ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Е. Досаевтың Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Е. Досаевтың Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Ұлттық Банктің қызметі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алға қойған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және нақты экономиканы дамытуда қаржы секторының рөлін күшейту міндеттерін іске асыруға бағытталған.

Ақша-кредит саясатының басты мақсаты – инфляциялық таргеттеу режимінде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.

2019 жылғы І жартыжылдықта инфляция жылдық көрсетуде 5,4% деңгейде қалыптасты және ағымдағы жылы 4-6% нысаналы дәлізде сақталды. Базалық ставка 9,25%-дан 9,00%-ға дейін азайды.

Ұлттық валюта бағамы сыртқы және ішкі факторлар әсерімен өзгерді және жыл басынан бері 0,2%-ға нығайды.

Елдің төлем балансы экспорттық өнімге тұрақты сұраныс аясында жақсаруда. 1-тоқсанда ағымдағы операциялар шоты профицитпен қалыптасып, $0,4 млрд құрады. 

Алтынвалюта резервтері Ұлттық банктегі клиенттердің валюталық шотындағы қалдықтардың азаюы себебінен жыл басынан бері $28,2 млрд-қа дейін төмендеді. Алтынвалюта резервтерінің деңгейі тауарлар мен қызметтер импортының 7 айынан асады. Ұлттық қордың активтері $58,2 млрд болды, ал жалпы халықаралық резервтер $86,4 млрд құрады.

Ұлттық Банк экономиканы қолжетімді кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету бойынша Сіздің тапсырмаларыңызды іске асыруда.

1-тоқсанда кредит портфелі банктердің жұмыс істемейтін қарыздарды 624 млрд теңге сомаға 12,5 трлн теңгеге дейін есептен шығаруы нәтижесінде төмендеген соң, сәуір-мамырда кредиттік белсенділік қалпына келді.

Банк секторының жалпы кредит портфелі сәуір-мамырда 2,2%-ға ұлғайып, 12,8 трлн теңгеге дейін өсті. Қаңтар-мамыр аралығында банктер өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 14,2%-ға көп жаңа кредит берді.

Ақша-кредит талаптары жұмсаруда. Бизнес үшін теңгемен кредиттер бойынша ставка 2018 жылғы мамырдағы 12,5%-дан 11,9%-ға дейін төмендеді.

Қорландыру базасын жақсарту үшін халықтың депозиттері бойынша ең жоғары ставка мерзімді және жинақ салымдарға қатысты 12,5%-ға және 13,5%-ға дейін өсті.

Шетел валютасындағы салымдар теңгедегі салымдармен алмасуда. Депозиттердің долларлану деңгейі жыл басындағы 48,4%-дан мамырда 39,1%-ға дейін төмендеді.

Елбасының тапсырмасына сәйкес Ұлттық Банк Экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске асыруда. Оның шеңберінде банктерге 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді қорландыру ұсынылады.

Бүгінгі таңда банктер құны 146,2 млрд теңге болатын 187 жоба бойынша өтінімді қарауда. Оның ішінде құны 34 млрд теңге болатын 77 жоба мақұлданды. 

Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын ендіру маңызды бағыт болып табылады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 7936 отбасы 92 млрд теңге сомаға қарыз алды. Бағдарлама банктердің ипотекалық портфелінің бір жылда 24,8%-ға 1,4 трлн теңгеге дейін өсуіне ықпал етті.

Сіздің «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығыңызды іске асыру үшін Ұлттық Банк кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару механизмін бекітті. 

Ағымдағы жылғы 30 шілдеге дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті кешіреді.

Бұл ретте өсімпұлдар мен айыппұлдар бойынша 70%-ын қаржы мекемелерінің өздері өтейді, 30%-ы Ұлттық Банктің қаражаты есебінен өтеледі. Біз барлығы 17,5 млрд теңге бөлдік.

Бұдан басқа, шілдеде Сіз қаржы нарығын реттеу мен дамыту функцияларын Ұлттық Банктен шығарып, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке мемлекеттік органға беру туралы Заңға қол қойдыңыз. Ағымдағы жылдың соңына дейін Ұлттық Банк барлық қажетті нормативтік-құқықтық базаны қабылдау жұмысын аяқтайды.

Сонымен бірге Заң тұтынушылық кредиттеудің барлық субъектілерін, оның ішінде онлайн-компаниялар, ломбардтар және халыққа несие беретін басқа да заңды тұлғаларды толық реттеуді қамтиды. 

Субъектілер 2020 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде уәкілетті органда алғаш рет есептік тіркеуден өтуге міндетті.

Тиісінше, барлық кредит беру субъектілері уәкілетті органның бақылауында және қадағалауында болады. Субъектілер қарыздар бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері, борыштық жүктеме, клиенттермен өзара іс-қимыл жасау тәртібі бойынша шектеулер және басқалары сияқты қарыз алушыларды қорғаудың барлық талаптарын сақтауға міндетті болады.

Бұл бізге азаматтардың борыштық жүктемесі туралы толық ақпарат алуға, нарықтың ашықтығын арттыруға және жүйелік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіздің сайлау алды платформаңызды және алға қойылған 10 басым міндетті іске асыру Ұлттық Банктің басым міндеті болып табылады.

Наурызда Ұлттық Банк Үкіметпен макроэкономикалық саясаттың 2019 жылға арналған шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойды. Макроэкономикалық тұрақтылық халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономиканың өсуі және шетелдік инвестицияларды тарту үшін маңызды.

Сонымен бірге, Ұлттық Банктің бағалауынша, сыртқы және ішкі даму факторларының балансы өзгерді. Олар орта мерзімді перспективада макроэкономикалық жағдайларды айқындайды. Әлемдік экономиканың және Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің болжамы төмендеді. Бұл біздің экспортқа сыртқы сұраныстың төмендеуіне әсер етеді. Нарықтар АҚШ пен Қытай арасындағы аяқталмаған сауда келіссөздерін тежеп отыр. Мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін  $66-ға дейін түсті және бағаның төмендеу үрдісі сақталды.

Сыртқы монетарлық жағдайлар жеңілдеуде. Оны АҚШ Федералдық резерв жүйесінің ставкалардың алдағы төмендеуі туралы мәлімдемесі, Еуропа орталық банкінің экономиканы ынталандыру шаралары және Ресей Орталық Банкінің негізгі ставканы 7,75%-дан 7,50%-ға дейін төмендетуі растап отыр.

Осыған орай экономиканың сыртқы күйзеліске әлсіздігін төмендету үшін Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп ақша-кредит және фискалдық саясатты үйлестіруді арттырудың 2019 жылғы екінші жартыжылдықтағы және 2020 жылғы тәсілдерін айқындады.

Ақша-кредит саясаты саласында инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізде сақтау үшін шаралар қабылданады. Басты міндет едәуір артқан бюджеттік әлеуметтік шығыстардың инфляцияға әсерін тежеу, сонымен бірге азық-түлік нарығындағы бағаларды бақылау болып табылады.

Екінші жартыжылдықта инфляциялық қысым күшейсе, базалық ставканы көтеру арқылы ақша-кредит саясаты қатаңдатылуы мүмкін.

Шығарылатын ноттарды 1-3 айдан 6-12 айға дейін ұзарту есебінен ақша нарығында артық өтімділікті алу қамтамасыз етіледі. Ноттар бойынша ставкалар да өседі. 16 шілдеден бастап банктер үшін ең төмен резервтік талаптар механизміне өзгерістер енгізіледі.

Үкіметпен бірлесіп кірістіліктің тәуекелсіз қисығын құру үшін мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту шаралары қабылданады. Тамыздан бастап Қаржы министрлігі 2-5 жыл мерзіммен мемлекеттік бағалы қағаздарды шығара бастайды. Бұл Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын дамушы елдердің халықаралық ауқымды индекстеріне қосуға және шетелдік капиталды тартуға мүмкіндік береді.

Валюта нарығында сұраныс пен ұсыныстың балансын жақсарту үшін Үкімет квазимемлекеттік сектор компанияларының айырбастау операцияларының келісілуін қамтамасыз етеді.

Шетел қатысушылары үшін теңгеде есеп айырысуды кеңейту үшін Қазақстан қор биржасында 2019 жылғы 1 шілдеден бастап өтпелі валюталық сессия енгізілді. Сонымен бірге валюталық заңнама шеңберінде шетел валютасын сатып алудың ірі операцияларын мониторингтеу және оны нысаналы пайдалану қамтамасыз етіледі.

Фискалдық саясат саласында Үкіметпен бірлесіп 2019-2020 жылдары фискалдық саясаттың контрциклдығын арттыру мәселесі қаралады. Ол жаңа бюджеттік қағидаларды енгізу және Ұлттық қор қаражатын пайдалану қағидаларын қатаңдату арқылы іске асады.

Банк жүйесінде банктер активтерінің сапасын кешенді тәуелсіз бағалау жүргізіледі. Тексеруге банк жүйесі активтерінің шамамен 87%-ын құрайтын 14 банк енгізілді. Ағымдағы жылғы шілденің соңына дейін халықаралық консультант - Oliver Wyman компаниясымен бірге Еуропа Орталық Банкінің әдіснамасын бейімдеу жұмысы аяқталады.

Оған қоса, қаңтардан бастап Ұлттық Банк тәуекелге бағдарланған қадағалауға көшті және төлем жасауға қабілетсіз банктерді реттеу шараларының толық тізбесін енгізді. 

Бұл жүйелі тәуекелдерді төмендетіп, сыртқы инвесторлардың Қазақстанның банк жүйесіне деген сенімін арттырады.

Банк жүйесін қалыпқа келтіру және банктерде андеррайтинг сапасын арттыру экономиканы кредиттеудің одан әрі өсуіне ықпал етеді.

Үкіметпен бірлесіп нақты сектор кәсіпорындарын қалыпқа келтіру және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыс істеуге қабілетсіз кәсіпорындарды қолдауды шектеу мәселесі пысықталады.

Мобильді төлемдердің жаңа жүйесін дамыту және клиенттерді қашықтықтан идентификациялау бойынша жұмыс жалғасады. Цифрлық қаржы қызметтерін дамыту үшін қағазсыз қызмет көрсетуге көшу жоспарлануда.

Сонымен бірге экономиканы қаржыландырудың альтернативті көздерін қалыптастыру үшін сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын және басқа да қаржы инструменттерін дамытуға бағытталған Үкіметпен бірлескен жұмыс жалғастырылады. Бұған ауқымды IPO-ны өткізу, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін жеке басқаруға беру, сақтандыру өнімдерін дамыту шаралары жағдай жасайды.

Аталған тәсілдерді іске асыру инфляцияны нысаналы дәлізде сақтау және халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу