Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты, сатып алу, шекті бағаны белгілеу: Қазақстанда аса қажетті өнімдермен қамтамасыз ету қалай жүргізілуде

 

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев төтенше жағдай режимін енгізуге байланысты Қазақстан халқына арнаған үндеуінде бағаға мемлекеттік реттеу жүргізілетін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қажетті тізбесін бекітуді тапсырды. Өңірлердің әрбір әкімі бірінші кезектегі сұранысқа ие тауарлардың бар-жоғын нақты есепке алуды жолға қоюы керек, бірінші кезекте қажетті азық-түліктерге қатысты дүрбелеңге, байбаламға жол бермеу керек. Өңірлердің әкімдері тауарлардың өңіраралық тасымалын бақылау және жергілікті тапшылықты болдырмау үшін өзара іс-қимылды ретке келтіруі тиіс. Жеткілікті қордың болуын қамтамасыз етіп, оларды сөрелерге жеткізу тетіктерін пысықтап, бағаның өсіп кетпеуін қатаң бақылап, алыпсатарлыққа жол бермеу керек.

Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 2020 жылғы 7-14 сәуір аралығында 0,4%-ға өскен. Жыл басынан бері көкөністердің (картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз) және қанттың бағасының өскені байқалды. Баға өсуінің негізгі себебі өндіріс факторларының қымбаттауы мен маусымдылығы болды.

Қазіргі уақытта импортқа тыйым салынбаған. Тауарлар бұрынғы тәртіп бойынша әкелініп жатыр. Сауда қатынастары тоқтатылған жоқ. Экспортқа жіберілмейтін тауарлар ішкі нарықта сатылып жатыр.

Өңірлер бөлінісінде бағаның едәуір өсуі Павлодар облысында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орын алған. Тауардың қандай да бір түріне баға шекті мөлшерінен асқан жағдайда, әкімдіктер ішкі сауда субъектілеріне ескерту жасайды немесе айыппұл санкцияларын қолдану жөнінде шешім қабылдайды.

Шекті бағадан асып кеткен жағдайда:

  • бөлшек сауда нарығында ӘҚтК 729 бабына сәйкес ЖАО кәсіпкерлік басқармасы ӘҚтК 202 бабына сәйкес 100 АЕК немесе 277 800 теңге көлемінде айыппұл салады (қайта бұзушылық – 200 АЕК немесе 555 600 теңге);

  • ірі өндірушілер мен өнім берушілер бағаны асырған жағдайда Комитеттің аумақтық департаменттері бір жылдан аспайтын монополиялық табысты тәркілей отырып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 159-бабы бойынша монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған табыстың (түсімнің) 3%-дан 5%-на дейінгі мөлшерде тиісті айыппұлды сала отырып, азық-түлік тауарларына бағаны көтеру фактілері бойынша тергеу жасайтын болады.

Азық-түлік тауарлары нарығында бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу мақсатында өндірушілер мен көтерме жеткізушілермен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы ҚР заңнамасын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

2020 жылдың басынан бері монополияға қарсы орган азық-түлік, жеміс-көкөніс және ет өнімдерін өндіру және сату бойынша нарық субъектілеріне 172 хабарлама жіберді, сондай-ақ 1 алдын ала ескерту жасалды.

Бұдан өзге, бәсекелестікті қорғау саласындағы ҚР заңнамасын бұзу белгілері бойынша 10 тергеу тағайындалды.

3 сәуірде ҚР СИМ, ҚР ҰЭМ, ҚР АШМ бірлескен бұйрығымен 9 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ұн, нан, макарон, қарақұмық жармасы, күріш, сиыр еті, жұмыртқа, күнбағыс майы, тұз) шекті бағасы белгіленді. 10 сәуірде Мемлекет басшысы бағаны қалыптастырудың барлық тізбегі бойынша бағаны реттеу тетігін оңтайландыруды тапсырды.

Өңірлердің берген деректеріне сәйкес, 2020 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша республикада жалпы көлемі 876 мың тонна түрлі азық-түлік тауарларының қоры бар. Оның ішінде тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік — 37 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда — 304,1 мың тонна, қоймаларда — 197,6 мың тонна, сауда желілерінде — 338,1 мың тонна. Сонымен қатар, 352 млн дана жұмыртқа және 4 млн тонна азық-түлік бидайы бар. 

Нақты тұтыну бойынша азық-түлік тауарларының қолда бар қорларымен қамтамасыз етілуі әр түрлі өнім түрлері бойынша бір аптадан бірнеше айға дейін құрайды. Сонымен қатар, олардың қорлары үнемі толықтырылып отырады, сондықтан олар бойынша тапшылық болмауы тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,5 млн га құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 138 мың га артық. Бүгінгі күні барлық дайындық жұмыстары жүргізілген. Шамамен 2,5 тонна тұқым себілді, бұл 100% қажеттілікті қамтамасыз етеді, ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 98% құрайды, 390 мың тонна арзандатылған жанар-жағар май материалдары бөлінді.

Дизель отынының бір тоннасының бағасы 175 теңгеден 165 теңгеге дейін, яғни 10 теңгеге төмендеді. Республикалық бюджеттен соңғы қарыз алушылар үшін 5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен 70 млрд теңге сомасында несие бөлінді. Бүгінгі таңда бұл несие 99,6%-ға игерілді, 2,37 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы сомасы 69,7 млрд теңгеге несиелер алды.

Сонымен қатар, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме жылдық 6%-дан аспайды. Бұл қаражатты Агрокредиттік корпорация тікелей екінші деңгейлі банктер мен кредиттік серіктестіктер арқылы несиелендіретін болады.

Биылғы 17 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, белгілі бір тауар түрлерінің туындауы мүмкін тапшылығына дер кезінде әрекет ету үшін азық-түлік қорына, оның өндірісінің теңгеріміне және өңіраралық тасымалына күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.

«Біз 9 аса әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын бекіттік. Бағаны ұстап тұрудың тиісті тетігі бар. Дегенмен, бірқатар өңірлерде бірден кейбір азық-түлік өнімдеріне шекті бағаның өсуі байқалып отыр. Әкімдіктерге мұндай фактілерге жол бермеуді және осы мәселені жеке бақылауға алуды тапсырамын», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр өңірлік тұрақтандыру қорларында азық-түліктің қажетті қорын қамтамасыз етуді тапсырды.

Экспортқа тыйым салынды ма?

Алғашқы кезеңде қырыққабат, пияз және сәбіз секілді көкөністерді экспортқа шығаруға тыйым салынды. Тыйым еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, халықты жеткілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында енгізілді. Бұл елдегі былтырғы өнімнің аз қорына байланысты болды. Жаңа өнім алынғанға дейін қолда бар өнім көлемін жеткізу қажет болды. Еліміздің оңтүстігінде жаңа егін жинау басталғаннан кейін бірден барлық тыйымдар алынып тасталды. Бүгінгі таңда пияз, қырыққабат және сәбіз қандай да бір проблемаларсыз экспортталып жатыр, барлық қажетті құжаттар уақытылы рәсімделуде. Ал тыйым тек бір айға ғана салынды.

Астық пен ұн экспортына салынған тыйым немесе шектеу негізінен нан пісіру үшін пайдаланылатын азық-түлік бидайы мен бидай ұнына ғана қатысты болды. Наурыз айының басында басқа мемлекеттер тарапынан Қазақстан бидайы мен ұнына деген үлкен сұраныс байқалды. Осы жылдың наурыз және сәуір айларында жаңа егінге дейін экспорттау жоспарланған бидай мен ұнның барлық көлемін елден әкету қаупі болды. Жүк жөнелтуге тапсырыс көлемі күн сайын геометриялық пропорцияда өсті. Тіпті бұған дейін бидай мен ұнды экспорттаумен айналыспаған компаниялар да өтінім берді. Астық өңдеушілер одағы мен Қазақстанның Астық одағы өкілдерімен кеңестер өткізгеннен кейін ұнды экспорттауға тыйым салуды алып тастау және тағамдық бидай мен бидай ұнын экспорттау көлемін квоталау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, ұн тартушылар мен астық мамандары белгіленген баға бойынша ішкі нарықты қамтамасыз етуге белгілі бір бөлігін бағыттау міндетін өз мойнына алды.

Мысалы, статистика мәліметтері бойынша, 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдайға сәйкес барлық астық қоры 7,8 млн тоннаны құрайды, оның ішінде тағамдық бидай көлемі — 6,1 млн тонна. Осы көлемнің 1,1 млн тоннасы тұқымдық мақсаттарға, 4,6 млн тоннасы ішкі тұтынуға (терең өңдеуге және ұнға айналдыруға) пайдаланылады, 0,4 млн тоннасы – жемшөп. 

Тағамдық бидай мен бидай ұнының экспортына шектеу алынған жағдайда бұл көлем жазға дейін тиелетін болады.

Қазіргі уақытта тағамдық бидайды және бидай ұнын экспорттауға квоталар енгізілді. Квота алу үшін әрбір экспорттаушы экспортқа мәлімделген көлемнің 30%-ын белгіленген баға бойынша ішкі нарықта сатуға міндетті. Көрсетілген көлемдер бір ай ішінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-да кепілде болады және өңірлер әкімдіктерінің өтінімдері бойынша өткізілетін болады.

Негізгі мақсаты — әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында ұн тарту кәсіпорындарын тағамдық бидаймен және наубайханаларды ұнмен қамтамасыз ету.

Қазіргі уақытта Азық-түлік корпорациясының кепілінде бағасы тоннасына 88 мың теңге 60 мың тонна тағамдық бидай, бағасы 120-130 мың теңгеге 21 мың тонна бидай ұны бар. Баға өңірге байланысты өзгереді.

Бүгінгі таңда нарықта тағамдық бидай бағасы тоннасына 89-90 мың теңге, ұн тоннасына 135 мың теңгеден 140 мың теңгеге дейін.

 

Ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу

Форвардтық сатып алу бойынша 365 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда бидай, арпа, майлы дақылдар мен қарақұмық сатып алу қаржыландырылады. Сатып алуға қажетті бюджет қаражатының жалпы сомасы 24,5 млрд теңгені құрайды, оның ішінде алдын ала төлем ретінде 17,1 млрд теңге жіберіледі.

Өңірлер 7,5 мың тонна көлемінде азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорына жеткізуге форвардтық шарттар жасады. Сондай-ақ, «айналым схемасы» аясында 34,4 мың тонна азық-түлік тіркелген.

Әртараптандыруды және жер телімдерінің көлемі 500 гектардан 5 мың гектарға дейінгі ұсақ және орташа шаруашылықтарды көбірек қамтуды ескере отырып, егіс алқаптарын қаржыландыруға басымдық берілетін болады. Осылайша, бөлінген 24,5 млрд теңгеге 4 млн гектар жерге төрт танапты ауыспалы егісті немесе жалпы егіс алаңының 20%-ын есепке ала отырып, ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізілетін болады.

Қаржыландыру тетігі бұған дейін әрекет еткен тетікке ұқсас болады. Осылайша, қамтамасыз етуге екінші деңгейлі банктердің де, ӘКК де кепілдіктері қабылданатын болады. Бұл фермерлердің өтімді кепілзатының жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

 

Елордадағы және өңірлердегі ахуал қандай?

Азық-түлікпен қамтамасыз ету және тауарларды үздіксіз жеткізу мақсатында Нұр-Сұлтанға кірер жолда жүк көліктеріне арналған «жасыл дәліз» жұмыс істеп тұр.

Карантин енгізілгеннен бастап қалаға жалпы өнім көлемі 51 786 тонна 4 771 жүк көлігі келді, олардың ішінде азық-түлік тауарлары — 21 829 тонна, олар сауда желілері мен базарлардың қазіргі сату көлеміне сәйкес келеді. Бүгінде қалада жеткілікті қор бар.

19 позиция бойынша тек әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 30 мың тонна өнімі бар, оның ішінде 25 мың тонна азық-түлік қоймаларда және көкөніс қоймаларында сақталады.

Қала қорын толықтыру үшін жеміс-көкөніс түрлеріне, ет және бакалея өнімдеріне бекітілген бағамен өңірлермен «форвардтық» келісім-шарттар жасалды. Күріш, қарақұмық, күнбағыс майы және көкөністерді (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат) белгіленген баға бойынша сату үшін ірі сауда желілерімен 2,6 млрд теңгеге «айналым тетігі» бойынша жеңілдікті қарыз шартына қол қойылды.

Ұнды сатып алу есебінен нан бағасы бірінші сортты бөлке үшін 90-95 теңге шегінде сақталады. Тұрақтандыру қорынан 220 теңгеден аспайтын баға бойынша қанттың тауарлық интервенциялары жүргізіледі.

Бұдан өзге, мобильдік топ құрылды, оған аудандық прокурорлар, МКД және ЖПҚ қызметкерлері кірді. Олар негізінен азаматтардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаны көтеру туралы өтініштеріне негізделе отырып, рейдтер жүргізеді, қорытындысын аудандардың әкімдеріне әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жібереді.

 

Алматы қаласы

Қалада сауда объектілерінде, қоймаларда және негізгі жеткізушілерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің бағалары мен қорына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Тұрақты негізде өнімдерді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін бейнеконференция режимінде өңірлердегі өндірушілерімен және жеткізушілерімен азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Тез бұзылатын өнімдер (сиыр еті, тауық еті, жұмыртқа, сүт өнімдері, нан, көкөністер) Алматы, Павлодар, Түркістан, Жамбыл және басқа облыстардың өндіруші кәсіпорындарынан күнделікті жеткізіледі. Өңірлердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің жүк көліктерін кедергісіз өткізу аясында өнімдер «жасыл дәліз» бойынша жеткізіледі.

Қала тұрғындарының негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлікті тұтыну көлемін ескере отырып, интервенцияны жүзеге асыру үшін «айналмалы» схема арқылы жергілікті бюджеттен 7 млрд теңге қарастырылды, оның ішінде осы жылдың наурыз айында — 5 млрд тг. Сондай-ақ, 2019 жылғы желтоқсан айынан бастап көкөністерді (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат) Magnum сауда желісі арқылы нарықтық бағадан 17-35%-ға төмен бағамен сату жалғасуда. Magnum ірі сауда желісі және «Ақсай» HТK-мен (нан) үш ай бойы қаланы тұрақты бағамен 17 тауар түрімен үздіксіз қамтамасыз ету туралы келісімдерге қол қойылды. Келісімдер бойынша тауарлардың жалпы көлемі 26,5 мың тоннаны құрайды.

Бұдан өзге, қазіргі таңда қаланың сауда нысандарына 5 мың тонна көкөніс және 1 мың тонна сиыр етін белгіленген бағамен жеткізу бойынша қосымша келісім әзірленуде.

Қарақұмық жармасының бағасын тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорынан жалпы сомасы 104,4 млн теңгеге 348,1 тонна осы өнімді сату басталды. Сату бағасы орташа нарықтық бағадан 10%-ға төмен (339 тг/кг) және сөреде 305 тг/кг-ды құрайды. Өнімді сауда желілерінің 100-ден астам дүкендерінде сатылады. Сондай-ақ, қаланың басқа да өндіруші кәсіпорындарымен әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын осы жылдың соңына дейін белгіленген өткізу бағасымен беру туралы келісімдерге қол қойылды.

Сондай-ақ, қалада мобильді топ құрылды, Алматының барлық 8 ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТТ) рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының сақталуын бақылау жөніндегі комиссиялар құрылды.

2020 жылғы 21 сәуірдегі жағдай бойынша Комиссиялар әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімінде тіркелген 110 әкімшілік жаза қолданды, олардың ішінде 10,8 млн теңгеге 78 айыппұл төленді.

Осы жылдың сәуір айынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 10 түрі бойынша баға төмендеді. Жалпы, ӘМАТТ барлық түрлері бойынша баға индексі 99,9% құрады.

 

Шымкент қаласы

Қалада халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қолда бар қорларға, бірінші кезекте, 32 бағыт бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі, 

2020 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша жалпы алғанда 32 бағыт бойынша 83,8 мың тонна азық-түлік қоры бар, оның ішінде:

  • тұрақтандыру қорларында — 5,8 мың тонна (6,9%);

  • кәсіпорындарда — 43,9 мың тонна (52,4%);

  • қоймаларда — 26,1 мың тонна (31,1%);

  • сауда объектілерінде — 1,2 мың тонна (1,4%)

  • айналым схемасы бойынша (қарыз шартына сәйкес осы жылдың аяғына дейін) – 6,8 мың тонна (8,1%).

Қаланың 6 ірі азық-түлік базарының аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын шекті бөлшек сауда бағалары бойынша сататын жылжымалы әлеуметтік орындар қарастырылған.

Халықты жеткілікті өніммен тұрақты қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорының депозиттерінде 764,5 млн теңге тұр. 2020 жылға тұрақтандыру қоры үшін 2,2 млрд теңге бөлінді. Қосымша бөлінген қаражат – 700 млн теңге.

Тұрақтандыру қоры 2020 жылғы 30 наурызда 970 млн теңге сомасына 6 000 тонна тауарды сатып алу интервенциясын жасады (қант – 2 000 т, І сұрыпты ұн – 3 000 т, макарон өнімдері – 1 000 т).

Бұған дейін сатып алынған тауарларға қосымша биыл 15 сәуірде 253 млн теңге сомасына қарақұмық жармасын – 200 т, күріш – 3 000 т, күнбағыс майын – 300 мың литр сатып алу туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, өңірді бидай ұнымен қамтамасыз ету мақсатында квоталар алған экспорттаушылар ішкі нарыққа бидай мен ұнды кепілдікпен жеткізу туралы міндеттемелер алды. Осыған байланысты, 1000 тонна І сұрыпты ұнды сатып алу туралы шешім қабылданды.

Тұрақтандыру қорына қосымша бөлінетін соманың (700 млн теңге) 250 млн теңгесі – тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға, 450 млн теңгесі – айналым схемасына.

Барлық жерде азық-түлік базарларында, супермаркеттерде, дүкендерде ӘМАТТ бағасын мобильді топ бақылайды. Ірі көлемде тауарларды бір қолға сату шектелді. Азық-түліктік сауда нысандары санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды күшейте отырып жұмыс істейді.

 

Ақмола облысы

Осы жылдың 14 сәуіріндегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 103,4% құрады. Облыс әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бекітілген шекті бағаларды сақтамағаны үшін қарастырылған жауапкершілікті түсіндіру бойынша кәсіпкерлермен жұмыс жүргізуде, облыс прокуратурасымен бірлесіп тексеру жүргізу мәселелері пысықталды, тексерулерді есепке алу жүйесінде тіркеу жүргізіледі.

Баға мониторингі және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығына жол бермеу жөніндегі облыстық шұғыл штаб шекті бағалар белгіленген тауарлардың бағасын төмендету жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде Көкшетау қаласында 1 сұрыпты нанның бағасы орташа есеппен 173 теңге/кг-нан 159 теңге/кг-ға дейін төмендеді. Осы жылдың 13 сәуірінен бастап «Ақсай Нан-Көкшетау» ЖШС салмағы 550 грамм болатын нанның бағасын 77 теңгеден 75 теңгеге дейін төмендетті. «Казгер-құс» ЖШС өндірушісінен тауық жұмыртқасын он данасына 267 теңгеге бөлшек баға бойынша тікелей жеткізу және сату ұйымдастырылды. Басқа тауарларға бағаны төмендету мәселелері пысықталып жатыр.

Бүгінгі күні «Есіл» ӘКК тұрақтандыру қорында 1 880 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бар, олардың ішінде: 1 сұрыпты бидай ұны – 1687,5 тонна, қарақұмық жармасы – 10,5 тонна, күріш – 78,9 тонна, сары май – 3 тонна, күнбағыс майы – 100 тонна. Барлығы 353,1 тонна тауар сатылды. Облыстың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі тауарға байланысты орташа 45 күнді құрайды. Тауарлар еш іркіліссіз сатылуда, тауарлардың тапшылығы, дүрлікпе сұраныс байқалмайды.

Өңірлік тұрақтандыру қорын ұлғайту мақсатында қосымша тауарлар сатып алынады, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 750 млн теңге бөлінді. Облыста күн сайын 300 тонна сүт өнімі, 77 тонна сиыр еті, 123 тонна құс еті, 2,2 млн дана тағамдық жұмыртқа, 1000 тонна ұн және басқа да тауарлар өндіріліп, 100 тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдері (картоп, сәбіз, пияз) әкелінеді.

 

Алматы облысы

Алматы облысының бюджетінен облыстың азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 2 млрд теңге бөлінді. 1,3 млрд теңге сомасындағы қаражатты облыстың аудандары мен қалаларында бағаның өсуін тежеу мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын шығаратын жергілікті өндірушілер мен ірі сауда объектілеріне қарыз беруге бағыттау жоспарлануда.

700 млн теңге сомасындағы қаражатқа әлеуметтік нанның бағасын ұстап тұру үшін 4824 тонна 1 сұрыпты ұн сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілерден күріш, күнбағыс майын, макарон өнімдерін, қарақұмық жармасын, картоп және пияз сатып алу көзделген. Әлеуметтік нан пісіру үшін облыстың 52 наубайханасымен 1 сұрыпты арзандатылған бидай ұнын жеткізуге келісім жасалды.

Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрлері Талдықорған қаласының, облыстың аудандары мен қалаларының барлық ірі және ұсақ сауда желілерінде сатылады.

Облыста 295 әлеуметтік сауда орыны (25 дүкен және 270 бөлім), 141 жеміс-көкөніс қоймасы (сақтау сыйымдылығы – 174,3 мың тонна), 100 жылыжай кешені (96 га), 103 бордақылау алаңы (жылына 25,6 мың тонна ет) және 76 сүт-тауар фермасы (87 мың тонна сүт) жұмыс істейді.

 

Қарағанды облысы 

Қарағанды облысының әрбір қаласы мен ауданында кәсіпкерлік бөлімдерінде арнайы мобильді топтар жұмыс істейді, олар тауарлардың шекті бағаларға сәйкестігін мониторингтеумен айналысады. Облыста өндірілмейтін тауарлар тізіміне қарақұмық жармасы, тегістелген күріш, қант, ас тұзы, өсімдік майы кіреді. Бүгінгі таңда қоймаларда облыс халқының бір айға қажеттілігін жабу үшін жеткілікті өнім көлемі бар. Қор күн сайын автокөлікпен және темір жолмен тауарларды жеткізу арқылы толықтырылады.

Жалпы облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақты. Жағдай тұрақты бақылауға алынған.

Бүгінде облыста 32 атаудан тұратын 64 мың тонна негізгі азық-түлік тауарлары бар. Оның ішінде облыста өндірілетін 14 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 7 атауы бойынша қамтамасыз ету 30 және одан да көп күнді құрайды (бидай ұны, жұмыртқа, картоп, макарон, құс еті, сиыр еті, нан), 7 атау бойынша: 10-нан 29 күнге дейін (сүт, сүзбе, сары май, айран, қырыққабат, сәбіз, пияз).

Сүт өнімдеріне, сондай-ақ, облыста өндірілмейтін өнімдерге деген (бұрыш, сарымсақ, жармалар, өсімдік майы, қант, тұз және жемістер) қажеттілік өндіріс көлемі және әкелінетін өнім есебінен жабылады.

Тұрақтандыру қорында 2038,6 тонна әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бар. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорынан картоп пен көкөністердің интервенциясы жүргізілуде.

 

Түркістан облысы

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты облыстық штаб құрылды, күн сайын облыс тұрғындарын бірінші кезекте, 32 бағыт бойынша тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қолда бар қорға мониторинг жүргізіледі. 2020 жылғы 16 сәуірдегі жағдай бойынша жалпы 32 бағыт бойынша 57,6 мың тонна өнім қоры бар, оның ішінде: тұрақтандыру қорларында – 2 мың тонна (3%), кәсіпорындарда – 16,4 мың тонна (25%), қоймаларда - 5,9 мың тонна (10%), сауда нысандары мен тұрғындарда – 40,1 мың тонна (62%).

Тұрғындарды 15 күнге дейін жеткілікті өнімдермен тұрақты қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорларының депозиттерінде 465,2 млн теңге қаражат бар. Жеткіліксіз болған жағдайда, қосымша қаражат бөлінетін болады. Сонымен қатар, Түркістанда 14 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді, күн сайын тұрақты негізде 17,8 тонна өнім өткізіледі. «Айналым схемасын» енгізу аясында Түркістан, Арыс және Кентау қалаларында 5 кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы сомасы 115 млн теңгеге займ берілді. 

Биыл 28 наурыздан бастап азық-түлік базарларында, супермаркеттер мен тамақ дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын мобильді топтар бақылайды, оның құрамына құқық қорғау, бақылаушы және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіреді. 

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Өңірде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан 15-і өндіріледі (қант, тұз, сұйық ма және күріштен басқасы). Негізгі азық-түлік тауарларының (нан, ұн, макарон өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа) барлық өндірушілерімен өңір қажеттілігін қамтамасыз ету бойынша келісім бар. Облыста 34,6 мың өнім бар. Бұл 39 күндік қор. 6 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша (нан, рожки, қарақұмық жармасы, тауық жұмыртқасы, сары май, картоп) еліміз бойынша ең төмен бағалар осы өңірде. 

Тұрақтандыру қорын толықтыру үшін қосымша 300 млн теңге бөлінді. 347 тонна картоп, 57 тонна сәбіз, 54 тонна пияз, 39 тонна қырыққабат, 86 тонна күріш, 14 тонна қарақұмық жармасы, 1994 тонна ұн, 70 тонна макарон өнімдері, 16,7 мың литр сұйық май, 183 тонна қант бар. Биыл 66 тонна тұз сатып алынды. 

Қосымша күріш, қарақұмық жармасын, құс етін, сұйық май, 1 сұрыпты ұн, макарон өнімдерін, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат (барлығы 1,5 мың тонна өнім) сатып алу жоспарланған. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаны бақылау мақсатында өңірде бекітілген шекті бағаны бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі мониторинг тобы құрылған, оның құрамына мемлекеттік органдардың, прокуратураның, кәсіпкерлер палатасы мен қоғам өкілдері кірген. 23 сауда нысаны бойынша рейдтер жүргізілді, оның ішінде 5-уі — анықталған бұзушылықтарды жойды, қалған 18-і — жұмыс үстінде. 

 

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысында 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан 15 өнім түрі өндіріледі. Қалған 4 түрі: күріш, жұмыртқа, қант пен тұз еліміздің басқа өңірлерінен жеткізіледі. 

Қалалар мен аудандардың әкімдіктері күн сайын сауда орталықтары мен азық-түлік дүкендеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорына, олардың қоймаларда болуына мониторинг жүргізеді. Тауарларды толықтыру әдеттегі режимде жеткізу келісімшарттарына сәйкес жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуде кідірістер байқалмайды. 

2020 жылғы 16 сәуірдегі жағдай бойынша өңірде өндіруші кәсіпорындардың қоймаларында, тұрақтандыру қоры мен сауда жедлілері қоймаларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры 51 030,4 тоннаны құрайды.

ШҚО Статистика департаментінің ресми мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылғы 14 сәуірдегі жағдай бойынша облыста ӘМАТ бағаларының индексі 103,6% құрайды, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,6% пайыздық тармаққа төмен. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұру мақсатында қалалар мен аудандардың әкімдіктері күн сайын бағаға мониторинг жүргізеді. ӘМАТ бағалары негізсіз өскен жағдайда мемлекеттік органдар бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамаға сәйкес шараларды қолданады. 

Өңірлік тұрақтандыру қорына 2019 жылы жиналған 5700 жеміс-көкөніс өнімі сатып алынды. 2020 жылғы 15 сәуірлдегі жағдай бойынша тұрақтандыру қорының 5005 тонна жеміс-көкөніс өнімі өткізілді, бұл жалпы сатып алу көлемінен 87,8% құрайды, қор көлемі — 695 тонна. 

Сонымен қатар «Ертіс» ӘКК» АҚ арқылы өңірлік тұрақтандыру қорына 225 теңге деген бағамен 680 тонна қант сатып алынды. 
 

Қостанай облысы

Облыс негізгі бағыттар бойынша өз өнімдерімен қамтамасыз етілген. Ұн, макарон өнімдері мен нан өнімдерінің өндірілу көлемі облыс тұрғындарының жылдық қажеттілігінен 10 есеге дерлік жоғары, сиыр еті бойынша – 1,3 есе, сүт – 1,7 есе, сұйық май 1,4 есеге жуық, жұмыртқа – 2,8 есе, картоп – 2,3 есе. Облыста өндірілмейтін азық-түлік тауарлары – қант, күріш, тұз немесе аз көлемде өндірілетіндері – қарақұмық жармасы, пияз, қырыққабат басқа облыстардан жеткізу және импорт арқылы қамтамасыз етіледі. 

Негізгі азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар уақытыл қабылданып жатыр. Күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізіледі. 

Тұрақтандыру қорын құруға 2031,8 млн теңге қаражат бөлінді. 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінен 14 тауар қарастырылған. 

«Тобыл» ӘКК» облыс аумағында өткізілетін 13 өнім атауы бойынша (қант, жұмыртқа, күріш, сиыр еті, сұйық май, сары май, ұн, пияз, сәбіз, қырыққабат, картоп, рожки, қарақұмық жармасы) тауарлық түгендеу жүргізеді. Қор көлемі 6,8 мың тоннаны құрайды.

Облыста 95 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді, онда 728 тоннадан астам өнім өткізілді. Өнімдерді тікелей жеткізу туралы 868 меморандум мен 441 келісімшарт жасалды. Тауар өндірушілерден делдалдарсыз ӘМАТ өткізу бойынша фирмалық дүкендер мен павильондар ашылды. 

 

Маңғыстау облысы

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметтері бойынша жыл басынан бері Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұтыну бағасының индексі 103,8% құрады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысының тұрақтандыру қорына «Каспий» ӘКК» АҚ арқылы жергілікті бюджеттен 650 млн теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінді, оның ішінде: 

  •  270 млн теңге – өңірдегі екі ұн тарту кәсіпорнына бірінші сортты ұн өндіру үшін астық сатып алуға;

  •  380 млн теңге өңірдегі ірі көтерме бағамен сатып алушылар үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға «айналма схемасы» бойынша. Бүгінде оның ішінде 315 млн теңгеге картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз, қант, сұйық май, макарон, сүт, тауық еті, ұн, күріш, сары май сатып алынды және бөлшек сауда базарында сатылуда. 

Азық-түлік тауарларының қосымша қорымен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігінің резервінен тұрақтандыру қорына шұғыл шығындар үшін 683 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 566 млн теңгеге сиыр еті, макарон, сұйық май, сүт, ұн, құс еті, күріш, қант, тұз және тауық жұмыртқасы сатып алынды. Барлық сауда нысандарына шекті бағаның көтерілуіне жол бермеу туралы хабарлама жіберілді. 

Күн сайын облыс қалалары мен аудандарының әкімдіктері бақылау-қадағалау органдарымен және қоғаммен бірлесіп бөлшек сауда субъектілерінің шекті бағаның көтерілуіне жол бермеуіне бақылау жүргізеді. Бүгінгі таңда жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша ӘМАТ шекті бағаның көтерілуіне қатысты анықталған фактілер бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері сауда субъектілерін қатысты 14 тиісті актіні жасап, оларды жою туралы ұйғарымды тапсырды. 

 

Павлодар облысы

Өңірде баға жағдайына күн сайын мониторинг жүргізіледі, қалалар мен аудандардың әкімдіктері кәсіпкерлік бөлімдерінің ережесіне шекті жол берілетін бөлшек бағаның көлемін ішкі сауда субъеуктілерінің сақтауына мемлекеттік бақылау жүргізу және әкімшілік хаттамаларды толтыру бойынша функциялар енгізілді. 

Бүгінде сауда жөніндегі мониторинг тобы сауда нысандарына шекті бағаның көтерілуіне жол бермеу туралы хабарламаларды тапсырумен түсіндіру жұмыстары жүргізілді (барлығы 2 450 сауда нысанына). Сонымен қатар бағаның көтерілуіне шұғыл үн қату үшін кәсіпкерлік пен сауда басқармасы жанынан жедел желі мен WhatsApp канал ашылды. 

12-16 сәуір аралығында азаматтар мен ШОБ субъектілерінен бағаның өсуі, төтенше жағдай режимінің енгізілуі, бизнес субъектілерінің жұымс уақытын шектеу, облыс дәріханаларында маскалар мен антисептиктердің жоқтығы және басқа да мәселелер бойынша жедел желіге (78-78-16) 2 мыңнан аса қоңырау, WhatsApp каналға (8-705-609-20-74) - 300-ден аса өтінім келіп түсті. Сонымен қоса, биыл сәуір айының соңына дейін әлеуметтік дүкендер санын 196-дан 300-ге дейін арттыру, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен әлеуметтік дүкендерге өнімдерді нарықтағы бағадан 10-15% төмен бағамен жеткізу туралы меморандум жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 70 меморандум жасалды. Осы айдың соңына дейін олардың санын 100-ге жеткізу жоспарланған. 

Тұрақтандыру қорында 444,7 млн теңге сомасына 2 795 тонна өнім бар. Қолда бар қаражат есебінен 136 тонна күріш, 60 тонна қарақұмық, 136 тонна макарон, 68 тонна тұз, 62,8 мың литр сұйық май, 1 сортты ұннан жасалған 150 мың бөлке нан, 476 тонна қант сатып алынды. 200 тонна қарақұмық жармасы мен 1 сортты 1000 тонна ұнды жеткізуге келісімшарттар жасалды. 

204 тонна күріш, 204 тонна макарон, 1020 тонна қант, 68 тонна тұз, 66 тонна тауық еті, 1 сортты ұннан жасалған 150 бөлке нанды жеткізуге келісімшарт жасалды. Бюджеттен 1 млрд теңге, оның ішінде тұрақтандыру қорына тікелей сатып алулар үшін 500 млн теңге бөлінді, 500 млн теңге қысқа мерзімді займдар ретінде бағаны тұрақтандыру үшін ірі супермаркеттер мен тауар өндірушілерге бағытталды. 

 

Ақтөбе облысы

Өңірде мемлекеттік органдардан, үкіметтік емес ұйымдардан, қоғам өкілдері мен мәслихат депутаттарынан құралған жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу және бақылау бойынша шұғыл штаб құрылды. Күн сайын жұмыс тобы мен аудандардың әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізеді, сондай-ақ сауда нысандарының директорларының арасында 9 ӘМАТ шекті бағаны сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 

Барлық азық-түлік тауарларына алыпсатарлық немесе бағаның негізсіз көтерілуі анықталған жағдайда тұрғындар Ақтөбе облысының Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне мына нөмір бойынша: 8 (7132) 710 - 253 немесе www.dosmart.kz сайты арқылы хабарласа алады. 9 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына бағаның көтерілуіне қатысты мына нөмірге хабарласу қажет: 8 (7132) 74-21-80 (122).

Тауарлық интервенция тәртібінде Комиссия шешімі бойынша бағаны тұрақтандыру мақсатында бекітіліген кесте бойынша облыс аудандарына облыстың тұрақтандыру қорындағы азық-түлік тауарлары өткізіледі: картоп – 65 теңге/кг, пияз – 65 теңге/кг, қырыққабат – 70 теңге/кг, сұйық май – 300 теңге/литр және қант – 230 теңге/кг. 

Бүгінде қорда тауарлардың қалдығы мынадай: картоп – 475,6 тонна, пияз – 98,8 тонна, қырыққабат – 43 тонна, қант – 221,7 тоннае, 1 сортты ұн – 12 тонна, сұйық май – 40,6 тонна.

Облыс әкімдігі сауда желілері мен жеткізушілердің қоймаларындағы бар азық-түлік тауарларының есебін жүргізеді, қолда бар қор облыс тұрғындарын қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ келісімшарттар жасалған көлемді жеткізу қадағаланады. 

 

Жамбыл облысы

Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында өңірдегі азық-түлік тауарларының қорына мониторинг жүргізіледі, құрамында мемлекеттік құқық қорғау, атқарушы, қадағалау органдары мен қоғамдық ұйымдар бар арнайы облыстық штаб құрылды. 

Қазіргі күні азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қорында 5,6 мың тонна тауар бар. Облыс бойынша тауарлар қорының болуы 47,5 мың тоннаны құрайды, облыс бойынша қорларды сақтау бойынша күндер санында нақты тұтыну бойынша қамтамасыз етілу орта есеппен 44 күнді құрайды. 

Облыстағы ірі супермаркеттер мен базарларда күніне екі рет негізгі азық-түлік тауарларының бағасына және олармен қамтылу жағдайына мониторинг жүргізіледі. 

Сараптауға сәйкес, күн сайын өндірілетін ет, сүт, нан-тоқаш өнімдері ішкі сұранысты толық көлемде қамтамасыз етеді, сақтаудағы көкөністер қоры сәуір айының соңына дейін жетеді, ал екі айға әлеуметтік нанды өндіру үшін қажетті ұн қоры жасалды. 

Жергілікті ұн, макарон, жұмыртқа, сары май өндірісі ішкі сұранысты жартылай қамтамасыз етеді (50-80%), бұл тауарларға сұраныс артқан жағдайда олардың өндірісін екі есеге арттыруға болады. Ол үшін облыста мал басының жеткілікті саны бар, қайта құрылған 3 құс фабрикасы, 4 макарон фабрикасы бар. 

Басқа өңірлерден жеткізілетін өнімдердің ішінен облыс күрішпен, тұзбен (Қызылорда), ұнмен, бидаймен (СҚО, Ақмола, Қостанай), сұйық май, қарақұмықпен (Павлодар, ШҚО) жиі қамтамасыз етіледі. Азық-түлік резервін қалыптастыру мақсатында 568,2 млн теңге сомасына қосымша 955 тонна тауарды сатып алу бойынша шұғыл жұмыстар басталды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен қосымша 220 млн теңге бөлінді. Бағаны ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорынан қаладағы ірі супермаркеттер мен әлеуметтік дүңгіршектер арқылы бағасы нарықтағыдан төмен тауарлар сатылады. 

 

Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі елімізде төтенше жағдай енгізілген уақыттан бері шұғыл штаб құрылды, 20 оперативтік топ құрылды, олар күн сайын жергілікті жерлерде бағаларға мониторинг жүргізеді, бөлшек сауда дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстеме ақылы төмендеуде, көтерме сауда жеткізушілері, бөлшек сауда сатушылары және өндірушілер, оның ішінде РФ-мен делдалдарсыз кедергісіз жеткізу бойынша байланыс орнатылған. 

Облыстағы тұрақтылық қоры мен қоймалардағы қорлар, сауда кәсіпорындары, өндірушілер бойынша азық-түлік тауарларының қоры күн сайынғы бақылауға алынған, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көтерме сауда сатушылары үшін қолжетімділік қағидаты бойынша сауда павильондары ұсынылады – тұрғындарға тауарлар көтерме бағамен қолжетімді болды, көлік және басқа да қосымша шығындарды азайту мақсатында облыстың барлық аудандарына азық-түлік өнімдерінің орталықтандырылған жеткізілуі ұйымдастырылды. 

Сонымен қатар өңірдегі ірі желілермен төтенше жағдай кезеңінде «қарбалас сағаты» акциясын өткізу туралы келісімдерге қол жеткізілді, онда желілер негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өзіндік құнымен сатады. Көкөніс өнімдерінің ірі көтерме сауда жеткізушілері күн сайын өнімдерді облыс аудандарына төмендетілген көтерме бағамен орталықтандырылған жіберуді ұйымдастырады. 

Облыс әкімінің өкімімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне мониторинг жөніндегі жұмыс тобы құрылды. 

Күн сайын шұғыл режимде (WhatsAp желісінде жеке топ құрылды) сауда желілерінің басшыларымен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу (бағаның қолдан өсірілуіне жол бермеу және шекті бағаның мониторингі бойынша ынтымақтастық), азық-түлік тауарларының сатушыларға бірдей сатылуын (бір қолға тауарлардың көп көлемде сатылуына тыйым салу), әлеуметтік бұрыштарды ашу (тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтары үшін азық-түлік тауарларын төмендетілген бағамен сату) бойынша жұмыстар жүргізілуде, ірі көтерме бағамен жеткізушілермен, тауар өндірушілермен және дүкендермен қажеттілігіне қарай оффлайн кездесулер өткізіледі. 

 

Қызылорда облысы

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрақтандыру қорын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру мақсатында жыл басынан бері жергілікті бюджеттен 4299,4 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға 881,8 млн теңге бөлінді. Оның ішінде, Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органының резервінен шұғыл шығындар үшін азық-түлік тауарларының тапшылығына жол бермеу мақсатында 720 тонна өнімді сатып алуға 105,8 млн теңге бөлінді, сондай-ақ облыстық бюджеттен 3579,4 тонна өнім сатып алу үшін 776 млн теңге бөлінген. 

Бүгінгі күні тұрақтандыру қорына 379,85 млн теңгеге 1814,3 тонна өнім: картоп, сәбіз, ұн, қант, сұйық май, қырыққабат, сиыр еті, тауық еті, сүт өнімдері, сары май, жұмыртқа, макарон сатып алынды, олар әлеуметтік дүкендер арқылы нарықтағыдан төмен бағамен сатылады. 

Биыл 21 сәуірдегі жағдай бойынша облыстағы азық-түлік қоры, тұрақтандыру қорын, сауда нысандары мен олардың қоймасын қоса алғанда, 11061,7 тонна әлеуметтік маңызы бар тауарларды құрайды. Оның ішінде тұрақтандыру қорында 2819,5 тонна өнім қоры бар. 

Облыстағы тұрақтандыру қорының өнімдері төмен бағамен 28 әлеуметтік дүкен арқылы сатылады. Сонымен қоса, осы жағдайда облыстағы тұрақтандыру қорын әлеуметтік маңызы бар өнімдермен толтықтыруға бюджет қаражатын бөлу және оларды әлеуметтік дүкендер арқылы нарықтан төмен бағамен сату оң нәтиже әкелді. 

Бүгінде облыс тұрғындары негізінен азық-түлік тауарларын әлеуметтік дүкендер арқылы сатып алады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік дүкендерді кеңейтуге серпін берді, осылайша, жыл соңына дейін қосымша 34 әлеуметтік дүкенді ашу жоспарланған. Қазіргі күні облыста 349 азық-түлік дүкеніне мониторинг жүргізілді, осылайша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның шекті бөлшек бағаға сәйкес келетіні анықталды. 

 

Атырау облысы

Осы кезеңге облыста бар азық түлік қоры – 5 970,1 тоннаны құрайды. Тұрақтандыру қорында 229,2 тонна тауар бар (ұн – 188 тонна, картоп – 22,7 тонна, қырыққабат – 3,1 тонна, сәбіз – 15,4 тонна). 

9 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінен 6 түрінен өсім байқалып отыр (макарон өнімдері – 6%, қарақұмық – 6,3%, сиыр еті – 4%, жұмыртқа – 4,1%, өсімдік майы – 0,5%, тұз – 4,3%). Өткен аптаға қарағанда, макарон өнімдері мен пен тұздың бағасы тиісінше 6%-ға және 4,3%-ға өссе, қарақұмық жармасы – 1%-ға, күріш – 6%-ға, сиыр еті – 4%-ға, жұмыртқа – 1%-ға арзандады.

Облыста қажетті азық-түлік қорын жасақтау мақсатында тұрақтандыру қорына жергілікті бюджет есебінен қосымша қаражат бөлінді. Бұл бөлінген қаражатқа «Атырау» ӘКК» АҚ-ы тұрақтандыру қорына 12 түрлі азық-түлік өнімдерін алуға «Идеял Маркет» сауда орталығымен келісімшарт жасап, 400,0 млн теңге займ беруде. Бұл өнімдер шекті бағамен аталған сауда орталығының қаладағы 26 және аудандағы 3, барлығы 29 сауда нүктелерінде тұрғындарға қолжетімді болады. Алдағы уақытта да қосымша тауар алуға жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар биылғы 1-21 сәуір аралығында Астрахань қаласынан 14,1 тонна құс еті, 20,1 тонна сүт, 5,55 тонна өсімдік майы, 6,7 тонна сары май, 69,7 тонна картоп, 55,8 тонна сәбіз, 6 тонна қырыққабат, 26 тонна қант, 78,8 тонна түрлі азық-түлік, 48 тонна жеміс-жидек 118 автокөлікпен жеткізілді. Дәл осы кезеңде Атырау қаласындағы мал сою орындары арқылы 459 бас ірі қара мал, 148 бас жылқы, 3 бас түйе, 222 бас қой малы сойылып, базарлар мен сауда орындарына жіберілді. 

Алдағы 2020-2021 жылға «Атырау» ӘКК» АҚ форфорттық негізде 138,2 тонна картоп, 70,1 тонна пияз, 65,7 тонна сәбіз және 35,4 тонна қырыққабат алуға келісімшарт жасады. Жыл басында жаңартуға қайтарған 361,8 тонна картоп, 79,9 тонна пияз, 49,3 тонна сәбіз, 114,6 тонна қырыққабатты қосқанда, жыл соңында тұрақтандыру қорында 500 тонна картоп, 150 тонна пияз, 115 тонна сәбіз, 150 тонна қырыққабат болады.

Биылғы жылы 9 222 гектар (көкөніс – 2 668 га, бақша дақылдары – 1 182 га, картоп – 2 040 га, мал азығы дақылдары – 3 332 га) жерге егін егіледі. Бүгінде 650 га алқапқа (көкөніс – 345 га, картоп – 70 га, мал азықтық дақылдар – 235 га) тұқым себілді. Оның ішінде тамшылатып суару – 3 000 га (32,5%). Көктемгі дала жұмыстарына 783 ауыл шаруашылығы техникасы тартылған. 15 cуару-суландыру жүйесі су жеткізу жұмыстарына қосылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу