Жұмыспен қамтудың жол картасында 6,5 мың инфрақұрылымдық жоба қамтылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру мәселелері қаралды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев баяндама жасады. 

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 6,5 мыңнан аса инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделген, олар әлеуметтік объектілерді, инженерлік-көлік инфрақұрылымын, суару және ирригациялық жүйелерді, тұрғын үй-коммуналдық объектілерін жөндеу мен салуға, елді мекендерді абаттандыруға қатысты. Осының арқасында 255 мың жұмыс орны құрылады.

Жалпы, барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында 1 млн  220 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған, оның ішінде 235 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Премьер-Министр Үкімет үшін бүгінгі таңда басты басымдық тұрғындардың жұмысын сақтау екенін атап өтті. Бұл ретте жұмыспен қамту және халықтың экономикалық белсенділігін сақтаумен қатар, инфрақұрылымды жақсарту ел экономикасын қалпына келтіруде жақсы нәтиже береді.

Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында жобаларды іске қосуды бастау қарқыны жақсы екенін атап өтті. Қызылорда облысы, Алматы және Шымкент қалалары артта қалып келеді.

«Өңірлердің әкімдіктеріне инфрақұрылымдық жобаларды толық іске асыруды бастауды, оның ішінде отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің негізгі көлемінің отандық болуын тапсырамын. Барлық бөлінген қаражат экономикаға жұмыс істеуі тиіс», - деді А. Мамин.

Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органдарға жұмыспен қамту бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуді, ал Еңбек министрлігіне Жұмыспен қамтудың жол картасының, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын құру және халықты жұмысқа орналастыру тұрғысынан басқа да мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысына күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу