ШОБ, инвестициялар және экспорт: Алматы облысында қай салаға баса көңіл бөлінген

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев өңірлердің дамуына және азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Алматы облысында негізгі мемлекеттік бағдарламалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, өңірде осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша экономиканың барлық бағыттары бойынша өсімге қол жеткізілді. Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы толығырақ PrimeMinister.kz шолу материалынан оқыңыздар.

 

Алматы облысының инвестициялық жобалар пулы 447 жобаны қамтиды

Инвестиция тарту саласындағы ерекше жетістіктерді атап өткен жөн.

Өңірді дамытудың инвестициялық құрамдас бөлігі қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға қамтамасыз етілген.

Осы мақсатта Алматы облысының инвестициялық жобалар пулы құрылды, ол қазіргі уақытта 447 жобаны қамтиды, оның ішінде 258 жоба әртүрлі іске асыру сатысында және жақын келешекте (2-3 жыл) өңірге инвестициялардың тұрақты ағынын қамтамасыз етеді. Ал 189 жоба пысықталу кезеңінде 2029 жылға дейін өңірдің индустриялық дамуын қамтамасыз етеді.

Облыстың табысты іске асырылып жатқан инвестициялық жобалары оның экономикалық дамуы мен гүлденуінің көрсеткіштері болып саналады.

Сонымен қатар инвесторларға көмек көрсету мақсатында облыста 2014 жылдан бастап «Алматы облысының Өңірлік даму орталығы» ЖШС жұмыс істейді, ол «Бір терезе» және «Жасыл дәліз» қағидаттарына сәйкес фронт-офис қызметін атқарады.

2019 жылы Алматы қаласында заманауи фронт-кеңсе ашылды. Орталық қазіргі уақытта инвесторлармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жасаудың тиімді схемасын әзірледі, ол жоба бастамашысының аз күш жұмсаумен мемлекеттік органдардан қажетті келісулер мен рұқсаттарды уақытылы алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағынын арттыру, облыс рейтингін көтеру, Талдықорған қаласында инвестициялық әлеуетті таныстыру мақсатында «Jetisu Invest 2019» халықаралық инвестициялық форумы өткізілді: әлемнің 9 елінен 400-ден астам делегат келіп, жалпы сомасы 324,4 млрд теңге болатын 13 меморандумға қол қойылып, көрмеге 30 экспонат қойылды. Форум «шет елдегі мекеме — аймақ» тізбегін құруға негіз салды. Инвестиция тарту ісінде 7 елшілікпен кері байланыс орнатылды.

Облыста қуаттылығы жылына 180 мың тонна ірі қара етін өңдейтін америкалық ірі «Tyson Foods» компаниясының ет комбинаты құрылысының жүзеге асырылу мәселесінің қаралуы — облысқа белсенді түрде инвестиция тартудың басты көрсеткіштерінің бірі.

Сонымен қатар инвестиция тарту шаралары шеңберінде invest.alm-reg.kz арнайы инвестициялық порталы қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі мобильді нұсқаларымен ашық әрі қолжетімді түрде құрылып, жұмыс істеп тұр. Порталда инвесторлар үшін барлық қажетті ақпараттарды табуға болады (мемлекеттік қолдау шаралары, жер учаскелерінің картасы, бос жер телімдері, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, қонақ үйлер, екінші деңгейлі банктер және т. б.). Ақпараттарды толықтыру, оның маңыздылығын сақтау, оны интернетте ілгерілету жұмыстары жүргізілуде.

Осылайша өңірде инновациялар, инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды табысты жүзеге асыру мәселелері орталықтандырылған, облыс басшылығының ерекше бақылауында. 

Өңірдің инвестициялық портфелі өңірдің инвестициялық оң имиджін жасау мәселесінде бюрократиялық кедергілерге жол бермейтін бүгінгі қалыптастырылған механизмнің нәтижелілігін айғақтайды. 

Жалпы қабылданған шаралардың арқасында 2019 жылы Алматы облысына 7% өсіммен 641,2 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 82,4%-ы бюджеттен тыс инвестициялар. 2020 жылға жоспар 760 млрд теңгені құрайды. Осы жылдың 4 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 122,8 млрд теңгені құрады.

 

Облыс экономикасының дамуында агроөнеркәсіп кешені маңызды рөл атқарады

Жыл сайын егіс алқаптарының көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, биыл егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 4,9 мың га артып, 966,5 мың га дейін жеткізілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, өңір үшін басым дақылдарды дамытуға үнемі көңіл бөлінеді. Мысалы, өткен жылы қант қызылшасы 14 мың га егілсе, биыл 16 100 га жерге егілді.

Өңірде жүгерінің егіс алқаптары да кеңейтілуде. Егер өткен жылы 81 728 га егілсе, биыл 83 496 га егілді.

Биыл 39 948 га жерді алатын картоп да назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Биыл Алматы облысында егіс алқабы өткен жылғы 961,6 мың гектарға қарағанда 966,5 мың га құрайды. Дала жұмыстарына 33,8 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды.

Айта кету керек, көктемгі-егіс жұмыстарын несиелеу үшін жыл басынан бері «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы 65 қарыз алушыға 767,7 млн теңге сомасында несие берді.

Облыстың аграршыларына тұрақты негізде көрсетілетін қолдау ретінде «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ арқылы өңірдің 548 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін 14,2 мың жоғары өнімді қант қызылшасының тұқымы сатып алынды.

Алматы облысының әкімдігінде хабарлағандай, агроөнеркәсіптік кешенге 13,9 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде ауыл шаруашылығы бойынша — 7,9 млрд теңге және азық-түлік өндірісіне — 6 млрд теңге.

Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында АӨК өнімдері $41,2 млн-ға экспортталды, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 35,5%-ға артық. АӨК қайта өңделген өнімінің экспорты 27,6%-ға артып, $27,3 млн-ға шығарылды.

Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша барлығы 400- ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, олар 2019 жылы 227,9 млрд теңгеге, 2020 жылдың 4 айында 89,3 млрд теңгеге азық-түлік өнімдерін өндірді.

 

Облыста 1500-ге жуық өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді

Алматы облысында 1407 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 32 ірі, 64 орта және 1311 шағын кәсіпорындар. Оларда 85 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Осы кезеңде облыстың барлық кәсіпорындары санитарлық-дезинфекциялық шаралар мен ұйғарымдарды қатаң сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс істейді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірдегі өнеркәсіп көлемі 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында 242 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі республика бойынша ең жоғары — 86,6%.

2019 жылы облыс бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 821,9 млрд теңгені құрады. Есепті кезеңде осы салада сусын өндіру көлемі 12,7%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 29%-ға, фармацевтикада 20,1%-ға, дайын металл бұйымдарында 38,9%-ға, машина жасауда 60%-ға ұлғайтылған.

Басқармада атап өткендей, өнеркәсіптік өндіріс көлемінің жалпы өсімі «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС азық-түлік өндірісі көлемінің өсуі, «Хамле Компани ЛТД» кондитерлік өнімдерінің ірі өндірушілерінің ассортименті мен өткізу нарықтарының кеңеюі, «Азияагрофуд» АҚ ұн өндіру көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілген.

Шырындар мен алкогольсіз сусындарды өндірушілер жалпы көлемге маңызды үлес қосты. Олардың арасында «Кока-Кола Алматы Боттлерс», «RG Brands Kazakhstan», «Галанз Ботлерс» бар.

«ТГПК» ЖШС-нің өңделген шойын көлемін 8 есеге арттыру да маңызды рөл атқарды. Егер 2019 жылы кәсіпорын 5,8 мың тонна өнім өндірсе, 2020 жылы 46,7 мың тонна өнім өндірді.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес коронавирус инфекциясының алдын алу және оны таратпау мақсатында өңірдің барлық кәсіпорындарында санитарлық және алдын алу шараларын қатаң сақтау қамтамасыз етілгендігін атап өткен жөн.

Сонымен қатар Алматы қаласында карантиннің енгізілуіне байланысты облыс әкімдігінің қолдауымен 30 кәсіпорынның 1000-нан астам қызметкері Алматы агломерациясына және Қапшағай қаласына кіретін 3 ауданда орналастырылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аймақ басшысының тапсырмасы бойынша Алматы облысында өңірдің көптеген кәсіпорындары қосылған медициналық маскаларды тігу жұмысы жолға қойылған. Күн сайын «Dolce-Pharm» ЖШС тек бір ғана фармацевтикалық компаниясы 150 мыңнан астам медициналық маска шығарады. Өз қызметкерлері үшін тағы 70 мыңға жуық маска мен басқа компаниялардың тапсырысы бойынша «Универсал», «Жаркент полипропилен зауыты», «ЖКПЗ», «TEXTIL MARKET», «Кока-Кола Алматы Ботлерс», «Алтын Жұлдыз» ЖШС, «CLOTWELL» компаниясы, «Зета» ПТЗ және басқа да шағын кәсіпорындар өндіреді.

 

Алматы облысында 30-дан астам тауар өндіруші экспорттық жеткізілімдерді жүзеге асырады

Экспорт бойынша негізгі сауда серіктестері — Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түрікменстан, Қытай.

2019 жылы өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі $387,2 млн құрады. Биылғы қаңтар-ақпанда өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі $54,1 млн құрады.

Сыртқы нарықтарға шығу, проблемалық мәселелерді талқылау, іскерлік байланыстарды орнату мақсатында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары республикадағы, алыс және жақын шетелдердегі түрлі халықаралық көрмелерге белсенді қатысады.

Даму институттарымен бірлесіп тұрақты негізде экспорттаушы кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ арқылы 2019 жылы экспорттық кредиттер мен құжаттық аккредитивтерді сақтандыру бойынша 11 кәсіпорынға қолдау көрсетілді. Сондай-ақ 12 кәсіпорынға тауарларды экспортқа ілгерілету бойынша шығындар ішінара өтелді.

Осы жылы аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда. 12 наурыздан бастап экспортты жылжыту бойынша шығындарды өтеуге өтінімдер қабылдау басталды. Бағдарламаға қатысу және құжаттар пакетін дайындау бойынша кәсіпорындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Облыста ірі инвестициялық жобаларды, соның ішінде трансұлттық компаниялардың қатысуымен іске асыру облыстың шикізаттық емес экспортының дамуына оң әсерін тигізді.

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір аясында іске қосылған «МаревенФуд Тянь-Шань» ЖШС 2019 жылы таяу шет елдерге және Ауғанстанға 30% өнім жөнелтті. 2020 жылы экспорт көлемін 60%-ға дейін арттыру жоспарланған. 

2019 жылы іске қосылған «Лукойл» компаниясының майлау материалдарын өндіру зауыты биыл 40 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр, оның 20%-ы Орталық Азия, ҚХР, Иран елдеріне экспортқа шығарылатын болады.

 

Жыл сайын ШОБ нысандарының саны артып келеді

Бүгінгі таңда Алматы облысында 121 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесте 2020 жылғы қаңтар-желтоқсандағы жағдай бойынша 258,8 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл 2018 жылғы тиісті деңгейден 2,7%-ға жоғары.

2019 жылдың 12 айында өнім шығару көлемі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өсіп, 1 535,6 млрд теңгені құрады. Осы жылдың соңына дейін күтілетін көлем 1573,9 млрд теңгені құрайды.

2020 жылғы қаңтар-сәуірде ШОБ субъектілерінен түскен салық аударымының көлемі 34 млрд теңгені құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға жоғары.

Облыстың кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы хабарлағандай, ҚР Президентінің «ҚР-да төтенше жағдайды енгізу туралы» Жарлығына сәйкес шектеу шараларын енгізе отырып, облыс қалалары мен аудандарының әкімдіктері және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне осы жағдайда мемлекет көрсететін қолдау мен салықтық ынталандырудың барлық шаралары бойынша таныстыру және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Алматы облысының шағын және орта бизнесін қолдауға 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, оның ішінде: пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға — 4,1 млрд теңге; ішінара кепілдік беруге — 1,3 млрд теңге; жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беруге — 72 млн теңгеден жалпы конкурс бойынша 2-ден 5 млн теңгеге дейін, жас кәсіпкерлер үшін — 50 млн теңге; инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға — 3,6 млрд теңге қарастырылған.

Бұдан өзге, төтенше жағдай кезінде бизнесті қолдау үшін қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалармен қатар «Даму» КДҚ» АҚ-мен бірлесіп «Жетісу» шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландырудың өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында жергілікті бюджеттен 500 млн теңге және қор бюджетінен 500 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта қормен бірлесіп бағдарлама шарттарын келісу жұмысы жүргізілуде.

 

«Жұмыспен қамтудың жол картасының» арқасында жұмыссыз жастар мен құрылыс колледждерінің түлектері жұмысқа орналастырылады 

Алматы облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 977 жобаны жүзеге асыруға 109,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні конкурстар 960 жоба бойынша жарияланды, оның ішінде 365 жоба бойынша шарттар жасалды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасын» сапалы жүзеге асыру мақсатында аймақтың жұмыссыз тұрғындарының тізімі жасалды, оған жұмыссыз жастарды қосқанда 13 334 адам кірді. Оның ішінде 3 228 адам — 29 жасқа дейінгі жастар, оның ішінде 1744 адам — Алматы қаласы маңында тұратын жұмыссыз жастар. Сондай-ақ өңірде 20 мобильді рекрут пункті құрылып, жұмыс істеуде, олардың арқасында 9 865 адамға кеңес берілді, 165 адам жұмысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 175 жобаға 2397 жұмыс орны құрылды, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1198 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 350-і — Алматының қала маңы аймағында тұратын жұмыссыз жастар.

Бұдан өзге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде жобаларды салу және қайта жаңарту жұмыстарына облыстың 5 құрылыс колледжінен 205 түлек тартылады. Олардың қатарында тас қалаушы, жалпы құрылыс жұмыстарының шеберлері, ағаш ұсталары, құрылыс ұсталары, сылақшы, қаңқалы конструкциялардың монтажшылары, сырлаушылар, құрылысшы техниктер, гидротехниктер бар.

Жалпы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында облыста 22,8 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда, оның ішінде 1,8 мың — тұрақты және 10,5 мыңы — жұмыспен қамту орталықтары арқылы.

 

«Еңбек» бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

Сонымен қатар жұмыссыздықпен күресте жұмыс орындарын құру, Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын қолдану сияқты тетіктер сәтті қолданылады.

Осы жылы «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 40 443-тен астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту үшін 18,2 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі күні шаралармен 11 221 адам қамтылды.

Бірінші бағыт аясында 4 040 адамды оқыту жоспарланған.

ТжКББ бойынша кадр дайындау қыркүйек айында басталады, қазір контингентті қалыптастыру жүргізілуде. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 272 адам жіберілді.

Екінші бағыт бойынша 5 639 адамды қамти отырып, 5,7 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 1 094 қатысушыға шағын несие беру жоспарлануда.

Жыл басынан бері 35 ауыл тұрғыны 139,4 млн теңгеге шағын несие алды. Қалаларда 2019 жыл қаражатынан 9 адам 97,5 млн теңгеге шағын несие алды.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2900 адамды қамту жоспарлануда.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 200 АЕК дейін 1645 грант беру көзделген. Қазіргі таңда 150 адамға грант берілді. 

Үшінші бағыт бойынша 30 764 адамды қамту қарастырылған. 

2019 жылы тұрақты жұмыс орнына 35,7 мың адам орналастырылды. 

2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша аталған шарамен 10,8 мың адам қамтылды. Барлығы 10,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына — 3,3 мың адам.

2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жылдық жоспар 46 116 болса, нақты 11 806 жұмыс орны құрылды.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамту халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің Кешенді жоспары шеңберінде жүзеге асырылады. Осындай шаралар қолдануды есепке алғанда статистикалық мәліметтерге сәйкес 2020 жылдың І тоқсанында жұмыссыздық деңгейі облыста 4,7% болды.

 

Облыстың басым бағыттарының бірі — туризм 

Алматы облысында соңғы 5 жылда туристер саны екі есе өсіп, 2 млн 227 мың адамды құрады.

2019 жылдың қорытындысы бойынша облыста мониторинг мәліметтері бойынша туристер қабылдайтын 781 нысан жұмыс істейді. Олар 2272,3 мың адамға қызмет көрсеткен. Ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 15,9 млрд теңгені құрады. Алматы облысында ішкі туристердің шығыны 2019 жылы 31,2 млрд теңгені құрады.

Туристік нысандарға келсек, соңғы 5 жылда облыста жалпы сомасы 40,1 млрд теңгеге 196 туристік жаңа нысан іске қосылды, соның ішінде 2019 жылы облыс картасында сомасы 19,3 млрд теңгеге жеке инвестиция есебінен 48 жаңа орналастыру орындары пайда болды. 

Сол сияқты биыл облыста 4,2 млрд теңгеге 27 туристік нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. 

2020 жылдың І тоқсанында сомасы 110млн теңгеге 3 нысан іске қосылды (Алакөл ауданы).

Тау кластері аумағында Талғар ауданындағы жұмыс істеп тұрған «Ойқарағай - Апорт» (1-кезең) және «Ақбұлақ», Еңбекшіқазақ ауданындағы жаңа «Түрген» (1-кезең) тау курорттарын кеңейтуді жүзеге асыруға қатысты, сол сияқты Райымбек ауданында жалпы құны 542,7 млрд теңге болатын жеке инвестицияға ашылған «Park Canyon» ойын-сауық кешеніне қатысты ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. 

Сонымен бірге Алакөл көлінің жағалауында сомасы 4 млрд теңгеге жазғы амфитеатры бар «Alakol Apartments» коттеджді қалашық жобасын жүзеге асыру жоспарланған.

Сонымен қатар көрсетілетін қызметтің сапасын көтеру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Мәселен, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде гид-экскурсоводтарға, орналастыру орындарының, музейлердің, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, туристік фирмалардың өкілдеріне арналған қызмет көрсету сапасын көтеру жөніндегі 18 курс пен оқыту семинарлары, әуежайлар, темір жол вокзалдары, шекара қызметтері мен полиция қызметкерлеріне арналған біліктілігін арттыру тренингтері ұйымдастырылып, өткізілді. 2019 жылы біліктілігін көтеру, цифрлық сауаттылығын арттыру курстарымен облыстағы туристік саланың 700-ден астам қызметкері қамтылды.

Бұдан өзге, соңғы үш жылда 8000 туризм объектісін TripAdvisor, Google және Яндекс әлемдік онлайн-платформаларына түсіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, Wikipedia интернет-энциклопедиясының беттерінде облыстың туристік орындары туралы 300-ден астам жаңа мақала орналастырылды, ал YouTube-тің танымал бейнехостингінде «KZ демалыс. Жетісуға саяхат» бейнеролигі орналастырылған.

 

2020 жылы 3 мыңнан астам кезекте тұрғандар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі

Тұрғын үй мәселесі де шешілуде. Облыс басшылығы кезекте тұрғандарды сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді басты міндет етіп қояды. 2019 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 763,2 мың м2 жоспары кезінде өңірде 894,1 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен 685 аз қамтылған көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген, бұл жоспардан 13 пәтерге артық.

Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй алу кезегінде 50,6 мың азамат тұр. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жалға берілетін, кредиттік тұрғын үй салу және «7-20-25» бағдарламасын іске асыру үшін кешенді құрылыс салынатын аудандарға инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу арқылы жеке құрылыс салушыларды салуды ынталандыру арқылы жүзеге асырылады.

Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін осы жылы облыс бойынша 40,8 млрд теңгені игеру жоспарлануда.

2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 938,8 мың м2 тұрғын үй салу жоспарлануда. 2020 жылғы қаңтар-сәуірде 266,9 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 120% пайдалануға берілді.

Биыл бюджет қаражаты есебінен 246,2 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3 258 пәтер (714 тұрғын үй) құрылысы жүргізілуде, оның ішінде жыл соңына дейін жалпы ауданы 136 мың шаршы метр 1 764 пәтерлік 519 үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Жалпы биыл мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кезекте тұрған 3 030 азаматты тұрғын үймен қамту жоспарланған, соның ішінде мына бағдарламалар бойынша:

  • «Нұрлы Жер» – 1 234 пәтер;
  • «Бақытты отбасы» – 600 пәтер;
  • «7-20-25» – 330;
  • «5-10-20» – 866 пәтер.

Бұл орайда жаңадан жарияланған «5-10-20» бағдарламасы шеңберінде 180 млрд теңгенің 6,4 млрд теңгесі Алматы облысына бөлінді. 

Жалпы облыста тұрғын үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамту үшін 2025 жылға дейін жыл сайын шамамен 250 мың шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс. Бұл мақсатқа жобалауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Одан бөлек ЖАО-да тұрғын үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін жыл сайын орта есеппен 6 мың жер учаскесіне ИКЖ құрлысын жүргізу көзделген. Бұл мақсатта бюджеттен жыл сайын шамамен 10 млрд теңге бөлінеді.

 

2025 жылға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 99%-ға жетеді

Өңірде инфрақұрылым да сәтті жетілдіріліп жатыр. Биыл жергілікті маңыздағы жолдардың сапасын жақсарту үшін 556 жобаны жүзеге асыруға 62,7 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде: «Нұрлы жол» шеңберінде 15,3 млрд теңгеге 40 жоба, «Ауыл – Ел бесігі» бойынша 3,5 млрд теңгеге 19 жоба, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 19,7 млрд теңгеге 337 жоба, Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 24,2 млрд теңгеге жергілікті бюджет есебінен 160 жобаны жүзеге асыру қарастырылған.

2020 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жергілікті маңыздағы автокөлік жолының 326,3 шақырымын қайта жаңғырту мен құрылысын жүргізу жоспарланған.

2025 жылға дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 188,7 км жол салу (қайта жаңарту), 120,2 км жолды және 16 көпірді күрделі жөндеу, сондай-ақ жалпы сомасы 148 511,9 млн теңгеге облыстық маңызы бар 1 480 км автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша жұмыстар жүргізу, оның ішінде мынадай ірі жобаларды іске асыру жоспарланған:

  • ұзындығы 36,4 км ҮАААЖ-ға алты радиалды жол салу;

  • ұзындығы 75 км Балқаш көліне дейінгі автожолды қайта жаңартуды аяқтау.

Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін облыстық маңызы бар, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін 99%-ға дейін жеткізу мақсаты қойылды.

 

2020 жылы облыста 10 мектеп салынады

Облыста мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымдар мен 775 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. 2019-2020 оқу жылында облыстың 574 мектебінде ыстық тамақ, 85-інде — буфеттік тамақ беру ұйымдастырылған. Ыстық тамақпен барлығы 365 387 оқушы қамтылған, оның ішінде әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардан 41 152 оқушы 100% тегін витаминделген ыстық тамақпен қамтылған.

2019-2020 оқу жылында облыс бойынша мектеп жоқ 69 елді мекенде оқушыларды күнделікті тасымалдау ұйымдастырылған.

Облыста 78 колледж жұмыс істейді, оның ішінде 44 — мемлекеттік және 34 — жеке меншік.

2020 жылы 32 білім беру нысанының құрылысы мен реконструкциясы жүргізілуде. Оның ішінде 24 жалпы білім беретін мектеп, 1 өнер мектебі, колледж студенттеріне арналған 4 жатақхана және 3 балабақша бар.

Үш ауысымды мектептерді жою мақсатында 17 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 10 500 оқушы орынын құрайтын 10 мектеп құрылысы жыл аяғына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қалған 7 мектеп 2021 жылға дейін жалғасады. Сонымен қатар, 16 мектеп құрылысының ЖСҚ-ы дайындалуда.

Сонымен қатар облыста 55 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл ‒ Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 10 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 37 білім беру нысаны, сондай-ақ 354 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Елбасының 2018 жылғы 5 наурыздағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің үшінші бастамасын орындау мақсатында облыста 1718 орынға арналған 1 ЖОО және 8 колледжге 9 жатақхана салу жоспарланды. Биыл 818 орындық 4 жатақхана салынады. 2021-2022 жылдары облыстың колледждеріне 900 орындық 5 жатақхана салу жоспарланды. Жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Алматы облысының білім беру саласын цифрландыруға келер болсақ, бұл жұмыс бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр.

Мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту 69,3% құрайды. Облыстың 760 мектебі интернет желісіне қосылған және 100% компьютерлік техникамен жабдықталған. Wi-Fi технологиясы негізінде интернетке сымсыз 483 мектеп қосылған. 2020 жылдың соңына қарай 639 мектеп немесе 84% Wi-Fi технологиясы негізінде интернетке қосылады.

 

2020 жылы 15 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген

Облыста денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы облыста 804 денсаулық сақтау мекемесі бар, оның 641-і — мемлекеттік, 163-і — жекемекеншік мекеме.

 

Облыстың медициналық мекемелерінде 4780 дәрігер және 14970 медбике жұмыс істейді. 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету 24,2-ні, орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету 74,6-ны құрайды.

2020 жылы 15 денсаулық сақтау нысанының құрылысы және 8 нысанға күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

МЖӘ шеңберінде Іле ауданында позитронды эмиссиялық томография орталығын ашу, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана, Талдықорған қаласында орталық зертхана салу және облыстық аурухана мен Талдықорған қаласының кардиологиялық орталығы үшін 2 ангиограф сатып алу жоспарланған.

Сонымен қатар, медицина мамандарын тарту үшін барлық аудандар мен Талдықорған, Текелі қалаларында 126 пәтер сатып алу жоспарлануда.

Айта кету керек, осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туу көрсеткіші 4,3%-ға артты, жалпы өлім-жітім – 2,5%-ға, туберкулезден өлім ‒ 14,6%-ға, нәресте өлімі ‒ 2,5%-ға азайды.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға келетін болсақ, медициналық ұйымдарды компьютерлік техникамен қамту, интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету жалғасуда.

Медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге 53 медициналық мекеме қосылды, 224 үлгі электрондық форматқа ауыстырылды, 1 997 750 адамға электрондық денсаулық паспорт жасалды, бұл халықтың 98,1%-ын құрайды.

Интернет желісіне қолжетімділік облыстық, аудандық және қалалық ауруханалар деңгейінде 100%-ға қамтылған, аудандық деңгейден төмен — 84% шамасында. 

Қазіргі уақытта шалғай ауылдардағы медициналық пункттерді спутниктік байланыспен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл медициналық ұйымдардың Интернет желісіне аудандық деңгейден төмен 100% қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Компьютер техникасымен 100 пайыз қамтылған.

Жалпы облыстың денсаулық сақтау нысандары МӘМС жүйесін енгізуге 100% дайын.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу