Штат санын 30%-ға оңтайландыру және мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдету — М. Бекетаев халық алдында есеп берді

Халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР әділет министрі Марат Бекетаев 2019 жылғы атқарылған жұмыс нәтижелері туралы айтып берді.

Президент Жолдауын іске асыру мақсатында әділет органдары қызметкерлерінің штат санын 30%-ға (689 штаттық бірлік) оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілді. Аумақтық әділет органдарының 265 бөлімі оңтайландырылды, 217 әділет басқармасы 59 ауданаралық бөлімге біріктірілді. Сондай-ақ 30 мың м2 астам алаң және 109 бірлік көлік құралдары босатылды.

Айта кету керек, бюджет қаражатын үнемдеу шамамен 2 млрд теңгені құрады. Осыған байланысты биыл 1 ақпаннан бастап барлық аумақтық бөлімшеде Министрліктің факторлық-баллдық шкала бойынша еңбекақы төлеу пилоттық жобасы енгізілді. Нәтижесінде орта буын қызметкерлерінің жалақысы 63%-ға өсті.

 

Мемлекеттің жұмысын құқықтық қамтамасыз ету

Әзірленген заң жобаларының ішінен Министрлік «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Заң:

  • әкімшілік құқық бұзушылықтың жекелеген санкцияларын ізгілендіруді;
  • санкциялары рұқсаттан айыруды, қызметті тоқтата тұруды немесе тыйым салуды көздейтін әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жекелеген істерді мемлекеттік органдардың ведомстволық бағыныстылығына беруді;
  • бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлауы және пайдалануы үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін белгілеуді;
  • ережелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу рәсімін жүйелеуді көздейді.

Сонымен қатар Парламент Сенатымен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі жобасы қабылданды.

Жоба:

  • билік органдары мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы жария-құқықтық дауларды шешу жөніндегі әкімшілік рәсімдерді және сот ісін жүргізуді жүзеге асырудың құқықтық негіздерін бірыңғай заңнамалық актіде бекітуді;
  • мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және әкімшілік еркіндікті жоюды;
  • әкімшілік органдар қызметінің тиімділігін және халықтың мемлекетке деген сенім деңгейін арттыруды;
  • әкімшілік органдардың шешімдеріне пәрменді және толыққанды сот бақылауы үшін критерийлер белгілеуді көздейді.

Норма шығару қызметін жетілдіру мақсатында заң шығару процесінің жаңа сатыларын енгізуді көздейтін заң жобасы әзірленді.

Атап айтқанда, әзірлеушілер қолданыстағы реттеу проблемалары, оларды мақсатты аудиториямен талқылау нәтижелері және қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша қоғамның ұсыныстары көрсетілетін реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын дайындайды.

Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу негізінде ғылыми сараптама жүргізуге ұйымдарды тартуды тоқтатып, Заңнама және құқықтық ақпарат институты жүргізетін тиісті тізілімнен нақты сарапшыларды тағайындауға көшу ұсынылады.

Ұлттық заңнаманың негізгі салаларын жетілдіру шеңберінде 2020-2030 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы қабылданғаннан кейін оның негізгі ережелерін іске асыру және қолданудың бірыңғай тәжірибесін әзірлеу мақсатында осы кодексті іске асыру тұжырымдамасы қабылданатын болады.

Сонымен қатар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің негізгі ережелерін дамытуға бағытталған әкімшілік әділет институтын одан әрі дамытуды іске асырудың Жол картасы әзірленуде.

Мемлекеттік органдардың интернет-порталының базасын НҚА эталондық бақылау банкіне шоғырландыру бойынша шаралар қабылданды.

Бұл тіркелген НҚА-ны ресми жариялауға жіберу мерзімін он жұмыс күнінен бір жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

 

Құқықтың негізгі салаларын дамыту

Өткен жылы құқықтың негізгі салаларын дамытудағы іргелі тәсілдерді әзірлеуге жауапты ғылыми ұйымның бәсекеге қабілеттілігін күшейту және арттыру жөнінде шаралар қабылданды.

Бұл үшін 2019 жылғы маусымда Республикалық құқықтық ақпарат орталығы оған Заңнама институтын қосу жолымен қайта ұйымдастырылды.

Жаңа ұйымдық-құқықтық форма Институтқа кез келген субъектіге қызмет көрсетуге, білікті және сұранысқа ие сарапшылар мен ғалымдарды тартуға мүмкіндік береді.

 

Сот актілерін орындауды автоматтандыру

Министрлік сот актілерін орындауды жақсартуға бағытталған шаралар қабылдауда.

Атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін одан әрі дамыту жүргізілді. Осылайша:

  • екінші деңгейлі 14 банктің мәліметтер базасы шоғырландырылды. Енді сот орындаушылары онлайн режимде қаржы институттарына ауыртпалықтарды жедел жүктеп, шектей алады;
  • нотариустардың атқарушылық жазбаларын электронды форматта алуға мүмкіндік беретін «Е-нотариат» ақпараттық жүйесімен өзара іс-қимыл іске қосылды;
  • «СМС-хабарлама» сервисі іске қосылып, өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Енді нөмірлер тіркелген жағдайда борышкерлердің телефондарына іс қозғау және ол бойынша қабылданған іс жүргізу әрекеттері туралы ақпарат бар СМС келеді.

Аталған жүйені одан әрі жетілдіру бойынша қабылданатын шаралар шеңберінде Атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мобильдік қосымшасын әзірлеу жоспарлануда. Ол:

  • атқарушылық әрекеттерді кабинеттен тыс жасауға;
  • іс жүргізу тараптарының іс жүргізу құжаттарымен танысуға;
  • қолданылған шаралар мәртебесінің өзгеруіне, санкция алуға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті арқылы өндіріп алушының атқарушылық құжатты ұсынуы бойынша функционал кеңейтілуде.

 

Әлеуметтік қор 

Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы негізінде «Әлеуметтік қор» құрылды.

Ол атқарушылық іс жүргізу тараптары болып табылатын және әлеуметтік әрі қаржылық жағдайы қиын азаматтарға көмек көрсететін болады.

Қордың бюджеті жеке сот орындаушылардың мүшелік жарналары және ерікті қайырымдылықтар есебінен жинақталады. Қордың қызметіне Палатаның Камқоршылық кеңесі бақылау жасайды.

 

Жеке сот орындаушылар рейтингі

Қазіргі уақытта «Жеке сот орындаушылар рейтингі» енгізілді. Енді өндіріп алушылардың онлайн режимде рейтингпен танысуға және сот орындаушысын таңдауға мүмкіндігі бар.

Рейтинг құжаттарды орындаудың статистикалық деректері, орындаушылық тәртіп, жеке сот орындаушысының жұмыс өтілі, сондай-ақ өндіріп алушылардың бағалауы негізінде автоматты түрде жасалады.

 

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі» Заңына өзгерістер енгізу 

Парламент Сенатымен «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі» туралы Заңда төмендегі міндеттерді шешуге бағытталған түзетулер қабылданды.

Бірінші. Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру, әлеуметтік маңызы бар істер санатының орындалу басымдығын қамтамасыз ету жөніндегі жеке сот орындаушылар мен палаталардың қызметін ұйымдастыру.

Екінші. Жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыру, уәкілетті органның бақылауын және прокуратура тарапынан қадағалауды күшейту.

Үшінші. Өндіріп алушының өтініші бойынша шектеу шараларын, оның ішінде қайтарылған атқару құжаттары бойынша алып тастау тәртібін регламенттеу, сондай-ақ олқылықтар мен коллизияларды жою.

 

Заң қызметтерін көрсету саласы 

2019 жылы 150 мыңнан астам азамат мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде тегін заң көмегін алды. Бұл көмекті адвокаттар бюджет қаражаты есебінен көрсетеді.

Қаражатты жұмсаудың, сонымен қатар адвокаттарды тағайындау рәсімінің ашықтығы мен тиімділігі мақсатында қазіргі уақытта мемлекет кепілдік берген заң көмегін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Оы мақсатта «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесін енгізілді. Нәтижесінде адвокаттарды тағайындау автоматты түрде таңдау жолымен жүзеге асырылатын болады, сондай-ақ азаматтарға осы жүйе арқылы онлайн кеңес алуға мүмкіндік береді.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік және қаржылық қиын жағдайдағы азаматтар үшін тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алу қарастырылған.

Мұндай көмекті адвокаттар мен заң консультанттары клиент жүгінген сәттен бастап оның мәселесі толық шешілгенге дейін ақысыз негізде көрсетеді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл қызмет халық арасында айтарлықтай сұранысқа ие. Бүгінгі күні 2000-нан астам азаматқа көмек көрсетілді.

Биылғы 1 қаңтардан бастап адвокаттар мен заң консультанттарына өзінің кәсіби қызметін сақтандыру міндеті жүктелді. Енді азамат адвокаттың немесе заң консультантының сапасыз заң көмегін көрсетуі, оның ішінде, олардың әрекетсіздігі немесе құжаттарды дұрыс ресімдемеуі, іс жүргізу мерзімдерін өткізіп алуы нәтижесінде оған зиян келтірген жағдайда сақтандыру өтеміне үміткер болуға құқылы.

Заң көмегін көрсету шартын жасасу кезінде азаматтар адвокат пен заң консультантынан кәсіби жауапкершілікті сақтандыру туралы шарттың көшірмесін беруді талап етуге құқылы.

 

Азаматтық хал актілерін тіркеу саласы

Мемлекеттік қызмет көрсету саласында тіркеу тәртібін айтарлықтай жеңілдету, құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқарту, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік қызметті электрондық форматқа ауыстыру бойынша шаралар қабылданды.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрі бойынша эксаумақтық қағидат енгізілді. Енді қандай да бір куәлік алу қажет болған жағдайда, қай өңірде туғанына, тіркелгеніне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан, құжатты кез келген тіркеуші органнан қалауы бойынша ала алады.

Тіркеуші органның мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен ала алатын сот шешімі, медициналық куәлік, Қазақстан Республикасында тіркелген акт жазбалары туралы мәліметтер сияқты құжаттарды азаматтардың ұсыну қажеттілігі алынып тасталды.

Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға байланысты азаматтық хал актілерін тіркеудің кейбір түрлері алынып тасталды. Екі куәлік, яғни бала асырап алу немесе әке болуды анықтау және туу туралы куәліктің орнына тіркеуші орган баланың дербес деректері мен оның ата-аналары туралы деректерді қамтитын баланың тууы туралы куәлігін ғана береді.

 

Заңды тұлғаларды тіркеу саласы

Шағын және орта бизнес субъектілеріне жататын коммерциялық ұйымдарды тіркеу бірнеше жыл бойы электронды форматта жүзеге асырылғандығы белгілі, тіркеу мерзімі бір сағатты құрайды. Сондай-ақ осы жылдан бастап ірі кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу де электрондық форматқа ауыстырылды. Жыл сайын бұл қызметті орта есеппен 1200 заңды тұлға пайдаланды.

Сонымен қатар заңды тұлғалардың ыңғайлылығы үшін «Электронды үкімет» порталында заңды тұлғаның орналасқан жері ауысқан кезде; атқарушы орган (басшы)ауысқан кезде; шаруашылық жүргізуші серіктестіктің қызмет түрі ауысқан және жарғылық капиталы ұлғайған кезде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне мәліметтерді енгізудің хабарлама тәртібі енгізілді. Бұл қағаз тасығыштарда хабарламалар беруді жояды, тиісінше кәсіпкерлік субъектілерінің уақыты мен шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Статистикалық деректерге сәйкес жыл сайын тіркеуші органға шамамен 4,5 мың хабарлама келіп түседі.

 

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласы

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды қарастыратын заңнамаға түзетулер енгізілді.

Бұрын елді мекендердің, көшелердің атаулары, жылжымайтын мүлік иелерінің аты-жөні өзгерген жағдайда мемлекеттік тіркеу үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылды, төлем шамамен бес жүз теңгені құрады. Жыл сайын республика бойынша тіркеу органдарына 35 мыңнан астам өтініш түсетін.

Енді жылжымайтын мүлік иелерінің тіркеуші органға жүгінуінің және аталған өзгерістерді тіркеу бойынша шығындарды өтеудің қажеті жоқ, өйткені жаңартылған мәліметтер мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі.

Жылжымайтын мүліктің меншік иелері тарапынан қаржылық және уақытша шығындарды қысқарту мақсатында кепілді тіркеу екінші деңгейдегі банктермен ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы электрондық форматқа ауыстырылды.

Өзара іс-қимыл шеңберінде жылжымайтын мүлік иесіне құжаттарды тапсыру үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінудің қажеті жоқ. Банктер кепіл туралы мәліметтерді тіркеу үшін электронды форматта тіркеуші органға өз бетінше жібереді. Тіркеу бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында кепілді электрондық тіркеуді жүзеге асыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

 

Сараптамалық қызмет саласы 

Сараптама қызметі саласында жоғары стандарттар мен талаптарға жауап беретін сот сараптамасы органдарын қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз ету мәселесі Министрлік үшін басым бағытта.

Осылайша 2020-2022 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Түркістан және Ақтөбе облыстарында ғимараттар салу көзделіп отыр.

Атырау облысының жергілікті атқарушы органы сот сараптамасы ғимаратын салды. Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының әкімдіктерінен сот сараптамасы органдарын орналастыру үшін тиісті ғимараттар бөлінді.

Сот-сараптама қызметі саласында бәсекелестік ортаны одан әрі дамытуға бағытталған қадамдардың бірі — сот сараптамаларының жекелеген түрлерін жеке ортаға беру.

2018 жылдың қараша айынан бастап Жоғарғы сотпен бірлесіп, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының сот сараптамасы институттарында соттардың алғашқы сот-құрылыс, тауартану және экономикалық сараптамаларды жеке сот сарапшыларға тағайындау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды.

Бұдан өзге, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігімен бірлескен бұйрық шеңберінде осы жылдың басында Алматы қаласы мен Павлодар облысында сараптаманың жекелеген түрлерін аутсорсинг жолымен бәсекелестік ортаға беру бойынша пилот іске қосылды.

Министрлік «Е-saraptama» ақпараттық жүйесін әзірледі. Оны «Төрелік», «Е-қылмыстық іс» және «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйелерімен шоғырландыру бойынша жұмыс жүргізілді. Биыл өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарлануда.

Орталық ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу туралы куәлік алды. Бұл түрлі ғылыми әзірлемелерге өз бетінше қатысуға мүмкіндік береді.

Есепті кезеңде сот-сараптамалық зерттеулердің 20 жаңа әдістемесі әзірленіп, қабылданды және 13-і жетілдірілді, сондай-ақ 26 әдістемелік ұсынымдар қабылданды.

 

Зияткерлік меншік құқығы орталығы (IPR center)

Имидждік саясат және елдегі патенттік ведомствоның мәртебесі зияткерлік меншікті қорғау жүйесінің маңызды аспектісі саналады.

Инновациялық жобаларды дамыту орталықтарымен өзара іс-қимылға және елдің технологиялық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылуда. Зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мәселелері бойынша кеңес беру үшін «Астана хабта» және Халықаралық жасыл технологиялар орталығында Ұлттық зияткерлік меншік институтының фронт-кеңселері ашылды.

Патенттік ведомство базасында пилоттық режимде IPR Center мамандандырылған бөлімшесі құрылды. Орталық зияткерлік меншікті қорғау мәселелерінде мемлекеттік органдардың үйлестірілуін арттырады деп күтілуде.

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің авторлары мен құқық иеленушілерінің құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында ұжымдық негізде Авторлық және сабақтас құқықтарды басқару тәртібі туралы келісім ратификацияланды.

Еуразиялық патенттік конвенцияға өнеркәсіптік үлгілер бойынша Хаттамаға қол қойылды. Бұл аймақтық қорғау жүйесін құруға және бір өтінім негізінде конвенцияға қатысушы барлық мемлекеттерде әрекет ететін патент алуға мүмкіндік береді.

Патенттік ведомство көрсететін зияткерлік меншік саласындағы мемлекеттік қызметтерді 100% автоматтандыруға қол жеткізілді.

Есепті кезеңде өнеркәсіптік меншік объектілеріне 12 мыңға жуық қорғау құжаты берілді.

 

Шетелдік соттар және төрелік

Қазақстан Республикасына қарсы талап қою сомасы 2003-2019 жылдар аралығында 24 млрд АҚШ долларын құрады. 19,7 млрд АҚШ доллары сомасына мемлекет мүддесі қорғалды.

2003-2019 жылдар кезеңінде 26 дау аяқталды. Олардың 16-ы Қазақстан Республикасының пайдасына, 3-і Қазақстан Республикасына қарсы және 7-і бейбіт жолмен реттелді.

 

«Doing Business» рейтингі

«Doing Business» рейтингісінде Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына енді және 190 елдің арасында 25-орынға ие болды.

Мұндай нәтижеге қол жеткізу сот актілерін орындауға арналған уақытша шығындарды оңтайландыру, заңды тұлғаларды және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді тіркеу және автоматтандыру тәртібін оңтайландыру бойынша қабылданған шараларға байланысты мүмкін болды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу