Машинажасау саласында өндіріс көлемі 30,4%-ға өсті — ҚР ИИДМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Өнеркәсіптік және энергетика салаларындағы жағдай туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып берді. 

2020 жылдың бірінші тоқсаны бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 105,8% құрады, оның ішінде: тау-кен өнеркәсібі 105%, өңдеуші өнеркәсіп 108,8%. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 өңірде оң нәтижесін беруде.

Министр хабарлағандай, тау-кен өндірісі секторында түсті кен өндірісінің көлемі 8,1%-ға ұлғайды. Темір кенін өндіру саласында оң динамика байқалуда, өсуі 22,2% құрады.

«Көмір мен лигнит өндіру көлемі 100,2% құрады. Өңдеу өнеркәсібінде өсуі 8,8% құрады. Қара металлургияда өндіріс көлемі 101,5% құрады», — деді Б. Атамқұлов.

Елде, сондай-ақ әлемнің басқа елдерінде коронавирустық инфекция пандемиясының дамуына, сондай-ақ металдар нарығы конъюнктурасының қалыптасқан ахуалына және экспорттық әлеуетті қайта бөлуге байланысты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен ERG компаниялар тобы өндірісті тұрақтандыруды және өндірілетін өнімді үздіксіз сатуды қамтамасыз ету мақсатында баламалы өткізу нарықтарын қарастыруда.

Машина жасау саласында өндіріс көлемі мына көлемдердің ұлғаюы есебінен 30,4%-ға өсті:

- автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 69,5%;

- басқа санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар 20,7%;

- электр жабдықтары 17,8%;

- өзге де көлік құралдарын жасау 53,6%;

- машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату 6,2%; 

- компьютерлер жасау 9,6%.

Министрдің айтуынша, фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 32,2%-ға, жеңіл өнеркәсіпте - 14,2%-ға, былғары және оған жататын өнімдер - 18,9%-ға,  киім өндірісі - 14,7%-ға өсті. Қазіргі уақытта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде саланың дамуы бойынша бірқатар нормативтік актілер мен жүйелі шаралар қабылдануда.

Көлік кешені бойынша 2020 жылдың 1 тоқсан бойынша нақты көлем индексі 98,7% құрады.

Б. Атамқұлов атап өткендей, COVID-2019 коронавирусының таралуы көлік саласына әсер етіп отыр, атап айтқанда, бүгінде Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында тоқтатылды:

  • жолаушылар автобусының тасымалы (оның ішінде қалалық жолаушылар автобусының тасымалы);
  • жолаушылар пойызы;
  • жиі әуе қатынастары. 

Сонымен қатар кейбір кәсіпорындардың жабылуы көлік пен логистикаға ықпал етеді, себебі тасымалды жеткізу мен тапсырыс көлемін төмендетеді. 

Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 2020 жылдың қаңтар-наурыз айлары бойынша 111,7% құрады. 16 өңірде оң динамика байқалады. Қарағанды, Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан және Ақмола облыстары көш басшы болып келеді.

«Тұрғын үй құрылысы бойынша 2020 жылдың 1-тоқсан қорытындысы бойынша 2 642 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 96,4% құрады. Жылдық жоспардың орындалуы 18,7% құрады. Республика бойынша барлығы 21 069 бірлік баспана пайдалануға берілді», — деп түйіндеді Б. Атамқұлов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу