ВАК карантин шараларын кезең-кезеңмен алып тастауға дайындықты қарастырды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ведомствоаралық комиссия эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру және карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастауға дайындық жөніндегі шаралар кешенін қарастырды.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері және бас мемлекеттік дәрігер эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру көрсеткіштері және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимде карантин шараларын жеңілдетудің ықтимал жолдары туралы баяндады. Сонымен қатар аурудың өсуіне жол бермеу мақсатында өңірлердің жұмысын бақылау үшін бірқатар жаңа индикаторлар ұсынылды.

Е. Тоғжанов Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлердің басшыларына эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауда ұстауды және сырқаттанушылық көрсеткішін одан әрі төмендетуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, вице-премьер өңір басшыларына COVID-19-бен күресуде зардап шеккен медицина қызметкерлеріне өтемақының уақтылы төленбеуі туралы әр факті бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

«Өңірлер мониторингтік топтардың жұмысының тиімділігін арттыруы тиіс. Қажетінше, жағдайды одан әрі жақсарту үшін ведомстволар мен жергілікті билік желісі бойынша қосымша шараларды пысықтау керек. Тұрғындармен алдын алу жұмыстарына, бірінші кезекте, маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауға ерекше күш-жігер жұмсау қажет», - деп атап өтті Е. Тоғжанов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу