«Мерейлі отбасы» байқауы, ерекше қажеттіліктері бар жандарды демеу, Қазақстанда отбасы институтын қолдау қалай жүргізілуде

Отбасы — жаһандық дамудың маңызды элементтерінің бірі. Отбасы құндылығы, оның адамзаттың дамуындағы рөлі көптеген халықаралық нормативтік актілерде көрініс табады. Әр елдің отбасы саясатында отбасы институтын нығайтуға және қорғауға ерекше мән беріледі. Бүгінгі таңда отбасы қоғамды ізгілендіру мен біріктіруге, тұлғаны әлеуметтендіруге шақыратын, кез келген ортада толерантты болуға тәрбиелейтін әлеуметтік мәдени институт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру мәселесін көтерді. Онда бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселесіне де тоқталып өтті. Отбасы саясатын дамыту аясында елімізде қандай жұмыстар қолға алынғанын Primeminister.kz шолу материалынан оқыңыздар.

2019 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асырудың бірінші кезеңі (2017-2019 жылдар) аяқталды. Оны іске асыру кезеңінде балалар мен аналарды қорғау, отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, балалары бар аналар мен отбасыларға әлеуметтік көмек жүйесін дамыту саласында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді.

Саланы жетілдіру кезеңдерінің бірі — 2018 жылғы шілдеде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құрылымында Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет құрылды. Мұндай ведомство Қазақстанда алғаш рет құрылды.

Министрлік әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру шеңберінде ҮЕҰ-мен бірлескен әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы өзара іс-қимыл жасайды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңі (2017-2019 жылдар) 54 іс-шараны қамтыды. 2019 жылғы есептік кезеңде 41 іс-шара орындалды, оның 39-ы (95%) — ұзақмерзімді. Бұдан өзге, осы жылдың 21 мамырында «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының екінші кезеңі (2020-2022 жылдар) №315 Қаулымен бекітілген.

 

84,9 мың отбасының 140,9 мың баласы кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілді

Отбасыға мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі мақсаты – тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында АӘК-ті жаңғырту жүргізілді, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсанда №287 заң қабылданып, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

АӘК жаңа тетігі шеңберінде:

Біріншіден, көп балалы отбасылар үшін олардың табысына қарамастан балалар санына байланысты сараланған мөлшердегі (44 532-ден 77 951 теңгеге дейін) жәрдемақы енгізілді;

Екіншіден, еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмысқа орналастырудан бас тартқан жағдайда, оларға АӘК берілмейді. АӘК-тің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысына қарай анықталады;

Үшіншіден, табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді (азық-түлік жиынтығымен және тұрмыстық химия жиынтығымен қамтамасыз ету; оқу орны бойынша тегін тамақтану, мектеп формасы мен мектеп керек-жарақтары, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру).

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылы АӘК көрсетудің жаңа тетігімен 998 671 адамды, оның ішінде кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен шамамен 600 мың адамды қамту жоспарлануда. Осы мақсатта бюджеттен 175,5 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 127,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 47,6 млрд теңге бөлінді.

АӘК-ті көрсетудің түзетілген тетігімен қатар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 1-ден 18 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы енгізу көзделген.

Кепілдендірілген әлеуметтік топтама шеңберінде көрсетілетін көмектің мөлшері мен түрлері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №1032 Қаулысымен айқындалады

Табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама аясында ай сайын тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына сәйкес азық-түлік жиынтығы және тоқсан сайын балаларға арналған тұрмыстық химия тауарларын беру көзделген. Аталған әлеуметтік топтамаларды жергілікті атқарушы органдар тауарларды бір көзден сатып алу жолымен береді.

Мектеп жасындағы балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, мектеп киімі мен керек-жарақтарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу қарастырылған. Аталған әлеуметтік топтама жалпы білім беру қоры аясында беріледі.

1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама (КӘТ) ұсыну тетігі Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен (тапсырмасымен) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тұлғалардан тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады (Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 39-бабының 3-тармағының 56-тармақшасы).

Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 84,9 мың отбасының 140,9 мың баласы кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілді.

Еңбек министрлігінің берген ақпараты бойынша, 2020 жылы КӘТ-пен қамтамасыз ету үшін 46,9 млрд теңге көзделген (оның ішінде республикалық бюджеттен – 26,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 20,6 млрд теңге).

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда көп балалы отбасыларға табысына қарамастан отбасындағы бала санына қарай сараланған мөлшерде (44 532 теңгеден бастап 77 951 теңгеге дейін) төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді.

Бүгінде жәрдемақыны 396,4 мыңнан астам отбасы жалпы сомасы 73,5 млрд теңгеге алды. Аталған жәрдемақыны төлеу үшін 2020 жылға 191 млрд теңге қаражат бөлінді.

Аталған шараның мақсаты көп балалы отбасыға қолдау көрсету, ол отбасылардың материалдық жағдайын көтеру ғана емес, сонымен қатар елімізде бала тууды ынталандыру, көп балалы отбасылардың беделін көтеру.

Сонымен қатар биыл 13 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына қол қойды. Аталмыш заң көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақыны 8 және одан да көп балалы отбасыларға жеке мөлшерлерді бекітуді көздейді. Яғни, енді 10 бала тәрбиелеп отырған отбасы 111 120 теңге көлемінде жәрдемақы алатын болады.

Бұл өзгеріс 2 451 отбасыны, олардың ішінде 3 710 баланы қамтиды.

Заң ережесі биылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді, осыған орай қазір қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, шілде айынан бастап жәрдемақы жаңа мөлшерде төленетін болады.

Көп балалы аналарды микро- және шағын бизнеске, оның ішінде үйде, дамыған және инклюзивті экономика аясында бизнеске тартуды барынша арттыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізді.

Бұл тапсырма көп балалы аналарға жеңілдетілген микрокредит берудің жекелеген шарттарын ұсына отырып, қолданыстағы тетіктер аясында іске асырылуда.

2019 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 17 774 микрокредит берілді, оның ішінде көп балалы аналарға 4,1 млрд теңге сомасына 1 031 микрокредит берілді. Көп балалы отбасыларға жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз негізде гранттар бөлінді. 2019 жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 40 066 мемлекеттік грант берілді (100 АЕК — 5 328, 200 АЕК ‒ 34 738). Гранттардың жалпы санынан көп балалы отбасыларға жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге 6 879 грант берілді.).

2020 жылы көп балалы және тыбысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту және тұрақты табыспен қамтамасыз ету мақсатында осы санат үшін биыл микрокредиттер жылдық 4%-дан аспайтын пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті шарттармен беріледі.

Биыл осы шараны 546,3 млн теңгеге 153 көп балалы және тыбысы аз отбасы пайдаланды.

Сонымен қатар мемлекеттік гранттардың мөлшері халықтың барлық санаттары үшін 200 АЕК мөлшерінде белгіленген.

Жыл басынан бері 2 361 мемлекеттік грант, оның ішінде 450-і көп балалы аналарға, 329-ы тыбысы аз отбасыларға берілді.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында Бағдарлама шеңберінде микрокредиттер әлеуметтік кәсіпкерлікті немесе кооперацияны дамыту жөніндегі жобаны іске асыруға қатысатын адамдарға басым тәртіппен берілетін болады.

 

«Bilim Foundation» ҚҚ депрессивті сипаттағы посттары бар 3 мыңнан астам аккаунтты қарады

Мемлекет басшысы 2019 жылғы Жолдауында жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысуды тапсырды. Өткен жылы «Жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу» гранттық жобасы аясында қазақстандық жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Жоба аясында психикалық денсаулық орталықтары мен дағдарыс орталықтары психологтарының оқыту курстары өткізілді. Әлеуметтік желілерде суицидтік сипаттағы жарияланымдарды анықтау және «тәуекел тобындағы» адамдарды анықтауға бағытталған бағдарламаны апробациялау әдістемесі әзірленді.

ҚР АҚДМ мәліметіне сәйкес, «Bilim Foundation» ҚҚ Big Data технологиясы бағдарламасының көмегімен депрессивті сипаттағы посттары бар 3 мыңнан астам аккаунт қарады. Мамандар 529 профильді қарап шықты, оның ішінде 75 профиль егжей-тегжейлі зерттелді, 21 профиль иесімен мамандар белсенді хат алмасу жұмыстарын жүргізді.

Жасөспірімдер суицидінің алдын алудың жаңа тәжірибесі Нұр-Сұлтан қаласында және Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және Ақмола облыстарында енгізілді. «Кәмелетке толмағандар арасында денсаулықты және өмірлік дағдыларды қалыптастыру, сондай-ақ суицидтің алдын алу» бағдарламасы www.zhastar.org сайтында орналастырылған. Аталған жоба биыл да жалғасады.

Сонымен қатар елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей тең мүмкіндіктер жасалып жатыр. ҚР Президенті халыққа арналған Жолдауында қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін атап өткен еді. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр.

ҚР АҚДМ ата-аналарды психологиялық қолдауға және мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуге, ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру және дарынды жастарды қолдауға бағытталған бірқатар жобаларды тұрақты негізде іске асырып келеді. Атап айтқанда, 2019 жылы «Мүмкіндігі шектеулі балалар», «Бала және денсаулық», «Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау» бағыты бойынша «Жастарға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар жастарға арналған мәдени іс-шаралар кешенін өткізу» жобалары жүзеге асырылды.

Аталған жобалар аясында мына жұмыстар атқарылды:

  • «Мүмкіндіктері шектеулі балалар» жобасына дамуында патология бар және қауіп тобындағы 435-ке жуық бала қатысты, диагнозы бар балалардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша аутизм, Даун синдромы, БЦП, ақыл-ой кемістігі және т. б. саладағы отандық және шетелдік сарапшыларды тарта отырып, «Мүмкіндіктері шектеулі балалардың әл-ауқатының мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру» жол картасы әзірленді;

  • Дамуында патология бар балалар арасында ауыр мүгедектік жағдайларының алдын алуға, тәуекел тобындағы балалар арасында мүгедектіктің алдын алуға (туғаннан 3 жасқа дейін) бағытталған іс-шаралар өткізілді;

  • «Кеңес» орталығы базасында «ауытқыған» дамуға «ерте араласу» стандартының апробациясы жүргізілді. «Ерте араласу» әлеуметтік қызметі кеңес берді, туғаннан 3 жасқа дейінгі балалардың моторлы, сенсорлық және психоэмоционалдық жағдайына бағалау жүргізілді, жалпы 127 бала анықталған.

«Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау» бағыты бойынша «Жастарға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар жастарға арналған Мәдени іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы барысында құрамында 50 актер бар Петропавл және Нұр-Сұлтан қалаларында 2 театр труппасы құрылды, өңірлерде ерекше қажеттіліктері бар 1000-нан астам адам оқудан өтті, 12 100 көрерменге жаңа мәдени өнім ұсынылды. Көшпелі шеберлік сыныптары өткізілді, оған нысаналы топтың 1000-нан астам өкілі қатысты.

 

2019 жылғы жағдай бойынша елімізде 29 жасқа дейінгі 8017 көп балалы ана бар

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес 2019 жылғы жағдай бойынша елімізде 340 мың көп балалы отбасының 4-тен астам баласы бар. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі 8017 көп балалы ана бар(4 және одан да көп балалары бар). Көп балалы отбасылар саны бойынша көшбасшы өңірлер — Түркістан (86 585 отбасы), Алматы (40 218 отбасы) және Жамбыл (30 040 отбасы) облыстары.

Республикада бүгінде мемлекеттік көмек көрсетуге бағытталған халықты әлеуметтік қорғау шараларының кең ауқымды жүйесі құрылған.

Қазақстанда отбасыларға келесі бағыттарда қолдау көрсетіледі:

  •  көп балалы;

  • аз қамтамасыз етілген;

  • мүгедек балалары бар отбасылар;

  • жас отбасылар;

  • 1 жасқа дейінгі балалары бар аналар мен отбасылар;

  • асыраушысынан айырылған отбасылар. 

Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың осы жүйесі ЭЫДҰ елдерінің осы саладағы негізгі тәсілдеріне сәйкес келеді, оған шаралар кешені (ақшалай төлемдер, бала күтімі жөніндегі қызметтер, салықтық жеңілдіктер) кіреді және туғаннан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін адамның өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде қолдауды қамтамасыз ету қағидаттарына негізделген.

Аталған саладағы мемлекеттік қолдау шаралары:

  1. атаулы әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда жұмысқа орналасуда қолдау көрсету және кірістердің бір бөлігін өтеу, сондай-ақ ақшалай қаражат және заттай нысандағы жәрдемақы (тегін оқулықтар, тамақ, медициналық жабдықтар және т. б.) ұсыну;

  2. білім беру мен денсаулық сақтаудың негізгі қызметтерін қамтамасыз ету;

  3. әлеуметтік қызметтер, оның ішінде үйде күтім жасау, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қызметтер және әлеуметтік жұмыс арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстанда Тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын арттыру бағытында елеулі жұмыстар қолға алынды. ҚР Тұңғыш Президенті ‒ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білім­ді ұрпақ қалыптастыруға бағыт­талған сындарлы саясатының нәти­ж­есінде ана мен баланы қолдау бағытында бағдарламалық құжаттар қабылданып, мемлекеттік деңгейде отбасы саясатында тұтас бір жүйе қалыптасты. Көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау тұрғысынан мемлекеттік жәрдемақы түрлері әр жыл са­йын артып келеді.

Сонымен қатар елімізде отбасы мәселесін қолдайтын «Қазақстандық отбасылар – 2019» ұлттық баяндамасы әзірленген, ол Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен дайындалды. Баяндама мәтінінде қазақстандық отбасылардың әлеуметтік-демографиялық сипаттамалары берілген, отбасы саясатын жүзеге асырудағы халықаралық тәжірибе, қазақстандық отбасылардың құндылықтар жүйесі, қазақстандық отбасылардың ауысуының трендтері талданған.

Баяндамада 2019 жылғы маусым айы мен қараша айының аралығында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Қазақстанның 14 өңірінде өткізілген әлеуметтік зерттеулердің (көпшілікпен өткізілген әлеуметтік сауалнамалар және фокус-топтар) нәтижелері ұсынылған.

Басылым әлеуметтік саясат, отбасы, отбасы және гендерлік саясат, ана мен бала, адам құқықтары мәселелеріне қызығушылық танытатын журналистерге, әлеуметтанушыларға, саясаттанушыларға, әлеуметтік қызметкерлерге, КЕҰ қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге арналған.

 

Қыркүйек айының екінші жексенбісі — Отбасы күні 

2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып бекітілген болатын. Мереке қарсанында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі.

ҚР Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы №250 өкіміне сәйкес Қазақстанда жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі.

Конкурс 3 кезеңде өтеді: бірінші кезең – аудандық (қалалық), екінші кезең – облыстық, үшінші кезең – ұлттық. Осы жылдың 1 мамырынан бастап конкурстың бірінші кезеңі басталды.

Байқауды өткізудің мақсаты:

  1. ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру;

  2. отбасыларды кәмелетке толған балаларының күтім жасауын дәріптеу және кеңінен насихаттау;

  3. отбасылық көркем шығармашылықты дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, отбасылық шығармашылық байланыстарды ынталандыру;

  4. отбасылық шығармашылық саласындағы жетістіктерді көпшілікке дәріптеу, бос уақытты ұйымдастырудың жаңа түрлерін дамыту және тарату.

Аталған конкурстың өткізілуі бойынша биыл пандемия жағдайына байланысты өзгерістер енгілуі мүмкін.

Бұдан өзге мерекеге арналған іс-шаралардың жоғары идеялық-құндылық мазмұнын қамтамасыз ету мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылын үйлестіру жұмыстары жүргізіледі. Қазақстанда отбасы институтын нығайту, отбасының беделін көтеру, неке мен отбасының ұлттық құндылықтарын насихаттау, ұрпақтардың әлеуметтік және мәдени сабақтастығын қамтамасыз ету, қалыптасқан ұлттық дәстүрдегі қазақстандық отбасының үлгісін насихаттау мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізіледі.

Сонымен қатар халықаралық отбасы күні шеңберінде осы жылы әлеуметтік желілерде #меніңтатуотбасым, #моядружнаясемья хэштегтерімен арнайы челлендждер ұйымдастырылды. Барлығы инстаграм желісінде 4 мыңға жуық посттар жарияланды, жанама қамтылуы 3 млн халықты құрайды.

11-17 мамыр аралығында әлеуметтік медиа желіде «Халықаралық отбасы күні» тақырыбында 240-қа жуық мазмұнды жазба тіркелді, интернет-ресурстарда «Отбасы күні» тақырыбы бойынша 113 материал жарияланды. Республикалық телеарналарда — 8, аймақтық телеарналарда 63 эфир бағдарламалары көрсетіліп, республикалық ‒ 2, аймақтық 25 газетте мақалалар жарияланды. Жалпы 969 іс-шара өткізіліп, оларға 1 млн аса адам қатысты.

Бұған қоса бірыңғай медиа-жоспар шеңберінде отбасылық құндылықтарды және гендерлік теңдікті ілгерілету тақырыбы бойынша ақпараттық жария етуді ұйымдастыру мақсатында халық арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында ауқымды түрде ақпараттық жұмыс жүргізілуде.

ҚР АҚДМ мәліметінше, «Хабар 24», «Қазақстан», «Almaty», «Сарыарқа», «Көкше», «Оңтүстік» республикалық және өңірлік телеарналарында, «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қызылжар», «Отырар», «Огни Алатау», «Арқа ажары», «Актюбинская правда», «Акмолинская правда», «Ақмешіт ажары», «Нұра», «Сарыарқа самалы», «Знамя труда» республикалық және өңірлік баспа басылымдарында, сондай-ақ «qamshy.kz», «baigenews.kz», «inform.kz», «baq.kz», «nur.kz», «tengrinews.kz», «ruh.kz» және т.б. интернет-ресурстарда «Мерейлі отбасы» отбасы байқауы, «Әке – отбасының тірегі» республикалық форумы және басқа да іс-шаралар жарық көрді.

ВКонтакте, Facebook, Instagram-да отбасылық құндылықтар мәселелері әлеуметтік желілерді пайдаланушылармен және өткізілген іс-шаралар қорытындысы бойынша білім беру мекемелерінің, мемлекеттік органдардың ресми аккаунттары арқылы жарияланды.

2019 жылы БАҚ-та 6 589 ақпараттық-талдау материалдары жарияланды, оның ішінде:

  • республикалық БАҚ-та – 999 (телеарналар – 593, баспа БАҚ – 406);

  • өңірлік БАҚ-та – 4,0 мың (телеарналар – 1,5 мың, баспа БАҚ – 2,5 мың);

  • интернет-ресурстарда – 1,5 мың жарияланым жарияланды.

 

2020 жылғы І тоқсанда Қазақстанда 28 472 неке тіркелді

Министрлік тарапынан жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі іс-шаралар кешені» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба жастар арасында отбасы институтын және отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында жүзеге асырылады. Ресми деректер бойынша 2019 жылы тіркелген некелердің саны 139 504 құрады, бұл 2018 жылға қарағанда 2 287 некеге аз (2018 жылы — 141 791 құрады).

2019 жылы ең көп неке Алматы қаласында ‒ 17 832, Алматы облысында ‒ 14 215, Түркістан облысында ‒ 13 950, Қарағанды облысында – 10 355 тіркелген, ал СҚО-да ‒ 3 446 және Батыс Қазақстан облысында ‒ 4 703 — салыстырмалы түрде аз тіркелген.

Ал 2020 жылғы І тоқсанда тіркелген некелердің саны 28 472 құрайды.Салыстырмалы түрде бұл кезеңдегі көрсеткіш 2019 жылы – 27 937-ні құраған. Өткен жылға қарағанда тіркелген некелердің өсу динамикасы 1,8% байқалады.

Статистика бойынша Ерлерде некеге тұрудың орташа жасы 26-29 жасты, әйелдерде 23-28 жасты құрайды.

 

Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық — шешімі табылуы тиіс ауыр әлеуметтік салдары бар мәселе

Біздің заманауи дамыған қоғамда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиі кездеседі. Қазақстан Республикасының Конституциясында «ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп жазылған.

ҚР Президентінің «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі биыл гранттық қаржыландыру шеңберінде Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру мақсатында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру және агрессорлармен жұмыс істеу жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасын іске асырып жатыр.

Аталған жоба аясында отбасы мүшелеріне қатысты қылмыс жасаған немесе отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған агрессор ерлермен кешенді жұмыс жүргізу, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, дағдарыс орталықтарының қызметкерлері, ҮЕҰ өкілдері үшін аналар мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі оқыту іс-шараларын (семинарлар, тренингтер, кездесулер, консультациялық сабақтар) өткізу, отбасылық-тұрмыстық қатынастар мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оң тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, отбасыдағы агрессияның себептерін зерделеу, отбасылық қолайсыздық салдарын түсіндіруге бағытталған дағдарыс орталықтары, сенім телефондары және өзге де әлеуметтік қызметтер туралы ақпараттық науқандар өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасаған «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасы талқылануда.

Бұған қоса еліміздің барлық өңірінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді (25), онда психологиялық, медициналық, заң көмегін алуға болады. Ішкі істер органдарында әйелдерді қорғау жөніндегі бөлімшелер жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша әкім жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аймақтық комиссияларға жүгінуге болады. Сондай-ақ көмек көрсету үшін балалар мен жастарға 150 сенім телефоны жұмыс істейді.

Биыл ҚР АҚДМ гранттық жоба аясында дағдарыс орталықтары одағымен бірлесіп, агрессорлармен жұмыс істеу алгоритмін әзірлеуді бастады, агрессорлармен топтық психологиялық түзету жұмыстары жүргізіледі.

ҚР Ішкі істер министрлігі және ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, жыл соңына дейін отбасылық-тұрмыстық саладағы, оның ішінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық нысандарын анықтауға бірыңғай тәсілдер әзірленіп, енгізіледі. Сонымен қатар елімізде отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы проблемаларды анықтау бойынша үкіметтік емес сектор ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2019 жылы үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру аясында «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ-мен бірлесіп 8 өңірде (Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында) «Бақытты отбасы» отбасылық соттар жанындағы отбасын ресурстық қолдау 12 орталығының (бұдан әрі ‒ орталықтар) қызметі қамтамасыз етілді.

Осы орталықтарда ажырасуға бастамашы жұптар психологтың, заңгердің, медиаторлардың, медициналық және әлеуметтік қызметкердің, сондай-ақ дағдарыс жағдайларымен жұмыс жөніндегі мамандардың кеңестерін тегін алды.

Ұлттық баяндаманың мәліметтері бойынша, ажырасудың негізгі себептері: туыстардың араласуы, ерлі-зайыптының опасыздығы, моральдық мінез-құлық, отбасылық зорлық-зомбылық, әлеуметтік желілердің әсері болып табылады.

Отбасылық соттар жанындағы орталықтарға 2 750 адам жүгінді, оның ішінде ажырасу мәселелері бойынша – 2030. Татуласуға дайын адамдар саны 774 адамды құрады (38,1%).

Жас жұбайлар психологтардың, заңгерлердің, медиаторлардың, медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің, дағдарыстық жағдайлармен жұмыс жөніндегі мамандардың, ақсақалдар кеңесі мүшелерінің және басқа да мамандардың, оның ішінде халықаралық деңгейдегі мамандардың, ажырасуға бастамашы болған ерлі-зайыптыларға, сондай-ақ олардың кәмелетке толмаған балаларына диагностика жүргізу және психологиялық, заңдық және медициналық консультациялар көрсету үшін тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Отбасын мемлекеттік қолдау шаралары туралы анықтамалық материалдар 78 000 дана әзірленді, аталған жәрдемақылар АХАТ және жобалық аумақтың әкімдіктеріне берілді, 13 850 дана таралымы бар буклет түрінде ақпараттық материалдар дайындалды және шығарылды, әлеуметтік желілерде 4 бейнеролик дайындалды және ротацияланды.

8 өңірде (Нұр-Сұлтан қ., Алматы қ., Көкшетау, Атырау, Тараз, Қостанай, Қарағанды, Өскемен қ.) — 3 979 адам қамтылған аутрич форматында отбасын жоспарлау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 2019 жылдың қарашасында жобаны іске асыру аяқталды.

Сонымен қатар 2019 жылы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы құрылды, онда «бір терезе» қағидаты бойынша 12 мемлекеттік орган мен мекемеден 70 қызмет біріктірілді. Енді кешенді кеңесті бір жерде алуға болады. Осыған дейін мұнда 500-ден астам түрлі іс-шаралар — тренингтер, семинарлар, оқыту, психологиялық және заң консультациясы және т. б. өткізілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу