АХҚО дамыту: инвестициялық резиденттік бағдарламасы шетелдік капиталдың жаңа толқынын тартуға жол ашады

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Астана халықаралық қаржы орталығын дамыту мәселесі қаралды. 

АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов орталық жұмысының негізгі қорытындыларын ұсынып, одан әрі дамыту перспективалары туралы баяндады. Бүгінде AХҚО-ның жеке заңнамасы құрылды, жалпы қолдану мен қаржылық реттеудің 70-ке жуық ережесі қабылданды, орталыққа керек барлық қажетті инфрақұрылым дайындалып, АХҚО-ның барлық органдары мен ұйымдары құрылды.

Қ. Келімбетовтың айтуынша, AХҚО реттеушісінің тіркелген кәсіпорындарының саны әлемнің 26 елінің (АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Қытай, Гонконг және т.б.) 235 компаниясына дейін өсті, оның ішінде Қытай Даму Банкі, Қытай құрылыс банкі, Wood & Co (Чехия) және CICC (Гонконг) секілді ірі инвестициялық банктер бар, 2020 жылдың соңына қарай олардың саны 500-ге дейін артады.

2018 жылдың қараша айында Елбасы АХҚО биржасының жұмысына бастау берді. Әлемдік қаржы индустриясының көшбасшылары — Шанхай қор биржасы, Nasdaq америкалық биржасы, Жібек жолы қоры және Goldman Sachs америкалық ірі инвестициялық банкі — осы ауқымды аймақтардағы инвестициялық өтімділікке қолжетімділікті, соның ішінде «Белдеу және жол» бастамасы аясында биржаның стратегиялық серіктестері мен акционерлеріне айналды. 

АХҚО биржасы жұмыс істей бастаған бір жылдан аз уақыт ішінде тартылған акционерлік капитал сомасы $70 млн-нан асты. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында АХҚО биржасы акцияларының нарығының жалпы капиталдануы $1,9 млрд құрады.

AХҚО ЕҚҚДБ-мен бірлесіп, еліміздің капитал нарығын дамыту және MSCI жаһандық индексіндегі мәртебесін дамушы экономикасы бар елдер деңгейіне дейін көтеру жөніндегі жобаны жалғастырады.

Жасыл экономикаға көшу және тұрақты өсімге жәрдемдесу үшін AХҚО өз алаңында жасыл қаржыны дамытуға ықпал етеді. ЕҚҚДБ-мен бірге негіз болатын база қабылданды - Қазақстанға арналған жасыл қаржы жүйесінің тұжырымдамасы, оны жүзеге асырудағы AХҚО стратегиясы, сондай-ақ AХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығару ережелері әзірленді.

Цифрландыру аясында, осы жылдың басында, тараптарға AХҚО сотына әлемнің кез келген нүктесінен электронды түрде сотқа жүгінуге мүмкіндік беретін eJustice өңірге арналған онлайн-жүйесі іске қосылды.

Мұның бәрі AХҚО-ға беделді Қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 102-ден 51-ші орын алуға және Ыстамбұл, Варшава, Будапешт, Мәскеу және Бакуден оза отырып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның қаржы орталықтары арасында 1-орын алуға мүмкіндік берді.

Бірінші қаржы вице-министрі Б. Шолпанқұлов АХҚО туралы конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырды.

Заң жобасында ұсынылған түзетулерді екі блокқа бөлуге болады:

  • Бірінші блок — бұл инвестициялық салық резиденттілігі;
  • Екінші блок — AХҚО қызметіне қатысты нақтылашы нормалар.

Б. Шолпанқұлов атап өткендей, бірінші блок - инвестициялық резиденттілік бағдарламасы — бүгінде әлемде жеткілікті түрде кең таралған құбылыс.

Бүгінде резиденттік бағдарламаларының екі түрін ұсынатын 80-нен астам ұқсас бағдарламалар бар. Бірінші түрі — АҚШ, Канада, Испания секілді елдерде, сондай-ақ инвестициялар үшін тұруға ықтиярхат беретін Латвия мен Грецияда жүзеге асырылатын бағдарламалар. Бағдарламаның екінші түрі инвестициялық визаны және елдің салық резиденттілігін алуды ұсынады (яғни, инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы). Мұндай елдер - Италия, Швейцария, Кипр және Ұлыбритания.

Қазақстанда бағдарламаның дәл екінші түрін — инвестициялық салықтық резиденттікті қолдану ұсынылады.

Осылайша, заң жобасында «инвестициялық резидент» ұғымын және «инвестициялық салықтық резиденттік» бағдарламасын енгізу қарастырылған.

Салықтық резиденттік бағдарламасы AХҚО актісімен бекітіледі, бірақ оны міндетті түрде уәкілетті мемлекеттік органдар мақұлдайды. Атап айтқанда, ұлттық экономика, сыртқы және ішкі істер министрліктері, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Бағдарлама инвестициялаудың көлемі мен құралдарын, инвестициялық салықтық резиденттік алу тәртібін анықтайды.

Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасының негізгі тұжырымдамасы — бұл инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына бірнеше мәрте келу визасын алу мүмкіндігін ұсына отырып, инвестициялар тарту.

Әлеуетті инвесторлар өз қаражаттарын AХҚО биржасында айналатын қаржы құралдарына және бағалы қағаздарға салады.

Сондай-ақ, заң жобасында инвестициялық салық резиденттеріне Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алынатын табыстарға жеке табыс салығын төлеуден босату қарастырылған.

Оған қоса, Қазақстан Республикасының аумағында пайда болған кірістерге Салық кодексіне сәйкес салық салынатын болады, ал шетелдік табыстарға салық салынбайды.

Бұл шара өздерінің салық шығындарын оңтайландыруға, сол арқылы елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ұмтылатын инвесторларға бағытталған.

Заң жобасында АХҚО қатысушыларының қызметтерінен ҚҚС босату қарастырылған.

Түзетулердің екінші блогы АХҚО қызметіне қатысты нақтылаушы нормаларды қамтиды. Осылайша, Астана халықаралық қаржы орталығының органдары еңбек қатынастарын және сатып алу рәсімдерін реттейтін актілерді қабылдауға құқылы.

Мұны «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» жаңа заңға сәйкес келтіру үшін нақтыланған түзету енгізілді.

«Қорытындылай келе, Қазақстанда инвестициялық резиденттік бағдарламасын іске қосу ұзақ мерзімді перспективада елеулі инвестиция әкелуі тиіс екенін атап өткім келеді», — деді Б. Шолпанқұлов.



 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу