Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы 2021 жылы аяқталады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынып жатқан Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа барды.

ҚР Үкіметінің басшысына жаңа ғылыми онкологиялық орталықты салу бойынша жол картасын іске асыру барысы туралы баяндалып, ғимаратты жобалау сызбасымен таныстырылды. Ғылыми онкологиялық орталық астыңғы қабатын қоса алғанда 6 қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы ауданы — 49 мың шаршы метрден астамды құрайды. Құрылыс аумағы — 16 мың шаршы метрден астам. Құрылысты 2021 жылғы наурызда аяқтау жоспарланған.

Жаңа орталықта қатерлі ісік ауруларын анықтау мен емдеудің алдыңғы қатарлы технологиялары пайдаланылған, сонымен қатар, осыған дейін құрылған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдалана отырып, лазерлік, сәулелік және жасушалық-иммундық терапия қолданылады.

Бүгінде уақытша ғимараттар мен құрылыстарды салу, осыған дейін болған әкімшілік-тұрмыстық нысандарды бұзу, шұңқыр қазу, су деңгейін төмендету, бағананы қағу жұмыстары орындалды, сондай-ақ, іргелі жұмыстар басталды.

2018 жылы Үкімет медициналық қызметтерді ұсыну сапасын жақсартуды және онкологиялық диспансерлердегі жабдықтарды жаңартуды көздейтін, 2018–2022 жылдарға арналған қатерлі ісік ауруларымен күрес жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады.

Бұған қоса, нысанды аралау барысында жаңа ғылыми онкологиялық орталық салу үшін жер телімін Назарбаев Университетінен республикалық меншікке беру мәселесі де қаралды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу