«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6,2 млрд теңге сомасына 299 кооператив қаржыландырылды – АШМ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндама жасады. 

Оның айтуныша, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру басталды. Бағдарлама жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие беруді көздейді, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін шағын несие мерзімі – 7 жылға дейін. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 9,2 млн теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 29,5 млн теңге).

Айта кету керек, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өңірлерде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде әрекет етеді, олар бағдарлама қатысушыларының неғұрлым жеңілдетілген шағын несиелерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бағдарламаны іске асыру аясында 2023 жылы 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінді.

Қаражаттың негізгі бөлігі – 70%-ға жуығы Жамбыл (24,1 млрд теңге), Түркістан (19,8 млрд теңге), Ақтөбе (16 млрд теңге) және Алматы (8,3 млрд теңге), облыстары үшін қарастырылған. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың басым бөлігі – осы облыстарда, сондай-ақ олардың ішінде еңбекке жарамды адамдар қатарынан бола тұра, бірде-бірі жұмыспен қамтылмаған отбасылар байқалады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, бүгінгі таңда 82,4 млрд теңге сомасына 13,2 мың шағын несие берілді. Бұл ретте 4 облыста қаражаттың игерілмеуі байқалады. Ақтөбе облысында 11,1 млрд теңге (69,5%), Ұлытау облысында 1,6 млрд теңге (46,1%), Алматы облысында 2,8 млрд теңге (33,3%), Жамбыл облысында 3 млрд теңге (12,6%) игерілмеген.

«Жалпы шағын несиелеу бағдарламасы ауыл тұрғындарының негізінен мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытынын көрсетті. Мәселен, мал шаруашылығы саласына берілген шағын несиелердің жалпы көлемінен 79%-ы, өсімдік шаруашылығына 4,1%-ы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлеріне 16,9%-ы бағытталды», — деді Ербол Тасжүреков.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында салаларға несие беру бойынша сараланған тәсілді қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлінген қаражаттың жалпы сомасының 50%-ынан аспайтын мөлшерде мал шаруашылығы саласына жіберуге шектеу қойды.

Сонымен қатар министрлік «АӨК-дегі ЭСТО» ЖШС-мен бірлесіп «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шағын несиелеудің ақпараттық жүйесін әзірледі, ол несие алуға электрондық өтінім беруге мүмкіндік береді, бұл ауыл тұрғындары үшін бағдарламаның қолжетімділігін арттырады. Қазіргі уақытта бұл жүйе Жамбыл облысында іске қосылған, сондай-ақ жақын арада Ақтөбе және Алматы облыстарында іске қосылатын болады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәлімдеуінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6,2 млрд теңге сомасына 299 кооператив қаржыландырылды.

«Жалпы ЖҚШ-ты кооперативтерге біріктіру ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп пайдалану түрі, сондай-ақ кооперативтер арқылы өнім өндіруді және оны өткізуді ұлғайту мүмкіндігі бойынша өзіндік артықшылықтарға ие, бұл болашақта өндірілген өнімді сауда базарларының, қала дүкендерінің сөрелеріне шығаруға мүмкіндік береді», — деді Ербол Тасжүреков.

Осыған байланысты бағдарлама аясында кооперативтер құруды ынталандыру үшін несиелеудің ең жоғары сомасы 8 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылған кооперативтерге несие беру көзделген (2024 жылы – 29,5 млн теңге).

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қалған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тең негізде мемлекеттік қолдаудың барлық қолда бар шарасы қолжетімді. Осылайша, кооперацияны ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау кезінде басымдылық пен жоғары нормативтер көзделген, мұнда ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының жекелеген түрлері бойынша құны жергілікті бюджет қаражаты есебінен 35-50%-ға дейін ұлғаяды.

Салық кодексінде ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін салықтың бес түрі (корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, көлік құралдары салығы) бойынша 70% жеңілдік беретін арнайы салық режимі көзделген.

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту аясында облыс әкімдіктері өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, кооперативтерге базарларда, жәрмеңкелерде орын бөлу үшін жағдайлар жасау, кооперативтермен жұмыс істеу бойынша өңірдің ірі зәкірлік кәсіпорындарын тарту кезінде кооперацияның әлеуетін іске қоса алады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл тұрғындары арасында бағдарлама бойынша жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарына ауылдық округтердің барлық әкімі жұмылдырылған. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында, әлеуметтік желілерде шағын несиелеу шарттары жарияланды, ауыл тұрғындарының табысты тәжірибесі туралы бейнероликтер жарияланды», — деді Ербол Тасжүреков.

Вице-министр кейбір табысты бизнес-жобалардың мысалдарына қысқаша тоқталып өтті. Мысалы, Түркістан облысында Балтакөл ауылындағы Біржан Жүнісов наубайханасының жобасы жүзеге асырылуда, онда күн сайын 300-ден астам нан сатылады. Жобаны жүзеге асырғанға дейін кәсіпкер жұмыссыз болған. Ауыл тұрғыны 8 млн теңге несие алды. Жоба сәтті жүзеге асырылуда және кәсіпкер несиені мерзімінен бұрын өтеуді және бизнесті кеңейтуге 29 млн теңгеге дейін қайта алуды жоспарлап отыр, оған бағдарламаның шарттары мүмкіндік береді.

Қызылорда облысында алғашқылардың бірі болып Бидайкөл ауылындағы «Барлыбай және К» кооперативінің томат пастасын өндіру цехы шағын несие алды. Мұнда басшы Қанат Мұсаев несиеге 27,6 млн теңге алып, томат пастасы мен консервіленген өнімдерді өндіру желісін сатып алды. Цехтың қуаты – тәулігіне 2 тонна өнім. Бүгінгі таңда 25 мың банка өнім – томат пастасы, аджика, салаттар сынама ретінде дайындалды. Кәсіпкер сапа сертификатын алды. Сондай-ақ жобаны іске асыруға кооператив мүшелері ретінде тұқыммен, көшетпен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген ауыл тұрғындары тартылады. Олардың өнімдері томат пастасын өндіру цехына қабылданады.

Сонымен қатар «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Сараптамалық топ құрылды. Осы Сараптамалық топ нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бөлігінде, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдаған ұсыныстар берді:

  • Бюджет кодексіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға қаражатты тікелей аудару үшін (ұсыныс Ұлттық экономика министрлігіне жолданды);

  • уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу кезінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне қосымша балл беру үшін Жер кодексіне (бұл мәселе пысықталуда);

  • ӘКК-нің ауыл шаруашылығы кооперацияларының жарғылық капиталдарына қатысуы үшін «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға (бұл ұсыныс Ұлттық экономика министрлігіне жіберілді);

  • ӘКК-ні бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүргізу жолымен сенім білдірілген агент ретінде айқындау үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға.

Оған қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасын жетілдіру бөлігінде ұсыныстар берілді, оның ішінде:

  • мал шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында және қызмет көрсету саласында, әсіресе тауашалық салаларда (бал, гүлдер, құс, ұсақ тауарлы фермаларда артықшылығы бар ІҚМ және ұсақ мал фермаларында және т.б. отбасылық фермалар) үлгілік жобаларды әзірлеу;
  • өнімді өткізуді, қайта өңдеуді және оны өткізуді қамтамасыз ету мақсатында бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобаларды кластерлік модельге немесе кооперацияға интеграциялау;
  • кооперативтерді құру кезінде сату кооперативтеріне баса назар аудару қажет;
  • ірі агробизнес пен жобаға қатысушылар арасындағы кооперация және т.б.

Бұдан басқа облыс әкімдері Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісім бойынша бағдарламаның негізгі көрсеткіштерін бекітті.

Экономикалық көрсеткіштердің мониторингі Ауыл шаруашылығы министрлігіне бекітілді, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мониторинг жүргізілетін әлеуметтік көрсеткіштер ескерілді. Бағдарламаны іске асыруға 2024 жылы 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Қаражат жетіспеген жағдайда облыс әкімдіктерінің жергілікті бюджет қаражатынан шағын несиелеуге қосымша қаражат бөлу мүмкіндігі бар, бұл “Ауыл Аманаты” бағдарламасы аясында ауыл мен шағын қалалардың тұрғындарын несиелеумен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

#Ауыл шаруашылығы #ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу