Өрт қауіпсіздігін сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу — Ю. Ильин ТЖМ жұмысы туралы айтып берді

Бүгін ОКҚ-да өткен брифингте төтенше жағайлар министрі Юрий Ильин Қазақстанда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы айтып берді.

Министр хабарлағандай, елімізде дала және орман аймағын жою бойынша өрт қаупі бар кезең аяқталуда. Қазақстанның басым бөлігінде жақын арада температураның төмендеуі және қар жамылғысы түрінде жауын-шашынның түсуі болжанып отыр, бұл тиісінше орман және дала өрттерінің туындау қаупін азайтады.

«Биылғы жыл айтарлықтай ыстық болды, дала өрттері көп орын алды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 2 есе дерлік байқалады. Осы жылы дала өрттерінің көбісі Батыс Қазақстан облысының аумағында болған 50 гектардан астам аумақта орын алған өрт ретінде есепке алынады. Тиісінше орман өрттерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артты. Ең ауыр өрттер ШҚО, Қостанай облысында болды, сондай-ақ орман қоры үшін материалдық шығын көлемі артты», — деді Ю. Ильин.

Министрдің айтуынша, бүгінде өрттің ірі ошағы — Атырау қаласы маңындағы қамыс аймағы болып отыр. 

«Елді мекенге туындап тұрған еш қауіп жоқ. Қазір қосымша күштер мен құралдарды тастаймыз, осы өрт ошағын қысқа мерзімде тыю үшін авиациялық техниканы қолданамыз», — деп атап өтті ведомство басшысы. 

Айта кету керек, бөлімше тәулік сайын түрлі сипаттағы ТЖ жоюға 100-ден 150-ге дейін сапар жасайды. Әрине, негізгі үлесті өртті сөндіру құрайды.

«2020 жылдың 9 айында ел бойынша 9 мыңнан астам (9 420) өрт орын алды, өртте жарақат алғандар саны 217 адам, қаза болғандар саны 228 адам. Жалпы, өрттердің 10,5%-ға төмендегені байқалады: тұрғын үй секторында 12%-ға, көлікте 19,4%-ға, бақылаудағы объектілерде 8,2%-ға», — деді министр.

Сонымен қатар көптеген аймақтарда ертерек басталған жылыту маусымы кезінде тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды тексеру жұмыстары аяқталды.

«Бүгінде барлық тексеру жұмыстары тәмамдалды. Кемшіліктерді жоюға ұйғарым берілді. Менің ойымша, қыс мезгілінде бұл нысандар қамтамасыз ету жүйесінде бұзушылықтар болмауы үшін мұқият қадағаланатын болады», — деп атап өтті Ю. Ильин.

 

Биыл 11 мыңнан астам түтін мен газ датчигі орнатылды

Тұрғын үй секторында жергілікті атқарушы органдармен, Ішкі істер министрлігінің бөлімшелерімен бірлесіп, алдын ала дайындық жұмыстары басталды. Халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 118 мыңнан астам тұрғын үй есепке алынды. 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін пеш орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңі өткізілді, атап айтқанда халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарының тұрғын үйлері араланды.

20 қыркүйектен бастап бұрын бұзушылықтар анықталған үйлерді қайта аралау жұмыстары жүргізіледі. Көптеген тұрғындар бұрын анықталған бұзушылықтарды жоюға байланысты шаралар қабылдап, пеш жабдықтарын, электр құралдарын пайдалану ережелеріне сәйкестендіретін үрдіс байқалуда. Сонымен қатар 30 мыңнан астам үй иеліктерінде осы үй иеліктерінің тұрғындары тікелей өз күштерімен қандай да бір шаралар қолданбаған фактілер де бар.

«Біз барлық жергілікті атқарушы органдарға ақпарат жолдадық, әлеуметтік қорғау органдары, соның ішінде газ техникасы жабдықтарының жағдайын бақылауға жауапты органдар, учаскелік полиция қызметкерлері өрт немесе улы газбен улануға қатысты қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін осы тұрғын үй секторындағы жағдайға назар аударуы керек», — деді Ю. Ильин.

Министрдің айтуынша, көптеген жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан алдын алу жұмыстары оң нәтиже беріп келеді. Өткен жылы 90 мыңнан астам түтін, табиғи және улы газды анықтау датчиктері орнатылды. Өткен маусымда олардың 18-ден астамы дабыл берді. Яғни, осы датчиктерді монтаждау және пайдаланудың арқасында 80-нен астам адам құтқарылды. Аталған практика биыл жергілікті бюджет қаражаты және демеушілік көмекті тарту есебінен жалғасуда. Қазірдің өзінде халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үй иеліктерінде 11 мыңнан астам датчик орнатылды.

 

Қарапайым ережелерді сақтау өмірді сақтауға мүмкіндік береді

Сондай-ақ Ю. Ильин азаматтарға пеш жабдықтарын жылыту маусымына алдын ала дайындауға шақырды. Алдын ала болжам бойынша, алдағы қыста төмен қалыпты температура болады, сәйкесінше пешке жоғары жүктеме түседі.

«Алдын-ала шаралар қабылдау қажет. Біздің қызметкерлер барлық үйлерді аралап, кемшіліктерді көрсетеді. Біз зейнеткерлерге, мүгедектерге қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Бұл жұмыс та жалғасады», — деді министр. 

Ол жылыту пештері мен жүйелерінің түтін мұржалары, түтіндіктері және басқа да элементтері тікелей жылыту маусымы басталар алдында, сондай-ақ жылыту маусымы кезінде  келесі жиілікпен күйеден тазартылып тұруы тиіс екенін еске салды:

1) үш айда бір рет – жылыту пештері үшін;

2) екі айда бір рет – үздіксіз жұмыс істейтін пештер мен ошақтар үшін.

Пешпен жылытуды пайдалану кезінде:

1) жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды қадағалауды балаларға тапсыруға болмайды;

2) жағу үшін дайындалған отынды, сондай-ақ басқа да жанғыш заттар мен материалдарды жағу алдындағы жерге орналастырмауға болмайды;

3) қатты отынмен пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға болмайды;

4) отынның осы түрлеріне арналмаған пештерді көмірмен, кокспен және газбен жағуға болмайды;

5) пештің және түтін жолдарының бетінен 0,5 м кем қашықтықта пештің қатты қызуына, жанғыш заттар мен материалдарды (аяқ киім, киім, отын) кептіруге болмайды;

6) жобалау нормаларында көзделмеген саңылауларсыз ысырмаларды (жапқыштарды) пайдалануға болмайды;

7) диаметрі 15 мм кем саңылауы бар жапқыштарды пайдалануға болмайлды;

8) желдету және газ арналарын мұржа ретінде пайдалануға болмайды;

9) ақаулары, жарықтары мен саңылаулары бар пештерді жағуға болмайды.

«Осындай қарапайым ережелер біздің азаматтарымыздың өмірін сақтап қалуға және өкінішке орай бізде орын алғандай қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді», — деді министр.

 

Автомобильдердің өртенуі азайды 

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, Қазақстанда автомобиль көлігінің өртенуіне байланысты апатты жағдайлардың 19%-дан астам өсімді құрайтын Атырау облысын қоспағанда, айтарлықтай төмендегені байқалады. Бұл қысылған және сығылған газбен жұмыс істейтін автомобильдердің көп қолданылуына байланысты болуы мүмкін.

«Өздеріңіз білесіздер, бұл бүгінгі күні жер асты паркингтерінде, тұрғын үйлерде салынған паркингтерде тұруға тыйым салынған көптеген автокөлік жүргізушілерінің арасында дүрбелең тудырды. Себебі, автомобильдерге орнатылған жабдық әрдайым техникалық талаптарға сай бола бермейді. Тиісінше, газдың шығу, тұтану қаупі бар, бұл автомобильдің өзінің ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйдің немесе әкімшілік ғимараттың да өртенуіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлардың артуы ауа температурасының өзгерген кезде де байқалады, яғни, двигательдің дұрыс жылытылмауы, ашық отты қолдану өрт  шығу қаупін тудырады», — деп түсіндірді Ю. Ильин.     

 

Әлеуметтік нысандардағы өрт қауіпсіздігі

ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлікке тексеру жүргізуге жарияланған үш жылдық мораторий күшіне енді. Осыған байланысты 14 мың шағын бизнес субъектісі жоспардан алынып тасталды.

«Бүгінде біздің бақылауымызға жататын субъектілерді тексермейміз. Мұндай нысандар саны 14 мыңнан асады, сондықтан өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігі шағын және орта бизнес субъектілерінің өздеріне жүктеледі», — деді Ю. Ильин.

Сондай-ақ, ол өрт ережелерін бұзу туралы кез келген хабарлама немесе шағым кешенді тексеру жүргізудің себебі бола алатынын еске салды. Өрт сөндірушілермен бірге субъектіге прокуратура қызметкерлері де барады. 

«Біздің тексерулеріміз ерекше тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Бұл — прокуратураның талаптары бойынша немесе біздің азаматтардан тікелей келіп түсетін шағымдар мен арыздар бойынша. Біз кез-келген шағымды назардан тыс қалдырмаймыз. Біз оны прокуратурада тіркейміз, рұқсат аламыз және объектілерді тексеруге шығамыз. Мұның барлығы азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты», — деді министр.

 

Стацонарлар өрт сөндірушілердің ерекше назарына алынған 

Ю. Ильиннің айтуынша, бүгінде ҚР ТЖМ түрлі әлеуметтік нысандарды, соның ішінде білім беру және медицина мекемелерін тексереді. Егер білім беру мекемелері негізінен қашықтан жұмыс істейтін болса, ал есепке алынған 1400-ден астам  емдеу мекемелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл, ең алдымен, ауруханалардың шамадан тыс жүктемеленуіне, эвакуациялық жолдардың жабылуына, темекі шегуге және бір қарағанда қауіпсіз тәрізді көрінетін басқа да себептерге байланысты. 

«Біз мұндайда түрлі әдістерді қабылдаймыз, соның ішінде осы объектілердің өрт қауіпсіздігі мәселелеріне жауап беретін басшылармен онлайн-конференциялар өткізу және электр жабдықтарын пайдалану ережелеріне, соның ішінде науқастарға оттегі беруді қамтамасыз ететін ережелерге назар аударамыз. Өкінішке орай, Ресей Федерациясында — Санкт-Петербург пен Мәскеуде болған фактілер бізді электр жабдықтарымен жұмыс істейтін кадрларды даярлауға ерекше назар аударуға мәжбүр етеді. Дайындықтың болмауы Санкт-Петербургте болған сияқты қайғылы салдарға әкелуі мүмкін, онда бес адам, ал Мәскеуде бір адам қайтыс болды. Бұл жұмыс күшейтілген бақылауға алынған және біз рейдтік іс-шараларды да, оқыту іс-шараларын да жүргізетін боламыз», — деді министр.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу