Жұмыспен қамту және әлеуметтік төлем: төтенше жағдай кезінде мемлекет қандай шаралар қабылдауда

Төтенше жағдай режимі кезеңінде ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамтудың негізгі құралы жаңа «Жұмыспен қамутдың жол картасы» болады, оны іске асыруға 1 трлн теңге қарастырылған. Бағдарламада 7 мыңнан аса жоба қамтылады. Оның ішінде 300-ден астамы өнімді, перспективалы жобалар, бұл жобалар тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 

ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырыстарының бірінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бүгінде ел Үкіметінің басымдықты міндеті азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Жаңа “Жұмыспен қамтудың жол картасын” қаржыландыру 240 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, ол жобаны жүзеге асыру кезінде уақытша жұмыспен қамтуды ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік береді. 

Жоғары тәуекелді салаларға сауда, туризм, қоғамдық тамақтандыру салаларындағы ШОБ субъектілері жатты. Бұл секторларда 1,6 млн аса жұмыскер жұмыспен қамтылған. 

 

Жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» нені қамтиды?

Еңбек және халықты жұмыспен қамту министрлігінің мәліметтерінше, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелерін шұғыл шешу мақсатында әзірленген және онда қосымша жұмыс орындарын құруға, жұмыссыз азаматтардың санының артуына жол бермеуге бағытталған шаралар кешені белгіленген, бұл шаралар әлеуметтік, инженерлік-көлік инфрақұрылымды  және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, елді мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру есебінен іске асырылады. 

Жол картасы келесі жұмыстар мен нысандар түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қарастырады: 

1) әлеуметтік-мәдени нысандарды - білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, бос уақыт және демалыс, тұрғындарға қызмет көрсету нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, реконструкциясы (сейсмикалық қауіпті өңірлер үшін сейсмокүшейту арқылы күрделі жөндеуге жол беріледі); 

2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциясы (сумен қамту, кәріз жүйесі нысандары, газбен, жылумен, электрмен қамту жүйелері); 

3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциясы, құрылысы (қалалық автомобиль жолдары, кент ішіндегі және ауыл ішіндегі жолдар, кіре беріс жолдар, жаяу жүргінші жолдары, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер, каналдар, су шаруашылығы нысандары мен құрылымдары); 

4) елді мекендерді абаттандыру (аулаларды абаттандыру, көшелерді, саябақтар мен скверлерді жарықтандыру және жасылдандыру, иесіз нысандарды, шағын сәулет мүсіндерін, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңдарын бұзу).  

ҚР Үкіметі жанындағы тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімінің негізінде басқа жұмыстар мен нысандарды, оның ішінде құрылысты іске асыруға болады. 

Қабылданған жол картасының мақсаттары:

  • жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу;
  • қосымша жұмыс орындарын құру және табыстың болуын қамтамасыз ету;
  • елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдайлар жасау.

 

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Халықты жұмыспен қамту орталықтары қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктеп және осы ауданда (қалада) тұратын жұмыссыздарды, оның ішінде уақытша тіркеуде тұрғандарды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын мердігер жұмыс берушілер бағыттайды, ал қажет болған жағдайда жұмыс берушілердің тиісті жұмыстарын орындау үшін кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте еңбекке орналастыруда 29 жасқа дейінгі жастарға басымдық беріледі. 

 

Жол картасын жүзеге асыруға 1 трлн теңге бөлінген, Жол картасының бағыттары бойынша қаражатты әкімдіктер өз бетінше бөледі. 


«Жұмыспен қамтудың жол картасы» қашан іске қосылады?

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру биыл сәуір айында басталды. Күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жөндеу бойынша инфрақұрылымдық жобалар қара күзге дейін іске асырылады, ал жаңа нысандардың салынуын көздейтін жобалар жыл соңына дейін іске асырылады. 

Биыл жобаларды іске асыру кезінде 250 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Шарттарға сәйкес, жұмыскерлердің кемінде 50%-ы жұмыссыз жастарға басымдық берумен Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалданатын болады. 

Жастар күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік-мәдени, инженерлік-көлік нысандарының күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына, реконструкциясы мен құрылысына және елді мекендерді абаттандыруға қатысады.  

 

Жұмыссыз жастарға берілетін көтерме ақы

Ел Президенті сонымен қатар ірі қалалар - Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының маңындағы ахуалға назар аударды. Осы қалаларда жұмыс істеген жастар бүгін бұл қалаларға кіре алмай қалды. Олар қала маңындағы мекендерде табыссыз қалып отыр. 

 

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев  атап айтқандай, адамдардың табыс көзі болуы керек, олар жабылған шлагбаумдардың алдында тіршілікке қажеті қаражатсыз отырмауы тиіс. Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы «Жол картасы» жобаларына еңбекке орналастырылатын жұмыссыздарға 85 мың теңге көлемінде өмір сүруге бір реттік материалдық көмек (көтерме ақы) төлеу қамтамасыз етіледі. Яғни, жалақының орнына емес, оған қосымша ретінде төленеді. 

Сонымен қатар, ХЖҚО базасында ЖҚЖК бойынша іске асырылатын жобаларға еңбекке орналастыру үшін мобильді (жылжымалы) рекрут пункттерін құру қамтамасыз етіледі (кеңес беру, медициналық тестілеу, жұмыскерлерді жеткізуді ұйымдастыру). 

Айта кетейік, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жалақы мөлшері 85 мың теңгеден кем болмауы тиіс. 

42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемдердің тағайындалуы және берілуі

Карантин енгізілген кезеңде тек Алматыда жалпы кәсіпорындардың жұмыскерлерінің саны 266 мың адамға қысқарды. Жеке кәсіпкерлер бойынша да осындай жағдай байқалып отыр, олардың 80%-ы өз жұмысын тоқтатқан. Осылайша, алдын ала есептеулер бойынша ағымдағы жағдай 500 мыңға жуық қалалықтың қаржылық жағдайына теріс әсерін тигізген.  

Сондықтан төтенше жағдай енгізілген кезеңде ҚР Президенті Қ. Тоқаев төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған адамдарға 1 ЖТМ (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлемдер жасауды бастауды тапсырды. Мұндай көмекке жалпы біздің кемінде 1,5 млн азаматымыз жүгіне алады. 

Мемлекеттік комиссия өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, жұмысынан айырылғандарды, сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарының кейбір топтарын қосып, әлеуметтік төлемді алушылардың санатын арттырды. 3 млн жуық қазақстандық 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдауға ие болады. 

Бастапқыда көлемі бір адамға шаққанда айына 42,5 мың теңгені (жалақының төменгі мөлшерін) құрайтын әлеуметтік төлем белгілі бір санаттағы азаматтарға тиесілі болды. Кейін оның тізімі кеңейтілді. Бүгінде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты табысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем келесі санаттағы азаматтарға беріледі:

  1. жалақысын сақтаусыз еңбек демалысына жіберілген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыскелеріне; 
  2. карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын, жалақысын сақтаусыз еңбек демалысына жіберілген ірі бизнес субъектілерінің жұмыскерлеріне; 
  3. жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын жеке кәсіпкерлерге (ред. ескертуі: бұрынғы редакциясында «жеке кәсіпкерлерге» болды); 
  4. жеке тәжірибемен айналысатын тұлғаларға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор); 
  5. «Салық және бюджетке басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің 774-ші бабына сәйкес БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлейтін жеке тұлғаларға;  
  6. салық агенттері міндетті зейнетақы жарналарын төленген жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) міндетін өзіне алған азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар бойынша табыс табатын тұлғаларға;
  7. мемлекеттіктен басқа, жалақысын сақтаусыз еңбек демалысына жіберілген коммерциялық емес заңды тұлғалар жұмыскерлеріне. 

Басқаша айтқанда, төлемдерді  карантин енгізілген қалалардағы жалақысын сақтаусыз еңбек демалысына жіберілген шағын және орта бизнестегі жалдамалы жұмыскерлер ала алады, сонымен қатар мұнда ірі кәсіпкерлік субъектілері, жеке тұлғалар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жатады. Олар жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар: жеке адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, медиаторлар - олардың еліміздегі саны 2 мың адамнан асады. Бұл сонымен қатар азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар бойынша жұмыс істеген 180 мыңға жуық адам. 

Бұған дейін әлеуметтік төлем алуға өтінімді жұмыс берушілер өз жұмыскерлері үшін, ЖК, ЖТ, БЖТ төлеушілер - өздері үшін бере алатын. Бұл ретте жұмыс берушілер төтенше жағдай кезінде қызметінің шектелуіне байланысты өз жұмыскерлерінің табысынан айырылғанын растайтын құжаттарды, жұмыскерлердің тізімін, жұмыскерлерге жалақысын сақтаусыз еңбек демалысын бергені туралы бұйрықтың көшірмесін ұсынуы тиіс болатын. 

Енді төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылу фактісін растайтын құжаттарды ұсыну талабы алынып тасталды. 

Әлеуметтік төлемді белгілеу үшін:

  • жұмыс берушілер тек жұмыскерлердің тізімін ұсынумен өтінім тапсырады;
  • ЖК, ЖТ, АҚС, БЖТ төлеушілер тек жеке мәліметтерін көрсетумен өтінім береді.

Сонымен қатар жұмыскер жұмыс берушісінің тапсыруын күтпей-ақ өзі де өтінімді тапсыра алады. 

Бүгінде ешқандай құжат тапсырып керек емес. Тек өтінім тапсырылады. Осы өтінімде барлық себептері, өзінің мәліметтері - толық аты-жөні, ЖСН, карта есебі көрсетіледі. Жұмыс беруші өз жұмыскерлерінің тізімін ұсынады. 

Жалдамалы жұмыскерлерге келсек, енді ондай жұмыскерлерге егер оларды жалақысын сақтаусыз еңбек демалысына жіберген болса, коммерциялық емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жұмыскерлері жатады. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне бұл шарт қолданыла алмайды. 

Жеке тұлғалар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.  Бұл жерде төтенше жағдайға дейін ресми жұмыс істегендер мен ресми емес жұмыс істегендер бар. Ресми жұмыс істегендер - ЖК, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар бойынша жұмыс істегендер.  Олар егер соңғы 12 айда төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін ең болмаса 1 рет әлеуметтік немесе зейнетақы аударымдарын жасаған болса, бұл төлемді алуға құқылы. Сонымен қатар бұл санатқа бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеген азаматтар жатады. 

Ресми емес жұмыс істегендерге келсек, бұл ұсақ жұмыстармен, микробизнеспен айналысқан, бірақ еш тіркелмеген адамдар. Олардың жеке еңбек шарттары жоқ, олар салық, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын жасамаған. Төлем алу үшін олар өз статусын ресмилендірсе жеткілікті, одан кейін ай сайын 42,5 мың теңге ала алады. Ал статусын ресмилендіру үшін ең болмағанда бір рет БЖТ төлеу керек. 

Мемлекеттен зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер алатын тұлғалар бұл төлемді алуға үміткер бола алмайды. Бірақ мұндай азаматтар қосымша ақша тауып салық төлеп жүрген болуы мүмкін. Егер зейнеткерлер, мүгедек жандар 16 наурызға дейін қандай да бір іспен айналысып, БЖТ ең болмаса бір рет төлеген болса, онда олар 42 500 теңгені алуға үміткер бола алады. 

Декреттік демалысқа шыққан әйелдер. Бала бір жасқа толғанға дейін мемлекет жәрдемақы төлейді, жұмыс істейтін әйелдер әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы алады. Бірақ бүгін баласы бір жастан асқан әйелдер өтінім беріп жатыр. Жағдай жақсы болғанда мұндай аналардың жұмысқа шығуға мүмкіндігі бар еді. Бірақ қазір жұмысқа шығу мүмкін емес. Сондықтан, декреттік демалыста отырған, баласы 1 жастан асқан ана 42 500 теңгені алуға өтінім бере алады, ол үшін алдымен бірыңғай жиынтық төлемді төлеуі тиіс. 

Бұл ретте, біреуге сіздің табысыңыздан төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты айырылғаныңызды ешкімге дәлелдеп керек емес, мұны ешкім қайта тексермейді. Өтініш немесе жүгіну Egov порталы немесе арнайы сайт арқылы электронды түрде тапсырылады.  

«Электронды үкімет»

Сервис арқылы әр адам өзінің мәліметтерін толтыруы қажет. Енді бұл өтінімге қандай да бір файлдарды қосу қажет емес. Маңыздысы — осы өтінімнің болуы. Оған ЭЦҚ арқылы қол қою қажет. Немесе SMS арқылы құпиясөз алумен қол қойылады. 

42500.ENBEK.KZ арнайы сайты

Бүгінде Egov жүктемесі тым көп, сондықтан Еңбек министрлігі BTS компаниясымен бірлесіп 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем үшін арнайы сайт әзірледі. Онда сонымен қатар барлық азаматтар өтінім бере алады, өз мәліметтерін – толық аты-жөнін, ЖСН мен банктегі есебін көрсетеді. SMS арқылы құпиясөзді алған соң өзінің қолымен растайды.  


Telegram-бот

Сайтқа немесе Egov-қа кіру үшін компьютері жоқ адамдар бар. Ертең таңертеңнен бастап мобильді телефон арқылы Telegram-ботты пайдалану ұсынылады. Бұл қосымшаны жүктеп алып, оған өз мәліметтеріңізді енгізу қажет. Сонымен қатар жүктемені бөлу және азаматтарға қолайлы болу үшін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әрбір өңір үшін жеке бот әзірледі. 



БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем)

Көптеген адамдардың мұндай әлеуметтік аударымдары жоқ әрі болмаған. Бұл адамдар ресми емес жұмыс істейді, олардың еңбек келісімшарттары жоқ, салық та, ешқандай аударымдар да төлемеген, олар үшін де 42 500 теңге алу мүмкіндігі бар. Ол үшін өзінің статусын ресмилендіруі керек. 

Ол үшін бірыңғай төлемді төлеу керек — ол қалалықтар үшін 2651 теңге, ауыл тұрындары үшін 1325 теңге. Бір рет төлем жасаған соң сіз келесі күні ай сайын 42500 теңге алу мүмкіндігіне ие боласыз. Бұл ресми емес жұмыс істегендердің барлығына қатысты.

БЖТ (бірыңғай жиынтық төлемді) қала және ауыл тұрғындары үшін екі түрлі тәсілмен төлей алады.

Бірінші – Халық банк, Fortebank, Сбербанк, Jysan bank, Bank Center Credit, Каспи банктің мобильді қосымшаларында және «Қазпошта» бөлімшелерінде БЖТ төлеуге болатын мобильді қосымшалар бар. 

Екінші – мұны SMS арқылы жасауға болады. Ол үшін өз телефоныңыздан 5505 нөміріне SMS жіберіп, қала тұрғындары үшін GORODESP ЖСН, ал ауыл тұрғындары үшін SELOESP ЖСН деп көрсету қажет. 

Ешқашан банкте есепшоты болмаған азаматтар бар, демек, олардың өтініші әрі қарай өтпей қалады. Банк есепшотын көрсетпей ақ толтыруға болатын, өтінімді қабылдайтын платформа әзірленіп жатыр. Банк есепшоты сәл кейінірек, өтінім берілген сәттен бастап бір айдан кеш емес уақытта тапсыруға болады.  

42 500 теңгені алу үшін арнайы есепшот ашудың қажеті жоқ. Ол үшін кез келген банк картасының есепшоты жарамды. 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемнен коммуналдық қызметтер үшін де, несие үшін де, салық үшін де ешқандай қарыздар алынып қоя алмайды. Төлемді алатын адамның қарызы болса да ешқандай банк оның қандай да бір қарызын ұстап қала алмайды.  

Айта кетейік, барлық порталдар бүгін жұмыс істеп тұр. 6 сәуірдегі таңертеңгі мәліметтер бойынша 42 500 теңге көлеміндегі төлемді алуға 1 млн  284 мың өтінім келіп түскен. 

 

Азық-түлік жиынтығы

Көп балалы отбасылар мен жұмыссыздарға тегін азық-түлік жиынтығы тұрақты түрде берілетін болады. Бұл шара 800 мыңнан аса адамды қамтиды. 

«Азық-түлік жиынтығын» алатын болады: 

  • атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың барлық балалары, яғни көп балалы отбасыларды қоса алғанда, аз қамтылған отбасылар;
  • жасына қарамастан барлық үш санаттағы барлық мүгедек адамдар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар. Елімізде 995 000 адам тіркелген;
  • мүмкіндігі шектеулі балаларды күтіп-бағып отырған ата-аналар;
  • ресми тіркелген жұмыссыздар — елімізде осындай азаматтар шамамен 1,5 млн адам.

Іс жүзінде бұл шараны жергілікті жерлердегі әкімдер жүзеге асырады. 

Сонымен қатар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының әлеуеті толық пайдаланылады. Биыл жұмыспен қамту шараларымен 600 мыңнан аса адамды қамту көзделген. Бағдарламаны іске асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден биылғы жылға 123 млрд теңге қарастырылған. 

Тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтары үшін шағын несиелер мен гранттар ұсыну тәртібі мен шарттары жеңілдетілді. Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және жұмыспен қамтылу деңгейін сақтау мақсатында жұмысшыларын жұмыстан шығаруды жоспарлаған кәсіпорындарға күнделікті мониторинг жүргізіледі және оларды еңбекке орналастыру бойынша шаралар қабылданады. 

Кәсіпорындармен және экономика салаларымен жұмыс орындарын сақтау туралы меморандумдар жасасу, жұмыскерлердің ағымы бойынша жол картасының жұмыстары жалғасады. 

«Қатерлі» аймақтағы барлық кәсіпорындар бірінші кезекте жалақы бойынша қарыздардың болуына жол бермеу мақсатында профилактикалық бақылаумен қамтамасыз етіледі. 

 

Сонымен қатар елде төтенше жағдай кезеңінде ШОБ-ты қолдау бойынша шаралар қабылданады, онда салықтық артықшылықтар, төлемдер мен қарыздар бойынша кейінге шегеру қамтылған. 

Экономиканың аса зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнесті еңбекақы төлеу қорынан алынатын салық және әлеуметтік төлемдерден 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) босату қарастырылған. Бұл шара қоғамдық тамақтану, жекелеген сауда секторларын, көлік қызметін, консультациялық қызметтерді, АТ-секторды, қонақ үй бизнесін, туризмді қамтиды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу