Үкімет тауарларды таңбалау және қадағалау мәселелерін қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тауарларды таңбалау және қадағалау мәселелері қаралды.

Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, қаржы министрі Е. Жамаубаев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ. Есекеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов баяндама жасады.

Қазақстан ЕАЭО-ның интеграциялық процестері аясында тері бұйымдары мен темекі өнімдерін міндетті таңбалауды енгізді, дәрілерді, алкогольді, аяқ киім мен сүт өнімдерін таңбалау жөніндегі пилоттық жобаларды іске қосты.

Қазақстан аумағында тауар қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін импорттан немесе өндірістен бастап бөлшек саудада өткізуге дейінгі бүкіл тізбек бойынша Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылды. Осының арқасында биылғы 10 айдың ішінде кеден баждарының, ҚҚС пен акциздердің қосымша түсімдері 132 млрд теңгені құрады, ал 2025 жылға дейін жалпы нәтиже 2,6 трлн теңгеден асуы мүмкін.

Бірыңғай оператор – «Қазақтелеком» АҚ — «Тауарларды таңбалау және қадағалау» ақпараттық жүйесін әзірледі. Таңбаланған тауар айналымын есепке алу және тауарлардың «заңдылығын» тексеру үшін «Naqty Sauda» және «Naqty Onim» тегін мобильді қосымшалары енгізіледі. Бөлшек сауда орындарын сканерлермен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде (34 мың данадан астам).

«Тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу қазақстандық нарықты контрафактілік және сапасыз өнімдерден қорғауға, азаматтардың денсаулығын сақтауға, отандық өндірушілердің ЕАЭО нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы ЕАЭО мемлекеттерінде аталған жұмысты ілгерілетуді ескере отырып, таңбаланған тауарлар тізбесін кеңейту қажеттігін атап өтті, бұл кедергісіз өзара сауданы дамытуға ықпал ететін болады. Бұл ретте ЕАЭО мемлекеттерінің бақылау-сәйкестендіру белгілерін өзара тануы маңызды мәселе болып табылады.

«Бизнес өндірілетін және сатылатын тауарлардың сапасын арттыруға, оның ішінде өз өнімдеріне таңба салуға мүдделі болуы тиіс. Таңбалаусыз шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігі болмайды. Таңбалаудың болуы сатылымды, оның ішінде ЕАЭО-да сатуды кеңейтуге, өндірістің артуына, жұмыс орындарының көбеюіне ықпал ететін болады», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы бизнес-қоғамдастықты кеңінен хабардар ете отырып, тауарларды таңбалау жүйесіне қатысушылардың барлығының өзара үйлесімді іс-қимылын қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-Министр Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін енгізу адал салық төлеушілер үшін бизнес жүргізудің бәсекелестік жағдайларын арттыруға, өндіріс, сауда көлемін ұлғайтуға, көлеңкелі айналымды азайтуға жол ашатынын атап өтті.

Қаржы министрлігіне тауарларды қадағалау жүйесін жетілдіру және таңбаланған тауарлардың айналымын бақылау жұмысын жалғастыру, Цифрлық даму министрлігіне «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, ақпараттық жүйелердің, оның ішінде тегін мобильді қосымшалардың тұрақты жұмыс істеуін, оларды техникалық қолдауды және жылдамдығы жоғары мобильді интернет сапасын қамтамасыз ету тапсырылды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу