Е. Тоғжанов Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік саладағы өзгерістер туралы баяндады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Парламент Мәжілісінің отырысында баяндама жасады. Вице-премьер отырыстың бұл форматын тарихи деп атауға болатынын айтты.

«Бұл – Парламент Мәжілісі мен Үкіметтің жаңа сипатта және тығыз байланыста қызмет етуінің бастауы. Жұмыстың бұл форматы қоғам тарапынан көтеріліп отырған мәселелерді тиімді және уақытылы шешудің оңтайлы тетігі», — деп бастады баяндамасын Е. Тоғжанов. 

Бүгінгі таңда Үкімет тарапынан Мәжіліс депутаттарымен тығыз байланыста жұмыс істеу дәстүрге айналып келеді десем артық емес. 

Вице-премьер Үкімет «Аманат» фракциясымен партияның бағдарламасын іске асыру бағытында қоян-қолтық жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Депутаттардың өңірлерге сапарлары барысында көтерілген екі мыңға жуық сұрақ Үкімет тарапынан жан-жақты сарапталып, қаралды. Бұл сұрақтардың негізгі тақырыбы Үкіметке азаматтардан тікелей келіп түскен 1800 өтініште баяндалған талап тілектермен сәйкес келіп отыр.

«Сұрақтардың негізгі блогы – нақты табысты арттыруға, кедейлік деңгейін төмендетуге қатысты. Халықтың табысын арттыру – Үкіметтің экономикалық саясатының басты стратегиялық міндеті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Халық табысын арттыру бағдарламасында азаматтар кірісін көтеруге бағытталған нақты шаралар қарастырылған», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Біріншіден, бұл бюджет саласы және квазимемлекеттік сектордың 1 млн аса қызметкерінің, сондай-ақ мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеру.

Екіншіден, экономиканың барлық салаларында жаңадан ашылатын 2 млн жұмыс орнының табысын арттыру. Оның ішінде бұрын сырттан әкелінген, өндірісте сұранысқа ие тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа кәсіпорындар құру. Фармацевтика, биотехнология, АT-технология және мұнай химиясы саласында шикізаты жоғары – 5-ші және 6-шы деңгейде өңдеуге негізделген өңдеуші өнеркәсіпті дамыту арқылы іске асыралады.

Үшіншіден, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру арқылы кәсіпкерліктен түсетін табысты арттыру.

Төртіншіден, «Бақытты отбасы» сияқты жобалар арқылы көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға жыл сайын 20 мың жұмыс орнын құру.

«Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары және (400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде) гранттар беру арқылы 160 мың жас азаматты жұмысқа тарту қарастырылған.

Бағдарламаны іске асыру ЖІӨ құрылымындағы еңбекке ақы төлеу үлесін 31%-дан 38,5%-ға дейін, сондай-ақ жалпы кірістердегі еңбек етуден түсетін кірістер үлесін 70%-дан 82%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу жолдары егжей-тегжейлі талданып, бағдарлама индикаторларына қол жеткізуге өңірлер мен салалық министрліктер жауапты болып бекітілді. Жалпы бағдарламаны іске асыру елде Жаңа Қазақстан экономикасының негізіне айналатын кең орта тапты қалыптастыруға ықпал ететін болады. Халықтың табысы инфляция деңгейімен тікелей байланысты. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп инфляцияны тежеу бойынша бірқатар жедел шаралар қабылдап жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылғы 15 ақпанда Үкімет отырысында Бағаның өсуін тежеу үшін 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешені қабылданды. 

«Шаралар кешені өнімнің қолжетімділігін арттыруға, тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз ету арқылы бағаны реттеуді күшейтуге бағытталған бірқатар жедел және орта мерзімді шараларды қамтиды, сондай-ақ бағаларды біртіндеп тұрақтандыруға ықпал ететін жүйелі шараларды көздейді», — деді Ералы Тоғжанов.

Цифрлық үкімет кеңсесінде апта сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының әрбір атауы бойынша проблемалық мәселелер қаралып отырады. Премьер-Министрдің орынбасары депутаттардың назарын БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO UON) деректері бойынша биыл ақпанда азық-түлік бағасының индексі жылдық мәнде 20,7%-ға өсіп, 140,7 тармақты құрағанына аударды (осы жылы ақпанда азық-түлік бағасының индексі әлемде 40,7 пунктіге өсті). Бұл – тарихи рекордтық деңгей, 2011 жылғы ақпандағы алдыңғы рекордтық көрсеткіштен 3,1 тармаққа асып түсті.

Бүгінгі күні халық үшін азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін Үкімет форвардтық шарттар жасасу жөніндегі шараларды, шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын белгілеу құралдарын және бөлшек саудадағы үстемеақы жөніндегі талаптардың сақталуын бақылауды, азық-түлік тауарларына баға белгілеу схемаларын зерттеуді кеңінен қолданады. Жергілікті атқарушы органдар профилактикалық бақылау аясында «үй жанындағы дүкендерге» 15% үстемақыдан асуға жол бермеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Одан бөлек, «айналым схемасын» қаржыландыру және тұрақтандыру қорларын қалыптастыру 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізушілер үшін жалдау ақысын төмендету мәселесі пысықталып жатыр.

Сондай-ақ Е.Тоғжанов жоғарыда аталған шаралар осы жылдың 1 тоқсанында азық-түлік өнімдерінің баға индексін 10% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік бергенін атап өтті (2021 жылдың қорытындысы бойынша – 9,9%).

Сонымен қатар әлемдегі геосаяси жағдай ескеріле отырып, Импортты алмастыру бағдарламасы әзірленді. Тізімге 88 мың жаңа жұмыс орнын құру мүмкіндігі бар, 444 импортты алмастыру жобасы енгізілді. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру мақсатында 5 жыл ішінде 4,5 трлн теңгеге 934 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 

Е. Тоғжановтың айтуынша, қоғам жиі назар аударатын мәселелердің бірі – экология. Бүгінгі таңда бұл бағытта экобелсенділермен бірлесіп 485 іс-шараны қамтитын 17 жол картасы іске асырылып жатыр. Оның ішінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 16 ірі өнеркәсіптік объект эмиссияларды 20-дан 30%-ға дейін төмендету бойынша міндеттемелер қабылдады. Оған қоса бүгінде 204 қала мен ауданның 134-інде қалдықтарды бөлек жинау, ал 96 елді мекенде сұрыптау енгізілді.

Жалпы қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 21%-ға жетті (2020 ж. – 18,3 %). Алдағы уақытта оларды кәдеге жарату үлесін 34%-ға дейін, ал өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарату үлесін 46%-ға дейін арттыру міндеті тұр.

Сондай-ақ тұрғындар тарапынан жолдардың сапасы мен инфрақұрылымдық объектілерге қатысты бірқатар мәселе көтерілген. 

Депутаттық корпус қызметінің басым бағыттарының бірі – әлеуметтік сала. Барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау – Үкіметтің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі. Бұл мақсатқа 4 трлн теңге қарастырылған, бұл өткен жылдың деңгейінен 230 млрд теңгеге артық.

РБК отырысында Үкімет түбегейлі маңызды шешімді мақұлдады. Инфляция дәлізінің 8-10%-ға өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін тағы да 4%-ға қосымша индекстеу көзделіп отыр, бұл 2021 жылға қарағанда барлық әлеуметтік төлемдердің 9%-ға, ал ынтымақты зейнетақының 11%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Бұл өсім 4,2 млн әлеуметтік төлем алушыларды қамтиды (ынтымақты зейнетақы 11%-ға, базалық зейнетақы 9% - ға, барлық жәрдемақылар мен төлемдер 9%-ға). Бұл мақсатқа нақтыланған бюджет жобасында қосымша 111 млрд теңге қарастырылған.

«Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелердің бірі – аз қамтылған отбасылардың жағдайы. Біз күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бүгінде осындай көмекті 95 мың отбасы алып отыр», — деді Е. Тоғжанов. 

2020 жылы азаматтардың талап-тілектері ескеріле отырып, атаулы көмекті тағайындау механизмі өзгертіліп, 25 табыс түрі мен әлеуметтік төлемдер алынып тасталды. Көмек алушыларды еңбекке ынталандыру тәсілдері енгізілді. Егер еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартса, атаулы көмек 6 айға тоқтатылады. Бұл атаулы әлеуметтік көмектің масылдыққа айналуын болдырмауға бағытталған. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмекті басқа жәрдемақылармен салыстыруға болмайды. 

Атаулы көмек – табысы жан-жақты тексеріле отырып, тұрмысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға ғана тағайындалатын мемлекеттік қолдау. Бұл ретте Үкімет тарапынан мемлекеттік қолдауды қажет ететін отбасыларды тұрақты қамқорлыққа алып, қажет кезінде проактивті форматта көмек көрсету үшін мемлекеттік органдардың 20 цифрлық қосымшаларын интеграциялау арқылы отбасының цифрлық картасы әзірленеді.

Премьер-Министрдің орынбасары зейнетақы жүйесіне, әлеуметтік төлемдер мөлшеріне қатысты нақты мәселелер әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекс аясында депутаттармен бірлесіп қаралатынын атап өтті.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметімен қамтамасыз ету мақсатында 2021-2023 жылдары республикалық бюджет есебінен 12 оңалту орталығын салу жоспарланған, оның 5-еуінің құрылысы былтыр басталды.

Сондай-ақ «Қамқорлық» жобасы аясында аутизммен сырқаттанатын және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 8 күндізгі орталық ашу жоспарлануда. Осындай 17 орталық былтыр ашылып, қолданысқа берілді.

Сондықтан, зейнетақы жүйесіне қатысты, әлеуметтік төлемдердің көлеміне қатысты нақты сұрақтар әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекс аясында, өздеріңізбен бірге қарастырылатын болады. 

Еңбек дауларын шешу бойынша жедел шаралар кешені жүзеге асырылды.

Жыл басынан бері 140 проблемалық кәсіпорын анықталып 91-інде мәселе шешілді. 49 кәсіпорында жұмыс жүргізілуде (оның ішінде Маңғыстауда – 19, Атырауда – 7, Қарағандыда – 5, Қызылордада – 4, Шымкент қаласында – 3, Қостанай, СҚО, ШҚО – 2-ден, Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында – 1 ден). 800-ден аса заң бұзушылық жойылып, 10 мыңға жуық қызметкердің құқығы қорғалды.

Екіншіден, 200 кәсіпорында 2,7 мыңнан аса жұмыскердің жалақысы бойынша берешекті өтеу қамтамасыз етілді. 

Үшіншіден, 1 млн аса жұмысшының жалақысы 5-тен 50%-ға дейін көтерілді.

Қызмет көрсетуші компаниялар қызметкерлерінің жалақысы негізгі компания қызметкерлерінің орташа жалақысының 70%-на теңестірілді.

Бесіншіден, бүгінде депутаттық корпуспен бірге кәсіподақ қозғалысын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Соңғы кездегі еңбек жанжалдары еңбек қатынастарын реттеуде жұмыс берушілер өкілдерінің қатысуы жеткіліксіз екенін және олардың ұжым ісінен оқшаулану проблемалары бар екенін көрсетті. Осыған байланысты Үкімет жанынан Жұмыс берушілер бірлестіктерінің қызметін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобы құрылды. 

Денсаулық сақтау саласына қатысты, 1,5 млн ауыл халқы медициналық сақтандырумен қамтылмаған. Бұл мәселені шешу үшін қала мен ауыл тұрғындары арасындағы медициналық көмекке қолжетімділік теңсіздігін қысқарту мақсаты тұр. Сол үшін, биыл ауыл тұрғындарын, оның ішінде бірінші кезекте балаларды кешенді профилактикалық тексеруден өткізу басталады.

Екіншіден, 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 420 медициналық мекеме салу, ауылдық дәріхана пункттерін құру жүзеге асырылады.

Үшіншіден, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелерін нақты шешу мақсатында 20 ауданаралық перзентхана, 17 диагностикалық орталық ашылады.

Төртіншіден, кадр тапшылығын азайту мақсатында дәрігерлердің (415 мың теңгеге дейін), орта медицина қызметкерлерінің (208 мың теңгеге дейін) жалақысы көтерілді.

2022 жылы тапшы мамандықтар бойынша гранттар саны 43%-ға ұлғайтылды және медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін сақтандыру көзделіп отыр.

Осы шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай ауылдық елді мекендерді консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту 47 ден 100%-ға дейін жеткізіледі.

Білім беру саласындағы жүйелі шаралар аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін 1000 мектеп салынады. 

Бұл үш ауысымды және апатты мектептер проблемасын шешуге және демографиялық өсімнен туындайтын оқушы орындарына тапшылықты жоюға бағытталған.

Екіншіден, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою үшін мектептерді модернизациялау жалғасуда.

Сондай-ақ 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледжде білім алу 100% тегін болады. 

Отандық ғылыми кластерді дамыту үшін жоғары оқу орындарына берілетін гранттар саны 75 мыңға дейін ұлғайтылады. Оның ішінде техникалық және АТ салаларға гранттар 60%-ға дейін өседі.

Сонымен қатар экономикаға нақты қажетті кадрлар даярлауға басымдық беріледі.

Бүгінде тәжірибесі және таңдаған мамандығына сұраныстың аздығынан жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеліп отыр. Бұған қоса Қазақстанда 129 мамандық жойылып барады, 95-і трансформациялануда, 239 жаңа мамандық пайда болуда, оның ішінде 37-сі мұнай-газ саласында, 32-сі энергетикада, 11-і машина жасауда, 40-ы АT саласында.

Осыған орай, халықаралық тәжірибеге сәйкес жұмысқа тұрудың тиімді жолы ретінде, Павлодар облысының 15 колледжі базасында Жаңа кәсіптер атласы әзірленіп, тәжірибеден өтті. 

Соның нәтижесінде кадрларға қажеттіліктің 17 өңірлік картасы әзірленіп (экономиканың 9 негізгі саласы бойынша), қолданысқа енгізіледі. 

Сондай-ақ мектептерде 7 сыныптан бастап мамандық таңдауға баулитын «педагог-кәсіптік бағдар беруші» маманы енгізіледі. Бұл жұмыстарға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек жетекшілік ететін болады.

Сонымен қатар колледждер жанынан студенттерге тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін 100 шағын кәсіпорын құру іске асырылуда. 

Осындай тәсіл сәтті іске асқан Ақтөбе қаласындағы Экономика, бизнес және құқық колледждің 188 студентінің 144-і оқуын оқи жүріп жұмысқа орналасты. Депутат Смирнова Ирина Владимировна бұл тәжірибені таратуға тікелей атсалысуда.

Алғаш рет Жоғары оқу орындарында студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін 100-ден аса карьералық орталық құрылады.

Мәдениет және спорт саласында 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 259 мәдениет үйін салу және жөндеу жұмыстарымен 1241 мәдениет нысанын қамту жоспарланған.

Ұлтымыздың өнегелі өнерін заманауи мәдениетпен ұштастыра дамыту үшін, елдегі өнерлі жастарды қолдау үшін бұл жұмыстарға ерекше көңіл бөлінеді, деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, тұрғындарды спорт кешендерінің жетіспеушілігі алаңдатады. Вице-Премьердің айтуынша, жаңа спорт кешендерін салуға деген сұраныс халықтың дене шынықтыруға деген қызығушылығының артуының нақты көрсеткіші болды.

Былтыр 21 млрд теңге кәсіпқой спорттан бұқаралық спортқа қайта бағытталды. Қаражат негізінен балалар спорт секцияларын қаржыландыруға және спорт инфрақұрылымын салуға жұмсалды.

Соның нәтижесінде 275 мыңнан астам бала (5%) мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін секциялармен қамтылған. 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Қазіргі күні 2025 жылға дейін спорт инфрақұрылымын дамытудың кестесі әзірленуде, оған сәйкес елді мекендерде 115 спорт нысанын салу жоспарланып отыр.

Коронавирус пандемиясы денсаулықтың маңызын көрсетті. Енді спортқа және дене шынықтыруға ерекше назар аударуымыз қажет. Халқымызда «ауырып ем іздегенше – ауырмайтын жол ізде» деген нақыл сөз бар. 

Салауатты өмір салтын дамыту бағдарламасын іске асыру арқылы денсаулық саласына жұмсалатын 300 млрд теңге қаражатты үнемдеуге болады.

«Медициналық пойыздың» жұмысын қайта бастау туралы депутаттық сұраққа жауап ретінде Вице-Премьер 2010 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қолдауымен «Samruk-Kazyna Trust» Даму қорымен бірлесіп, осы әлеуметтік жобаны іске асырып жатқанын айтты.

«Медициналық пойыз» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру үшін бүгінгі таңда «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» пойыздарының үш құрамы бар. Әр пойыз 8 арнайы жабдықталған вагоннан тұрады.

«Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен 2022 жылы «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» екі пойызын іске қосу жоспарланып отыр, олардың кестесі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп әзірленетін болады.

Қазіргі уақытта «Денсаулық» пойызы күрделі жөндеуден өтіп жатыр, 2022 жылы пайдаланылмайды.

Соңғы уақытта қала тұрғындарының экологиялық мәселелер бойынша сұранысы артты.

Жақында швейцариялық IQAir мониторингтік тобы өз сайтында 2021 жылға арналған есебін жариялады, оған сәйкес Қазақстан әлемдегі ауаның ластануы бойынша 23-орында тұр. Кәріз-тазарту құрылыстары жүйесінің нашар дамығаны ерекше аталған.

Бүгінгі күні республиканың 89 қаласының 25-інде кәріз-тазарту құрылыстары (КТҚ) жоқ. 25 қаланың ішінде – 3 ірі қала (Тараз, Балқаш және Қостанай) мен 22 шағын қала. Лас сулар 10 қалада сүзу алаңдарына, 9 қалада жинақтау тоғандарына, 1 қалада жерүсті су қоймасына, 2 қалада қазылған шұңқырларға, 3 қалада ҚТҚ сақтау аумағына ағызылады.

64 қалада КТҚ бар, оның 44 қаласындағы құрылыстарды қайта құру қажет. Жалпы еліміз бойынша 69 КТҚ (44-ін реконструкциялау, 25-ін салу) салу және қайта құруды талап етіледі.

Жобалардың капитал сыйымдылығын ескере отырып, бюджеттің мүмкіндігіне және техникалық құжаттаманың дайындығына қарай оларды кезең-кезеңмен іске асыру қарастырылып отыр. Қазіргі кезде Атырау және Қызылорда қалаларында екі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Жақын арада республикалық бюджет және ХҚҰ қарыздары есебінен 2025 жылға дейін Шымкент, Ақтау, Тараз, Балқаш, Ақтөбе және Қарағанды сияқты қалаларда 6 жобаны іске асыруды бастау және пайдалануға беру жоспарлануда.

Одан кейін бюджеттің мүмкіндіктеріне және бюджеттен тыс қаражатты тартуға байланысты 2028 жылға дейін 18 ірі қалада қайта құру мен жаңғыртуды іске асыру көзделіп отыр.

2028-2032 жылдар кезеңінде шағын қалаларда қалған 43 жобаны РБ есебінен іске асыру жоспарланған.

«Бізге жеке баспанасы жоқ және жалдамалы пәтерлерде тұруға мәжбүр ерекше балалардың аналары жүгінді. Ауру балаға тәулік бойы күтім жасау оларға толық жұмыс істеуге және тұрақты табыс табуға мүмкіндік бермейді. Дәл осындай санаттағы азаматтар үшін Президент жалдамалы тұрғын үй үшін жалдау ақысын субсидиялауға шұғыл қаражат бөлуді тапсырды. Тиісті қаулы ақпан айында қабылданды, қаражат бөлінді. Сонымен қатар мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 20 мыңнан астам отбасы қолдауды пайдалана алмады. Олардың табысы Министрлік бекіткен шектен – адам басына 36 мың теңгеден асатын болып шықты. Бұл аналардың жоғары табысы туралы емес. Мүгедек бала мен ананың әлеуметтік жәрдемақысы сол ережелерге сәйкес табыс болып саналады екен. Бұл айқын әлеуметтік әділетсіздік дереу түзетуді қажет етеді. Министрлік субсидиялау ережелерін өзгертуді және қолдауды қажет ететін азаматтардың табысынан әлеуметтік төлемдерді алып тастауды жоспарлап отыр ма?», — деген сұрақ қойды депутаттар.

ҚР ЕХӘҚМ хабарлауынша, азаматтардың жекелеген санаттарының мәселелерін жедел шешу мақсатында Мемлекет басшысы жеке тұрғын үй қорын жалға алу үшін төлем тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Ереже Әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамаға сәйкес барлық төлемдерді, жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жалпы практикасы негізінде әзірленді, онда мүгедектің күтіміне байланысты төлемдер табысқа жатқызылған.

Бүгінгі таңда елімізде 590 мыңға жуық адам кезекте тұр, олардың 210 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады.

Бюджет мүмкіндіктеріне қарай Кезекте тұрғандардың 4 басым санаты анықталды (көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі базасының деректеріне сәйкес, табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мыңға жуық адам бар.

Төлемдерді алушылардың кірістері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы талданды.Оны іске асыру үшін бюджеттен 50 млрд теңге бөлінді.

Жалпы енгізілетін тұрғын үй төлемдерінің тетігі бұрын жыл сайын қамтылатын 10 мың азаматпен салыстырғанда, табысы шектеулі 70 мың азаматтың тұрғын үй мәселелерін бір уақытта және қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді.

ИИДМ Мәжілісте ТКШ реформасы туралы есеп берді.

Атқарылған жұмыстар бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі есеп берді.

ИИДМ деректеріне сәйкес, тұрғын үйлердің басқарудың жаңа нысандарына көшуі 76%-ға орындалды. Бұл ретте меншік иелерінің бірлестіктерін тіркеген 5,5% ғана заңды растама бар. Қалғандары жай серіктестіктер құрды деген болжам бар.

Реформаны көптеген проблемалық мәселелер тежейді. Бұл — тұрғын үй қорларының жағдайы, тұрғындардың менталдылығы, жұмыс істеп тұрған басқару субъектілерінің қарсылығы. Мәселелерді шешу үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу талап етіледі. Осыған байланысты мынадай мәселе бар: 

«2022 жылғы 1 шілдеден бастап үйлерді қалай басқару жоспарлануда және заңнамаға өзгерістер енгізілгенге дейін сіздің Министрлік жағдайды басқару үшін қандай шаралар қолданады?», — деген сұрақ қойды Мәжіліс депутаттары.

ҚР ИИДМ түсіндіруінше, біріншіден, басқарудың жаңа нысандарына көшу қолданыстағы заңнама негізінде жүзеге асырылады. Басқарудың жаңа нысандарын құру жөніндегі қатынастарды реттеу үшін барлық қажетті нормативтік актілер қабылданды.

Реформа тұрғындардың өз үйін дербес басқаруына, өз үйінің жай-күйі үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Екіншіден, заңға сәйкес үй иелері үйді басқару нысанын МИБ түрінде де, ЖС түрінде де дербес анықтайды. 

Бұл ретте, басқарудың жаңа нысандары құрылғаннан кейін тұрғындар үйді басқаруды сервистік компанияларға беруге құқылы. Яғни, осы жылдың 1 шілдесінен бастап ПИК басқарушы немесе сервистік компаниялар болып қайта құрылып, үйлерге қызмет көрсетуді жалғастыруы мүмкін.

Үшіншіден, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы аясында басталған реформаны жетілдіру үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мыналарды жоспарлап отыр:

  • ЖС (30 пәтерге дейін) және МИБ (30 пәтерден көп) құру кезінде қатысушылар саны бойынша шектеу нормаларын, сондай-ақ үйде бар болғаны 8 пәтерге дейін болған жағдайда ЖҚТ түрінде жеңілдетілген басқаруды енгізу.
  • меншік иелері арасында даулы мәселелер туындаған кезде тұрғын үй инспекцияларымен уақытша сыртқы басқарушыларды (басқарушы компаниялар болып қайта құрылған ПИК қатарынан) тағайындау мүмкіндігі көзделетін болады.

Жалпы алғанда, «бір үй – бір мүлік иелерінің бірлестігі – бір шот» қағидаты әрбір үйді тиімді басқаруға мүмкіндік береді және кондоминиум объектісін күтіп-ұстауға арналған қаражаттың жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Пленарлық отырыс барысында депутаттардан жеке тұлғалар үшін электр энергиясының әділетсіз тарифіне қатысты сауал келіп түсті.

«Ауыл тұрғындары электр энергиясы үшін қала тұрғындарына қарағанда көп ақша төлейтініне наразы. Мысалы, Қарағандыда жеке тұлғалар үшін электр энергиясының құны 13 теңгені құрайды. Ал Қарағанды облысы Осакаров ауданында кВт/сағ үшін 21 теңге, Бұқар Жырау ауданында 18 теңге, Абай ауданында – 19 теңге. Жалпы республика бойынша жағдайды талдай келе, біз тарифтегі айырмашылық тек бір облыс ішінде ғана емес, өңірлер арасында да бар екенін көрдік. Бұл ретте ең жоғары шығындарды табысы ең төмен облыстардың тұрғындары көтереді. Неліктен тіршілікті қамтамасыз етуге тең құқығы бар Қазақстан азаматтары теңсіз жағдайда өмір сүреді және электр энергиясын әртүрлі тарифтер бойынша тұтынады?» — деді депутаттар.

Сондай-ақ мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеу туралы мәселе көтерілді. Алайда, қаражат болған жағдайда да, жобалық-сметалық құжаттаманың болмауына байланысты шешімдер жиі кешіктіріледі. 

2011 жылы «Ғимараттар мен құрылыстарды реконструкциялау, күрделі және ағымдағы жөндеу» ҚР ҚН нормативтік құжаты қабылданды, онда құрылыс жұмыстарының түрлерін күрделі немесе ағымдағы жөндеуге жатқызудың негізгі критерийлері қарастырылған. Нормативте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізудегі негізгі ережелер қарастырылған және барлық нормаларды толық енгізу мүмкін емес.

Осы ҚР ҚН және басқа да мемлекеттік нормативтерді өзектендіру негіздемелер болған кезде немесе келіп түскен ұсыныстар негізінде тұрақты түрде жүргізіледі.

Мысалы, бұл нормативке күрделі жөндеуге жататын нысандарды қайта қарау бөлігінде 2019 және 2020 жылдары өзгерістер енгізілді.

Қазіргі уақытта «Азаматтық, өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды қайта жаңарту, күрделі және ағымдағы жөндеу» нормативтік техникалық құжаты 2022 жылы қайта қаралды. Ол бекіту сатысында тұр. Бұл нормативте күрделі және ағымдағы жөндеулерді анықтайтын нақты тізбелер қарастырылған.

Күрделі жөндеу жұмыстары ғимараттар 50%-дан астам тозған жағдайда жасалады және мұндай жағдайларда ЖСҚ әзірленсе, онда мұндай құрылыстар үшін қалпына келтіру жөндеуі талап етіледі.

Егер шатыр, еден және қасбет 50% немесе одан аз тозған болса, онда бұл ағымдағы жөндеуге жатады.

Тұрғын үй-коммуналдық саласы қызметкерлерінің төмен жалақысына келер болсақ, бұл, әдетте, сумен, жылумен және электрмен қамтамасыз ету кәсіпорындары. Коммуналдық сала қызметкерлерінің орташа жалақысы әдетте 80-100 мың теңгеден аспайды.

Кәсіпорын басшылары жағдайға өзгеріс енгізе алмайды. Еңбекақы төлеу қоры тарифтік сметамен шектелген. Реттеуші органдар тарифте кәсіпорындарды жаңартуға, қайта құруға миллиардтаған шығындар жұмсауға рұқсат бере отырып, жалақы туралы баптарды қарау кезінде жалақыны жылына 1 рет 4-5%-ға ғана арттыруға мүмкіндік береді.

Коммуналдық кәсіпорындар өз қызметкерлерінің жалақысын дербес реттейді. Монополияға қарсы ведомство әлеуметтік-экономикалық жағдайды негізге ала отырып, әрбір өңір бойынша тарифтер белгілейді және бұл қатаң бақыланады.

Осылайша, тариф кәсіпорындардың күрделі шығындарын және өзге де шығыстарды, оның ішінде бюджеттік кредиттер мен қарыз бойынша міндеттемелерді қамтиды. Тиісінше, егер жалақы көбейтілсе, онда бұл тарифке бірден әсер етеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу