есептері ықпалын тигізеді. Соның есебінен әр тоқсан қорытындысы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі», — дейді Ж. Қасымбек.

Тұрғын үй құрылысының дамуы туралы баяндай отырып, министр 11 айдың қорытындысы бойынша 11 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілгенін, мұның 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,3%-ды құрайтынын жеткізді.

«Жалпы, еліміз бойынша 96 761 баспана, оның ішінде 37 026 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемінің артуы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 16 өңірінде жалғасуда», — деп түйіндеген Ж. Қасымбек, жалпы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Инвестициялар және даму министрлігі жетекшілік ететін барлық салалар бойынша нақты көлем индексінің жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу көзделіп отырғанын атап айтты.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында қаржы министрі Ә. Смайылов, сондай-ақ бірқатар министрліктер мен өңірлердің әкімдері 2018 жылдың 11 айындағы мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы баяндады.

Қаржы министрі Ә. Смайылов 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы баяндай отырып, мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) жоспардан 102,6%-ға асыра орындалғанын жеткізді. Бюджетке 7,38 трлн теңге қаржы түсті. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 232 млрд теңгеге көп. Республикалық бюджет кірістерінің жоспары 102,1%-ға және жергілікті бюджеттер 104%-ға орындалды.

Қаржы министрі жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың 11 айымен салыстырғанда бюджет қаражаттарын игеру қарқыны біраз жақсарғанын атап өтті. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98%-ға игерілсе, республикалық – 98,6%, жергілікті бюджеттер – 98,2% орындалған.

ҚР Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, республикалық бюджетке 5,3 трлн теңге кіріс түсті, бұл 2017 жылдың жылдық жоспарынан артығымен орындалды. Шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтардың жылдық жоспары 109 млрд теңгеге және 38 млрд теңгеге асыра орындалды.

Кірістердің өсу қарқыны 120% құрап, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бюджетке 873 млрд теңге көп түсті. Олар негізінен салық түсімдерінің есебіне келеді.

«Салықтардың өсуіне біріншіден, экономиканың жекелеген салаларындағы тауарлар өндіру мен қызметттер көрсету көлемінің ұлғаюы әсерін тигізді. Екіншіден, негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның және мұнайдың, АҚШ доллары бағамының орташа бағасының өсуі де себеп болды. Үшіншіден, салықтық және кедендік әкімшілендірудің жақсаруы», — деп Ә. Смайылов кірістердің, оның ішінде салықтардың ай сайынғы орындалу серпінін ескере отырып, жыл соңында республикалық бюджеттің таза кірістері шамамен 103%-ға орындалады деп күтілетінін атап өтті.

Республикалық бюджеттің шығыстары осы жылдың 11 айында 8,7 трлн теңгені немесе 98,6% құрады. ҚР ҚМ деректеріне сәйкес, жыл қорытындысы бойынша, республикалық бюджет шығыстарының орындалуы 99,6% деңгейінде күтілуде.

«Есепті кезеңде өңірлерге 698 млрд теңге мақсатты трансферттер бөлінді. 668 млрд теңге немесе 95,6% жергілікті деңгейде игерілді. 30 млрд теңге орындалмады. Оның 2 млрд теңгесі – үнемдеу сомасы.

28 млрд теңге игерілмеді. Бұл өткен жылдың 11 айындағы көрсеткіштен 34 млрд теңгеге төмен», — деді Ә. Смайылов.

Жақында жүргізілген бюджет түзетуінде 8 млрд теңгеге мақсатты трансферттердің көлемі қысқартылды. 1,8 млрд теңге өңірлер арасында қайта бөлінді. Қаржы министрі бөлінген трансферттердің жергілікті органдармен толық игерілуіне барлық жағдай жасалғанын айтып өтті.

Бюджеттің қаражаттарының жұмсалу барысын бақылау туралы баяндай отырып, Ә. Смайылов аталған мәселе тұрақты бақылауға алынғанын атап өтті. 11 айдың ішінде 2887 аудиторлық тексерістер жүргізілді. Бюджет қаражатының қамтылған сомасы 1,5 трлн теңгені құрады. 155 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60%-ке төмен. Тексеру кезінде атқарылған жұмыс, көрсетілген қызмет, тауарды жеткізіп берумен, бюджетке қайтарумен, есепте көрсету жолымен 134 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілеріне 2243 ұсыныс жіберілді. Оның 1395 орындалды.

Қорытындылай келе, Ә. Смайылов барлық әкімшілерге 2019 жылдың бюджетіне мемлекеттік сатып алулардың алдын ала жоспарларын бекіту және тиісті конкурстарды жариялауды бастау ұсынылғанын атап өтті. ҚР ҚМ соңғы деректеріне сәйкес, мемлекеттік сатып алулар порталында 5 трлн теңгеге сатып алулар жарияланған. Оның ішінде, ашық конкурс түрінде — 3,4 трлн теңгеге.

«Осы жұмыс Қаржы министрлігінің бақылауына алынған. Есепті кезеңнің нәтижесі бойынша 2018 жылы республикалық бюджет кірістері 103%-ға, шығыстар – 99,6%-ға орындалады деп күтілуде», — деп түйіндеп Ә. Смайылов, келесі қаржы жылына ауысатын кассалық қалдықтар шамамен 200 млрд теңгені құрайтынын, бұл сома жаңа қаржы жылының шығыстарын уақытылы және үздіксіз қаржыландыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Отырыс барысында өңірлерде бөлінген қаражатты игеруді қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Астана қаласының әкімі Б. Сұлтанов, сонымен қатар Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары С. Шайдаров тыңдалды. Жыл соңына дейін бөлінген бюджет қаражатын сапалы игеру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев, қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, ішкі істер министрі Қ. Қасымов, білім министрі Е. Сағадиев, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы баяндады.

www.primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының демократия, адам құқықтары және еңбек мәселелері бойынша көмекшісінің орынбасары Майкл Келлехермен кездесті.

Тараптар конфессияаралық келісім, діни радикализмге қарсы тұру және азаматтық қоғамды дамыту саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Дархан Кәлетаев Америкалық тарапты Қоғамдық даму министрлігі қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды.

Тараптар 2019 жылдың басында Қазақстанның мүдделі органдарының, АҚШ Мемлекеттік департаментінің және АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясының өкілдерінен құралған сараптамалық жұмыс тобының бірінші отырысын өткізу туралы келісімге қол жеткізді.

Аталған алаңның аясында діни саланы реттеу және дін бостандығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасулар өткізу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті, атап айтқанда, АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігімен (USAID) бірлесіп, азаматтық қоғам саласында әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру барысына тоқталды.

Жақын және өзара тиімді қарым-қатынастарды орнатуға деген өзара ұмтылыс Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың кепілі болады.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 11 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының кеңейтілген стратегиялық әріптестігі жөніндегі комиссияның отырысы өтеді.

ҚР Қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов және Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев осы жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндама жасады.

Экономика жағдайы туралы баяндай отырып, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов ЖІӨ тұрақты өсімі үш ай бойы 4,1% деңгейінде сақталып отырғанын атап өтті.

«Жоғары инвестициялық және тұтынушылық сұраныс, сонымен қатар экономиканың базалық салаларындағы өндірістік белсенділік экономикалық өсімнің негізгі факторларына айналды. Экономика өсіміндегі шешуші рөлді негізгі капиталға салынатын инвестициялар алып отыр. Биылғы 11 айда олардың көлемі 18,3% өсті», — деп мәлімдеді Т. Сүлейменов.

ҚР ҰЭМ деректеріне сәйкес, өнеркәсіптегі және ауыл шаруашылығындағы өндірістік белсенділікті кеңейту көлік саласына оң әсерін тигізді. Сондай-ақ, төмен инфляцияның және халық табыстарының өсуі аясында сауда да өсті. Жалпы қызмет көрсету саласы 4% өсімді қамтамасыз етті және ЖІӨ өсімне 2,3 п.т. өсім қосты.

Сыртқы сауда айналымы тұрақты өсім қарқынын сақтап отыр. 9 айда өсім 21,6% құрады. Экспорт 28,2% өсті. Бұл негізінен мұнайды, АӨК өнімдерін, мұнай газдарын, алюминийді және мыс кендерін жеткізудің артуына байланысты.

«Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Осы жылдың басынан бері 468,6 мың адам жұмысқа орналастырылды (1 қарашадағы жағдай бойынша). Жалақы көлемі қарқынды түрде өсіп келеді. Биылғы қаңтар–қазан айларында орташа айлық жалақы 159,5 мың теңгеге дейін ұлғайды. Бағалау бойынша нақты көріністе 2,2% өсті», — деп ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов осы жылғы қаңтар–маусымда еліміздің 13 өңірінде нақты кірістердің өсімі байқалып отырғанын атап өтті.

ҚР ҰЭМ бағалауы бойынша, жалпы инфляция өсімінің бәсеңдеуі аясында нақты ақшалай кірістер осы жылдың қорытындысы бойынша оң аймақта сақталады.

Сонымен қатар, Т. Сүлейменов алдағы мереке күндеріне орай тұтынушылық сұраныс одан әрі өсетінін, сәйкесінше, сауда өсімі болатынын, оның ЖІӨ құрылымына оң әсерін тигізетінін айтты.

Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев өз кезегінде 2018 жылғы қарашада инфляция деңгейі 0,9% құрағанын жеткізді. Жылдық инфляция қазан айындағы деңгейде сақталып, 5,3% құрады. Бұл жылдық инфляцияның 2015 жылдан бері ең төменгі көрсеткіші. Инфляция жыл қорытындысы бойынша 5–7% мақсатты дәлізінде болады деп болжанған. Биылғы 5 желтоқсанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Аталған шешім теңге мен активтерге деген сұранысты арттыруға жол ашады.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Желтоқсан
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту