Сатып алушы мобильді қосымша арқылы тауардың заңдылығын тексере алады — Е. Жамаубаев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тауарларды таңбалау және қадағалау мәселесі қаралды. Осы міндет аясында қандай шаралардың қабылданып жатқаны туралы ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді. 

Министрдің айтуынша, Қаржы министрлігі көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартуға, көрсетілетін қызметтер сапасының қанағаттану деңгейін арттыруға, сондай-ақ бюджетке қосымша түсімдерді өтеуге бағытталған кешенді шаралар жүргізуде.

Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру шеңберінде тауарларды қадағалау және таңбалау жүйесін құру атқарылып жатқан жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.

Е. Жамаубаев атап өткендей, тауарларды цифрлық таңбалау келесі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған:

  • мемлекет үшін – тауарлардың заңсыз айналымын қысқарту, бюджетке салық түсімдерінің түсуін ұлғайту, мемлекеттік бақылау сапасын арттыру;
  • халық үшін – қоғамдық бақылаудың тиімділігі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау;
  • бизнес үшін – адал салық төлеушілер үшін бизнес жүргізудің бәсекелестік жағдайларын арттыру.

Темекі өнімдеріне таңбалауды енгізу мақсатында Қаржы министрлігі Тауарларды таңбалау операторы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, 2018 жылғы 1 қазаннан бастап 2020 жылғы 31 наурызға дейін темекі өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба жүргізді.

Пилоттық жоба шеңберінде сатылған темекі бұйымдарын айналымнан шығара отырып, түпкілікті тұтынушыға сатылғанға дейін өндіруді/импортты қоса алғанда, темекі өнімдерін таңбалаудың барлық циклі пысықталды.

Қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданды. 

Қазіргі кезде «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 2020 жылғы 1 қазаннан бастап құрамында темекісі бар фильтрлі сигареттер және 2021 жылғы 1 сәуірден бастап стиктер, сигаралар, сигарилдер, қыздырылатын темекі сияқты темекі өнімдерінің өзге де түрлері міндетті түрде таңбалауға жатады.

Министр атап өткен цифрлық таңбалаудың ірі қатысушылары — JTI, «Филип Моррис Казахстан», «Бритиш Американ Тобакко» және «Империал Тобако Казахстан» ЖШС.

Сондай-ақ, 2019 жылдың 1 маусымынан бастап 2020 жылдың желтоқсан айына дейін алкоголь өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба жүргізілуде.

Пилоттық жобаның қатысушылары — 7 өндіруші мен 2 импорттаушы.

Алкоголь өнімін цифрлық таңбалау бойынша дистрибьюторларды қоса алғанда, өндірушіден/импорттаушыдан тұтынушыға дейін айналымның физикалық қадағалануы қамтамасыз етіледі. Бұрын мұндай бақылау болмаған, сондай-ақ сатылатын алкоголь өнімдерін санау арқылы заңсыз өнімдерді анықтау мүмкін болды. 

Сатып алушы өнімнің заңды екенін мобильді қосымша арқылы тексере алады, ал цифрлық таңбалау коды бар фискалды чекті беру бұл өнімнің заңды екенін растайды. Бұрын мұндай бақылау да болмаған.

Пилоттық жобаны 2020 жылғы 31 желтоқсанда аяқтау жоспарланған.

Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша алкоголь өнімдері бойынша бизнес шығындары мен цифрлық таңбалау құны есептелетін болады. 

Тауарлардың бақылануы

Тауар қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін бүкіл тізбек бойынша бірқатар ақпараттық жүйелерден тұратын Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылды.

Бақылаудың бастапқы буыны — «АСТАНА-1» жүйесі.

Бүгінде жүйеде 2,7 млн астам декларация өңделді, оның ішінде 2,2 млн астам декларация (80% астам) 1 минут ішінде инспектормен қандай да бір байланыссыз автоматты режимде шығарылды.

Сонымен қатар сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар кедендік ресімдеу процестеріне дейін әртүрлі сертификаттар, рұқсаттар, тауарларды жіктеу бойынша алдын ала шешімдер алу сияқты бірқатар қиындықтарға ұшыруда. 

Осы проблеманы шешу үшін экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бірыңғай терезе» порталы іске қосылды.

Келесі кезең — тауарларды нақты таңбалау. «Таңбалау» АЖ тұтынушыны контрафактілік өнімінен және адал бәсекелестіктен қорғау үшін енгізілген.

Тауарларды құжаттық қадағалау «Электрондық шот-фактуралар» жүйесінде жүзеге асырылады. Онда барлық қосылған құн салығын төлеушілер 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шот-фактураларды электрондық түрде жазып береді. Бұл тауарлар ағындарының ашықтығына қол жеткізуге, бақылау және қосылған құн салығын қайтару рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

«Бұдан бөлек, Электронды Шот Фактуралар АЖ салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін орындалған жұмыстардың актілері, электрондық шарттар, сондай-ақ «Виртуалды қойма» модулі іске асырылды. Онда тауардың виртуалды белгілер бойынша қозғалысын қадағалау жүргізіледі. Модульдің ерекшелігі – тауарларды қоймаға кірмей-ақ жүйеде одан әрі сатудың мүмкін еместігі», — деді Е. Жамаубаев.

Қадағаланатын тауарлар жүйесіндегі соңғы буын сауда түсімінің мәліметтерін тіркейтін және оларды мемлекеттік кірістер органдарының серверіне онлайн режимде беретін онлайн бақылау кассалық машинаны қолдану болып табылады.

Барлық аталған ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер тәуекелдерді басқару жүйесінде талданады.

Е. Жамаубаев атап өткендей, жиынтық болжам 2025 жылға дейін шамамен 2,5 трлн теңгеден астам қосымша түсімдерді құрайды.

Жалпы салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша жұмыстар жалғастырылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу