Ғылымдағы, инновациялардағы, бизнестегі әйелдер: Г. Әбдіқалықова АЭФ-2019 жұмысына қатысты

Бүгін Нұр-Сұлтанда XII Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова «Ғылымдағы, инновациялардағы, бизнестегі әйелдер» атты панельдік сессияға қатысты.

Оған Қырғыз Республикасының экс-президенті Роза Отынбаева, ЕҚДБ Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Балванера Бруно, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының төрайымы Айгүл Соловьева, «Expo&Women» халықаралық ұйымы президиумының төрайымы Салтанат Рахымбекова және басқалар қатысты.

Өз сөзінде Вице-Премьер Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстанда шикізаттық тәуелділіктен бас тартуға бағытталған және инновацияларға негізделген жаңа экономика құрылып жатқанын атап өтті. Осы тұрғыда металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био- және АT-технологиялардағы зерттеулерге басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымы дамып келеді.

«Соңғы 5 жылда зерттеуші әйелдердің үлесі 51,6%-дан 52,8%-ға дейін артты және 2018 жылы 9 217 адамды құрады. Егер 2015-2017 жылдары жүзеге асырылып жатқан 1770 ғылыми жоба жетекшілерінің 566 (32%) әйел болса, 2018-2020 жылдардағы 1084 ғылыми жобадағы олардың үлесі 418 (38%) құрап отыр», — деді Г. Әбдіқалықова.

Іс-шараға қатысушылар әйелдердің ғылымға, инновацияға және экономикалық дамуға қосқан үлесін арттыру мәселелерін талқылады, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттердің және бизнестің түрлі қызмет саласындағы гендерлік алшақтықты азайтудағы табысты тәжірибелерін және гендерлік тепе-теңдікті ілгерілетудегі әйелдер қауымдастығының күш-жігерін біріктіру мүмкіндіктерін қарастырды.

Одан әрі форум алаңында Г. Әбдіқалықова бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы атқарушы-директорының орынбасары Оса Регнермен әңгімелесе отырып, Премьер-Министрдің орынбасары гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласындағы Қазақстанның және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мәселелерін атап өтті.

Қазақстанда бұл ұйым ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп Үкіметтің қаржылық қолдауымен гендерлік-бағдарланған жоспарлау және бюджеттеу, жағдайы төмен әйелдердің экономикалық құқықтарын өнімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту жолымен кеңейту, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі жобаларды іске асырады.

БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ ДБ-ның Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік бюросының әкімшісі және директоры Мирьяна Спольярич Эггермен кездесуде Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс мәселелері талқыланды. Бүгінгі күні ТДМ-ның 80% елдің ұлттық стратегиялық құжаттарымен қамтылған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан елдегі ТДМ-ны үйлестіру мен іске асырудың ұлттық тетігі ретінде әрекет ететін Үйлестіру кеңесі құрылды.

Үкіметтің басты басымдығы азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде дамыту екені аталып өтті. 2019 жылы әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 43% астамы бағытталды. Елімізде қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының жалпы өсуіне, жағдайы төмен адамдарды қолдауға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу