Қазақстанда алғаш рет жергілікті ЖОО-лар негізінде жазғы мектептер ашылады — ҚР БҒМ

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова жазғы каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру туралы айтып берді.

ҚР білім және ғылым вице-министрі Б. Асылованың мәлімдеуінше, мектеп жанындағы, шатырлық, қала сыртындағы лагерьлерде 2,1 млн бала демалады, олардың арасында бюджет қаражаттары есебінен дарынды балалар қатарынан, сондай-ақ көп балалы отбасылардан шыққан балалар қатарынан 900 мыңнан астам оқушы демалады.

«Жолдамалар құны лагерьде болу курсына (10 күн) 10 мың теңгеден бастап 40 мың теңгеге дейінгі аралықта болады. Жетім балалар, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сонымен қатар оқуда үздік нәтижелер көрсеткен балалар осындай ұйымдарға басымдықпен әрі тегін бара алады. Бұл шамамен 625 мың бала. Алғаш рет биыл ұлттық білім беру деректер базасында балалар туралы барлық деректер толтырылады, олар ЖСН бойынша сауықтыруға жіберіледі», — деді Б. Асылова.   

Бүгінде елімізде 236 лагерь бар, олардың шамамен 143-і жергілікті атқарушы органдардың қарауында және 93-і — жеке меншікте. Лагерьлердегі сауықтыру қызметтерінің бағалары мен тарифтерін жергілікті атқарушы органдар және сәйкесінше аталған ұйымдардың құрылтайшылары бекітеді.

Жазғы кезеңде 2 млн 762 мың (94%) мектеп оқушысын секциялармен, үйірмелермен, клубтармен, экскурсиялармен және басқа да істермен қамту жоспарда бар.

Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталықтары арқылы балалар еңбек жасақтарына немесе кәсіпорындарға тәжірибеден өтуге жіберіледі. Жалпы алғанда, 970 мыңға жуық баланы еңбекпен қамту жоспарда бар, олар құрылыс-жөндеу жасақтарында, экологиялық лагерьлерде, көгалдандыру бригадаларында, мектеп орманшылықтары мен кәсіпорындарда жұмыс істейтін болады.

«Еңбек жасақтарында және кәсіпорындарда ақысы төленетін практикадан өтетін балаларды жергілікті атқарушы органдар есепке алады. Еңбектерінің ақылары жұмыс түріне байланысты белгіленеді», — деді білім және ғылым вице-министрі.   

Оның айтуынша, Қазақстанда алғаш рет жергілікті ЖОО-лар базасында жазғы мектептер іске қосылады.

«Бүгінде 10-нан астам оқу орындары түрлі  бағыттар бойынша жазғы академиялық мектептерді ашуда», — деді Б. Асылова.   

Мектептер Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, М. Әуезов атындағы ОҚМУ, М. Дулати атындағы ТарМУ, Қаржы академиясы, ҚазИГЗУ (Семей), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ және т.б. негізінде ашылады.

Жазғы мектептердің тәрбиеленушілері тілдерді, АТ технологияларды және роботты техниканы, биотехнологияны, кәсіпкерлік пен бизнес жүргізуді, құқықтануды, сыни ойлауды және жазуды, т.б. үйренеді.

Айта кету керек, осыған ұқсас жазғы мектептер Назарбаев университеті, ҚБТУ, AlmaU, Назарбаев зияткерлік мектептері, НЗМ базасындағы Стенфорд университетінің жазғы мектебінде сәтті жұмыс істеп тұр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу