Енгізіліп жатқан «Экспо-2017» технологиялары өмірді тазалау, тиімдірек әрі үнемдірек етуі тиіс — Қ. Бозымбаев 

Бүгін Қазақстан Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте энергетика министрі журналистердің «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде ұсынылған жобаларды енгізу барысы туралы сұрақтарына жауап берді. 

Жалпы алғанда, энергетика министрлігінің сараптамалық тобы «Экспо-2017» көрмесінде ұсынылған 105 шетелдік және 28 отандық технологияны іріктеп алған. Әкімдіктер жұмысқа енгізу үшін 40 технологияны, ұлттық компаниялар 15-ін іріктеп алды.

«Экономика дамуының осы кезеңінде өмірді тазарақ, тиімдірек әрі үнемдірек етіп, коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығынды азайтуға септігін тигізе алатын жобалар талап етіледі және қолданысқа енгізілуі керек. Бұл бүгінде әлемде бар озық технологиялар», — деді енгізіліп жатқан жобалардың пайдасы жөніндегі сұраққа жауап бере отырып Қанат Бозымбаев.

Энергетика министрі мысал ретінде ақпасуларды тазарту, ақылды желілерді пайдалану, кәсіпорындарда ЖЭК пайдалану, қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау және өңдеу, геоколлекторларды құру және т. б. технологияларды атап өтті. 

«Біз жергілікті атқарушы органдар мен ұлттық компаниялардың қадағалайтын секторларында іс жүзінде қолдануға болатын жобалар туралы айтып отырмыз», — деп түсіндірді энергетика министрі.

Қанат Бозымбаев қазақстандық технологиялардың бір бөлігі өндіріске енгізу үшін іріктеліп алынған тізімге алынғанын атап өтті. Айта кету керек, шетелдік компаниялар да қазақстандық әзірлемелерді пайдалануға қызығушылық танытып отыр. Осындай жобалардың бірі жұмысында серверлер пайдаланылатын «валюталық өндіру» (криптовалюталарды өндіру) бизнес бағытына қатысты.

Криптовалюта нарығындағы операцияларды бағдарламалық және аппараттық қамсыздандырумен айналысатын BitFury компаниясы қазақстандық ғалымның ірі компьютерлердегі жылуды пайдалану туралы жобасына қызығушылық танытты.

«Үлкен көлемде жылу таратылатын ірі серверлерде ауаны кондициялау жүйелері бар. Яғни, бұл жылуды пайдалану қажет. Біздің ғалымдарымыздың бірі оны ойлап тапты, BitFury компаниясы (майнинг бизнесі бойынша әлемдік нарық көшбасшыларының бірі) ғалымның жобасына қызығушылық танытып, қазіргі таңда келіссөздер жүргізіп жатыр», — деді министр.

Министр жобаны жүзеге асыру алдағы екі-үш жылда жүргізілетінін атап өтті.

«Бұл үздіксіз процесс. Біз технологиялар сандық жағынан өзгеріп, жетілдіріледі деп ойлаймыз », — деп қорытындылады Қанат Бозымбаев.


Анықтама: Ақтөбе облысы — жел электр стансалары (Германия), жаңартылатын энергия көздері бойынша технологиялар, күн аккумуляторлары (Монако), анаэробты процестерді пайдалану кезінде биоотын алу (Израиль), күн батареяларын орнату арқылы баламалы энергия көздерін пайдалану (АҚШ), энергетиканы және қалдықсыз өндірісті дамыту (Финляндия).

Қостанай облысы — энергия және газ өндіру, Siemens газ талдаушысы және турбоагрегаты (Германия), Болотов роторлық жел турбинасын орнату (Қазақстан), күн аккумуляторлары (Германия).

Алматы облысы — Чжэцзян энергетикалық корпорациясы (Қытай), Smart Grids (Германия), гидротермальды терең геотермия (Германия).

Маңғыстау облысы — «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС (Германия) аумағында қуаттылығы 250 МВт болатын бу-газды қондырғының құрылысы.

Қызылорда облысы — Econet ақпасуларды тазарту бойынша мобилді кешені (Финляндия), Polarsol энергия үнемдеу жүйесі (Финляндия), SunnyBAG күн модулдері бар сөмкелер мен арқа қоржындарының көмегімен аккумуляторлық батареяларды экологиялық зиянсыз зарядтау (Австрия).

ОҚО — медицинадағы күн батареялары (Канада), жылыту жабдығы саласында алдыңғы қатарлы технологиялардан қоршаған ортаны қорғау және энергия үнемдеу (Германия), графит шамдары (Англия), Syneko технологиясы (Украина).

Ақмола облысы — «жасыл» энергияны автономды және желілік өндіру (Қазақстан), Smart Grids (Германия), жел электр стансалары (Германия).

Павлодар облысы — электр энергиясын өндіру үшін жаяу жүргіншілер плиталарын пайдалану әзірлемесі (Ұлыбритания).

ШҚО — қуаты 300 кВт болатын «Ертіс-Шығыс» бөгетсіз шағын-су электр стансасының құрылысы (Қазақстан).

БҚО — «Жайықжылуэнергия» АҚ ЖЭО (№1 станция) қолданыстағы турбоагрегатын жаңғырту (АҚШ, General Electric).

СҚО — биогаз қондырғысының құрылысы (Ресей), Петропавл қ. мобильді телефондарды тегін зарядтайтын дербес стансаларды орнату (Қытай), биомассада қазандықтарды орнату (Польша, Германия).

Жамбыл облысы — графит шамдары (Англия).


«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» — Polarsol энергия үнемдеу жүйесі (Финляндия), жел электр стансасының құрылысы (Нидерланды), Kuntech геллиоколлекторлары (Қазақстан).

«ЕмбіМұнайГаз» АҚ — «Турбосфера» энергия үнемдеу қондырғысы (Беларусь).

«KEGOK» АҚ — орталықтандырылған апатқа қарсы автоматика жүйесі (Ресей), жиілік пен қуатты реттеудің автоматтандырылған жүйесі (Ресей), WAMS пилоттық жобасы (Германия).

«ҚазТрансОйл» АҚ — энергия үнемдейтін «Экокапсула» (Словакия), Sundrops жылжымалы күн электр стансасы (Австрия).

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу