Үкімет жаңа оқу жылының қарсаңында аса мұқтаж отбасылардан шыққан 500 мың оқушыны компьютермен қамтамасыз етеді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында жаңа 2020-2021 оқу жылының басталуына дайындық  мәселесі қаралды.

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін уақытша атқарушы Б. Мусин, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Есқалиев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек баяндады.

2020-2021 оқу жылында Қазақстанның 7 391 мектебінде 3,3 млн-нан астам адам, оның ішінде 1 сыныпта 396 мыңнан астам бала білім алады. Қазіргі жағдайда оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтан өтеді. Оқытудың дәстүрлі форматы барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, тек шағын форматтағы мектептерде, сондай-ақ  бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында сақталады.

Үкімет басшысы оқыту әдістемесін толық пысықтап, биылғы 20 тамызға дейін алдағы оқу үрдісі туралы толық ақпарат бере отырып, онлайн режимде республикалық ата-аналар жиналысын ұйымдастыруды тапсырды. 

«Үкімет аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютер беруді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әкімдіктер жергілікті деңгейде компьютер техникасымен қамтамасыз ету мәселесін пысықтасын», — деді А. Мамин.  

Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 25 тамызына дейін оқушылар мен педагогтердің оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуын, мұғалімдердің тиісті оқудан өткізілуін, интернет-платформаларда және теледидарда қажетті контенттің толық көлемде дайындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Оқулықтар 25 тамызға дейін беріледі. Оқулықтардың қағаз жүзіндегі нұсқаларының бәрінде міндетті түрде электрондық нұсқалары болуы тиіс, олар қолжетімді болуы қажет.

Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен және байланыс операторларымен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елді мекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ету тапсырылды. 

Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігіне оқытуды дәстүрлі ашық түрде жалғастыратын бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында және шағын мектептерде санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу