«Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыруға жұмсалатын шығындар 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылады — ҚР Қаржы министрлігі 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов экономиканы, ШОБ-ты, азаматтарды қолдауға және бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге арналған шығыстарды қоса алғанда, 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы баяндады.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта әлем экономикалық дамудың баяулауы және коронавирустық инфекцияның таралуы секілді екі ғаламдық сын-тегеурінге бетпе-бет келіп отыр. Бұл бір-бірімен байланысты факторлар бизнеске, халыққа және экономикаға кері әсерін тигізуде.

«Қарауға ұсынылған “2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы” Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы осындай қиын жағдайда экономиканы, шағын және орта бизнесті, халықты қолдауға және бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Республикалық бюджеттің кірістері 6,4 трлн теңге көлемінде бағалануда. Сыртқы жағымсыз факторларының әсерінен қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін түсетін түсімдерінің төмендеуі күтілуде», — деді қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Ә. Смайыловтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде халықты және экономиканы қолдауға үш бағыт бойынша қосымша шығыстар қарастырылған.

Бірінші бағыт. Экономикалық тұрақтылықты және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге бірқатар шаралар көзделеді. 

«Жұмыспен қамту жол картасын» іске асыруға 1 трлн теңге бағытталатын болады. Инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады және 250 мың жұмыс орны ашылатын болады.

«Бизнестің жол картасын» іске асыруға қосымша 84,5 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бағдарламада кәсіпкерлер кредиттері бойынша субсидиялау және кепілдендіру арқылы кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту көзделіп отыр. Бұл шамамен 16 мың жұмыс орнын ашуға және 250 млрд теңгеден астам салық түсуіне мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, азаматтардың жекелеген санаттары үшін азық-түлік тұрмыстық жиынтық беруге 30,8 млрд теңге қарастырылған. Осы шаралар жалпы 2 млн астам адамды қамтитын болады.

Нақтылау шеңберінде, «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға сомасы 50 млрд теңге қосымша шығыстар көзделеді. Соның нәтижесінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік осал халықты қолдау, еңбек делдалдығы мен шеберліктің тиімді моделін жасау жалғастырылатын болады.

Бұған қоса, Ә. Смайылов коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ағымдағы жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысы карантинге тартылған медициналық және басқа да қызметкерлерге қосымша ақы төлеуді жүзеге асыруды тапсырғанын атап өтті. Аталған мақсаттарға 40,5 млрд теңге қарастырылған.

Екінші бағыт. Макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты іс-шаралар. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап әлеуметтік төлемдерді индексациялау және шетел валютасының өзгеруіне байланысты шығыстарды өтеу жүзеге асырылатын болады. Оған 315,6 млрд теңге бағытталады. 

Үшінші бағыт. Азаматтарды және экономиканы қолдауға, оның ішінде Мемлекет басшысының бір қатар тапсырмаларын іске асыруға, 293 млрд теңге бағыттау ұсынылады.

Осы қаражат шеңберінде өмір сапасын жақсарту және кірістер мен сұранысты ұлғайтумен бірге өндірісті ынталандыруға бағытталған шаралар мен жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Бюджет кірістері бойынша шығындарды өтеуге және жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін республикалық бюджет шығыстары 532 млрд теңгеге оңтайландырылды. Бюджет тапшылығы 841 млрд теңгеге ұлғайтылды.

Нәтижесінде, республикалық бюджет параметрлері былайша қалыптасты: 

  • түсімдер – 11,8 трлн теңге (515,8 млрд теңгеге ұлғаюмен);
  • шығыстар – 14,3 трлн теңге (1,4 трлн теңгеге ұлғаюмен);
  • тапшылық – 2,4 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 3,5%.

«Республикалық бюджетті нақтылау бойынша тиісті Жарлықтың жобасы Мемлекет басшысының қарауына жіберілетін болады. Осы шешім қабылданған күнінен бастап барлық бюджет әкімшілері қосымша бөлінген қаражатты уақытылы және тиімді игеру үшін тиісті мемлекеттік сатып алу және басқа рәсімдерді дер кезінде іске асыруы қажет», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу