АӘК төлеу тетіктерін жетілдіру, азаматтық авиацияны дамыту және әуе билеттерінің бағасын төмендету шаралары — кезекті Үкімет отырысы қалай өтті

7 қазанда өткен кезекті Үкімет отырысында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетудің жаңа тәсілдері, сондай-ақ азаматтық авиацияны дамыту мәселелері және әуе билеттерінің құнын одан әрі төмендету шаралары қаралды. Үкімет кулуарында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері күн тәртібіндегі өзекті сұрақтарына жауаптар алды. 

Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру жөніндегі бірінші мәселені қарастыру барысында Премьер-Министрге АӘК төлеу критерийлерін өзгерту оның айқындық, әділеттілік және еңбекке ынталандыруын қамтамасыз етуге бағытталғаны баяндалды, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік енгізу қаралды. АӘК бөлудің жаңартылған моделі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларының қисынды жалғасы және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.

Заң жобасы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешенді тәсілі мен атаулы сипатын қабылдауды қарастырады: 

  • 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар барлық көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы енгізу;

  • Отбасының барлық мүшелеріне кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының арасындағы айырмашылық ретінде тоқсан сайынғы АӘК тағайындау, бұл жағдайда отбасының жұмысқа жарамды мүшелері жұмыс істеуі тиіс, ал мемлекет жұмысқа орналасуға және бизнеспен айналысуға көмектесетін болады;

  • Мемлекеттің аз қамтылған отбасылардағы балаларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуі: 1-ден 6 жасқа дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен, ал 6 жастан 18 жасқа дейін — мектептерде тегін ыстық тамақпен, қалалық қоғамдық көлікте күнделікті тегін жол жүрумен, мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Премьер-Министр қаралып отырған мәселенің маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. Мемлекет бірінші кезекте балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектесетін болады.

А. Мамин Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде АӘК берудің жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды, қазан айының соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке ұсынуды, ал өңірлердің әкімдеріне АӘК ұсыну бойынша түзетілген шаралардың нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Азаматтарымыз көмекке мұқтаж адамдардың бәрі – аз қамтылғандар, көп балалы отбасылар мен балалар мемлекеттің қорғауында болғанын және солай қалатынын білуі керек. Жұмыс істей алатындарға – оларға оқудан өтуге, мамандық алуға, жеке кәсіп ашуға, жұмысқа орналасуға барлық жағдай жасалып жатыр», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Екінші мәселені қарау кезінде А. Маминге осы жылдың 8 айында азаматтық авиацияда 5,6 млн жолаушы тасымалданғаны, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштермен салыстырғанда 1,8%-ға артық екені баяндалды. Ұшу географиясы кеңейтіліп жатыр — Қазақстан 99 халықаралық бағытта 24 шет елмен әуе қатынасын жүзеге асырады, соның ішінде 2019 жылы Нұр-Сұлтаннан Токиоға, Прагаға, Ұлан-Батырға бағдарлар ашылды. 9 әлемдік қаржы орталықтарымен тұрақты әуе қатынасы орнатылған. «FlyArystan» лоукостері билеттерінің 60%-ға жуығы 10 мың теңгеге дейін минималды тарифтер бойынша сатылған. «FlyArystan»-ның 1 шақырымға шаққандағы орташа тарифі еуропалық лоукостерлер тарифтерінен 4 есе төмен.

Сонымен қатар, биыл қазақстандық МӨЗ-дерді жаңғыртудың арқасында авиациялық отын өндіру көлемі 2018 жылғы өндіріспен салыстырғанда 694 мың тоннаға немесе 1,8 есеге өсті. Бұл отандық мұнай өңдеу зауыттары есебінен ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Премьер-Министр 2020 жылы Шанхай мен Сингапурға рейс ашу бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ, Нью-Йоркке ұшу үшін отандық авиакомпанияларды аккредиттеу рәсімін аяқтауды, осы жылдың соңына дейін Қостанай және Балқаш әуежайларының ұшу-қону жолағының реконструкциясын аяқтауды, белгіленген мерзімде Түркістандағы әуежай құрылысы мен Шымкенттегі терминал құрылысын аяқтауды, өңірлерде шағын авиация мен аэродромдарды дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді және қабылдауды жеделдетуді тапсырды.

Үкімет басшысы отандық әуежайларда шетелдік авиакомпаниялар үшін «ашық аспан» режимін ұсыну жұмысын белсенді жүргізу, ұшу географиясын кеңейту, азаматтық авиация инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жалғастыру міндетін қойды. 

 Сонымен қатар, Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорына 2020 жылы мемлекеттік холдингтің басқаруындағы авиакомпаниялардың әуе кемелері паркін ұлғайтуды және олардың ұшу географиясын кеңейтуді қамтамасыз етуді тапсырды.

 Үкімет кулуарында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов қазіргі таңда тиісті органдар жаңа тетікті әзірлеп жатқанын, түрлі нұсқалар тексеріліп жатқанын айтты. Заң жобасын Парламентке осы жылдың қазан айының соңына дейін енгізу көзделген. 

«Бүгін біз қазіргі таңда пысықталып жатқан негізгі тәсілдерді атадық. Балалар тамағына не кіретіні, қалай жеткізілетіні есептеліп жатыр. Қаражаттар қалаларда ID-card әлеуметтік картасына түседі немесе бұл жергілікті атқарушы органдардың сертификаты болады. Нақты тетікті біз пысықтап жатырмыз, бізде бірнеше нұсқа бар», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.  

Сонымен қатар, Б. Нұрымбетов өз кірістерін жасырып, заңсыз АӘК алған азаматтар өз еріктерімен оларды қайтаруы тиіс. Ведомство басшысы мұндай жағдайлардың себептерінің бірі ретінде сәуір-мамыр айларында АӘК жаңа түрін тағайындау кезінде белгілі бір уақыт шектеулерін атап өтті.

«Бүгінде жүйе жұмыс істеп тұр, кіретін кезде алушы бойынша барлық деректі тексеруге болады, әрбір ауыл әкіміне жеткізілген Е-халық жүйесі жұмыс істейді, онда ЖСН-мен кіру кезінде әрбір азаматты, оның деректерін, соның ішінде табыстарын тексеруге болады», — деді Б. Нұрымбетов.  

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу