Халықты жұмыспен қамту бірінші кезектегі мәселе — А. Мамин  

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.

Барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында биыл жұмыспен қамту шараларымен 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарланған, олардың ішінде 600 мың адамды – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, 255 мың адамды – «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша, 364 мың адамды – «Нұрлы жол», «Цифрлық Қазақстан», «Нұрлы жер», БЖК – 2020 және т. б. мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмысқа орналастыру көзделген.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы стартап жобаларды шағын несиелеу, бизнесті кеңейту, қосымша мамандықтарға оқыту, әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, еңбек күші мол аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру және т. б. шараларды қамтиды. Аталған мақсаттарға 176 млрд тг қарастырылған. Жыл басынан бері бағдарламаға қатысуға 260 мыңнан астам адам өтініш білдірді, олардың 184 мыңы – 70%-дан астамы — қазіргі уақытта жұмысқа орналастырылған.

Премьер-Министр жұмыспен қамту, әсіресе, қазіргі экономика мен бизнесті қалпына келтіру жағдайында басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

«Біз күрделі жағдайды бастан өткердік. Екі ай бойы төтенше жағдай мен карантин режимі сақталды. Кәсіпорындар мен бизнес жұмыс істемеді. Қазіргі таңда экономиканы қалпына келтіру үдерісі жүріп жатыр. Аталған жұмыс аясында дағдарысқа қарсы шаралар топтамасы және экономиканы жандандыруға, жұмыс орындарын сақтауға және ашуға бағытталған кешенді жоспар қабылданды. Біз азаматтарды жұмыспен, тұрақты табыспен қамтамасыз етуге, осылайша олардың әл-ауқатын жақсартуға тиіспіз. Сондықтан да жұмыспен қамту мәселесі біз үшін аса маңызды», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Шымкент, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында бұл бағытта жұмыстың бәсең жүргізіліп жатқаны айтылды.

«Бұл әкімдіктердің жеткіліксіз жұмыс істеп жатқанының көрінісі, осы бағыттар бойынша шұғыл түрде шаралар қабылдау қажет. Жұмыспен қамтуды қолдаудың барлық құралдары бар, оларды белсенді қолдану қажет. Осы мәселе бойынша біз тұрақты әрі жүйелі бақылау жүргізетін боламыз. Жарты жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту мәселесі Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыспен қамтуды жандандырудың нақты шараларын қабылдауды тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу