LRT жобасының құрылысы елорданың балама көлік түріне қажеттілігін ескере отырып жалғасады — Нұр-Сұлтан қ. әкімі

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасын одан әрі салу мәселесі қаралды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов бүгінде халықаралық міндеттемелерді, қаланың көліктің балама түріне қажеттілігін, сондай-ақ, инфрақұрылымды дайындау мен салу бойынша атқарылған жұмыстар көлемін ескере отырып, LRT жобасын жүзеге асыруды жалғастыру туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жобаны оңтайландыру жұмысы жүргізілді.

Әлеуетті инвесторлармен, Қазақстанның екінші деңгейлі банктерімен келіссөздер жүргізіліп, облигацияларды орналастыру шарттары мен купон мөлшерлемелері жарияланды.

Қазіргі жолаушылар тасымалы ағынын ескере отырып, жылжымалы құрамның бір бөлігін 19-дан 12 бірлікке дейін азайту мүмкіндігі қарастырылуда. Аталған шара шамамен  $40 млн (15 млрд теңге) үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, пойыздардың аралығы 3 минуттан 10 минутқа дейін өзгерді. Егер болашақта халық саны артатын болса, аралық азаяды.

7 аялдама бекетін қысқарту қарастырылып жатыр: егер бүгінде 18 бекет болса, оларды 11-ге дейін қысқарту жоспарланған. Бұған қоса, жерасты құрылысының жаяу жүргіншілер өтпелері пропорционалды түрде оңтайландырылады, бұл $110 млн-нан астам (42 млрд теңге) үнемдейді.

«Бұл шаралар жобаны $350 млн-ға оңтайландыруға жол ашады, бұл 135 млрд теңге», — деді Нұр-Сұлтан әкімі.

Оған қоса, ол халықаралық тәжірибені ескере отырып, мәселен, Лондондағы Хитроу «Heathrow Express», Мәскеудегі Шереметьево «Аэроэкспресс» әуежайы секілді, Абу-Даби Плаза ғимаратында жолаушылаарға авиарейстерге тіркеуден өту және әуежай терминалына аэровокзал қағидаты бойынша өтуге болатын мүмкіндікті қарастыру ұсынылып жатқанын айтты.

Сондай-ақ, А. Көлгінов әлемде жүзеге асырылған ұқсас жобалар және олардың құны туралы айтып берді. Оттавада 1 км үшін шығындар  $120 млн-ды, Сеулде  $110 млн-ды Дубайда  $150 млн құраған. Нұр-Сұлтанда 1 км үшін шығындар  $68 млн-ға дейін оңтайландырылды.

«Соның нәтижесінде, қабылданған шараларға сәйкес бюджеттің бастапқы есептеуден үнемделуі  $1,2 млрд-ты құрады: бұл  $800 млн-нан астам жобаға қызмет көрсетуге,  $350 млн құрылыс-монтаж жұмыстарына үнемделді. Осы өзгерістерді ескере отырып, құрылыс жобасын жалғастыру қажет деп санаймыз», — деді А. Көлгінов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу