«Жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асыру 7 мың жобаны қамтиды — ҚР ЕХӘҚМ 

ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Қазақстан Үкіметінің селекторлық отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов халықты жұмыспен қамту шаралары туралы баяндады.

Оның айтуынша, халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы Жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы болады. Оны іске асыруға 1 трлн тг қарастырылған. Бағдарламада 7 мыңнан астам жоба қамтылатын болады. Олардың 300-ден астамы жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін өндірістік, перспективалы жобалар.

«Жұмысшылардың еңбекақысы 85 мың теңгеден төмен емес 242 мың жұмыс орны ашылады. Жол картасының талаптары мен шарттары бойынша кемінде 90% отандық жұмыскерлер болуы тиіс. Жұмысқа тартылған қызметкерлердің кемінде жартысы жұмыссыз жастарға баса назар аудара отырып, халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылуы тиіс», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Ел Президентінің тапсырмасы бойынша ірі қалаларда жұмыс істеген және бүгінгі күні жұмыссыз қалып отырған өңірлердегі жастар Жол картасының жобаларына қатыса алады. Оларға 85 мың теңге көлемінде көтерме ақы төленеді. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар мобильді пункттер құрып, оларды жұмысқа тарту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.

«Бүгінгі таңда әкімдіктер жұмыссыздарды қабылдау кезінде жергілікті жұмыспен қамту орталықтарының электрондық жүйелерін толыққанды пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс. Жол картасы аясында жүзеге асырылатын жобалардың 35%-ы әлеуметтік сала нысандарына, 34%-ы инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, 14%-ы тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді шешуге, 17%-ы елді мекендерді абаттандыруға бағытталған», — деді Б. Нұрымбетов.

Өңірлер бөлінісінде 62-ден 1695-ке дейін жоба ұсынылды, олардың 12%-ы — ірі өндірістік жобалар.

«Енді әкімдер халықты жұмысқа барынша тартып, аталған жобаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруы керек. Жұмыспен қамту бойынша “Еңбек” бағдарламасы да іске асырылуда. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға қосымша 50 млрд теңге бөлініп, қосымша 136 мың жұмыс орны ашылады», — деді Б. Нұрымбетов.

Жалпы, Жұмыспен қамтудың жол картасы биыл 600 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді деген болжам бар. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ТЖ режимі кезеңінде елімізде өз табыстарынан айырылған тұлғаларға МӘСҚ қорынан 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл төлемдерді ресми өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да, бейресми түрде жұмыс істейтіндер де ала алады. Ресми емес жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды ескере отырып, 3 млн-ға дейін жұмыскер қамтылуы мүмкін, жалпы төлемге бөлінетін қаражат айына 127,5 млрд теңгені құрайды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу