Б. Сұлтанов: Көкөніс бағасының өсуі – өңірлердің шала жұмысының нәтижесі

Премьер-Министрдің орынбасары – cауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша өңірлердің әкімдіктерімен кеңес өткізді.

Өткен аптада ӘМАТ бағасының өсуі 0,6%-ды құрады. Сәбіз 2,8%-ға, пияз 2,6%-ға, картоп 2,2%-ға, қант 1,8%-ға, ұн 1,3%-ға қымбаттады. Қырыққабат 1,0%-ға, күнбағыс майы мен жұмыртқа 0,1%-ға арзандады.

Өңірлер бөлінісінде бір апта ішінде бағаның Алматы қаласында 1,2%-ға, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында 0,9%-ға өсуіне жол берілген.

Премьер-Министрдің орынбасары өңірлердің әкімдіктері Түркістан облысынан ерте пісетін көкөністерді жеткізуді ұйымдастыру бойынша жұмысты толық жүргізбейтінін және бөлшек саудадағы үстеменің тиісті деңгейде болуын бақыламайтынын атап өтті.

«Көкөніс бағасының өсуі – алдын ала келісім-шарт жасамау және көкөніс бағасын белгілемеудің нәтижесі», — деп атап өтті Б. Сұлтанов.

Атап айтқанда, Алматы әкімдігінің мәліметінше, Сейлхан ш/қ-нан 550 тонна көлемінде 140 теңгеден ерте піскен қырыққабат жеткізуге меморандум жасалды. Алайда шаруа қожалығы алдын ала төлем жүргізу актісін растамады.

Сонымен қатар сауда және интеграция министрі әкімдіктердің алқаптан сөреге дейінгі баға тізбегін қалыптастыруға мониторинг жүргізу жұмысын сынға алды. Мысалы, Түркістан облысы Жетісай ауданындағы орамжапырақ көтерме бағамен 160-170 теңгеден сатылуда. Алматыға дейінгі логистика қырыққабаттың құнын 190 теңгеге дейін арттырады. 15% сауда үстемесін ескере отырып, Алматы сөрелеріндегі баға 220 теңгеден аспауы тиіс. Алайда қырыққабат  бөлшек саудада 280-ден 400 теңгеге дейін сатылады.

Басқа өңірлер бойынша да осындай жағдай. Шығыс Қазақстанда орамжапырақ бағасы 15% сауда үстемесімен 240-250 теңге болуы тиіс. Бөлшек саудада сату бағасы орта есеппен 310 теңге, ал сауда үстемесі 47,6% болуы тиіс.

Қостанай облысында қырыққабаттың көтерме бағасы (Түркістан облысынан жеткізу құнын ескере отырып) 205 теңге болса, бөлшек саудадағы бағасы 412-ден 500 теңгеге дейін ауытқиды.

«Мұндай баға әкімдіктердің жұмысты әлсіз ұйымдастырғанын, жетілдірілмегенін көрсетеді. Дүкендердің көп екенін түсінеміз, бірақ сапалы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, үстеменің 15%-дан аспауы үшін “Сауда қызметін реттеу туралы” заңның 9-бабы бойынша хабарламалар таратуға болады. Егер түсіндірулерден кейін де саудагерлер заңнама талаптарын орындамаса, әкімшілік шаралар қолдану керек», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Жалпы Қазақстан бойынша өткен аптада бөлшек сауда объектілерімен шекті рұқсат етілген сауда үстемесінің сақталуын бақылау бойынша іс-шаралар 29,2 мың “үй жанындағы” дүкенді немесе сауда объектілерінің 69,6%-ын қамтыды. 553 бұзушылық анықталды. Нәтижесінде сауда нысандары ерікті түрде сауда үстемелерін 15%-ға дейін төмендетті.

Ай басынан бері сауда үстемесін бұзудың 985 жағдайы анықталды, оның ішінде 7 бұзушылық – қайталанған.

Премьер-Министрдің орынбасары әкімдіктерге Қазақстанның ерте пісетін көкөністерін Түркістан облысынан жеткізуге форвардтық келісімшарттар жасасу жөніндегі жұмысты жеделдетуді, сонымен қатар сауда объектілерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті сауда үстемесін мүлтіксіз сақтауын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ Бақыт Сұлтанов мамыр айының екінші онкүндігінен маусым айына дейін 174 мың тонна ерте пісетін картоптың жиналатынын атап өтті. Оны жаппай жинау басталған кезден алқаптың көтерме бағасы шамамен 150 теңге/кг болмақ.

«Картоптың қолжетімділігі қамтамасыз етілгенін ескере отырып, әкімдіктер сауда үстемелері мен делдалдық салдарынан картоп бағасының өсуіне жол бермеу бойынша шараларды қабылдауы қажет», — деп мәлімдеді Сұлтанов.

Ұқсас тапсырмалар басқа ерте пісетін көкөністер бойынша да берілген. Сонымен қатар сауда және интеграция министрі әкімдіктерде күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың мамырына дейін 110 теңге бағасымен жеткізу міндеттемесімен келісім-шарт жасасуға дайын фермерлердің тізімі бар екенін еске салды. Алайда осы уақытқа дейін бірде-бір аймақ келісім-шарт жасасқан жоқ.

Павлодар және Қарағанды облыстарына қазір келісім-шарт жасап, өңірлермен форвардтық келісім-шарттар жасасу үшін егу кезінде картоп пен сәбізге ақша алғысы келетін АШТӨ-нің тізімін енгізу тапсырылды. Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстары АШТӨ-ге күзгі пияз бен қырыққабатқа форвардтық келісім-шарттар жасауға ұсыныс енгізуі керек.

«Егер қазір нақты жұмыс істемесек, маусымаралық кезеңде біз тағы да бағаның өсуіне тап боламыз. Сондықтан бұл мәселенің маңыздылығын ерекше атап өткім келеді», — деді Б. Сұлтанов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, 28 сәуірдегі жағдайға сай ӘМАТ қорлары республика бойынша шамамен 816 мың тоннаны құрайды, оның ішінде «айналым схемасы» аясында қорлар 118 мың тонна, тұрақтандыру қорлары 36 мың тонна болып, 48,4 мың тоннаға форвардтық келісімшарттар жасалды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу