2020 жылдың қаңтар-мамыр айларында 38,5 млн тонна мұнай мен конденсат өндірілді — Энергетика министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша отын-энергетика кешенінің қазіргі жағдайы туралы баяндады.

Н. Ноғаев атап өткендей, биылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 38,5 млн тоннаны құрап, жоспардың 100%-ын немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 105%-ды құрады.

Теңізде 12,4 млн тонна мұнай өндірілді, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 99%-ды құрайды. Қашағанда 7,1 млн тонна мұнай өндірілді, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 165% құрайды. Қарашығанақта 5,2 млн тонна мұнай мен конденсат өндірілді, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 104% құрайды.

Мұнай экспорты 31,4 млн тоннаны құрады. Өткен жылмен салыстырғандағы мұнай экспортының елеулі өсімі ішкі нарыққа мұнай жеткізудің 500 мың тоннаға төмендеуіне байланысты.

Мұнайды өңдеу жалпы 6,2 млн тоннаны құрады. Н. Ноғаевтың айтуынша, мұнай өңдеу көлемінің өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен артта қалу себебі — коронавирус инфекциясына орай көршілес мемлекеттердің мұнай өнімдеріне импортты төмендетуі болды. Қабылданған карантиндік шаралардан еліміздегі ішкі нарықтың тұтынуы да азайды, сондықтан мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру көлемі азайтылды.

Автобензин өндірісі 1 714,6 мың тонна немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 108% құрады.Дизель отыны – 1 758,2 мың тонна немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 92%, авто отын – 163,2 мың тонна немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 61%. 

Жалпы, мұнай өнімдері нарығында жағдай тұрақты. Жанар-жағармай нарығында тапшылық байқалмайды.

2020 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша 205 мың тонна бензин Еуропа елдеріне және Орталық Азия мемлекеттеріне экспортталды.

«Ішкі нарықты битуммен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен 2020 жылға 984 мың тонна битум өндірісінің кестесін бекітті, оның ішінде 524 мың тонна республикалық және 459 мың тонна жергілікті желілерінің қажеттілігі болып табылады», — деді Н. Ноғаев.

Битум өндірісі 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша 294,5 мың тоннасы өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 123% құрады.

Бүгінгі таңда жоспарланған 320 мың тоннаның 277,4 мың тоннасы немесе 87% битум тапсырыс берушілерге жөнелтілді.

Сонымен қатар, Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе 2020 жылғы дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесін қабылдады, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бір литр үшін 165 теңге арзандатылған бағамен 386,5 мың тонна дизель отынын бөлді.

Бүгінгі таңда жоспарланған 386,55 мың тоннаның 283,5 мың тоннасы ауыл-шаруашылық тауар өндірушілеріне 73,3% жөнелтілді. Бұдан басқа, 63,3 мың тонна қосымша дизель отыны бөлінді.

Осы жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша газ өндіру көлемі 24,82 млрд текше метрді құрады. Бұл 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларының жоспарына 101% немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 107% құрайды.

Тауарлық газ өндіру көлемі 14,04 млрд текше метрді құрады, тауарлық газ экспорты 6,9 млрд текше метр, сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 1,3 млн тоннаны құрады.

Күзгі-қысқы жылыту кезең штаттық режимде және ірі апаттық жағдайларсыз өтті. Электр энергиясын өндіру 45,6 млрд. кВт. сағ. құрады.Электр энергиясын өндіру тікелей энергия тұтыну көлеміне қатысты екендігін айта кеткен жөн.

Уран өндіру көлемі 8701,3 тоннаны құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 96,6%.

Мұнай-газ-химиялық өнімдердің өндіріс көлемі 197 мың тоннаны құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 77,5 %-ға артық.

2018 жылы маусым айынан бастап Атырау облысында қуаты жылына 500 мың тоннаны және құны $2,6 млрд құрайтын полипропилен өндірісі бойынша жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша жобаны іске асырудың жалпы прогресі – 66,58%. Жоспардан ауытқуы COVID-19 коронавирус инфекциясының пандемиясымен байланысты, бұл жабдықты жеткізу кестесінің бұзылуына, шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша жолға қойылған жұмыс жүйесінің бұзылуына әкеп соқты. 

«Негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында», — деп түйіндеді Н. Ноғаев.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу