ҚР Үкіметінде әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етудің жаңа құралдары қаралды

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары туралы баяндама жасады. 

ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов атап өткендей, осы жылдың басынан бастап инфляция 4-6% дәліз шегінде сақталуда. Жылдық инфляция 5,4% деңгейінде қалыптасты, ал 2018 жылдың шілдесінде ол 5,9% құраған.

Инфляцияның өсуіне ең көп әсер еткен — азық-түлік тауарлары. Олардың инфляция өсіміне қосқан салымы 3,4 п.т. құрады. Осы тауарлар бағалар өсуінің шамамен 63% құрады.

Азық-түлік бағалары өсуінің жартысы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларына тиесілі.

«Біз биыл инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтадық. Олар – пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылады», — деді Р. Дәленов.

Бағаларды ұстап тұру үшін жаңа құралдар әзірленді. 

«Қазіргі таңда тауардың бағаларын ұстап тұру үшін барлық қажетті құралдар бар. Бұл – сауда ережесі, тұрақтандыру қорлары және сауда желілерін кредиттеу, көтерме-тарату орталықтары, делдалдық операцияларды мониторингілеу және тексеру. Бұл құралдар жергілікті атқарушы органдарға бағалардың өсуін барынша тиімді тежеуге мүмкіндік береді. Сондықтан оларды белсенді қолдану қажет», — деп түйіндеді Р. Дәленов.

Өз кезегінде, ҚР сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағалардың өсуіне жол бермеу шаралары туралы айтып берді. 



Б. Сұлтанов биылғы 16 тамызда Ішкі сауда ережесіне өзгерістер күшіне енгенін хабарлады. Отандық өндірушілерге барлық сауда объектілерінде өздерінің тауарларын орналастыруға мүмкіндік беріледі. Ол үшін ішкі сауда субъектілерінің отандық азық-түлік тауарлары үшін кемінде 30% сөрелік кеңістікті немесе сауда алаңын ұсыну міндеті көзделді. Бұл ретте халықтың ыңғайы үшін отандық өндіріс тауарларын орналастыру орындары «Қазақстанда жасалған» арнайы белгісімен белгіленетін болады.

«Өңірлердің әкімдеріне отандық тауар өндірушілердің сауда орындарындағы сөрелерге еркін қол жетімділігін қамтамасыз ету және оларды ең көрнекті немесе, саудада аталатындай, “алтын” сөрелерге орналастыру бойынша жұмыс жасау қажет», — деді Б. Сұлтанов.

Бағаларды тұрақтандырудың тағы да бір шарасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан аспайтын мөлшерде бекіту болады.

Биылғы 17 тамызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік ережелері күшіне енді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сатып алынатын тауардың уақыты мен саны және оны өткізу бойынша тұрақтандыру қорының резервтерін қалыптастырудағы іс-қимылдардың дербестігін алды.

Осы жылы «айналым» схемасы бойынша пилоттық жоба бес өңірде: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қостанай, Қызылорда, Алматы облыстарында жоспарлануда. Келесі жылы «айналым» схемасын іске асыру еліміздің барлық жерінде және барлық 19 тауарлық позиция бойынша жоспарланып отыр.

Қайта сатып алушыларды қысқарту мен тамақ өнімдерін сақтау, буып-түю, өткізу және тасымалдау бойынша өндірушілерге қызметтер көрсету мақсатында, көтерме-тарату және тарату орталықтарын салу жоспарлануда. Бес өңірде көтерме-тарату орталықтарын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде: Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары.

Көтерме-тарату орталықтарын салумен қатар бөлшек сауда инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Өңірлерде 30-дан астам ірі сауда объектілері салынуда және 50-ден астам сауда нарықтары жаңғыртылуда.

Бүгінде Статистика комитеті апта сайынғы негізде әр сейсенбі сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды жинақтау жұмыстарын  жүргізеді. Ресми статистикалық деректер әр бейсенбі күні жарияланады. Кез-келген азамат тауар бағасын суретке түсіріп және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалар статистикасы жинақталатын мамандырылған сайтқа жібере алады. Аталған жүйе арқылы аймақтарды бөле алғанда және нақты дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын онлайн режимінде бақылауға болады.

«Біз осы жүйені құруға және оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қосуға дайынбыз», — деді Б. Сұлтанов.

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров бағаларды тұрақтандыру мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. 

Қазіргі кезде республика бойынша қолда бар және жауапты сақтаудағы азық-түлік тауарларының көлемі — 29,8 мың тонна. Сатып алу интервенцияларын жүргізу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар есебінде 3,7 млрд теңге қаражат бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тәсілдерін жетілдірді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бойынша жаңа тетік енгізді.

Енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктері екі деңгейдегі құжаттармен реттелетін болады:

1) Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың жалпы тәртібін айқындайтын, Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітетін үлгілік қағидалар;

2) Жергілікті атқарушы органдармен бекітілетін, әр өңірдің ерекшеліктерін есепке алумен егжей-текжейлі тәртібін көрсететін өңірлік қағидалар.

С. Омаровтың айтуынша, кейбір тауарлар бағаларының өсуіне келетін болсақ, ол өндіріс көлемінің төмендеуімен байланысты емес.

2021 жылға қарай көкөніс өнімдерінің көлемін арттыру бойынша индикативті болжамдарға жету үшін ҚР АШМ-де тұқым, тыңайтқыш және гербицид бағасын жартылай арзандату жолымен негізгі субсидиялар қарастырылған.

Сонымен қатар, сыйақы мөлшерін субсидиялау, жаңбырлатқыш машиналар мен суару жүйелерін инвестициялық субсидиялау жолымен жеміс-көкөніс өнімдері өндірісін арттыру үшін экономикалық жағдайлар жасалған.

Мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін артыру үшін ет пен сүт өндірісінің көлемін арттыруды көздейтін ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар бектілген.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қарастырылған.

Өз кезегінде, «ҚазАгро» холдингімен қажетті несиелік ресурстар беріледі. 2018 жылы Холдингпен агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі 400,1 млрд теңгені құрады. Осы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша АӨК қолдау мақсатында Холдинг 261,5 млрд теңге бағыттады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу