Алматы облысы – еліміздің маңызды көлік-логистикалық хабы

Алматы облысы – халықаралық сауда мен жүк транзитін дамыту үшін әлеуетті маңызды өңір. Алайда, 2020 жылы коронавирус инфекциясы пандемиясы елдер арасындағы сауда қатынастарына да, көлік-логистика жүйесіне де айтарлықтай зиян келтірді. Соның салдарынан кедендік өткізу бекеттері тоқтап қалды.

Мәселен, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы аумағындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты «Нұр жолы» өткізу пунктінде карантин режимі күшейтіліп, автомобиль-көлік құралдарын шектеулі түрде өткізу бойынша шаралар қабылданды. Сондай-ақ шектес тарап әрбір автокөлік құралына 2-ден 6 сағатқа дейін созылатын дезинфекция және термиялық өңдеу жұмыстарын жүргізді.

ҚХР-да АКҚ-ты шектеулі өткізу бойынша жағдайды реттеу мақсатында Қазақстан Үкіметі ҚХР-дан Қазақстанға жеткізілетін тауарларды ауыстырып тиеуді ұйымдастыру арқылы ҚХР-мен тауар айналымын ұлғайту жөніндегі шаралар кешенін қабылдау бойынша міндеттер қойды. Осы тапсырмалар шеңберінде Қытаймен уағдаластық негізінде ҚР-да тіркелген тартқыш (КЛО-ға тиесілі) және ҚХР-да тіркелген (Қытай тасымалдаушысына тиесілі) ашық тіркеме құрамында екі өткізу пункті арасында жүретін АКҚ-дан тауарларды ауыстырып тиеу ұйымдастырылды.

Бұл модель «Нұр жолы» өткізу пунктінде қолданылады, орта есеппен күніне көлік-логистикалық орталықтарға тауары бар 20 бірлік қытайлық тіркеме әкелінеді. Аталған формат Қытай Қазақстаннан жартылай тіркемелерді мүлдем қабылдамағанда да, тауарларды тоқтаусыз әкелуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар 2020 жылғы 9 қыркүйектен бастап GoCargo.kz сайтында электрондық кезек жүйесі енгізілді, бұл мобильді қосымша арқылы кезекке алдын ала тапсырыс беруге мүмкіндік береді. Жүйеде СМС-хабарламалар арқылы тасымалдаушыларды хабардар ету жолымен «кері» байланыс орнатылады. Бүгінгі таңда жүйе штаттық режимде жұмыс істейді.

Сонымен қатар 2020 жылғы 1 шілдеден бастап бұған дейін жабық болған (наурыздың соңынан бастап) «Бақты», «Қалжат» және «Майқапшағай» қазақстандық өткізу пункттері ашылды, бірақ Қытай жағындағы шектес өткізу пункттері жабық тұр («Дулаты» және «Зимұнай»). «Бақты» өткізу пункті 2020 жылғы 5 қарашада ашылды.

Сондай-ақ кезекті реттеу бойынша жедел штаб құрылды. Жедел штабқа қатысушылар құрамына Панфилов ауданының әкімі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, кеден қызметі, Панфилов ауданының басқармасы, жүргізушілердің бастамашыл тобы кіреді.

Бұдан басқа, ҚХР-дан ҚР-ға «Нұр жолы» кеден бекетіндегі жол учаскесі Алматы облысы бойынша МКД балансына берілді, бұл отандық тасымалдаушыларға ҚХР-дан ҚР-ға өткен жол үшін алымдар сомасын төлемей жүріп өтуге мүмкіндік берді. Қазіргі кезде эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, тауарларды өткізу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады.

Біріншіден, 2021 жылғы 19 тамыздан бастап шектес тарап көлік құралдарын өңдеуді қысқарту арқылы ағынды ұлғайту мақсатында тентсіз (платформасыз) ашық тіркемесі бар ҚР көлік құралдарын қабылдайды. Осылайша, 2021 жылғы 13 қыркүйектегі жағдай бойынша ҚХР күніне 50-ден астам көлік құралын қабылдайды.

Сондай-ақ шектес тарап каркастық негізі бар көлік құралдарына тиеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдады, соның арқасында ҚР-ға шығару үшін алаңға тиеу жарты сағат ішінде жүзеге асырылады, бұл уақытты қысқартады және ҚХР кеден органдары қызметкерлерінің жүргізушілермен байланысын азайтады. 2021 жылдың өткен кезеңінде 10 505 автомобиль-көлік құралдары өтті. Бұл ретте биылғы жылдың 8 айында тауарларға 4 061 декларация ресімделді. 2021 жылдың 8 айында кедендік төлемдер мен салықтар түсімдері шамамен 25 млн теңгені құрайды.

Қазақстанда арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар құру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Мұндай аймақтардың негізгі мақсаттары — жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету, өнеркәсіптің басым салаларын дамыту, өнеркәсіп кәсіпорындарын тұрғын аудандардан көшіру, технологиялық, инновациялық өнімдер шығару, импортты алмастыру.

Алматы облысында орналасқан «Береке» индустриялық аймағы облыс әкімдігінің 2016 жылғы 17 қазандағы қаулысымен құрылған. Содан кейін «Алматы облысының индустриялық аймақтарын басқарушы компания» ЖШС «Қайрат», «Береке» және «Талдықорған» индустриялық аймақтарын басқарушы компания болып белгіленді.

Бүгінгі таңда Алматы облысының әкімдігі мен «BI Group» арасында 2021 жылғы 10 тамызда жасалған меморандумға сәйкес көп пәтерлі тұрғын үй құрылысының жоспарлануына байланысты индустриялық аймақтың бастапқы аумағының басым бөлігінде (535 га) «Gate city» серіктес қаласының бас жоспары әзірленуде. Сонымен қатар өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану үшін жалпы ауданы 44 га жер учаскесі бөлінді.

Осы жылдың шілде айында «Жеміс-жидек шикізатын сублимациялық кептірудің инновациялық технологиялары бар экспорттық кластер» инвестициялық жобасын іске асыру бойынша «FRUIT ART» ЖШС-мен индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалды. Инвестиция сомасы – 35,5 млрд тг меншікті қаражат, 300 жұмыс орны құрылады. Жоба бастамашысы құрылыс-монтаждау жұмыстарына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

2021 жылдың 4 тоқсанында «GRADO» жобалау ұйымының «Gate City» аумағының жаңа бас жоспарын ұсынуы күтілуде. Осы жоспардың негізінде ҮАААЖ-дың солтүстігіндегі негізгі шекаралардың орын ауыстыруын ескере отырып, «Береке» индустриялық аймағын одан әрі дамыту тұжырымдамасы әзірленетін болады.

АЭА мен индустриялық аймақтар туралы айтқанда, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына да тоқталып өткен жөн. «Қорғас – Шығыс қақпасы» – Қытай, Орталық Азия мен Орта Шығысты байланыстыратын логистикалық хаб құруға арналған стратегиялық нысан. АЭА 2011 жылы құрылды, жұмыс істеу мерзімі – 2036 жылға дейін.

Бұл аймақ сауда-экспорттық қызметтің мүдделерін және елдің транзиттік әлеуетін іске асыруды қамтамасыз ететін тиімді көлік-логистикалық және индустриялық орталық ретінде, сондай-ақ қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвестицияларды тарту, өңірдің жедел дамуы, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру үшін құрылған.

Қорғас АЭА жер учаскесінің жалпы ауданы 4591,5 га құрайды және төмендегілерден тұрады:

  • құрғақ порт – 129,8 га;
  • логистикалық аймақ – 224,9 га;
  • индустриялық аймақ – 224,4 га;
  • резервтік аумақ – 4 012,4 га.

Анықтама: логистикалық аймақта 124,91 га пайдалы алаңнан 10 га бос жер учаскесі игерілді. Логистикалық аймақта 114,91 га бос жер учаскесі бар, индустриялық аймақта 149,49 га пайдалы алаңнан 50,9 га игерілді. Бос жер учаскесі – 98,59 га. Құрғақ порт аумағында 129,8 га пайдалы алаңнан 119,05 га игерілді. 10,75 га кірме темір жолдар.

2014-2016 жылдар кезеңінде «Қорғас» АЭА инфрақұрылымын салу үшін республикалық бюджеттен 36,8 млрд теңге бөлінді. 2016 жылдың қараша айында жобада қарастырылған «Қорғас» АЭА инфрақұрылымының барлық 68 нысаны пайдалануға берілді. Бұл энергетикалық шаруашылық объектілері, су жинау құрылыстарының кешені, кірме жолдар, темір жолдар, байланыс желілері, әкімшілік ғимараттар, өрт сөндіру депосы және т. б.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның негізгі элементі – құрғақ порт, оның жобасы 2015 жылғы маусымда жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда құрғақ порт сәтті жұмыс істеп тұр. Порт аумағында темір жолдың тар жолынан кең жолға жүктерді қайта тиеуге арналған бірнеше терминал, сондай-ақ уақытша сақтау қоймалары бар. Темір жолдардың 6 тармағы салынды (3 тар Қытай жолы бойынша 1435 мм және Қазақстан 3 кең жолы бойынша – 1520 мм). Құрғақ порт операторы – «KTZE Khorgos Gateway» ЖШС.

Қорғас АЭА басқару мақсатында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының «Басқарушы компаниясы» АҚ құрылды, оның акциялар пакетінің 100%-ы Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына тиесілі.

2017 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Бір белдеу – бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумы аясында «Shipping» COSCO корпорациясымен және Ляньюнган портымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын (АЭА) бірлесіп дамыту туралы инвестициялық келісімге қол қойды. Қытайлық серіктестер құрғақ порттың оператор-компаниясына қатысу үлесінің 49%-ын бірлесіп сатып алды.

Құрғақ порт 2018 жылы 136 000 ЖФЭ, 2019 жылы – 150 000 ЖФЭ (көлік ағындарының сандық жағының шартты өлшем бірлігі, контейнерлік терминалдардың өткізу қабілеті немесе сыйымдылығы), 2020 жылы – 210 000 ЖФЭ өңдеді. 2021 жылдың бірінші тоқсанында көлем 57 000 ЖФЭ құрады, 5977 тонна бас жүк және 6 320 тонна ыдыс-дана жүк артық тиелді.

Бұдан басқа, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның стратегиялық орналасуын атап өту қажет: жаңа Еуразиялық континенттік дәліздің плацдармы болып табылатын Ляньюньган портынан «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ға дейін теміржол арқылы жүктерді тасымалдау 5 күнді алады. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-нан Роттердамға (Еуропа) дейін жүк тасымалдау 9-10 күнді алады.

Қазіргі уақытта бірыңғай тізілімде 30 қатысушы тіркелген. Оның ішінде 18 қатысушыға Құрғақ порт, АЭА логистикалық және индустриялық аймақтары аумағында жер учаскелері бөлінді (жобаларды іске асыру үшін бас жоспарда көзделген 4 591,5 га-дан 1 254,8 га аумақ бөлінді).

АЭА резервтік аумағында келесі жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдері бөлінді:

1) «Hubei Kelison» ЖШС – «Қытай-Қазақстан халықаралық өнеркәсіп паркін» салу үшін 1000 га. Инвестициялық құны – 330 млрд теңге.

2) «Qazaq LNG» ЖШС сұйытылған табиғи газ өндіру зауытын салу үшін 32 га. Инвестициялық құны – 58,7 млрд теңге.

Қолданыстағы жобалар:

● «KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС (Құрғақ порт)

- жоба 2016 жылы іске қосылды, құны – 36,38 млрд теңге, 190 жұмыс орны, қуаты –540 мың ЖФЭ;

- қызметі – терминалдық қызметтер, қойма шаруашылығы.

● «Заря ltd» ЖШС (Құрғақ порт аумағында)

- жоба 2018 жылы іске қосылды, құны – 1,51 млрд теңге, 48 жұмыс орны, қуаты – бір мезгілде 15 000-ға дейін сақтау;

- қызметі – астықты сақтау және жөнелту.

● «KIF Warehouses» ЖШС (логистикалық аймақ аумағында)

- жоба 2019 жылы іске қосылды, құны – 5 млрд теңге, 50 жұмыс орны, қуаты – жалпы ауданы 25 мың шаршы метр екі қойма;

- қызметі – А класындағы қойма үй-жайлары.

● «QazProdGroup» ЖШС (индустриялық аймақ аумағында)

- жоба 2019 жылы іске қосылды, құны – 0,11 млрд теңге, 150 жұмыс орны, қуаты – бір ауысымда 2 400 жұп аяқ киім;

- қызметі – аяқ киім өндірісі.

● «Standard Steel KZ» ЖШС (индустриялық аймақ аумағында)

- жоба 2019 жылы іске қосылды, құны – 0,27 млрд теңге, 6 жұмыс орны, қуаты – тәулігіне 10 тонна дайын өнім;

- қызметі – машиналар мен жабдықтардан басқа, металл бұйымдарын; металл жабын, профнастил, металлсайд өндіру.

● «SSA Feed Mills» ЖШС (Құрғақ порт аумағында)

- жоба 2020 жылы іске қосылды, құны – 4,7 млрд теңге, 66 жұмыс орны, қуаты – жылына 60 мың тонна жемшөп, элеватордың қуаты – 15 мың тонна, әрі қарай 30 мың тоннаға дейін ұлғайтылады;

- қызметі – құрама жем шығару және дәнді дақылдарды сақтау бойынша кешен салу.

● «QAZAQ fruits» ЖШС (индустриялық аймақ аумағында)

- жоба 2020 жылы іске қосылды, құны – 0,04 млрд теңге, 25 жұмыс орны, қуаты – жылына 306 300 кг;

- қызметі – тамақ өнімдерін өндіру (макарон өнімдері).

● «Khorgos free Zone logistics services» ЖШС (индустриялық аймақ аумағында)

- жоба 2020 жылы іске қосылды, құны – 0,03 млрд теңге, 15 жұмыс орны, қуаты – ауданы 600 шаршы метр қойма үй-жайы;

- қызметі – қойма шаруашылығы және қосалқы көлік қызметі.

2021 жылдың соңына дейін 564 жұмыс орнын құрумен 27,8 млрд теңге сомасына 5 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

- «Шығыс қақпасы» Жібек жолын дамыту жөніндегі халықаралық компаниясы» ЖШС (төсек-орын жабдықтары, перделер, киім). Құны – 22,1 млрд теңге, аумағы – 32 га, жобаның 1-кезеңі жалпы ауданы 4000 ш.м., жобалық қуаты жылына 450 мың бірлік тоқыма бұйымдарын шығаратын және 405 жұмыс орнын құратын тоқыма бұйымдары зауытын салу.

- «Kok-tobe safflower» ЖШС (мақсары майы). Құны – 0,20 млрд теңге, аумағы – 0,5 га, жобалық қуаты жылына 6 мың тонна май және тоң май өндіру цехының құрылысы және 10 жұмыс орнын құру.

- «Elite Baby Production» ЖШС (балаларға арналған жөргектер, қағаз майлықтар). Құны – 0,256 млрд теңге, аумағы – 2 га, 80 жұмыс орнын құрумен шаруашылық-тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз өнімдерін өндіру цехының құрылысы.

- «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» ЖШС. Құны – 4,8 млрд теңге, аумағы – 4 га, тауарлық бетон өндіру бойынша 44 жұмыс орнын құрумен зауыт құрылысы.

- «East Gate Partners» ЖШС. Құны – 0,15 млрд теңге, аумағы – 1 га, жидектер мен жемістерден тосап, джем, повидла және конфитюр шығару цехының құрылысы, жобалық қуаты – жылына 300 тонна, 25 жұмыс орнын құрумен.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Тулома Салмон Казахстан» ЖШС тіркеуден өтіп жатқанын атап өту қажет. Аталған компания белгіленген қуаты жылына 2 500 тонна болатын ТЖҚ (тұйық сумен жабдықтау қондырғысы) технологиясы бойынша атлантика албырт балығын өсіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Зауытты операциялық іске қосқаннан кейін бірнеше жыл ішінде оның қуатын 5 000 тоннаға дейін кеңейту, сондай-ақ филеттеу цехын салу жоспарлануда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу